Бейсенбі, 10 Қазан 2024
1884 0 пікір 24 Тамыз, 2022 сағат 15:32

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан байқау

Ағымдағы жылдың 14-17 тамыз күндері Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде жалпы білім беретін мектептердің білім алушыларының арасында ХХІІІ республикалық Абай оқулары өтті.

Қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, оқушылардың классикалық қазақ әдебиетін оқуға қызығушылығын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын насихаттау, оқушылардың эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлы ақындардың поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан байқау үш кезеңнен тұрады: аудандық (қалалық), облыстық және республикалық (қорытынды).

Абай оқуларының республикалық кезеңіне Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-дан командалар қатысты. Абай оқуларының республикалық қорытынды кезеңіне өз облысының жеңімпазы атанған, Абай шығармаларын жетік білетін, өз мектептерінен озып шыққан талантты 126 оқушы 6 номинация бойынша бәйгеге түсіп, бақтарын сынады.

Абай оқуларының қатысушыларына мазмұнды мәдени - танымдық бағдарлама дайындалды: Семей қаласында биологиялық орталықты аралап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және Семей ядролық полигон құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етті. Сондай-ақ, Абай ауданының шекарасында Абай ауданының әкімшілігі, білім беру бөлімі барлық қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Қатысушылар мен жетекшілер Бөрлідегі Абай және М.Әуезов мұражайына және Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат жасап, «Еңлік-Кебек», Шілікті кезеңдегі театрландырылған көріністерді тамашалады. Абай оқуларының өткізілу барысында Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің жанынан 10-нан астам киіз үй көтеріліп қатысушылар ашық аспан аясында тамақтанды. Оқушылар өз өнерлерін ашық амфитеатрда көрсетті. ХХІІІ Республикалық Абай оқуларының ашылу салтанаты Қарауылдағы Абай аудандық мәдениет үйінде өтсе, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің ашық амфитеатрында өтті.

Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 57 оқушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. Оның ішінде І дәрежелі дипломға - 12 оқушы, ІІ дәрежелі дипломға - 19 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломға – 26 оқушы ие болды. Орын алған қатысшуыларға бағалы сыйлықтар да тапсырылды. Бірінші орынға құлаққап/наушники, екінші орынға смарт-білезік, үшінші орынға «Пауэр Бэнк» зарядтағыш құрылғы табысталды.

Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталармен 28 оқушы марапатталды және барлық қатысушыларға сертификаттар мен «Дарын» логотипі бар футболкалар берілді және жеңімпаз бен жүлдегер дайындаған жетекшілерге алғыс хат табысталды.

Abai.kz

0 пікір