Қазақстанда 15 524 шетелдік жұмыс істейді
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен жұмыс істеп жүрген шетелдіктер саны – 15 524 адам.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 748 жұмыс беруші бар. Оларда 400 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ын құрайды.
Еңбек мигранттары ең көп жұмыс істейтін сала – құрылыс саласы. Онда 6 139 адам еңбек етеді. Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында 1 489 адам; ауыл, орман және балық шаруашылығында 1 256 адам; кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 1 158 адам; өңдеу өнеркәсібінде – 1 154 адам жұмыс істейді.
Қазақстанға еңбек мигранттары келетін негізгі елдер – Қытай - 3 576 адам, Үндістан - 1 740 адам, Түркия-1 701 адам, Өзбекстан-1 535 адам, Ұлыбритания-1 127 адам.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын шетелдік мамандарды тартуға квота бөледі. Биыл қаңтарда өткен ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесудегі Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін, министрлік мигранттарға беруге жоспарлаған квота санын 16 пайызға қысқартты.
Abai.kz