Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 3314 8 пікір 13 Қыркүйек, 2022 сағат 13:10

Жаңа қозғалыс: Түбегейлі өзгеріс қажет!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын республикалық қоғамдық қозғалыс құрылды. Бүгін Алматы қаласында «Тоқаевтың реформалары үшін» атты қозғалыстың баспасөз жиыны өтті.

Бұл қозғалысты құру туралы бастаманы белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қауымдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Олардың қатарында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Понамарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов тағы басқалары бар.

Ақберен Елгезек:

- Бүгін республикамыздың түкпір-түкпірінен, Астана, Алматыдан азаматтар келіп отыр. Алдағы уақыта жарқын болашақты қолдайтын азаматтар қатарымызға қосылады деп үміттенеміз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мына жерде өнер өкілдері, мәдениет қараткеркерлері, әртүрлі саладан жиналған азаматтар отыр. Көбісін ел таниды. Әрқайсының өз позициясы бар, өмірлік тәжірибесі, ақыл-ойы бар. Сол себепті ешкім ешкімді күштеген жоқ. Бұл әркімнің өз шешімі.

Бір сөзді айта кеткім келеді. Жолдауда сайлау туралы айтылғаннан бері қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Демократиялық, оппозициялық күштер бірігіп жатыр. Ол да өте дұрыс нәрсе деп есептеймін. Өйткені бұл ашық, тең саяси дода болуы керек. Бірақ кешегі «Қанды қаңтар» қайталансын дейтін күштерге біз қашанда қарсы тұрамыз.

Шындағында біз мұнда реформаларды қолдау үшін жиналып отырмыз. Тағы да айта кетейін, бұл азаматтардың өзінің жеке шешімі. Қазіргі күні қоғам ішінде әртүрлі көңіл-күй бар, жан-жақтан әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Былайша айтқанда, қазақтың тағдыры таразы үстінде тұр. Бірақ бұған жай айғай, ұран емес парасатпен қарау керек. Болашағын ойлайтын адам дұрыс жолды таңдайды деп ойлаймын. Абай «Әділетті сүю керек» дейді, сондықтан қазір айтылып жатқан «Әділетті Қазақстан» ұғымы осыған саяды. Осы қоғамдық қозғалыс туралы да алғашында әртүрлі ойлар болды. Бірақ мен үшін, менің балаларымның болашағы үшін, елдің болашағы қандай болуы керек деген кезде, мен өз таңдауымды жасадым. Қазіргі кезеңде Президенттің айтып жатқан реформалары, жүргізіп отырған саясаты болашақта халық үшін пайдалы болмақ. Сондықтан мен қолдаймын. Ешкімнен қорықпаймын, қысылмаймын. Сын болса қабылдауға әзірмін.

Мереке Құлкенов:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап Жаңа Қазақстанды құруға тырысып келеді. Әрине, реформалар тез уақытта орындалып жатыр десем, артық айтқандық болар. Оның өз себептері бар. Шындығына келгенде, Президенттің кешегі Жолдауында да, алдыңғы Жолдауларында да тек қана қазақтың қамын ойлап отырғанын көреміз. Президенттің жасаған мәлімдемелеріне жаның қуанады, тұшынасың. Экономика, әлеуметтік мәселелер, білім саласы, денсаулық саласында, қай салада да өзгерістер болып жатыр. Егер осы өзгерістерге кедергі жасайтын басқа бір ұйымдар, оппозициялық көзқарастар болатын болса, біз оларға қарсы тұрамыз.

Бір-ақ нәрсені айтуға болады, Президенттің туған-туыстары билікке араласпайтынын айтты, Мемлекет басшысы. Бұл тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлықты құртудың бастамасы болып есептеледі. Сондай-ақ, қазір көпшілік «Президент сайлауы неге жеті жылға ұзартылды?» деп жатыр. Президент жеті жылға бір сайланғаннан кейін, ол қайта сайлауға түспейді. Отыз жылға созылатын билік болмайды. Мемлекет басшысы өзі көтерген реформаларын жүзеге асырып, қазақты жаңа бір белеске көтеретініне сенімім мол. Біздің міндетіміздің бірі –  Президенттің сіңіріп жатқан еңбегін елге жеткізу. Халық Президентті қолдап отыр. Бұл өте дұрыс. Халық қолдамаса, Мемлекет басшысының еңбегі еш кетеді. Халық пен Президент бірігіп жұмыс істеген кезде, біз де көп қарапайым қазақтың бірі ретінде қатарына қосылып, осы жасалып жатқан игі істердің басы-қасында болсақ деген ниетіміз бар.

Райымбек Баталов:

- Осында Президенттің реформаларын қолдау қозғалысына қосылған кәсіпкер әріптестерім келіп отыр. Бұл бастама, әсіресе кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Себебі, қозғалыс Мемлекет басшысының реформаларының іске асуына мұрындық болады. Біз Президент көтерген бастамалардың орындалуын шын жүректен қалаймыз. Қазіргі геосаяси тұрақсыз уақытта, әрине, жаңа тиімді бастамаларды іске асыру оңай емес. Сондықтан осындай қиын кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біріккенінміз дұрыс. Осы қоғамдық қозғалыс арқылы біз бар күш-жігерімізді жұмсап, елімізді көркейту жолында Мемлекет басшысына жәрдемдесе аламыз. Президенттің жариялаған реформаларын орындау – Әділетті Қазақстан құрудың бастамасы. Сондық біз, бизнес өкілдері, бастамалардың іске асуына күшімізді аямаймыз.

Қозғалыс мүшелерінің бірлескен мәлімдемесі:

Бүгінде еліміз сынаққа толы кезеңді басынан өткеріп отыр. Ешкімнің ескі жүйе бойынша өмір сүргісі келмейтіні баршамызға аян. Ал жаңаша өмір сүру дегеніміз не? Ең бастысы, оған қалай қол жеткіземіз? Әзірге оны ешкім білмейді. Бір нәрсе анық: өзгеріс керек. Өзгеріс болғанда да, түбегейлі өзгеріс қажет.

Президент Қ.Тоқаев елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғыртудың нақты жоспарын ұсынды. Референдум өтті. Жалпыхалықтық дауыс берудің арқасында Конституцияға өзгерістер енді. Жұртшылық мұны әділеттің салтанат құруы деп қабылдады. Президенттің өкілеттілігі азайды, Конституциялық сот қайта құрылатын болды, бір мандатты округтарға жол ашылды, Парламенттің билігі күшейді. Солайша, өзгерістің алғашқы кірпіші қаланды. Бірақ біз үлкен жолдың басында тұрғанымызды ұмытпауымыз қажет. Сондықтан реформаларды жалғастыра беруіміз керек. Мұны бәріміз түсінеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті бір ғана мерзімге сайлау туралы жаңа ұсынысын жұртқа жария етті. Бұл болашақта билікті меншіктеп алудың кез келген әрекетінің алдын алады. Депутаттардың Президентті жеті жылдық бір мерзімге сайлау және елордаға Астана атауын қайтару жөніндегі бастамасы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы өте қажет әрі дұрыс қадам. Бұл жерде референдум өткізіп жатудың қажеті жоқ. Онсыз да бәрі түсінікті.

Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Бізді алдымызда әлі талай қиындықтар күтіп тұр. Ал оны біз біріксек қана жеңеміз.

Біздің күшіміз – бірлікте, әділетке сенуде. Ақиқат біздің жақта.

Біз тұлғаның айналасына шоғырлануға үндеп отырған жоқпыз. Қайта идеяның айналасына топтасуға шақырамыз. Елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан реформалау – Жаңа Қазақстанға жеткізетін жол.

Біз реформаны жақтаушылардың қаншалықты көп екенін көрсету үшін бірігейік деп отырмыз. Ал біздің өте көп екеніміз анық. Әрине, осы арқылы кімнің алға жылжығысы келмейтінін де, кімнің іштей не ашық ескі Қазақстанды аңсайтынын да білеміз. Таңдау жасар сәт туды.

Бір іс тындырғаннан гөрі, сынаған қашан да оңай. Бірақ біз «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретіндердің қатарынан емеспіз.  Бізге бос сөз, жалаң ұранның керегі жоқ. Бізге нақты әрекет пен нақты нәтиже қажет. Ол үшін бір орында қозғалыссыз тұрудың пайдасыз екенін түсінеміз. Елімізді, өзімізді өзгертейік. Әрбір адам өз орнында еңбек етіп, мемлекетімізге пайдасын тигізуі тиіс. Ал бәріміз бір болсақ, қандай жұмысты болмасын оңай атқарамыз.

Сондықтан біз елімізді өзгерткісі келетін, жақсы өмірді қалайтын әр адамды қатарымызға шақырамыз. Бірігейік. Біріксек қана мықтымыз!

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543