Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1882 6 пікір 9 Тамыз, 2022 сағат 15:48

Елімізде тағы бір америкалық оқу орны ашылмақ

Нұр-Сұлтан қаласында 2023 жылы америкалық жоғары оқу орны Michigan State University ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

«Әлемдік білім беру стандарттары мен озық практиканы білім беру процесіне енгізу үшін шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда. 2021 жылы De Montfort Leicester университетінің филиалы Алматы қаласында ашылды. Биыл Петропавл қаласында University of Arizona филиалы ашылады. ЖОО-мен ынтымақтастық аясында қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылады», - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен  Ресей университеттерінің филиалдары ашылуда. С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында биыл М.Губкин атындағы РМУ филиалы, Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылады.

«Сондай-ақ, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Michigan State University ашу жоспарлануда. Филиалдардың жұмыс істеуі үшін Үкімет қаулылары қабылданды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген», - деді министр.

 

Abai.kz

6 пікір