Күмәнді деректермен қолжетімді баспанаға қол жеткізе аламыз ба?
Баспана - қалың қазақтың басым көпшілігінің ділгір дүниесіне айналған қордалы мәселе. Рас, билік те шамасынша жұртшылықтың жағдайын жасауға, үй-жайды жайластыруға ұмтылысып-ақ жатыр. Алайда бар проблема онымен бітпей тұр. Дегенмен биыл Елбасының тапсырмасымен жаңадан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы қабылданды. Баспанаға қолы жетпей жүрген қалың халық одан зор үмітті. Сондықтан да мәселенің мәнісін жете ашу үшін кеше баспана проблемасын ауқымды талқылауға арналған парламенттік тыңдау өтті.
Парламенттік тыңдауды ашқан комитет төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы өз сөзін қолда бар статистиканың көңілге үміт ұялатпайтынынан бастады. «Ресми деректер бойынша 2011 жылы кезекте тұрған 147 мың адамның 4 мың 901-і ғана, яғни олардың 3 пайызы ғана ойдағы арманына қол жеткізіп, баспаналы болған. Мұны сөзбен түсіндіріп жатудың өзі артық болар. Қарқынымыз осы болса, біз қолжетімді тұрғын үй тапшылығын елу жылда да еңсере алмасымыз анық», - деді комитет төрайымы. Бұл ретте депутат мұндай қолжетімді баспанадан азаматтардың төрт санаты ғана үміттене алатынын, ендеше, келтірілген мәліметтер қалыптасқан жағдайды толық суреттей алмайтынын жеткізді. Яғни тұрғын үйге нақты мұқтаж адамдардың саны ресми мәліметтен екі-үш есеге асып түседі. Сөзінің дәлелі ретінде депутат Назарбаева өңір әкімдіктерінде баспана мәселесімен кезекте тұрғандар туралы мәліметтеріне де үлкен күмән келтірді. «Әрине, статистикалық мәліметтер көп. Алайда соның ішінде бізге ең керекті, аса маңызды әрі аса қажетті көрсеткіштерді біз ала алмадық. Мәселен, барлық облыстардан баспана кезегіне қатысты нақты жағдайды көрсететін мәліметтер берілмеді. Келіп түскен кейбір санның өзі үлкен күмән туғызады. Мәселен, халқы ең көп қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында баспанаға ресми кезекте бар-жоғы 10 мың адам ғана тұр. Ал Шығыс Қазақстандағы кезекте тұрғандар саны 15 мың 156 адамды құрайды. Осы көрсеткіштерді тексеру керек деп санаймыз», - дейді Дариға Назарбаева. Сондықтан да комитет төрайымы баспана саласының осындай олқы дүниелерін талқылайтын тыңдауда «көңіл көтерер цифрлар мен қолданысқа берілген миллиондаған шаршылар туралы емес, керісінше қоғам мен мемлекет алдындағы проблемалар туралы» барынша қаузауды сұраған болатын.
«Үйі жоқтың - күйі жоқ», - деп бастады келесіде сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Қырымбек Көшербаев. Бұл проблема әрқашан өзекті болып келген. Өздеріңізге белгілі, кейбіреулер бұл мәселені саясиландырғысы келеді. Сол арқылы маңызды әлеуметтік проблемаларды билік пен қоғам арасындағы барьер ретінде пайдаланғысы келетіндер де байқалады. Шын, нағыз патриоттар олай жасайды деп айта алмаймын. Керісінше, нағыз патриот - «нашарлаған сайын маған жақсы» деген қағидатпен айтақтайтындар емес, әлеуметтік маңызды мәселенің шешімін табатын тиімді тетік ұсынатындар деп білемін», - деді Премьер орынбасары. Бұдан бөлек, Қырымбек Елеуұлы жоғарыда айтылған «күмәнді деректерге» нақты жауап қатып, жағдайды шынайы суреттеуге тырысты. «Рас, қолына біршама қаражат жинай алған біздің азаматтар үшін пәтер сатып алу да, үй салу да, ең ақыры өзінің баспана проблемасын қалай болса да шешу өте күрделі күйінде қалып отырғанын мойындауымыз керек. Бүгінгі күні баспананың ресми кезегінде 200 мың адам тұр. Ал аядай бөлмеде таныс-тамырын паналап, әйтпесе тапқанына пәтер жалдап тұрып жатқандары қаншама?! Яғни біз баспанаға мұқтаждардың саны ресми мәліметтен әлдеқайда жоғары, ең кемі екі есе жоғары екенін білеміз», - дейді Қырымбек Елеуұлы. Басты баяндаманы жасаған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин халықтың сатып алу параметрлеріне қатысты зерттеуге назар аудартты. Әлгі зерттеу нысаны ретінде төрт адамнан тұратын, соның екеуі жұмыс істейтін және айына 106 мың теңге нақты табыс табатын орташа статистикалық отбасы қарастырылған. «Осы отбасының шығыстары 64 мың теңге сомасында - бір адамға айына 16 мың теңгеден тиеді. Ал пәтер сатып алу үшін бос лимит 42 мың теңге (106 - 64 = 42). Алаңы 40 шаршы метр пәтерге ай сайынғы төлем - ипотекалық қарыз (15 жыл мерзімге, 12% жылдық ставка) бойынша: жаңа үйде - 86 мың теңге, бұл 42 мың теңге деген қолжетімді лимиттен екі есе артық. Осындай шартпен қайталама нарықта 63 мың теңге құраса, бұл лимиттен 1,5 есе артық. Сонымен, айына нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін өз бетімен тұрғын үй сатып алу үлкен проблема болып отыр», - дейді Серік Кеңесұлы. Айтпақшы, Қазақстанда халықтың экономикалық жағынан белсенді бөлігі 8 миллион адамды құраса, соның 6 миллионының айлық табысы 106 мыңға жетпейді екен. Ендеше, осынша адам бүгінгі жағдаймен баспаналы бола алмайды деген сөз. Әрине, бұл тек мысал ғана. Десе де, қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін «Қолжетімді баспана-2020» қабылданғаны анық. Бұл бағдарламаның жай-жапсары баспасөзде жан-жақты жазылды. Сондықтан оған бұрылмай, басты жауапты тұлға Серік Нокиннің ұсынысына тоқталсақ. «Бағдарламаға сәйкес, жалға берілетін пәтерлер үшін жас отбасылардың тізімін қалыптастыруды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Сосын «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» үміткерлердің төлем қабілетін бағалайды.
Автор: Қанат ҚАЗЫ
"Алаш айнасы" газеті