Ыңқ ете қалдым...
Осы мені сіріңкенің шиімен ұрып өлтіретін адам жоқ! Он екі қабатты үйдің төбесіндегі қисайып қалған антеннамды жөндей қояйын деп шыққан едім, аяғым тайып кетті де, сырғанап барып, шатырдың жиегіне ілініп қалдым. «Өлген жерiм осы шығар?» - деп ойладым iшiмнен. Қой, бекерге өлгенше, әндетiп өлейiн! Осы бiреулер құла бара жатып, босқа шыңғыра бередi. Ақыры өлетiн болған соң, несiне шыңғырады екен? Бiр сәт болса да, жарық дүниеде ойнап-күлгенге не жетсiн? Осыны ойладым да, ары қарай құлап бара жатып:
«Тасыңнан тасыңа секiрiп, сайраса, бұлбұл мен кекiлiк!» - деп әндете жөнелдiм. Құлдилай құлап бара жатып, он бірінші қабаттағы пәтер балконындағы кір жаятын жіптен ұстай алдым. Салбырап тұрмын. Жыртық мәйкі киген бір кісі балконға шығып: - «Сәлеметсіз бе? Сізді кім жайып қойған?» - деп сұрады. Қолында бір кесе шәй.
– Кешіріңіз, құлап барамын.
– Жолыңыз болсын. Айтпақшы, кеше теледидардан Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрінің қалай сайрағанын көрдіңіз бе?
– Ойбай, көрген жоқпын, сізді тыңдап, салбырап тұруға уақытым да жоқ, қолым талып кетті! - дедім де, ары қарай зуылдай жөнелдім. Бір кезде, тоғызыншы қабаттың балконы жақтауына қолым ілінді. Қарасам, жаңағы кісі балконда шәй ішіп тұр.
– Сені қуып жетемін деп, көршімнің пәтеріне кіріп кеттім. Айтайын дегенім, елде қазір қант қат болып кетті деп шулап жүр ғой.
– Ой, көке, сізді тыңдай алмаймын!
– Тыңдамаса, сөз жетім, үкіметі жарылқамаса, халқы жетім. А, ия, министр не деді дейсіз ғой?
– Ия, ия, не деді? Одан да мені құтқарсаңызшы?
– Өзің сөзімді бөле бердің ғой? Министріміз айтады: «Осы жұртқа таң қаламын. «Хальва, хальва!» - деп айқайлағаннан ауыздары тәтті болып кетпейді ғой. Қант жоқ болса, бал қосып шәй ішпейсіңдер ме? Мен шәйға тек бал қосып ішемін!» - дейді. Құдайым-ау, жұрттың бәрі министр емес қой, миллионнан аса айлық алатын!
– Құрып кетіңізші, ары! - деп ары қарай зуылдай жөнелдім! Қазір жерге құлап, былш ете қалатын шығармын? Фарш боламын! Ешкі не жемейді, министрлер не демейді? Бір кезде, сегізінші қабатқа жете бергенімде, бір сұлууу келіншек жартылай шешінген, айна алдында таранып тұр екен! Анекдоттағыдай, «Аааа!» - деп айқайлап келе жатып, оны көргенде: «Ооо!» - деп таң қалдым да, ары қарай зуладым! О, жарық дүние! Жаңа Қазақстанымның жаңа жемқорларын, жаңа арамзаларын, жаңа ұры-қарыларын көре алмай, арманда кететін болдым-ау? Алтыншы қабатқа ілініп қалдым! Көрер жарығым бар екен. Балконға қарасам, жаңағы кісі алқынып тұр! Қасында бір әйел оны кері тартады келіп. Ол ырық бермей, маған жақындады да:
– Қандай адамсыз? Сәл күте тұрмайсыз ба? Саяз ойлайтын министр туралы айтып жатырмын ғой! Ішіме сыймай бара жатқан соң айтып жатсам, төмен қарай құлап кете бересіз! Әңгіме тыңдай алмайды екенсіз! - деді ентігіп.
– Сіз кімсіз? Пәтерімнен шығып тұрыңыз! - дейді пәтер иесі оны жұлқылап.
– Ой, қазір, кетем, әңгімемді аяқтап алайыншы. Төмен жүгіремін деп шаршап кеттім тегі. Мен ойлаймын, ұн жоқ болса, қара халыққа пәтір пісіріп жеңдер дейтін шығар? Сиырдың еті жоқ болса, жылқының етін сатып жеңдер дейді ме екен? Ойбай, Ауыл шаруашылығы министрі де: «Мен қантсыз шәй ішемін, қанттың түсін де ұмытып қалдым, қандай болады өзі? Қып-қызыл ма, сап-сары ма?» - деп соқты ғой!
– Адам емес екенсіз! Одан да, құтқарыңыз! - дедім мен шыдай алмай. Қолым талып кетіп, төмен қарай зуладым келіп. Төртінші қабатта салбырап тұрмын. Қарасам, ерлі-зайыптылар ұрысып жатыр екен. Тыңдасам, сол баяғы «анау жетпейді, мынау жетпейді!». Шенеуніктерге үнім жетсе: «Өмір ауыр, мырзалар!» - дегім келді. Бір кезде, жаңағы кісі көрінді. Қолында пиялай.
– Неге қашып кете бересіз? Бал қосылған шәйімді төгіп адым ғой! Сіз естімедіңіз бе? Бұрынғы Ресей президенті Аюбаев Грузия мен Қазақстан туралы не дегенін? - деп келе жатыр еді, ары қарай зулай жөнелдім. Саясатты тыңдағым келмейді! Бір кезде, біреулер көшіп жатса керек, көлік қорабындағы диванның үстіне ыңқ ете қалдым! О, жаратқан ием, мен тірімін! Бір қарасам, жаңағы кісі подьезден шығып келеді екен, дереу көліктен түсіп, жерге тырайып жата кеттім. Өлген болып. Ол менің қасыма келді де, құран оқып, бетін сипап кетті. Осындай да адам болады екен-ау? Оны қойшы, енді ойланып жатырмын, министріміз бал қосылған шәй ішіп отырған шығар?
Мұхтар Шерім
Abai.kz