Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3209 0 пікір 15 Қаңтар, 2013 сағат 06:58

Жұмат Әнесұлы. Әуе жайылған бағалар

Таяуда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева көптің ойында жүрген   мәселелердің бірі - азық-түліктің қымбатшылығы мен салынып жатқан тұрғын үйлердің  қарапайым ел үшін қол жетімсіздігі туралы сөз қозғады. Елді  беделді депутаттың көкейтесті мәселелерге дер кезінде көңіл бөлгені қуантады.

Таяуда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева көптің ойында жүрген   мәселелердің бірі - азық-түліктің қымбатшылығы мен салынып жатқан тұрғын үйлердің  қарапайым ел үшін қол жетімсіздігі туралы сөз қозғады. Елді  беделді депутаттың көкейтесті мәселелерге дер кезінде көңіл бөлгені қуантады.

Біздің экономикамыз нарықтық қоғамда дамып келе жатқаны рас. Нарықта баға сұранысқа орай қалыптасуы заңды, бірақ, нарық заңдылығында  қайбір уақыттарда елдің әлеуметтік материалдық деңгейі ескеріліп, бағаны мемлекет тарапынан реттеп отыру қарастырылған. Осы тұрғыдан келгенде, біздегі  бағалардың өсуін бақылайтын Табиғи монополияны реттеу Агенттігі өз міндетін мемлекеттік тұрғыда атқаруды ұмытқан тәрізді. Бір жарым жылдан бері еліміздегі монополистік тұлғалар азық-түлік пен тұрмыста қолданылатын заттардың бағасын ай сайын еш кедергісіз өсіріп отырғандығын баспасөз беттеріндегі есептерден байқауға болады. Электр энергиясы, су, газ және жылыту бағаларыныңда соңғы жарты жылдың ішінде екі рет өсірілгені белгілі. Энергия көздерінің бағасының көтерілуінің еш заңдылыққа сыймайтындығы, ол тек монополистердің пайдасын өсіру үшін істеліп жатқандығын білікті экономистер айтып та жатыр. Бірақ олардың пікірін ескеріп жатқан адам тағы жоқ. Ертеде Еуропаның бір білікті экономисі «Екі есе пайда тапқан бизнес - өте жақсы бизнес» деп  айтқан екен. Ал, бізде керісінше, әрбір кәсіпкер немесе монополист мың есе пайда табуға тырысады. Бұл анығын айтқанда, елді тонаудың жанама бір түрі.

Біздегі қалыптасқан  экономикаға призманың басқа бір бұрышынан қарағанда, мынандай қызық фактіні көруге болады. Басқа елдермен салыстырғанда,  Қазақстан   әлемдегі ең қымбат азық түліктерді, дәрі-дәрмектерді және тұрмыстық заттарды қолданушы  ел екен. Өйткені, Қазақстанға азық-түліктің 80  пайызы, дәрілердің 85 пайызы, тұрмыстық заттардың 90 пайызы сырттан әкелінеді. Және оларға  кеден салығы мен жеткізілу құнын қосқанда, Еуропадағы, Ресейдегі немесе Қытайдағы бағаға қарағанда, бір жарым не екі  есе артық болып шығады. Оларды  тұтынушылардың көпшілігі біздегі  мемлекеттік қызметкерлердің төменгі буыны, жұмысшылар, зейнеткелер,былайша айтқанда, қарапайым халық. Ал, олардың айлық табысы еуропалықтардан бес-алты есе, ресейліктерден екі есе төмен. Осыдан қарап-ақ, нарық экономикасындада бағаны мемлекет тарапынан реттеп отыру қажеттігі көрінеді. Өйткені, Ата заңымызда халықтың әлеуметтік жағдайына мемлекет тарапынан көңіл бөлу қарастырылған. Ал, бұл мәселені әлемдік деңгейде қарастыратын болсақ, капиталистік қоғамда өмір сүріп отырған  Еуропаның дамыған барлық елдерінде халқының қарапайым бөлігінің (қызметкерлердің, жұмысшылардың, зейнеткерлердің және жұмыссыздардың) әлеуметтік материалдық жағдайы өте  жақсы қамтамасыз етілген. Яғни, олардың  айлық еңбек табысы  айлық азық-түлігін, тұрғын үй төлемін және басқада тұрмыстық қажеттілігін толық өтеуі есептелген.Тіпті кейбір дамыған Еуропа  елдері байлар мен қарапайым еңбек адамдарының табыстарының  ара айырмашылығын азайту үшін саяси және экономикалық қадамдарға баруда.  Ал, бізде бәрі керісінше, орташа еңбек адамының  айлық табысы отбасының азық-түлігінің қамтамасыз етейін десе, үйлерінің жылуы мен жарығына ақшасы жетпей жатады. Балаларын оқытуды былай қойғанда, киімдерін алып берудің өзі оларға мұң. Сондықтан, азық-түліктің, тұрмыста қолданылатын басқада заттардың бағаларының  апта сайын, ай сайын өсуіне негізсіз жол беріп,  «Біз капиталистік қоғамға өтіп бара жатырмыз, мемлекетке иек артуды  қойыңдар» деп халықтың екі бүйірінен қыса берудің жөні бола ма?

Ертеде елімізді жайлаған аштық кезінде бір уыс алтынды бір уыс бидайға айырбастай алмаған бір бай  «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп айтқан екен. Құдай ондай заманды басқа бермесін, бірақ азық-түлік қашанда ас арқауы, жалпы халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мемлекеттің стратегиялықта, тактикалық саясатының негізі. Сондықтан, халықтың әл ауқатын есепке алмай, монополистердің талабын қолдап, азық -түліктің бағасын жиі өсіру, мемлекет тарапынан  көрегендік болмас.Сөзіміз дәлелді болу үшін азық-түлік бағаларының өсімін мысалға алайық. Олар соңғы бір жылдың ішінде (осы уақыттың ішінде наннан басқа  азық-түлік бағалары ай сайын 9-10 пайызға дейін өсіп отырды) екі есеге жуық өсті. Мәселен, еттің келісін 2011 жылы 800-900 теңгеге алуға болатын еді, қазіргі еттің бір келісінің бағасы1500-2500  теңге аралығында тұрақтаған. Ал, халық ең көп тұтынатын сүттің     1 литрінің бағасы  285 теңге. Бұл сүттің майлылығы 3-ақ пайыз. Қалғаны су мен басқадай қосынды. Қытай мен Ресейден әкелінетін осы сүттердің басым бөлігі жасанды ұнтақтан жасалынған, осының бәрін есепке алғанда әлгі бір литр сүттің құны жоғарыда көрсетілген сомаға тұрмайтынына көзіңіз жетеді.Бір қызығы, осы  жерде салыстырмалы түрде айтсақ, Ресейдің зейнеткері бір литр табиғи сүтке зейнетақысының 0,1 пайызын жұмсаса, қазақстандық зейнеткер  ( Ресейдің зейнетақысынан екі есе төмен) бір литр сүтке одан екі-үш есе көп төлейді екен. Ресейден әкелінетін, «табиғи сиыр  сүті майы» деген жарнамасы бар майдың  200 грамы өткен жылы 185 теңге болса, қазір 285 теңге тұрады. Ал, өзімізде шығарылатын «Президент» деген май бар. Оның негізгі құрамы маргарин. Бірақ бағасы Ресейден әкелінген  табиғи маймен тең. Сондай -ақ, табиғи еттен гөрі, көптеген жасанды қосындылары бар шұжықтардың қатары көбейген және олардың сатылым бағасы  табиғи шұжықтардың құнынан бірде- бір кем емес. Міне, біздегі баға кереғарлығы деген осы. Өзіміздің елде жасалатын сусындар туралы тағы бір  бір қызық деректерді келтіре кетуге болады,.Мәселен, «Буратино»  деген сусын бар, бұл сонау Кеңес  заманы кезеңінен белгілі сусын, сапасы көңіл толатындай.Оның қазіргі дүкендердегі сатылым бағаларыда  80-100 теңге аралығында. Бұл төзімді баға. Керісінше, соңғы жылдары «энергетикалық сусындар» дегендер қаптап кетті. Аттары да әртүрлі, сонысына орай жаңағы «Буратинодан» екі үш есе қымбат, 180-нен 300 теңге аралығында. Мамандардың айтуы бойынша бұл «энергетикалық сусындардың» құрамында адам бойына зиянды қоспалар көп. Бағасының қымбаттығына қарамастан, осы  энергетикалық сусындарды жастар өте көп пайдаланады.

«Өз үйім, өлең төсегім» дегендей, адам өмірінде тұрғын үйдің маңызы зор. Алматы ,Астана тәрізді  үлкен қалаларға қоныс аударған қазақтардың мұңы да, арманы да жеке үй алу не үй салу еді. Көптеген адамдардың сол армандарының көкжиегі алыстап кеткен тәрізді. Бүгінгі күні құрылыс материалдарының құны екі-үш есе өскен. Соның салдарынан еліміздің үлкен қалаларындағы үйлер мен  пәтерлердің құны шетелдің мегаполистеріндегі  үйлер мен пәтерлердің бағасына теңесіп, кейде асып кетеді. Жалпы,  Еуропадағы көптеген елдердегі үйлердің бағасы біздегіден көп арзан екен. Таяуда өзіміздің бір баспасөзде бір қазақстандықтың Франциядан бар болғаны жеті мың долларға үлкен жері бар, үлкен үй сатып алғаны туралы хабар берді. Сондай ақ, Мексикада барлығы үш мың долларға  үйдің тұтас сыртқы құрылымын фундаментке бір-ақ күнде отырғызып береді екен. Курортымен аңыз болған Болгарияда үйдің құны бізден екі-үш есе арзан көрінеді. Ал, біздегі, яғни Қазақстандағы жаңа салынған үйлер мен пәтерлердің  құны аспандап кетті, оған қиялыңыз ғана жететін болды. Ал, сапасына келетін  болсақ, бұл енді айтып тауыса алмайтын жыр болып келе жатыр. Соның бір мысалы, Қарағанды қаласындағы Бесобада салынған үйлер, салынып біткеннен кейін құлап қалды. Ал, Алматы тәрізді жер сілкінісі болып тұратын аймақта салынған үйлер мен пәтерлердің «сапасы қандай» екен деген сұрақ жұрттың көкейінде үнемі жүреді. Осыдан бірер жыл бұрын «Құлагер»тәрізді  шағын аудандардағы пайдалануға берілген үйлердің сапасыздығы әкімшіліктің де, жұрттың да құлағын сарсытқан. Астанадада жаңа пайдалануға берілген бірнеше үйдің сапасы әлі күнге дейін дау тудырып жатыр. Сондықтан «жаңадан пайдалануға берілетін үйлер, пәтерлер неге сапасыз» деген сұрақ кезінде талай тиісті жеріне айтылған. Содан бұл мәселе парламенткеде жеткен. Онда Мәжіліс депутаты қазіргі құрылыста Қытайдың сапасыз құрылыс материалдары қолданатынын дәлелдеп беріп еді. Сонымен, бізде үлкен қалаларда  пайдалануға берілген көптеген үйлердің сапасы өте нашар. Соған қарамастан, біздегі үйлердің бағасы өте жоғары. Олардың бағасының жоғарылығы сондай, орташа есеппен 100 мың теңге айлық алатын жастар ипотекамен пәтер алуға қолы жетпей жатыр.

Үйлердің бағасы «неге қымбат» деген сұраққа  құрылыс ұйымдарының иелері «құрылыс материалдары сырттан әкелінеді» деп уәж айтуда.  Солай бола тұра, олардың құрылыс салудан тапқан пайдалары иелерінің Дубайдан қымбат үйлер сатып алып, құны жарты миллион тұратын көлікпен сайран салуға мүмкіндік беруде. Міне, біздің еліміздегі бизнесте осындай қайшылықтар бар.

Қазақстандағы халықтың 50 пайызына жуығы денсаулығына байланысты дәрі-дәрмекке жүгінеді. Ал, біздің дәріханалардағы дәрілердің 90 пайызы сырттан тасылынатындықтан  әлемдегі ең қымбат дәрілер деп айтуға болады және олар әр қалада түрлі бағамен сатылады екен. Мәселен, қарапайым бір дәріні Астанада 327 теңгеге алуға болатын болса, оны Алматыда   500 теңгеге сатып аласыз. Яғни, дәрілердің белгілі бір деңгейде белгіленген бағасы жоқ. Кім қалай сатам деседе соған ерікті көрінеді. Осыдан 20-30 жыл бұрын буын ауруын басуға арналған май сатылатын еді. Ол теріні қыздырып, кәдімгідей аурудың бетін қайыратын. Құны шамамен қазіргі 100 теңгедей болатын. Қазір осындай майлар түрлі елдерден әкелінетін болған, емдік қасиеттері жаңағы Кеңес заманындағы майлардың қасиетінен төмен, бірақ олар керемет жарнамаланады, сондықтанда олардың бағалары 2000 теңгеге  жетіп жығылады. Бұл бер жағы, дәріханаларда адамның материалдық жағдайы түгілі, қиялы жетпейтін өте қымбат басқада  дәрілер бар екен. Айта кететін бір нәрсе,  дәрі-дәрмектердің жарнамалануына заңмен тыйым салынуы қажет. Егер бізде дәрі-дәрмектердің жарнамалануы туралы заң болмаған жағдайда, оны Мәжілістің талқыға салуы қажет-ақ. Жалпы дәрі-дәрмектердің шетелден көптеп әкелінуі, олардың сатылым бағасының мемлекет тарапынан жеткілікті қадағаланбауы,  қарапайым халықтың қолы жете бермейтін бағалардың туындауына әкеп соғып отыр.

Бұл мақалада халық көп тұтынатын киімдердің бағалары туралы да талдап кетуге болар еді, бірақ   мұндада жоғарыда айтылған жағдай қалыптасқан. Кеден одағы құрылғаннан кейін Қытайдан әкелінетін киімдер мен тауарлардың көлемі едәуір қысқарып, базарларда киім мен тауарлардың бағасы шамамен екі жарым есе өскен.  Басқаны былай қойғанда, он жыл міністе болған ескі автомәшинелердің өзі қымбаттап кеткен. Сөйтіп, қымбатшылық қанатын кең жайып барады. Оған тоқтау салатын ҚР Табиғи монополияны реттеу Агенттігінің қайраны жоқ тәрізді. Сөздің тоқ етерін айтқанда,   ең төменгі күн көріс  деңгейі (17 мың 500 теңге)  мен  қымбатшылықтың арасы тым алшақтап кетті. Экономистердің талдауына қарағанда, өткен жылы азық-түлік пен тауарлардың бағасының  ай сайын  өсуіне жол берілгендіктен, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 мың теңгеге дейін өсірілуін қажет етеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395