Түркияда Алаш арыстары атындағы шәкіртақы тағайындалды
Бауырлас түрік елінде қаймана қазақтың қамын жеген, ұлты үшін у ішкен Алаштың аймаңдай ұлдары Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай атындағы шәкіртақы тағайындалды. Ақжолтай хабар Ыстамбұлдағы Қазақстан консулдығы мен «Сана» интеллектуалдылық клубының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік - қастерлі бойтұмарым» деп аталған жиында жарияланды.

Дөңгелек үстелге Қазақстанның дипломатиялық өкілдері, Түркі кеңесінің сарапшылары мен аталған елде білім алып жатқан студенттер қатысты. Кештің бас қонағы - Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдырәлі әу дегенде ұлт тарихының тамыр-бастауы мен ақтаңдақ беттері һәм Алаштың арда ұлдарының жанкештілігі тақырыбына ат басын бұрып, 100 жылға бергісіз 21 жылдағы Тәуелсіздік тарихын тілге тиек етті. Түркиядағы қазақ жастарының «Сана» интеллектуалдылық клубы тағайындаған Алаш арыстары атындағы шәкіртақы ақылы бөлімде оқып жатқан екі жасқа бұйырды. Мұстафа Шоқай атындағы шәкіртақы Ялова университетінің магистранты Жақсылық Баймахановтың еншісіне тиді. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатқан ол болашақта Қазақстанның дүниедегі беделін биіктету арманы екенін айтады. Әлихан Бөкейхан атындағы шәкіртақыны Гази университетінің магистранты Әлина Жүзбаева алатын болды. Студенттер шәкіртақыны бір жыл бойы алады. Шәкіртақы тағайындау комиссиясының төрағасы, консул Әлімжан Сұранқұлов бірнеше қаладан студенттер өтініш бергенін, бірінші кезекте олардың оқу үлгеріміне және әлеуметтік жағдайына, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенділігіне мән берілгендігін атап өтті.
Автор: Ержан ЕДІГЕ, Ыстамбұл қаласы
"Айқын" газеті