Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3737 0 пікір 9 Қаңтар, 2013 сағат 06:39

Қаламгер Азамат. Көкек әке

Мүсәпірдің жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істегеніне он сегіз жыл. Ол қаланың барлық жолын, көшелердің атын, қай жерде кәріз қақпағы жоқ екендігін, қалада қанша бағдаршам барын, солардың бәрін жаттап алған.

Оның мінез-құлқы, бүгінгі қоғамда өмір сүретін кейбір еркектерден пәлендей айырмасы шамалы. Пәре алып көрмеген.  Оның үстіне жүргізушінің жұмысында қандай солақай табыс көзі болсын. Жасырмаймын,  кейде бак түбінде қалған азын аулақ бензинді таксисттерге сатып, түрі таныс «қарындастарына» иіс су әпереді.

Мүсәпірдің жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істегеніне он сегіз жыл. Ол қаланың барлық жолын, көшелердің атын, қай жерде кәріз қақпағы жоқ екендігін, қалада қанша бағдаршам барын, солардың бәрін жаттап алған.

Оның мінез-құлқы, бүгінгі қоғамда өмір сүретін кейбір еркектерден пәлендей айырмасы шамалы. Пәре алып көрмеген.  Оның үстіне жүргізушінің жұмысында қандай солақай табыс көзі болсын. Жасырмаймын,  кейде бак түбінде қалған азын аулақ бензинді таксисттерге сатып, түрі таныс «қарындастарына» иіс су әпереді.

Бір ұлы бар некелескен әйелінен. Демек, оның қандай «қарындастарға» иіс су сыйлап жүргенінен жұбайы хабарсыз екендігін айтқаным дұрыс шығар осы новелланы оқып отырған оқырманға. Үшінші азат жолдағы екінші сөйлемді жазбай-ақ қойсамда болатын еді. Әйтседе, оқырманның да «сапасы» әр түрлі. Кейбіреулер: «Мүсәпірдің  әйелі бола тұра неге тырнақша-ның ішіндегі «қарындастардың» шашбауын көтеріп жүр? Ол оңбаған әйелінің көзіне шөп салатын шығар», - деп хат жіберуі  мүмкін. Сондықтан амалсыздан жаздым. Бірден ескертіп қояйын, егер менің мекен жайыма: «Еркектің сүйіп қосылған келіншегінің көзіне шөп салғаны адамгершілікке жата ма?», - деп хат салып жіберсеңіздер, менен нақты жауап болмайды.  Бұл - өмір. Не дұрыс, не бұрыстығын айыратын Мүсәпірге бас берілген. Новелланың сюжеті өмірде болған оқиғаға құралғандықтан өткенді өзгерту, кешіріңіздер, менің қолымнан келмейді. Қалай болды, солай жазам!

Мүсәпір, диплом алған, уақытша жұмыссыз жүрген қызды қалыңдық қылған, кезінде. Келіншегі алғашқы үш жылда бала көтере алмады. Жатырына суық тиген, тимегенін мен қайдан білейін. Үйленген соң төртінші қыста жүрегі айнып, әр-нәрсеге жерік болды. Босанды. Өтірік болмаса, сол оқиғаға куә болғандар айтады. Перзентханадан шыққан оны жедел жәрдем Мүсәпірдің подъезінің алдына алып келіп тоқтаған.  Бүгінгі күннің еркектері әйелі босанса,  лимузин жалдап әуре. Ал, біздің кейіпкеріміз  ше? Әріптестеріне айтты, қолдарың бос болса, қиқулатып келіңдер, баламды үйге алып қайтайық деген. Сөзі жерде қалмады.

Сонымен, сіздер новелланың бесінші азат жолын оқуды бастадыңыздар. Енді алтыншы азат жолдан бастап әзілге орын тар. Мүсәпір, яғни біздің кейіпкеріміз өмірде қандай адам болғанын ашық жазам. Ол жақсы персонаж ба, жаман персонаж ба шаруам не? Мен новелланың авторымын. Міндетім шындықты өткір сюжетпен жазу. Айтпақшы, ұмытып барамын Мүсәпір секілді кейіпкер, мысалға ше, сіздің көршіңіз, жұмыста қатар отырған әріптесіңіз, болмаса туысқаныңыз болуы әбден ықтимал. Қоғамдағы көзге көрінбейтін, тұрмысқа сіңісті осындай проблемалар неге мені мазалауы тиіс. Көзіңді аш! Саған айтып отырмын. Айналаңа сын көзбен қара! Осы новелламды жазу үшін бүгін жұмыстан қалдым. Редактор жұмыстан шығарып жібермесе одан әрі. Қалжың.

Білесіңдер ме, Мүсәпір ше, шай үстінде әйеліне қарап: «Сенімен ажырасам. Арыз жазу үшін сотқа сен барасың ба, мен барайын ба?»,- деп сұрақ қойды. Бір-бірімен сөзге келіп ұрыспады. Араларын мысық кеспеді. Дастархан басында қасыққа да таласпаған секілді. Қараптан-қарап осындай сұрақты келіншегінің бетіне  ұрғандай етіп қойып қалды. Қаншама ғашықтар қосыла алмай жүргенде, Мүсәпірдің мына қылығы дұрыс па?

Әңгіме мынада. Тұрмыстағы түйткілдер әжептеуір проблема, түсінгенге. Осы новелланы жазбағанда мен де оған мән бер-мейтін едім. Жазамын, оқы. «Нүкте» дегенді оқығанда новелла да аяқталады.

Мүсәпірдің айлығы қырық мыңға сәл жетінкіремейтін. Ол өзін нағыз еркек санайды. Еркектің әйелі үйде бала бағып отыру керек . Әйел турасында оның тұжырымы өзгермейді. Дегені болсын. Қызғанбайды. Жәй, өзінің санасында қалыптасқан түсінігі сондай. Кім не десе, о, десін келіншегі жолдасының айтқанына көніп, үш жыл жұмысқа шықпай отырды, үйде. Әңгіменің ашығы дипломы бар, емізетін бала жоқ, қолы ертелі-кеш бос, бірақ жұмысқа шықпайды. Неге? Өйткені келіншек біраз уақыт көтере алмай жүргендіктен өзін сәл-пәл кінәлі санайтын. Кейде тіпті құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін де кінәлайтын. Ішінен тынады, жақ ашпайды. Мүсәпір қыста көлігі бұзылғанда жерге жұқа киіз төсеп сағаттап шалқасынан жатады. Суық тиіп, сыз өтіп, белсізденуі мүмкін бе? Не дейсіз?!

Айттым ғой, ішінен тынады. Сол себепті күйеуінің тілін алып, сөзін екі етпеді. Әйтпесе ойлап көрші, бір бөлмелі пәтерді екі адам  паналайды. Бір адам азанғы сегізде жұмысқа шығады, кешкісін оралады. Үйге қамалған адам теледидар көреді, терезеден далаға қарайды, балконға шығып таза ауа жұтады. Үйде жалғыз қалған жаман. Ал ол болса, үш жыл төзді. Жексенбі күні саябаққа әйелімен қол ұстасып қыдыру -  кеш үйленген жүргізушіге жарасса Құдай ұрсын. Өзі солай ойлайды.

Қазір оның баласы бар. Жақында бірге толады. Неге екенін қайдам, Мүсәпір бұрынғы ойынан айныды. Еркек нан табу тиіс, әйел бала бағу керек еді ғой. Жоқ, қазір оның көзқарасы түбегейлі өзгерді. Келіншегі диплом бойынша бастауыш сыныпқа мұғалімдікке орналасты. Үйге бала бағушы жалдады.

Келіншектің айлығы  қырық бес мыңнан асады. Бірінші айлығы, түсінесің бе, қырық бес мың! Жағасын ұстады Мүсәпір. Сонда қалай? Не үшін? Тәжірибиесіз, еңбек кітапшасы жаңадан ашылған жас маман айына қырық бес мың теңге айлық алады! Мүсәпір дипломсыз. Кезінде техникалық оқу комбинатын бітіргендіктен жүргізуші деген куәлігі қолында. Дипломы сол, жұмысқа орналасуға жараған.

Сендер түсінесіңдерме, қалай ол айына соншама ақша алуға құқылы. Мүсәпірдің басына қырық бес мың теңге деген айлық қонбайды. Түсінбейді ол ондайды. (Ол бүгінгі тұрақты экономикадан хабарсыз). Өзі жұмысқа орналасқанда ше, айына екі мың жеті жүз теңге деген айлық алатын кассадан. Он сегіз жылда айлығы аз-аздап қырық мыңға өсті. Мүсәпірде он бір жылдық білім (ол соны дұрыстап оқыды дейсіз бе?), сосын жүргізуші деген куәлігі ғана. Ол не ноқатпа деп ауыздарыңызды былғаманыздар. Өресінің жеткені сол.

Келіншек жыл бойы ауырмай-сырқамай жұмыс істеді. Айлығы тұрақты.

Енді бұрынырақты жазамын. Келіншек жұмыс істемей тұрған уақыт-ты. Ол кезде үйге келетін кіріс көзі тек қана Мүсәпірдің айлығы-тұғын. Отағасының ауызы дуалы, билік - сода. Айтқаны заң. Үй іші кімнің табысына күн көріп отыр? Мүсәпірдің. Мүсәпір, Мүсәпір, Мүсәпір! Осы үйдің барлық шаруасы жүргізушінің табысына қарап қалған. Келіншегі бір рет болсын оның айтқанына қарсы шықпады. Қысқасы, отбасын асырап отырғандықтан Мүсәпір өзін нағыз еркек санайды.

Рас, туралатын нанды, тамаққа қосатын майды, себетін тұзды сатып алу үшін кімнің ақшасы жұмсалады? Мүсәпірдің. Ол нағыз еркек.

Мен не айтқым келгенін түсіндіре алдым ба, әлде сендер өздерің барлығын түсініп отырсыңдар ма?

Бүгінгі күн.

Келіншегі нан алуға, тамаққа қосатын май және себетін тұз алуға жолдасынан ақша сұрауды қойған. Азанда жұмысына асығып жүріп жолдасының алдын кесіп өтетінді шығарды. Бір екі мәрте емес, қанша рет жұмыс көйлегі үтіктелмей қалды. Тіпті кір жуатын машинаға салынып, жуылмай қалды ғой әне бір күні. Мүсәпір үндемеді (жуылмай қалған көйлек үшін әйеліне жұдырық ала жүгіру ақымақтық).

Турасын айтқанда айналдырған бір жылдың ішінде өмірі неге сонша өзгеріп кеткенін Мүсәпір түсіне алмай қорланды. Миы жетпей қойды тегі. Әншейінде  әмиянына түсе салысымен жұмсалып кететін айлығының қазір мұрты бұзылмайды. Тіпті, айдын аяғына дейін жарты айлығы зорға жұмсалады. Сонда не, еркектің тапқан табысы отбасын асырауға қажет болмай қалғаны ма? Ол қатты намыстанды. Әдетіне жат қылық. Достарымен арақ ішті. Досының: «Сенің мұндайыңды көрмедім. Саған не болған?» деген сұрағынан үндемей құтылды.

Келіншегінің айлығы еңбек жолының екінші жылында отыз пайызға өсті. Ол аздай-ақ, үлгерімі төмен оқушыларды сағатына ақылы түрде жеке оқытып, қосымша ақша табатынын қайтесің. Масқара болғанда екінші тоқсанда ол екінші санатты мұғалім болып көтерілді. Айлығына санаты жоғарылағанына қарай үстемақы ақы қосымша төленді. Зуылдаған бір жарым жыл ішінде табысы жетпіс мыңға жуықтады. Мүсәпір оған тіктеп қарауға намыстанды. Дастарханда бөлке нан емес, тәтті тоқаштар турала бастады. Кімнің ақшасына? Әйел затының.

Өткен жолы жатар кезде:

- Сенің ақшанды тұрмыстың мұқтажына пайдаланбай жүргенімізге біраз уақыт. Шотыңда қанша қаржы жиналды? Жаратпа. Жинала берсін. Қуаныштың қажетіне жаратамыз, - деді.

-   Сенің ойынша қанша жиналды?

-   Төрт жүз мыңдай шығар.  Солай ма?

Мүсәпір сасқанынан теріс қарай салды. Не дерін білмей көрпесін иығына бүркеп:

-   Солай шығар, - деді күңкілдеп.

- А-а, айтпақшы, - келіншек бұрынғыдай емес қазір өзінің ой-пікірін еркін айтады. Не дегенмен тұрмысқа қажетті сұраныстың көп салмағын өзі қанағаттандырып жүр, - былтыр өкпең ауырды, өткенде екі ай жатып емделдің. Осы жұмысыңды қойсаң қайтеді, а?

-   Мына жұмыстан айырылсам не істеймін?

Ол өзі жұмыс істейтін жедел жәрдем бөлімшесінің бастығы өзін жұмыстан шығарып жібермейтінін жақсы біледі. Өйткені бұл әрі жүргізуші, әрі сол жердегі гаражда бүкіл жедел жәрдем көлігінің техникалық ақауын жатқа білетін механик.

Оның қойған сауалына келіншегі: «Денсаулығынды күтем десең, үйде отырып бала бақ, менің табысыммен күн көреміз», - деп қайырды. Мұны естігенше өлгені жақсы еді Мүсәпірдің.

Еркектік қадірі қалмағанын Мүсәпір осы жолы мықтап ұқты. Қалай? Жұмыстан соң төрт жыл бойғы дағдысы бойынша бөлке нанды қолтықтап келсе, келіншегі бөлке нан, сәбіз, пияз, картоптан бір келісін одан бұрын әкеледі. Жолай дүкенге соға салып баласына ойыншық ала қалса, келіншегі одан қымбатын сол күні сатып алады. Өз бетімен үйте салайын десе келіншегі бүйте салып асып түседі. Жыл он екі ай әйелінен бір қадам артта қалып, жете алмады.  Оның үстіне, осы күнге дейін мысық болған әйелге енді тіл шыға бастады. Өзін адам қылған күйеуіне ақыл айтуға көшті. Бар уақытын жұмысына арнайды. Үй шаруасы жайына қалған. Терезенің алдындағы шаң екі елі. Абырой болғанда Мүсәпір майда-шүйде тірлікке араласпайды. Бір  рет болсын үйді тазаласай деп ескертпеді.

Өткен жылға қарап тұрсаң әйелінің ығына жығылған сәттері көп. Соған түсі ұнайтын костюм алды. Келіншегі тоғызыншы мамырға иіс су әперді - мақұл шыдауға болады. Базардан белдік аларда өзіне екі ауыздық белдік  ұнаса, әйеліне бір тістісі ұнапты. Саудагердің алдында екеуі біраз сөз жарыстырды. Қаны басына шауып, үйге барғанда әйелінің мәселесін кешіктірмей қарауға білегін осы бастан түрді. Неге екенін қайдам, сол күні мұрнын бет қылуға қолы тимеді ме, жағдай ұмытылды. Ұжымның корпоротивіне апарды. Басқа жүргізушілердің қосақтары томпиып отыр, тыныш. Біздің геройымыздың қатыны біресе ана тәрелкеге, біресе мына тәрелкенің етегіне жармасып, қалған-құтқан салатты жолдасының алдына үйді. Анау оқиғаға араласатын жөні жоқ қой. Жүргізуші кешкісін шешесі өлгендей түрмен түнеріп  кірді. Не болды? Бастықпен керістім. Жылдың аяғы. Анау-мынау дәметіп жүрген шығар. Айлығынды, қырық мың садаға, қалтасына бас. Құдай-ау, не деген сорлы қатын! Одан біреу ақыл сұрады ма? Одан кейін қаншама тұрмыстық жағдайда соның дегеніне көнді. Қарап тұрса ыңжық, күшік күйеуге айналған тәрізді. Сұмдық! Ұят-ай! Өлген артық!

Кеше түнде болған оқиға. Теріс қарап, бүркеніп жатқан күйеуінің үстіндегі көрпені әйелі жұлып алды. Көрдің бе жеткен жерін. Кемшілік жүргізушіден. Өзін еркек санағаны болмаса, әйелге қол көтермейтін мінезі оны басына шығарды. Сонымен, әңгіме былай. Әйелдің есебі бойынша отағасының банкомат шотында төрт жүз мыңнан аса теңге жиналған. Олай болмай шықты. Оған қалай көз жеткізді? Өзіне ғана мәлім сиқырлы жолмен оның банкомат картошкасының кодын алып, арнайы барып тексерді. Әлбетте, оны төс қалтадан рұқсатсыз жымқырды. Қысқасы, шотта бар болғаны бүтін елу мың қалыпты. Күтпеген жағдай.

Ақша қайда? Мүсәпір бұл сұраққа шіміркпестен байдан шыққан келіншектерге жаратқанын айтты. Расында солай! Шындық! Мен, заңды әйелің, тегін әйелің тұрғанда басқаға барып жын ұрды ма сені? Әлде, интимдік сұрақта қанағаттандырмаймын ба? Қолтығым ба, ауызым, қай жерім сасық? Неге басқаға барасың? Қатындікі де дұрыс! Тапа-тал түсте, сұлу келіншегі тұрғанда басқаға бару неге керек еді? Сырт адамға өмірлері гүл болмаса, күл болсын! Отбасылары өз іштерінде іріп-шіруде! Күлкілі жағдай.

Жүргізуші үстінен көрпені жұлып алған әдепсіздің дәмсіз айқайына қарық. Сосын қайта бүркенді. Ол асханаға барып солқылдап көзін сыққан соң қайтып келді. Басын көтерген күйеуінің бетіне атып ұрды су сүлгіні. Булығып әр-нәрсені шәңкілдеді. Айтуынша бел жазбай жұмыс істеп, отбасының материалдық жағдайын түзеуге күйеуінен артық тыраштанғанда, мұның көзге шөп салғаны адамгершілікке жатпайды-мыс. Не десе о десін. Сұңқылдағанын тыңдауға Мүсәпір құлықсыз.

Таң атты. Таңғы ас үстінде Мүсәпір: «Сенімен ажырасам, сотқа арыз жазуға сен барасың ба, мен барамын ба?» деп сұрады. Түнімен қыңсылаған келіншек жұмыстан қалды. Әңгімесі сол: отбасымыздың материалдық жағдайын түзеуге сенен артық бел жазбай жұмыс істеп жүргенде, көзіме шөп салғаның адамгершілікке жатпайды. Ажырасам дейсің, әкесіз өскен ұлдың жағдайы не болмақ? Біреуді ұнатасың. Жақсы білем. Қателеседі. Күйеуінің ұнатқан ешкімі жоқ.  Жәй әшейін өз әйелінен жалықты.

Жүргізуші соңғы сөзін айтты. Киімін жинады да есікке жақындады. Туфлин киген соң подъезге шықпақ болғанда сүйретпесінің бірі көк желкесіне қатты тиді. Лақтырған әйелі.  Әйелдің сабыры сарқылған. Сөмкесін тастады. Есік ашық. Екі аттап ашуға булыққан әйеліне жетті. Нағыз еркек қандай болатынын көрсеткісі келді ме, оны қылқындырып қабырғаға сүйеді де боксшылардың кенеп дорбаны ұрғаны сияқты  «жаттығуға» кірісті. Ол ойбайлады, шыңғырды, әлдекімдерді көмекке шақырды. Ашық есіктен кірген бүкіл көрші жабылып жатып екеуін әрең ажыратты. Келіншектің дене жарақатын қайдам, ал жүргізушінің беті тырналыпты.

Бәрі бітті, ол кетті.

Жүргізуші баласын сағынды, әйелі Мүсәпірді. Үйге қонбағанына бір жеті. Барлық іш киім, сырт киім түк қалдырмай алып кеткен. Гаражда ұйықтайды. Алғашқыда сыр бермеген. Әріптестері дүр-дараз болғандарын ақыры білді. «Ерлі-зайыптыны дүние ұрыстырады, төсек табыстырады». Он күннен асқанда күйеуін іздеп келді жұмысына. Жүргізушінің де ашуы басылған. Білместік болды, анау-мынау, шаршағаннан ашуға жеңілдік, сен мені, мен сені бір жола кешірейік. Заңды түрде ажырассақ бала менде қалады. Айлығымды күндікке шаққанда жағдайым жақсы. Сотта жеңіп шығам. Сотта менің масқарамды шығартып баламды тартып алатындай көзіңе шөп салған жоқпын. Ажырасқан екеуімізге де тиімсіз, білесің бе? Пәтер сенікі. Егер жан-жаққа тарайтын болсақ міндетті түрде жарты құнын иемденемін. Заң мені қолдайды. Түсінесің бе? Үйге еркек адам керек! Лампа күйді. Орындыққа шығып ауыстырмақ едім, жығылып бұтымды айырып ала жаздадым. Бұзықтар шатырдан теледидардың кабельін ұрлады. Не істерімізді білмей отырмыз! Мүсәпір тыңдап болған соң, қолын бір сілтеді.

Жаз өтті. Күздің аяғы. Қарашаның соңында қар борады. Мүсәпір осы күнге дейін гаражда түнеді.

Қазір түн. Жүргізуші төсекорын жууханасымен жапсарласып соғылған мәйітханада жұмыс істейтін келіншекпен бірге тұрады. Соның жалдамалы пәтерінде. Мүсәпір жасы отыздағы қызды жақсы көреді десем өтірік. Түсінесіндер ғой: жетіскеннен сонымен бір көрпенің астында жата ма? Бірақ ойы түзу, мінезі жайлы болса қайтып үйлену жоспары сызылған. Сондықтан пәтер ақысын төрт ай бойы жартысын төлесті. Келіншектің ойы басқа: жүргізуші дені түзу еркек. Басынан өткізген жағдайды, психологиясы әлсірегенін біледі. Сырттай бәрін анықтады. Үйге кіргізіп алуға болады! Не дегенмен еркек емес пе?! Ыстық суға бірге түсіп, арқасын сылап-сипап берсе жеткілікті. Айтқанына көнеді, дегеніне жүреді! Ең бірінші мақсат еркекті алдап-сулап үйге кіргізіп алу!

Төрт ай әңгімелері жарасты. Сосын оңай тарқасты. Қыстан аман-есен шыққан жүргізуші үйіне соқпады. Көктем, жаз, қазір күз. Сол қарашаның ортасы. Жапалақтап қар түсті. Суық гаражда бүрсендеген Мүсәпір - мүсәпір. Не қыларын білмей қаңғырып қалды. Өз үйіне барса біреу аяғына тұсау ма? Ол жаққа аттап баспайды. Жаурады.

- Атасына нәлет. Бүйтіп жүргенше байдан шыққан қатынның жылы төсегіне оранып жатқаным жақсы.

Ойлап қараса былтыр сөйтіпті. Бірақ ол кезде ұнатты, жайлы болса қатындыққа алмаққа ниеттенді. Осы жолы мүлде басқаша. Ойы арам. Әрекеті бұзылған. Жалғыз басты келіншектің үйіне кіріп алып, қардың ерігенін күтіп, көктем келгенде болмашыны сылтауратып тайып тұрмақ. Саналы түрде осы қадамға кірісті.

Көксегені орындалды. Қалалық аурухананың медбикесі мұның құрығына ілінді. Оның екінші сыныпта оқитын ұлы бар. Үшеуі бірге тұрады, амал не? Бұл медбике момын. Пәтер өзінікі. Төркіні дәулетті, қыздарының жағдайын жасаған. Тек алғашқы күйеуі етек құмар, тұрақсыз, жексұрын болып кездесті. Бет алды мұны ұрып-соққан. Ұяттан жұрдай, сілейіп араққа тойып түн жарымында үйге жезөкшелерді қос-қостап әкелген. Төзуге бола ма? Ағасын шақырып үйге жолатқыздырмай қойған. Іс насырға шапқанда түбі милицияға арызданып құтылды. Мүсәпір осының бәрін келіншектің өз ауызынан тыңдады. Баланың аты бала. Сабақтан келгенде шулайды, ойнайды. Тыныштыққа үйренген «әке» осыған зорға шыдады. Біреудің баласы өзін «әке» деп атағанда жыны ұстады. Шыдайды. Далада қыс. Баратын жері болса қане.

Оңбай маңдайын тасқа соқты Мүсәпірге сенген келіншек. Төрт ай сонымен бірге жатты. Айтқан уәделеріне иланды. Ұлы ержеткенде (қазір екінші сыныпта оқиды) шешесі бөтен еркекпен ұйықтаған түндер есінде сақтала ма?! «Әкесі» кім? Көктем шыққанда «қош бол» демей жоғалған еркекті аз уақыт әке дегізген кімнің қателігі? Анасының. Ол туысқандарына төрт ай бойы үйінде бөтен еркек жүргенін білдіртпеді. Абырой! Кім біледі? Жақсысы жолықты ма деп үміттенген еді! Әйтпесе кеше ғана сүрінді, сабақ болмайды екен!

Үшінші қыста тағыда қайталанды.

«Соқыр атқа қотыр ат». Осы жолғысы колледждің медбикесі. Ол мұны қыстың бірінші айында артынан теуіп қуып шықты...

Мүсәпір дорбасын арқалап, өзінің пәтері орналасқан көшенің басына жаяулатып түсті. Есікті қақты. Кіргізді. Шәй үстінде:

-   Кешірші мені.

-   Кешірдім!

-   Шынымен өкінем.

-   Өкін!

-   Қылығыма ұялам.

-   Ұял!

- Саған қай бетіммен қараймын. Үйге оралғым келеді. Сендердің қастарына.

-   Үйде отырсың!

-   Кешірші мені.

- Алдыңғы аптада әкімшілік сотқа барып ажырасуға байланысты арызымды қалдырдым. Ертең отырыс. Келгенің жақсы болды. Ертең сағат үште кешікпей кел.

-   Неге?..

- Сені үш жыл күттім. Жұмысыңа жиырма рет барып кешірім сұрадым. Алдыңа қаншама жығылып бардым? Міз бақпадың. Пәтер сенікі. Сынық кірпішіңе таласпаймын. Мен ипотекаға басқасын алдым. Осы уақытқа дейін баламыз екеуімізді қуып шықпай, баспаналы болуымызға рұқсатыңды бергеніңе рахметімді айтам. Қаласаң, қазірден бастап осында қал. Көріп тұрғандай біз кеше заттарымызды көшіргенбіз. Міне кілтің.

Бес жылдан соң келсең де мен сені кешіретін едім. Енді кешіреді деп дәмеленбе. Неге? Білесің бе? Өйткені, сен, бір емес, үш әйелдің үйіне өз аяғыңмен аттап, солардың көрпесін жамылдын. Кешкісін солардың әзірлеген ыстық тамағын іштің. Осы қателіктерді жібермегенде мен сені кешіретін едім.

Өзімнен де бар. Бетіңе сүлгі лақтырдым.   Мені де түсінуге болады. Үш жыл бойы қамап отырдың. Шақпақ алуға сенен тиын сұрадым. Намыс менде де бар. Саған тәуелсіз болғым келді. Сенен ештеңе де алғым келмей өмір сүргім келді. Сол себепті мен де өзгердім. Қателестім!

Айтпақшы, ертеңгі отырысқа сені үйіне кіргізіп алған екінші келіншек қатысады. Оның аяғы сенен ауыр. Білмейсің. Оны арнайы іздеп таптым, әдейі шақырттым! Ол не айтатынын сотта тыңдайсың.

Менің ұсынысым бар. Сенің пәтеріңе таласпаймын. Бірақ, анау әйелдің аяғы ауыр. Ол сенен қалай да болса кілтті тартып алады. Тірідей көзіңе көк шыбын үймелетеді. Егер үйді менің атыма аударсаң, сот процесі біткен соң сенімен қайтадан азаматтық некеге тұрамын деп уәде беремін. Баламыз әне-міне есін біледі. Басқа күйеуге тиіп баламның тағдырымен ойнамаймын. Сен тірі өліксін. Тірі өлік болып қасымда жүр. Баламыз үшін осыған шыдаймын.

Кінә менен. Дүние табу үшін еркекпен жарысқа түскенім қай сасқаным?.. Сауап өзіме. Сор маңдаймын. Сенің қадіріңді білмедім. Сенің осындай күйге душар болуыңа кесірім тиді. Ал, айтшы, басқалар дәулетті өмір сүргенде біз неге олай өмір сүре алмаймыз? Қай жеріміз кем олардан? Саған көмектескім келгені үшін жазықтымын ба?..

Келіншек солқылдап жылағысы келседе өз-өзін ұстады. Бұл әңгімеге алдын-ала дайындалған секілді.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3334
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6105