Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3421 0 пікір 21 Қаңтар, 2013 сағат 10:11

Әлия Садыбаева. «Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін...»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың назарына!

 

«Менің елім - менің Қазақстаным!» дейді лондондық олимпиада жүлдегері, өскемендік Ольга Рыпакова.  «Алға, алға, қазақтың жігіттері!» деп шырқайды өскемендік әнші, балалар үйінің түлегі Женя Выбылов. «Гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін» дейді қолдарын жүрек тұсына қойған Крупская атындағы мектеп-интернаттың сары үрпек балалары. Елін мақтаныш тұтқан сезімдерінің шынайылығы сондай, көзіңе еріксіз жас келеді. Ал, өскемендік қазақ ел алдына шықпай-ақ, тек тұрып туған тілі үшін тырнақтай тірлік істегісі келсе, қалалық билік оны тулақтай тартқылап, жабыла қудалатқызып отыр. Әлем елдерінің қазіргі жаһандану заманының өзінде ең алдымен отансүйгіштікке шақыратын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дүниелер жасауға ұмтылыс жасап жатқаны тап біздің қала үшін үлгі емес сияқты.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың назарына!

 

«Менің елім - менің Қазақстаным!» дейді лондондық олимпиада жүлдегері, өскемендік Ольга Рыпакова.  «Алға, алға, қазақтың жігіттері!» деп шырқайды өскемендік әнші, балалар үйінің түлегі Женя Выбылов. «Гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін» дейді қолдарын жүрек тұсына қойған Крупская атындағы мектеп-интернаттың сары үрпек балалары. Елін мақтаныш тұтқан сезімдерінің шынайылығы сондай, көзіңе еріксіз жас келеді. Ал, өскемендік қазақ ел алдына шықпай-ақ, тек тұрып туған тілі үшін тырнақтай тірлік істегісі келсе, қалалық билік оны тулақтай тартқылап, жабыла қудалатқызып отыр. Әлем елдерінің қазіргі жаһандану заманының өзінде ең алдымен отансүйгіштікке шақыратын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дүниелер жасауға ұмтылыс жасап жатқаны тап біздің қала үшін үлгі емес сияқты.

Ана тіліміздегі жалғыз қалалық газет «Өскемен» 2009 жылы Ислам Әбішев қала әкімі болып тұрғанда  алғаш қазақ тілінде шығып, ішінде орыс тілінде бірнеше бет қана болған. Қалалық әкімдікке қарасты газетте қаулы-қарарлар, мәслихат шешімдері т.с.с. ресми материалдар жарияланатындықтан, көбінесе бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлер жазылады. «Өскемен» газетінің шыға  бастағанына 1 жыл толғанда,  газет екіге бөлініп, орыс тілінде «Усть-Каменогорск» шыға бастаған. Орыс газеті редакторының міндетін директор Н.А. Шимолина қоса атқарып келеді. «Айқын литер» газетінде, «Ук.кз» сайтында тілші болып істейтін ол бұл жердегі қызметіне бұрын жүрдім-бардым қарап келген.

Өткен жылғы маусым айының соңында «Өскемен» газетінің редакторы қала әкімімен өткізілген тікелей желіде түскен сауалдарға бөлім басшыларының қайтарған жауаптарын қазақшаға аударып беруді өтінді. Ақшасына келісіп, 64 бет мәтінді үйден аударып әкеп берген болатынмын. Сол күні қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Б.Бакинова мені кабинетіне шақырып алып, «Міне, кезінде «Алтай алашы» деп ашпақ болған газетіміз жабылуға айналып барады. Адам тұрақтамайтын болды.  Газетте істеген тәжірибең бар ғой, қалып көмектес» деген соң 1 қыркүйекке дейін істейтін болып, келіскенмін. Сенбі, жексенбі күндері де іс-шараларға барып, оған ақы да, қосымша демалыс та сұрамай, газеттің сапасын жақсарту үшін, көбірек материалдар жазуға тырыстым. Оған қоса жергілікті материалдармен «Қылмыс пен жаза», жерлес ақын-жазушылар шығармашылығымен «Әдебиет» беттерін жүргізіп отырдым. Газет шығатын күні түсте келіп, көбінесе түнге таман газетті бізге тастап, кетіп қалатын редактор мені корректор етіп, бар жұмысты артып қойғысы келді. Директорды да көп көрмегендіктен, онымен арамызда алдыңғы 4 айда еш реніш болмаған. Бірақ, қазақ редакторына қатысты жазылған 3 актіге де қол қоюдан бас тартқанмын.

Қазан айының 3-нен бастап, қалалық ішкі саясат бөлімі редактор болатын адам іздестіріп, таба алмады. Бұрын істегендерді қайта алғысы келмеді. 7 қарашадан бастап, редактор міндетін атқарушы етіп менің атыма сыртымнан бұйрық жазды. Жарайды, кәсіби тілші емеспін, адамы табылғанша, тағдыры маған қарап қалған газетті шығара тұрайын деген ойда ғана болғанмын. Айлық алатын кез тақағанда барып, өткен күн ретін қойып, ішкі саясат бөлімі бастығының атына өтініш жазғанмын.

Соңғы редактор жұмыстан кеткен кезде қазақ редакциясында бірде-бір жоғары білімді маман, бірде-бір диктофон қалмаған болатын. Құжат атаулыдан 3 жыл бойы бітпеген 1 қара журнал ғана. Оның ішінде сәуір айында жазылған «Өскемен» газетінің жабылуы туралы мақала жазу» деген тапсырма тұр. 3 студент-тілші, үшеуі де күндізгі бөлімнің 2-3 курсында, екеуі жарты ставкамен 13,5 мың, біреуі 27 мың теңге айлық алады. Версталщик сырттай бөлімнің 2 курс, корректор магистратураның күндізгі бөлімінің 1 курсында оқиды. Қазақ редакциясы ел аузында баяғыдан «детсад» атанып жүрген. Директор  бас көтерер адамды көрсе,  жеке басына тиісіп, жұмыс істетпеуге машықтанғаны сондай, мұнда ылғи студенттер ғана іріктеліп қалған. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, күнде (!) жұмыс істейтін адам мұның қолайына жақпайды.  Жұмысқа келе салып, «А вы еще здесь?» дейді де, күні бойы ұсақ-түйекпен мазасын алып, жүйкесін жұқартып бітіреді.  Кезінде қазақ редакциясына қаншама талантты, талапты тілшілер айлықтың аз екенін біле тұра, ана тіліндегі газет үшін келгенмен, шығармашылық тұр ғой, жай жұмысқа жағдай жасалмайтынын көрген соң, жұмыстан кетіп отырған. «Арқада аяз қыспаса, арқар ауып несі бар?» Олар істеген кезде газет дәп осындай иесіз қалмаған, жұмыс істейтін басқа адамдар болса, қазақ тілінің қадірін қашырған жерден мен де кетіп қалар едім ғой.

Бір ғана заңды тұлғаның атына тіркелген екі газеттің жағдайы екі түрлі екенін қалалық билік көрмей отырған жоқ,  қазақ тілді газеттің сыртқы бетіне дейін қате өріп, мазмұны нашарлап, оқырманын жоғалтып жатқанын біліп отырса да, газет әйтеуір шығып жатса болғанымен 3 жыл бойы қарамаған. Жабылып қалып, жұрт шуламаса, облыс әкімінің құлағына жетпесе болды. Қазақ тілді газетке тиесілі, осынша уақыт үнемделген қаражатты өз қалталарына баспаған болар, бірақ қандай мақсатқа жұмсап жатқандары тағы белгісіз.

Тегі, «ауылбай әйел» газет  шығара алады деп күтпесе керек, алғашқы нөмір шығысымен-ақ, директор мені жаңа көргендей шүйліге кетті. Бұрын түгел өтетін 2,5 мың газеттің тең жартысын өтпеді деп редакцияға әкеп тастады. Себебін сұрағанымда, «қазақтар газет оқымайды, қараша айына дейін ғана жазылған» деп жауап берді. Одан кейін сыртқы беті, одан мазмұны нашар деп орыс редакциясының қызметкерлері (!) мен қазақ редакциясындағы 2 тілші-студентке қол қойғызып, жиналыс ашпақ болып, қала әкімінің орынбасары А. Нұрғазиев пен ішкі саясат бөлімі бастығы Б.Бакинованың атына 2 рет шағым жазды.  Соңғы 2 айдағы сыртқы бетінің тақырыптары: «Ұлттық өнерді ұлықтаған «Жігер» ансамблі жүлделі оралды», «Жастар саясатының жай-күйі қандай?», «Туыңа тура қара! Елтаңбаны елдіктің белгісі деп біл!», «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесімен!», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен!», Елбасының Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан - 2050 стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Төрлет, құтты жаңа жыл!», «Көбейсін шілдехана, қоныс тойлар, Кез келді орындалар жақсы ойлар!» болатын. Басқы беттерде, қалаға байланысты жаңалықтарда артық-ауыс ештеме болмаған. Соңғы беттердегі интернеттен алынатын, мысалы кино жайлы «Қазақ киносының жаңа қалыбы», «Қазақ тіліндегі кино көрерменін қалыптастыру қандай деңгейде?», «Балаңыз  қандай кино көреді?» , «Қазақстанда ұлттық онлайн ойындар пайда болады» , «Қазақстан премьералары -2012» деген тақырыптармен қатар, «Еркін елдің университеті де еркін болуы керек»  деген ҚАЕУ президенті, академик, Өскемен қаласының құрметті азаматы Е.Мәмбетқазиевпен интервью,  руханият бетінде «Бауыржан Момышұлы: Алтын-күміске ешқашан қызыққан да, соған мойын бұрған да емеспін» тәрізді материалдар болған, кейбіреудің мазасын осылар қашырған тәрізді. Ішкі саясат бөлімі 1-2 рет қана шағын материал беріп, іс-шараны хабарлағаны болмаса, ақпарат жағынан көмектеспеген болатын. Тек басылуға тиіс қаулы-қарарларды жіберіп, соларды  ғана түгендейтін.

Директорға әу бастан «бірлесіп жұмыс істейік, маған көмек керек» дегенде бас тартқан болатын. Орыс редакциясымен бір бөлмедеміз,  пошта, телефон ортақ болғандықтан,  ақпараттарды бізден жасырып қалып отырды. Тек қалалық әкімдіктің ғана іс шарасына барып, өзгесі туралы хабарсыз қалдық. Екі студентті қысқы сессия басталды деп 1 айлық демалысқа қоя берді, үшінші студенттің де сессиясы басталып, соңғы сандарды мен мүлде жалғыз шығардым.  Корректор да, беттеуші де студент, оларды да сабақтарынан қалтырмауға тырыстым.  Апта сайын шығатын 24 беттік газеттің 17 бетін (қалғаны телебағдарлама) толтыру үшін, қаншама іс-шараларға бару, мақала жазу, жаңалықтарды жинау, материалдарды іріктеу, почта қарау,  интернет ақтару, авторлардың жазғанын өңдеу, тіпті жұлдызнамаға дейін аудару, ең соңында газет беттеушінің жанына отырып, (дизайнер жоқ)  барлық бетті көркемдеп, интернет фотоларына дейін тауып қою (фотографқа фото бергізбей қойған) бүкіл уақытымды алды. Күндіз маза бермеген соң, жұмысты үйде түнде істеген кездерім болды. 2 ай бойы газетке хабарландыру берсек те, тілші табылмады. Қалада қазақ тілді журналист аз, бос жүрген ешкім жоқ, әрі мұндағы жағдайдан бәрі хабардар. «Қазақ тілі үшін келіңдер» деп намыстарын жанысам да, «Апта сайын 2-3 мақала жазып берсең болды» деп жалынсам да, ешкім келмеді. Ішкі саясат бөлімінің бастығы үнемі «жаңа жылдан кейін жағдай жақсарады» деп  сендірумен болды. 3 қаңтар күні қала әкімінің орынбасары А.Нұрғазиев шақырып алып, мені бірінші рет көріп тұрса да, бір ауыз сөзге келместен директорды  «ренжітетінім» үшін жұмыстан қуды. Қала әкімінің қабылдауына жазылдым, ол шақырмады. Облыс әкімінің қабылдауына бару үшін көзге көрінбейтін сансыз кедергілерге тап болып, кіре алмадым. Алдымен облыстық ішкі саясат бөлімінің бастығы қаңтардың 20-на дейін директорды ауыстырып, жаңа орынға көшіріп, екі редакцияны бөлек отырғызу туралы көмекшісіне тапсырма берді. Одан кейін қалалық ішкі саясат бөлімі директормен қосылып, мені «ұжымға жұмыс істетпейтін ұрысқақ» атандырып шығарды. Алдыңғы 2 шағымды өзгертіп, осылай деп қайта жазғызған. «Жалғыз адам қалай 20 адамға жұмыс істетпейді, қалай жарты жыл бойы бұған төзіп келген, орыс редакциясында бірнеше диктофон бар, баяғыдан бері неғып ештеме жазып алмаған» дегенімді тыңдамастан, «ұжымның шырқын бұзушы» ретінде ескерту жариялады. ЖШС болғаны жайлы хабарландыру беріп, екі газеттің де тиражын 1мың етіп, баспахананы ауыстырды. Екі күннен кейін жаңа жылдың алғашқы номерінің сыртқы бетіндегі өзіміздің университетте оқытушы, абайтанушы - ғалымның суретін, ішкі беттегі интервьюін  «Қайдағы біреуің кім? Бұл әкімнің газеті!» деп сынап-мінеп тағы шықты. Міне, осы сәттен бастап, мұнда қалудың еш мағынасы қалмағанын түсініп, әрі қатты зорыққаннан денсаулығым сыр беріп, бұл жұмыстан шығуға бел байладым. Облыстық ішкі саясат бөлімі ұсынған жұмыс орнына барсам, «журналист емессің» деп жұмысқа алмады. Сонда екі ай бойы журналист емес адамға биліктің газетін жалғыз шығартып қойып, бәрі қайда қарап отырған? Уәде берген адам орнында болмаған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасарына кірдім. Ол да мені бірінші рет көріп тұрса да, «бұрын қайда істедің, ол жерлерден неге шықтың, енді барған жеріңде сыйыспай жатсаң не істемексің» деп өзіме дүрсе қоя берді. Түсінікті, директор мен қалалық билік бірігіп, мен туралы «пікір» қалыптастырып, әкім орынбасары А.Нұрғазивтің кабинетінде басталған дау облыстық көлемдегі «дауылға» айналып үлгерген. Осы себептен енді қалаған жұмысыма да кіре алмайтын сияқтымын. Менің «газет шығатын күні кешкі 8-де менімен жұмыс істеуге психолог шақырды» деп директорды сотқа беруіме, «қазақ редакциясында студент болсын, 40 жыл еңбек өтілі бар зейнеткер болсын 15 мың теңге алады, ал әкімдікте отыратын еңбек өтілі көп емес, видеооператор бала редакция кассасынан 70 мың алады» деп қаржы полициясына да кезінде шағымдануыма болушы еді. Бірақ, бәле іздеуге уақытым да, құлқым да болмады, ана тілімдегі газет шықпай қалмасыншы деп ғана өз-өзімді қинап, аянбай жұмыс істедім. Ақын Серік Ғабдуллиннің сөзін, қаламен аттас кішкентай газетке  қаратып: «Өскеменім! Мен сенің келтірмедім атыңа мін!» деп сеніммен айта аламын, оған газетті бұрынғысымен салыстырып, баға беріп жүрген оқырмандар пікірі куә. Ал менің жарты жыл жұмыс істеп,  9 апта жалғыз жүргенде, денсаулығымды тоздырған газет нөмірлерінен басқа ешқандай куәм жоқ, ақ ниеттің соңы бұлай аяқталатынын білген жоқпын. 10-12 адам жабылып шығаратын орыс тілді газетті қазақ тілдіден артық етіп көрсету үшін жасаған ұсақ-түйек қастықтарын тізіп айтып жатудың өзі ұят. Асқар Қисаевич қазаққа қырын қарап қолдап отырған соң, Шимолина ши шығаруын қоймаған. Қазақ тілді газеттің тозғанын елге білдіргенше, бір адамды жабылып қудалаған билік атаулының бәріне тиімді болып отыр.

Енді міне, жалдамалы пәтеріміздің жалғыз терезесінен анық көрініп тұратын Ботбай тауындағы «Қазақстан» деген жазуға, биіктегі көк тудың желбірегеніне қарап, төсек тартып ауырып жатқаныма бірнеше күн болды. Мені бюджеттік мекемелер жұмысқа алмай жатса, арендаға берілетін пәтер кезегінен де шығып қаламын. Пәтерақы мен оқу ақысына жылына 700 мың теңге табуым керек. Өздері айлап қуған жұмыстан «1 ай отработкасыз-ақ кете бер» деп 10 күн бұрын қуана-қуана қол қойып берген. Бұйрықта бойынша 7 күн өтсе де, әлі еңбек кітапшама жазу жазбай, ақшалай есеп айырыспай отыр. Облыс әкімінен төменгі билік түгел солардың сөзін сөйлеп отырғанда, сыртымнан статьямен шығарып, мен көрмеген құжаттар пайда болып жатса да, таң қалмайтын дәрежеге жеттім. Не істеп жатқандарын кім білсін? Мейлі, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген...

«Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін» деп жырлап өткен талант иесі Рүстем Есдәулетов туралы «Рүстем жаққан шырақ барда, қазақ театрының оты өшпейді!» дейді халқы қазір.  Ал ол армандаған Өскеменнің қазақы оты қашан көрінеді? Ана тіліміз латын әліпбиіне көшіп болғанша, талай шырақ өшіп қалмай ма?  Ешкім де көшеге шығып, айқайлағалы жатқан жоқ, әркім алдына келген істі арларына қарай абыроймен орындағысы келеді. Тек жүрген адамды «тентек» атандыратын биліктің құрығы ұзын, бірақ...

P.S.

Жер бетіндегі өмір жаңа кезеңге аяқ басты. Балықтар дәуірі аяқталып, Суқұйғыш кезеңі басталды. Бұрын адамдар балықтар тәрізді өмір сүріп келді, өз ортасының қалауымен ғана жүріп, одан алыстауға қорықты. Енді жаңа ойлар мен идеялар суша сапырылысып, сана сілкінетін уақыт басталып келеді. Абай айтқандай Алланы, Адамзатты, Ақиқатты шын мәнінде сүйе білетіндерге өзгерістен қорқып, қиындықтан қашудың еш қажеті жоқ.

Әлия Садыбаева, Өскемен қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377