Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5553 0 пікір 24 Желтоқсан, 2012 сағат 06:45

Серік Ерғали. ЖАҢАЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

ЖАҢА ЖЫЛ МЕН КҮНТІЗБЕ. БӘЙТЕРЕК ПЕН ЙОЛ.

РОЖДЕСТВО  МЕН НАРТУҒАН

Жаңа жыл мерекесі керек пе?

«Қайырлы болғыр» кеңес заманы бізге Жаңа жыл мерекесін мұраға қалдырды. Онымен бірге біршама мерекелік атрибуттарды ғана емес, қаптаған сұрақтарды да тастап кетті. Наурызымыз тұрғанда осы жаңа жыл мерекесі керек пе? Йолкасы несі? Т.т.

Кеңес өкіметімен бірге біздің халық бірнеше қоғамдық формацияны ғана ауыстырған жоқ, өзінің құндылықтарын толықтырды, байытты, бірталайынан ажырады. Өшкенін де қайта жаңғыртқан жақтары бар...

Қазақ халқы көшпелі өмір салтында ежелгі мыңдаған жылдар бұрынғы мүшелдік уақыт өлшемін тастамай,сонымен өмірді де, тарихты да өлшеп келді. Туған күнді емес, жыл сайын жасқа жас қосатын мүшел мерекесі - Наурызды атап, сонымен дәуендерді өлшеді,кезеңдерді қорытты, болашақты жорытты. Жылды он екі микромүшеге жіктеп, мұшелдік дәуірді онекіжылдық жүйеге сыйғызды және Уақытты  сызық бойымен емес,шеңбер бойымен елестетті. Өзіне шақтап жасаған микроғаламы - орда үй болды да, оған өмір ағашының жұрнағындай әрі ғаламдық Темірқазық кейпіндей бақанды тіреу етті...

ЖАҢА ЖЫЛ МЕН КҮНТІЗБЕ. БӘЙТЕРЕК ПЕН ЙОЛ.

РОЖДЕСТВО  МЕН НАРТУҒАН

Жаңа жыл мерекесі керек пе?

«Қайырлы болғыр» кеңес заманы бізге Жаңа жыл мерекесін мұраға қалдырды. Онымен бірге біршама мерекелік атрибуттарды ғана емес, қаптаған сұрақтарды да тастап кетті. Наурызымыз тұрғанда осы жаңа жыл мерекесі керек пе? Йолкасы несі? Т.т.

Кеңес өкіметімен бірге біздің халық бірнеше қоғамдық формацияны ғана ауыстырған жоқ, өзінің құндылықтарын толықтырды, байытты, бірталайынан ажырады. Өшкенін де қайта жаңғыртқан жақтары бар...

Қазақ халқы көшпелі өмір салтында ежелгі мыңдаған жылдар бұрынғы мүшелдік уақыт өлшемін тастамай,сонымен өмірді де, тарихты да өлшеп келді. Туған күнді емес, жыл сайын жасқа жас қосатын мүшел мерекесі - Наурызды атап, сонымен дәуендерді өлшеді,кезеңдерді қорытты, болашақты жорытты. Жылды он екі микромүшеге жіктеп, мұшелдік дәуірді онекіжылдық жүйеге сыйғызды және Уақытты  сызық бойымен емес,шеңбер бойымен елестетті. Өзіне шақтап жасаған микроғаламы - орда үй болды да, оған өмір ағашының жұрнағындай әрі ғаламдық Темірқазық кейпіндей бақанды тіреу етті...

ХХ ғасырдағы кеңес заманы қазаққа Уақытты басқаша санауды ұсынды, онекіжылдық мүшел өлшемі сызықтық сыйпаттағы жыл санауға ұласты. Оны Батыс әлеміне еріп, Иса пайғамбардың «туылған жылынан» бастады. Дөңгелек пошымды орда үйді бұрышталған там алмастырды.Бірақ бұрынғыдай Көк сығалаған шаңырағы жоқ баспананың төбесіне қараудан мән кетті,Жаратқанды жар ету доғарылды, содан бастап үйдің жарына қарап, «қабырғамен кеңесу» басталды, демократиялық кеңіске кірді...

Сөйтіп, жыл яғни микромүшел бұрынғыдай наурыз айында емес, қазақ ұғымында өлара ретінде танылған, барлық іс пен тіршілік қаңтарылатын айдың алғашқы күнінен басталды. Бұрынғы қазақ танымындағы уақыттың ескіруі мен жаңаруы болмайтын-ды, енді «жаңа жыл», «ескі жыл» ұғымдары пайда болды. «Жаңа жыл» деп батысша айтқанда, барлық тіршіліктің қайта басталатын күні екенін аңғардық. Сөйтіп, ата-бабасының Уақыт пен Кеңістегі қыймылды қаңтарып қоятын айында қазекең, керісінше бәрін қайта бастауды үйренді,игерді.

Ең бастысы, халқымыз отырықтанды, сонымен бірге көшпелі өмір салтына тән танымдар мен құндылықтар салқын тарта бастады, отырық кеңістікке сыймаса да,соған бейімделу үдерісі басталды.Сөйтіп, біз де жыл санауды «үйрендік». Енді «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болатындай ерсілікке орын қалмады. Бұл - біздің отырықтанған өмір салтымыздың бір олжасы. Сонымен бүгінде «Жаңа жыл» керек болмаса, отырық өмірден де бас тарту керек болатындай жағдайдамыз.

Десек те, талай дәуірлердің танымын сіңіріп, өзін жоғалтпай, бейімделе алған ата-бабамыздан осы жолы да үлгі алуға тура келеді. Бүгінгі Өмірдің ұсынып отырған әуселесін өзімізше қорытуды меңгеретін кез тағы келді. Айтқымыз келгені - «Жаңа жылдан» жайдан жай құтыла алмайтынымыз. Бірақ танымымызға қайшы келмейтіндей, «жаңа жыл» емес, «күнтізбелік жыл басы» секілді барынша сыйпатын ашар мағынамен атаған дұрыс болар еді.

Ал, Жыл мерекесі керек пе? Одан да бас тарта алмаймыз, бала-шағамыз бен үрім-бұтағымыз Тәуелсіздік мерекесінен кейін осыны күтіп отырады. Әкімдеріміз ұлттық мейрамымызға атүсті қараса да, көшені 1-2  ай бұрын жыл мерекесі үшін безендіруге көшеді. Қысқасы, «ит үреді, керуен көшеді». Бұл да әлгі «олжамыздың» жалғасы мен көрінісі.

 

Йолкасы несі?

Санамызды сансыратар бұл сұраққа жауап табу үшін күнтізбеміздің басталу мерекесіне қатысты атрибуттарды қарастырмасақ тағы болмайды. Оған да қатысты көптеген сауал туындап жүр. Одан бұрын жалпы жыл мерекесінің кеңестік әлемдегі мазмұны мен ебропалық мәнінің айырмасы барын айта кету керек. Кеңес өкіметі мерекені жылдың басы мен шаруашылықтың,тіршіліктің есебін бастаумен қатысты енгізсе, Ебропа мұны ең әуелі Иса пайғамбардың туылған күнімен байланыстырады. Соған сәйкес «йолка» атты атрибуттың да мәні екі түрлі: советтерде ол «жаңажылдық йолка» делінсе, батыста «туылымдық (рождественский) йолка» аталады.

Бізге бұл мерекенің қарабайыр да көшірмелік сыйпаты бар кеңестік үлгісінен гөрі ебропалық тарихы біраз мән-жайға қанықтырады да, ұлттық ұстанымымызды айқындауға мүмкіндік береді.

Әдетте кәзіргі жаңа жыл мерекесі Григориан күнтізбесінің салтанат құруымен ғана емес, оның барлық атрибуттары мен жоралғылары «Рождество» аталып жүрген христиандық мерекеден бастау алып жүргені рас. Алайда, Иса пайғамбар туылғаннан кейін кемінде  4 ғасыр өткесін ес жыйған Ебропа католик дінін 5-ғасырға қарай қалыптастырып, Рим империясының бас діні етіп, соған негізделген бас идеологиясы қалыптасқанын ескеру керек.

Діннің түзілуі саясаттан тысқары бола қоймаған, соның тарихи үдерісі есебінде түзілетінін бәрібір жоққа шығара алмаймыз. Сонымен Ебропа Иса пайғамбардың туған күнін неге бірнеше ғасырдан соң естеріне түсіріп, оны ұлы мереке еткен? Мәселе бірнеше ғасырға созылған көшеген түркілердің Ұлы көшкінінің ебропалық саяси-діни ықпал ету көзіне айналғандығында, ебропалық империяның сол адуын далалық рухани күшті өз пайдасына бейімдеумен бірнеше ғасырды сарп етуінде, және де түркітекті алтайлық өркениет тұтушыларынан (носитель) ебропаланған алдыңғы толқынның қалыптаса бастаған ақуалынан туындаған саяси-діни идеологиялық сұраныста болса керек.

Сонымен «рождествоға» келейік, бұл ұғым қайдан шықты? Иса пайғамбардың туған күні шынымен де 25 желтоқсан ба? Ол үшін Г.Н.Потаниннің Моңғолияда жүріп, 1879 жылы Н.М.Ядринцевке жазған хатындағы «... теперь я более, чем прежде, склонен думать, что христианство получило начало в Южной Сибири у финских племен, что несторианство - найманское, которые называют Христа - Ерке (именем, близким е Джерку и к именам предков и поколений в Азии в роде Джерке, Ерке) есть не секта, занесенная с запада, а начало христианства...» (Г.Н.Потанин хаты, т.3). Бұл хат шынында да христиандық атрибуттарға негіз болған түркілік танымдар мен уақыт өлшемі де ебропаға көшкенін байқатады.

Бұған қоса, бұрынғы христиандар 25 наурызда Благовещения мерекесін мейрамдап, сол күнге  9 ай мерзімді қосып, Туылыс күнін алғандығы жазылып жүр.  Ал, басқа бір нұсқа бойынша, ежелгі дінсіздердің Күнтәңірге табыну мерекесі аталып өтетін қысқы күндіз-түн тайталас тәулігінің басты христиан мейрамы етілгендігі де жасырылмайды. Аталған нұсқаның екеуі де тәңірлік танымдарға маңдай тірейді: 9 ай қосу, тәңірлік қасиетті 9 санын кие тұтудан шығып тұр, ал екінші нұсқадағы мазмұнның тіпті, түркілік иісі аңқыйды: бүгінге дейін шубаштарда мерекеленіп жүрген Нартуған мейрамы дәл осы Туылыс күндеріне сәйкес келеді! Байқаған адамға түркілік ағыл-тегіл мол мұра мен құндылық паршаланып, әркімнің қолымен тәбәріктей тарап кеткенге ұқсайды.

Көңілді күпті етпеу үшін бұрынырақта жариялаған уәжімізді қайта келтіріп өтейік. «Жыл сайын 21 желтоқсанның 22-не қараған түні ең ұзақ түн өтіп, сол күні Күндіз барынша қысқарады, демек бір жыл бұрынғы туылған Күн бір жыл жасап «өледі». Себебі, Күн жандыға тән барлық ғұмырлық үдерісті бастан кешеді: қыс бойы сәбилік шақтан өтіп барып, көктемде Түнмен теңеседі, одан ары «бойы» ұзара келіп, маусымның 21-нен 22-не қарағанда ең «ұзын» Күндіз (ең қысқа түн) өтеді де, 22 қыркүйекте Түнмен тағы теңесіп, арбасады; одан әрі Күн «қартаюға» бет бұрады - «Мизам шуақ» (орыстардың «бабье лето» дейтіні) қазақша «кемпір шуақ» ретінде ұғылып, Күн жыл бойғы шуағының соңғы қызуын беріп үлгеруге мұрсат алады. Ақыры біржылдық Күн-ерке өзінің бір ғұмырын 22 желтоқсанға қарай аяқтайды...

... Алайда, ол ылғи да қуғын көреді - оны өкшелеп Түнек те ғұмыр кешеді. Үш күннен соң кәзіргі күнтізбе бойынша 25 желтоқсанда Күн-Ерке қайта туылады! Бұл - түркі-мыңғолдар таныған Ұлы Туылыс болатын...

...Тарихшы Мұрад Аджидың («Кипчаки» кітабы, «Праздник ели») дәйегі өз алдына: «Праздник ели наступал в самый разгар зимы - 25 декабря. Тогда день побеждал ночь. И солнце чуть дольше прежнего оставалось над землей. Люди молились Ульгеню, благодарили его за возвращенное солнце. А чтобы молитва была услышана, украшали ель - любимое дерево Ульгеня. Ее приносили в дом, к ветвям привязывали яркие ленточки, рядом складывали подарки.
Всю ночь веселились по случаю победы солнца над тьмой. Всю ночь приговаривали: «Корачун, Корачун». Праздник так и назывался Корачун - на древнетюркском языке это слово означало «пусть убывает»
(құрысын - С.Е.)...» (http://old.abai.kz/content/serik-ergali-zhana-zhyl-kaidan-shykkan-mereke). Корачун мерекесі түркілердің ақырзаманға байбалам салумен емес, онымен қалай алыса білгендігін де әйгілеп тұрғандай.

Не дейміз? Бұдан арғы сөзіміз «христиандық» йолка мен Туылысты дәріптеу секілді көрінгенімен, мақсатымыз мүлдем басқа: Бүгінгі қазақтың жас ұрпағы жақандық ақпарат жойқынын былай қойғанда, қазақы құндылықтардың бірнеше қабатын бір мезетте игеру кезеңіне тап келіп, дағдаруда; сайып келгенде, жастарымызға ескі құндылықты аңғарту мен жаңа құндылыққа абай болуға меңзеу - аға ұрпақтың тікелей міндеті.Тарихи танымдарымызды паршаламай, жаңа кезеңде бір біріне қарсы қоймай тұтына білуді таңдайтын жол қалдыру ғана емес, ата-бабамыздың адамзатқа сіңірген танымдары мен таңбаларын мансұқ етпей үйрету - Тәрбие мен Тарихтың ғана міндеті емес, барлық гуманитарлық саланың бүгінгі миссиясы деуге болады.

Толғана қарасақ, көшпелі бабамыз Кеңісті ғана шарламаған, Уақытты да оңды-солды кезгендігіне өзімізді өзгеден іздей отырып, бабамыз қалдырған сол іздің үстінен шыққанда қайран қалатын жағдайға тап болып отырмыз. Тарихтың таң қалдырар табындыларына айналған бабамұраның иесі болған ата-бабамызды осалдық пен қауқарсыздыққа қалай қыйармыз?! Әлемнің әр бұрышы мен адамзаттың әр бөлігіне қалдырған олардың рухани мұрасын өзгеге қалай бере саламыз?!

Қорыта айтсақ, жаңа жылды «күнтізбенің басы» деп, «йолканы» бәйтерегіміздің бүгінгі бір тұтымы ретінде ұрпағымызға жаңаша сіңірсек, ұлтымыздың ұстанымы да, тарихымыздың танымы да көкейімізден (көкіректегі Көк үйі емес пе?!) шығып, жақанданған әлемдегі төрден қыйсапсыз қыйтұрқылыққа қарамастан түркілерге орын тимей ме?!

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322