Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3499 11 пікір 30 Тамыз, 2022 сағат 12:32

Имам, иман және ипотека

Имам, иман және ипотека. Немесе кредит Исламға қайшы ма?
Бүгін "Экспресс.К" сайтынан дін саласы өкілінің ипотеканың шариғатқа қайшы келетіні жөнінде уағыз айтқаны туралы оқыдым.

Сайт жазуынша, имам өз уағызында "жалдамалы пәтерде тұрған абзал, өйткені ұрпақ иманды болып өседі" деп пікір білдірген екен.

Пәтер жалдаған адамның не өзі, не бала-шағасы иманды болып кетеріне жеке менің күмәнім бар. Бірақ жалпы осы тақырып өте қызық әрі риторикалық болып келеді. Осындағы екі сұраққа көптен бері жауап іздегенмін және оның нәтижесі туралы сіздермен бөлісе отырайын.

Бірінші сұрақ. Пәтер жалдау дұрыс па, ипотека дұрыс па?

Екеуінің де артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Пәтер жалдау плюстері:
1. Кез-келген уақытта үй ауыстыра аласыз және жұмысыңызға жақын жерде тұра аласыз;
2. Пәтер жалдау ақысы ипотекалық төлемнен аз болуы мүмкін;
3. Ремонт, басқа да шығындар жоқ.

Минустері:
1. Кез-келген уақытта (қожайынның көңіл-күйіне байланысты) далада қалуыңыз мүмкін;
2. Ұзақ уақыт төлегеніңізбен, өзіңізде нәтижесінде ештеңе қалмайды;
3. Қонақ күту, тыныштық сақтау бойынша шеутеулер болуы мүмкін.

Ипотека плюстері:
1. Төлемдерді өз үйіңіз үшін жасайсыз;
2. Балаларыңызға мұра қалады;
3. Ешкім үйден қуа алмайды, шектеу қоймайды;
4. Бағаның құбылуы сізге әсер етпейді.

Минустері:
1. Қарызға ұзақ уақыт байлану;
2. Мобильділікті жоғалту. Көшіп-қонып жүре алмайсыз;
3. Кредиттік шаршау синдромы.

Қайсысы дұрыс? Оны тек өзіңіз шешуіңіз тиіс. Имам да, ипотека маманы да бұл таңдауда көмекші бола алмайды.

Екінші сұрақ. Ислам және ипотека мәселесі

Классикалық кредиттің, яғни ипотеканың ажырамас бөлігі – банк проценті. Онсыз кредит жүйесі жұмыс істей алмайды. Бірақ исламда ол өсім – «Риба» деп аталады және онымен айналысу, оған қатысты болу ауыр күнәнің біріне жатқызылған. Жалпы, рибаның екі түрі бар, процентке қатыстысы – «Риба ан Насиа» деп аталады. Осы кезде дінді берік ұстанатын, бірақ баспаналы болу үшін ипотекадан басқа жол таппай тұрған азаматтарымыз қиын жағдайға тап болады.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, шариғатты бұзбай, ипотекаға үй алуға бола ма?
Ия, болады. Шариғатты сақтап Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында үй алуға болады. Біздегі ислам банкингінің жалғыз операторы – Al-Hilal банк осы қалаларда ғана жұмыс істейді. Бірақ ислам ипотекасына мысалы Атырау мен Ақтөбе сынды өңірлерден сұраныс өте жоғары. Сондықтан Al-Hilal банк осыны ескеріп, басқа қалалардан да өз өкілдіктерін ашса дұрыс болар еді.

Ислам ипотекасы «Мурабаха» құралы арқылы жұмыс істейді. Ол сауда принциптеріне негізделген. Мысалы, сіз клиент ретінде үй таңдайсыз. Ол тек қана жаңа, бастапқы болуы шарт емес. Қолдан (вторичка) алуға да болады. Үй таңдайсыз да, 30 пайыз алғашқы жарнасын төлейсіз. Одан кейін қалған 70 пайызын Al-Hilal банк өзі қосады да, барып сол үйді банктің атына сатып алады. Үстіне ақша қосады да, жаңа баға тағайындайды. Сөйтіп, сізге сол үйді процентсіз рассрочкаға береді.

Мысалы, банк сіз таңдаған үйді сатушыдан 10 миллион теңгеге сатып алды. Оның 3 миллион теңгесі сіздікі. Банк 7 миллион теңге төледі. Енді банк сол үйдің жаңа бағасын 9 миллион теңге деп тағайындайды да, сізге рассрочкаға берді. Сіз 10 жыл бойы 9 миллион теңгені процентсіз төлеп, банкке қайтарып отырасыз (айына 75 мың теңге). Үй банктің атында болады. Бірақ ақшаны толық төлеп біткеннен кеін, банк үйді сіздің атыңызға жазып береді. Әрине, ислам банкі сөзсіз бұдан пайда табады. Онсыз болмайды. Бірақ формалды түрде шариғат бұзылмағандықтан, сіз де, банк те күнә арқаламайсыз.

Жалпы ислам ипотекасына келгенде бірінші кезекке тиімділік емес, шариғатты бұзбай баспаналы болу мүмкіндігін қою керек. Демек, қаржы нарығында дін жолындағы адамдарға да тең мүмкіндіктер қарастырылып жатыр деген сөз. Сондықтан Қазақстандағы ислам банкингінің перспективасы зор.

Осыдан біз ипотека мен Ислам бір-біріне қарама-қайшы емес екенін көреміз. Ипотека шариғат аясында заңдасып, гармониялық үйлесім тапты.

Айбар Олжаев

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321