Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 3045 12 пікір 19 Қыркүйек, 2022 сағат 13:27

Президентке үндеу: Ұйғыр ауданы өзгертілсін!

Ұйғыр ауданының азаматтары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ұйғыр ауданының атын қазақшаландыру керек» деген үндеуін жариялады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз, Ұйғыр ауданы атының ауысуын заңды түрде биліктен талап етеміз. Біздің мақсатымыз ұлтаралық қақтығыс туғызу, екі ұлттың ортасына от салу емес, біз тек осы уақытқа дейінгі Амандық Баталов сияқты әкімдердің аудан атын ауыстырамыз деп берген уәдесінің орындалғанын қалаймыз. Қазақ қонақжай халық, қонағымызды төрге шығарғанымызбен басымызға шығармаған халықпыз.

Егер ұйғыр ұлты Қазақстанды өз отаны санаса, су ішкен құдығына түкірмейтіні рас болса, осы аудан атауының қазақшалануына бірге үлес қоссын. Масаншыда дүнген-қазақ қақтығысы болған сияқты ауданымызда қазақ-ұйғыр қырқысқанын қаламаймыз.

Ауданда, шыны керек, барлық басшылық орындарда ұйғыр ұлтының өкілдері отыр. Атап айтсақ, аудан әкімі, білім бөлімі, ішкі істер басқармасы, медициналық ұйымдар.

Ол қызмет орындарына лайықты қазақ азаматтары бар екені бәрімізге белгілі. Қазақта да атқа қонатын, елім-жерім деген азаматтар бар.

Барлық салада теңдік болуы керек. Қазақ өз жерінде кемсітілмеуі керек. Егер билік тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмесе, оның түбі ауыр салдарға әкеледі. Халық аудан атының қазақшалануын қолдайды. Ұйғыр ауданынан бөлек, бірқатар жер атауларын да қазақшаландыру керек. Осы тұста аудан әкімі Шұхрат Нұрахыновтың осы мәселеге қолдау көрсетуін сұраймыз. Космиссия құрылсын, осы бағытта жұмыс істелсін. Бір айдың ішінде бізге тиісті жауабын берсін.

Егер жабулы қазан күйінде қалатын болса, заңды түрде құзырлы органдардың рұқсатын алып, аудан аты ауысқанша қарсылық акцияларын өткіземіз. Халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп жүрген журналистерге жүгініп, осы ісіміздің аяғына дейін жетуіне күш саламыз. Үндеуімізді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаймыз», - деді бастамашы топ.

Үндеу жолдаушы топтың 2014 жылдан 2021 жылға дейін Алматы облысын басқарған Амандық Баталовтың «берген уәдесі» туралы берген ақпараты рас. 2020 жылғы маусымда Шонжыда қазақ-ұйғыр көлік жүргізушілері арасында төбелес болып, 5 адам пышақ жарақатын алған.

Оқиғадан соң Баталов жергілікті халықпен жиналыс өткізді. Жиында ауыл ақсақалдары мен жастардың көтерген мәселесі – Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесі болды. Осыдан кейін, Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесін шешуге сөз берген.

«Мәселені Астанаға жеткіземін, айтамын. Жағдай болғанда мемлекет басшысына кіріп, сіздердің сөздеріңізді жеткіземін деп уәде беремін», - деген еді экс-әкім.

Содан бері екі жыл өтсе бұл мәселенің нүктесі қойылмады.

Ұйғыр ауданы өзге ұлт өкілі атымен аталатын Қазақстандағы жалғыз аудан. 1934 жылы құрылған. Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан. Жер аумағы 8,73 км2. Аудандағы 26 елді мекен 14 аудандық әкімшілік округтерге біріктірілген. Аудан орталығы — Шонжы ауылы. Облыс орталығы — Талдықорған қаласынан Шонжыға дейінгі қашықтық 355 км, Алматыдан Шонжыға дейін 214 км. Соңғы деректер бойынша аудан халқының 49 пайызын – ұйғыр, 44 пайызын – қазақ, қалғанын өзге ұлттар құрайды.

Ұйғыр ауданы атын өзгерту туралы ұсыныстар елімізде екі-үш жыл сайын, қоғам тарапынан көтеріліп тұрады. Бірақ түйін жоқ. Халықтың осы бір тілегіне билік құлақ асуға құлықсыз.

Биыл «Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгертілсін!», деген талаппен петиция жарияланған. 11 сәуірде alash.online сайтына орналастырылған петицияға бүгінде 216 969 адам қолдап дауыс берген, 7997 адам қарсы дауыс берген.

«Біз, Қазақстан халқы Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгертілсін деп талап етеміз!" делінген петиция мәтінінде.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475