Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7502 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 09:33

Бауыржан Жақып. ДАУЫЛПАЗ АҚЫН

Қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен әйгілі ақын Сәкен Иманасов ағамыздың өмірден өткеніне де айдан астам уақыт өтіпті.

Көзі тірісінде-ақ өміршең өлеңдері оқырман жүрегінен мықтап орын алған ақынның екінші өмірі - поэзиясы халықпен бірге жасай берері сөзсіз.

Төменде ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Өміржанұлы Жақыптың Сәкен Құсайынұлының 70 жасқа толу мерейтойында ақын шығармашылығы хақынды жасаған баяндамасының толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Ақын, ғалым, әлде малшы болармын,

Кім болсам да тақпас ешкім оған мін.

Кім болсам да жаны таза, саналы

Ұлы болам қоғамның!

 

- бұл сонау 1956 жылы баспа бетін   көрген 18 жасар жасөспірімнің «Кім болам» атты тұңғыш  өлеңінің жолдары. Сондағы «Ақын» деген алғашқы сөзді оның аузына Алла салған- ау! Сол бозбала бүгінде жетпіс асуды бағындырған, қазақтың көрнекті ақындарының бірі - Сәкен Иманасов еді. Ақын болғанда да, небір алмағайып замандарды бастан кешсе де, қоғамдардың алмасуын, ғасырлардың тоғысын, жаңарған ел келбетін көрсе де шындықты қақырата қақ тіліп айтатын, турашыл, өршіл, азаматтық діңгегін өзгертпеген ақын. Бұл оның туып- өскен ортасынан, алған тәлімінен, қазақ деген халықтың қайсар намысын бойына сіңіргендігінен де болар.

Қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен әйгілі ақын Сәкен Иманасов ағамыздың өмірден өткеніне де айдан астам уақыт өтіпті.

Көзі тірісінде-ақ өміршең өлеңдері оқырман жүрегінен мықтап орын алған ақынның екінші өмірі - поэзиясы халықпен бірге жасай берері сөзсіз.

Төменде ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Өміржанұлы Жақыптың Сәкен Құсайынұлының 70 жасқа толу мерейтойында ақын шығармашылығы хақынды жасаған баяндамасының толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Abai.kz

 

Ақын, ғалым, әлде малшы болармын,

Кім болсам да тақпас ешкім оған мін.

Кім болсам да жаны таза, саналы

Ұлы болам қоғамның!

 

- бұл сонау 1956 жылы баспа бетін   көрген 18 жасар жасөспірімнің «Кім болам» атты тұңғыш  өлеңінің жолдары. Сондағы «Ақын» деген алғашқы сөзді оның аузына Алла салған- ау! Сол бозбала бүгінде жетпіс асуды бағындырған, қазақтың көрнекті ақындарының бірі - Сәкен Иманасов еді. Ақын болғанда да, небір алмағайып замандарды бастан кешсе де, қоғамдардың алмасуын, ғасырлардың тоғысын, жаңарған ел келбетін көрсе де шындықты қақырата қақ тіліп айтатын, турашыл, өршіл, азаматтық діңгегін өзгертпеген ақын. Бұл оның туып- өскен ортасынан, алған тәлімінен, қазақ деген халықтың қайсар намысын бойына сіңіргендігінен де болар.

1937 жылы елдің қаймағы, Ілияс, Сәкен, Бейімбеттер сияқты алаштың талай ардақтылары сұрқия саясаттың құрбаны болып, атылып, асылып кетті. 1938 жылы Талдықорғанның Үйгентас ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында халық жауы атанған Құсайын әке мен Жұпар ананың шаңырағында дүниеге келген нәрестеге ел- жұрт Сәкен деп ат қойды. Жазықсыз жапа шеккен Сәкен Сейфуллин рухын құрмет тұтқандықтың белгісі болар.

Кейіннен, бала кезінде Нүсіп ағасының артынан еріп, ол тастаған жүгері дәнін жерден теріп жеп, жаяулатып ата қонысына оралған кезін ақын былайша еске алады:

«...Талдыбұлақтан біз 1943 жылдың жазғасалымында, мен ес біліп қалған кезде Алакөлге қарай шұбырған әлдебір босқындарға ілесіп, ата жұртымызға қайта оралған болатынбыз. Отан соғысының ес жидырмай тұрған кез, қар қалың екені де есімде қалыпты. Қыңқылдап жылай берген мені Нүсіп ағам алдап- сулап жетелеп алған. Шешемнің қолында бір жарым жасар қарындасым бар. Қарға адам жер мұң болып, қойшы әйтеуір, атты кісіге жарты күндік,қазіргідей автокөліктерге бір сағатқа жетер- жетпес жерге жолшыбайғы әр ауылға бір қона жүріп, жаяулап- жалпылап он шақты күн дегенде барып «Талапкерге» де аяқ іліктіріп едік. Жол бойы көрген қорлық, тарығу, торығу, аштықтың, жалаңаштықтың азабы дегендерді ауызға да алып жатқан жоқпын. Ол өз алдына бір хикая»...

4 - 5 жасар бала Сәкен мектеп есігін ашпай жатып- ақ талаптанып өз бетінше хат таныды. Өзінен он жас үлкен ағасы Нүсіп газет- журналдарды көп оқиды екен. Әрі аудандық газетке хабар- ошар жазып тұратын көрінеді. Сәкен де ағасына еліктеп, аудандық «Колхоз туы» газетін оқитын дәрежеге жетеді.

Мектепке барады. Ол кезде елдің бәрі пешке қамыс жағады екен. Нүсіп ағасы бір күні екі шана қамыс шауып әкеліп, інісіне бір баланы қосып, аудан орталығына апарып сатып, содан түскен 50 сомға дүкеннен «Мың бір түн» кітабын сатып алуға жұмсайды.

«Мың бір түннің» екі томы елу сом. Соларды сатып ала сала, карынымыздың ашып шұрылдағанына қарамай, қасарысқан қалпымызда айдап отырып ауылға қайттық.

Үйге келгенде: «Бір кітап та жетер еді ғой, екіншісінің орнына бір шай алмадыңдар ма ? - деп шешеміз күңкілдеп, реніш білдіріп жүрді»... деп еске алады Сәкен аға.

Содан ауыл қарияларына күнде кешкісін шамның күңгірттеу жарығымен бала Сәкен «Мың бір түнді» оқиды. Оның «Мың бір түннен» бастаған сол кітапқұмарлығы арқасында кейін С.Көбеевтің «Орындалған арман», «Барон Мюнхаузеннің бастан кешкендері», «Том Сойердің бастан кешкендері», М. Шолоховтың «Көтерілген тың», «Сырлы арал», «Қазына аралы», «Казахские народные сказки», М.Әуезовтің «Абай жолы» кітаптарын оқудың мүмкіндігі туады. Міне әдебиет ауылына Сәкен ақын осылай келеді.

Ақынның әдебиетке келуіне түйіткіл болған тағы бір- екі жайтты айтпай кетуге болмас. Оның анасы Жұпар марқұм сөз арасына ұдайы нақыл қосып, мақал- мәтелмен әрлеп, мәнерлеп сөйлеуді ұнататын жан екен. Сондай- ақ Ақмолда деген зиялы бір адамның бұрынғылар айтыпты дейтін аңыз, қиссаларын құлақ құрышы қанғанша тыңдап өседі.

«Әкеміздің ескі тонын оранып, үлкендердің сырт жағын алып мен де сөз тыңдаудан жалықпайтын едім. «Әй Сәкен ұйқың келді ғой, барып жатпайсың ба?» - деп қоятын әкеміз оқтын- оқтын. Мен үндемеймін, бірақ лып етіп тұрып кете қоймаймын. Соны сезген Ақмолда жарықтық: «Осы баланың зейіні ұнайды маған, тиіспеңіз, тыңдасын! - деп басымнан жылы сипап қоятын-ды», - деп еске алады Сәкен аға.

Алтыншы класта оқып жүргенде өзімен бірге оқитын чешен баласы Сұланбек Шамилханов «Қазақстан пионері» газетінен өзіне келген қызыл ала конвертке салынған хатты көрсетеді.   Оған қатты қызыққан бала Сәкен де «Қазақстан пионеріне» өлең жібереді. Атақты жазушы Сансызбай Сарғасқаевтан жауап хат та алады. Бұл да бір баспалдақ еді.

Әрбір әдебиетке келген жан тектен - текке келмейді. Ал табиғи тума талант болса, оның сөз өнеріне әуестігі де ерте танылады, ерте білінеді. Сәкен ағаның балалық, жастық шағында көрген- білгендерінің қай- қайсысын естісең де, оның жүріп өткен жолы әйтеуір бір тұста ақындық ауылына келіп ат басын тірейді.

Мына бір естелік аса қызықты: «Біздің ауылда үлкен- кіші,кәрі- жас демей, жұрттың бәріне сыйлы, жалпыға жұғымды  Омардың Рақымы дейтін ақ сақалды адам болды. Ән мен күйге әуес, өлең айтып, домбыра тартатын, қысқасы өнер атаулыға үйірсек бала көрсе, үйіне шақырып, қошеметтеп, қолпаштап, әрдайым қамқорлық жасап жүретін әдеті болушы еді. Аудан дәрежесіндегі лауазымының әжептәуір екендігіне қарамай (мен жоғары кластарда оқып жүргенде ол кісі ауатком төрағасы болатын), енді- енді өлең жаза бастаған, бірлі- екілі шумағы аудандық газетте жарияланып жүрген мені ол бір күні өз қасына шақыртып алды. Әлгі әлжуаз шығармаларымды әдейі бөлек сақтап қойған екен, көтере сөйлеп, абыройлы болуыма тілек білдіре отырып, бірқатар көкейге қонымды пікірін де айтты. Қағаздарын ақтарып отырғанда сусып жерге түскен бір суретті еденнен көтеріп алдым. Суағарында бармақтай мұрты бар, сұстылау келген келбетті адамның суреті екен. Сыртындағы екі жол арнау  өлеңді оқып үлгердім,

Сондағы:

Аяулы бауырым Рақым,

Жаныма жан ең тым жақын...-

- деген сөздері мен «Ілияс Жансүгіров», деп қойылған қол әлі күнге дейін көз алдымда. Рақаң ақсақал қалт қимылдап, қолымдағы суретті бір қағаздар арасына тыға салып: Бұның саған керегі жоқ, білмейсің !»- деп жуып- шайған болды.

Сөйтсек ол кезде Ілияс аға есімін атауға болмаған екен ғой. Ол «халық жауы» аталып, сонау сұрапыл да сұрқия жылдардың құрбаны болып кеткен екен де, шығармалары оқулықтан алынып, кітапханалардан қуылған екен.

«Мен, бәлки Ілияс жырларын онсыз да сүйіп оқуым мүмкін- ау, бірақ Рақым ақсақалдың қолынан көрген ең алғашқы сол суреттің де айрықша әсері болғаны ақиқат еді.

... Осы күні ойлаймын, Рақаң ақсақал маған әлде сол суретті байқамаған-сып отырып, әдейі көрсетті ме екен деп те . Менің  өлең жаза бастағанымнан хабары бар, кезінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтермен дәмдес болған, қастарына , ерген ақылгөй қарт көзі қаныға, құлағы ести берсін, түбі керегі болар деп ойлаған шығар.»

Жалпы әрбір ақынның өзі пір тұтатын ақындары болады. Сәкен Иманасов үшін сондай ұстаздың бірі, көзі көрмесе де, шығармасын іздеп жүріп оқыған Ілияс Жансүгіров екені даусыз.

Тұратын аспаны да бүркіп өлең,

Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген,

Анау ғой асау өзен Ақсу атты,

Алқынып, алыс барып күркіреген.

 

Шетінен - аруы ма, нар ұлы ма, -

Шалдыққан Ілияс - жыр шалығына,

Естіліп тұрғандай- ау Матай жақтан

Молықбай қобызының сарыны да.

 

Көптен- ақ көрсем деуші ем кезігіп бір,

Ақсуым, ендігісін  өзің ұқтыр!

Әйтеуір, Ілиястай әулие леп

Айнала әрбір үннен сезіліп тұр -

- деп тебіренген ақынның асқақ даусында қазақтың қара өлеңінің Құлагерінің әсері жоқ деп айта алмайсыз.

Бірақ Сәкен ақын өлең әлеміндегі өз жолын іздеді, өз сүрлеуін қалыптастырды, өз қолтаңбасын тайға таңба басқандай айқындап беруге бар күш- жігерін, білім- парасатын, ақыл- қайратын жұмсады. Оның басты кейіпкері - Халық. Ол елдің атынан сөз алды. Міне, жарты ғасырдан астам уақыт қазақтың намысын жыртып, ұлттың мұңын мұңдап, жырын жырлап келеді. Соның қай- қайсысында да аса бір асқақ адуынды, кең тынысты, өршіл үнмен қазақ баласының сөзін сөйледі. Батыл айтты, батыра айтты. Таусыла, түгесіле жырлады. Кейде орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин сияқты өз жырларында әнтек мінез, тентек тегеурін де көрсетті. Кейін бірте-бірте ұлы Абай бабаға жүгініп, әр қазақтың ішіндегі шер боп қатқан шемен қайғысы мен мұңын, ары мен адалдығын аршып көрсете білді.

Алпысыншы жылдары қазақ поэзиясына келген жұлдызды шоғырдың ішінен өз орнын таба білді. Ақынның өзіне жүгінсек, ол былай дейді:

«Аумалы- төкпелі дүниеде әр кезең, әрбір дәуірдің өз келбетіне ғана лайық көркем сөзі, сол тұсқа құт боп дарыған құнарлы поэзиясы болады. Бұл ретте өткен ғасырдың екінші жартысы қазақ өлеңі үшін мейлінше құт- берекелі, нағыз ғана ақ- түйенің қарны ақтарылып берген жылдар болып еді десек, түк те қателеспейміз. Сол жылдары бірінің өкшесін бірі баса, қатарласа, қапталдаса келіп, «бес жас - бел құрдас» дерлік бір топ сайдың тасындай талантты ақындар Алматыда тоғысып жатты. Бірімен бірі жарысқандай, ауыздығын шайнаған асаудың басымен алысқандай болып әдеби ортаға жан  бітіре келген бұл топтың ел көңілін елең еткізбеуі тіпті де мүмкін емес еді. Тоқаш Бердияров, Төлеужан Исмайлов, Ғафу Қайырбеков, Ізтай Мәмбетов, Қабдікәрім Ыдырысов, Еркеш Ибраһим, Әнуарбек Дүйсенбиев, Шәміл Мұхаметжанов, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Оспанхан Әубәкіров, Жұмекен Нәжімеденов , Құдаш Мұқашев, Әділбек Абайділданов, оларға ілесе Бекен Әбдіразақов, Қосжан Мүсірепов, Жүсіп Қыдыров, Төлеген Айбергенов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Сабырхан Асанов, көзі тірілерден Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, осы бір тұста  біз де бар болсақ керек, Еркін Ібітанов, Қастек Баянбаев, Өтежан Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина болып, қазақ поэзиясының зеңгір көгіне бір шоғыр жұлдыздай жапырласа барып орналасқан болатын, сол орындарында мәңгі тұрақтап қала да берді.

Бұлар жай келген жоқ, өлең өлкесінің іргесін биіктете, керегесін кеңейте, ауқым- өрісін ұлғайта өсіріп, бұрын- соңды болып көрмеген  тың серпін, тегеурінді екпінмен айналаны сәнге бөлеп, сәулеге орап, жарқырыта келген еді.»

Осы топтың ішінде әрине, Сәкен Иманасов та болды. Ол газет- журнал беттерінен ойып орын алып, алпысыншы жылдардың басында «Жас қанат» атты ұжымдық жинақ арқылы әдебиет есігін ашты. Кейін «Туған ауылым», «Ақ айдын», «Ақдариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Жыр дәурен», «Ғашықпын саған», «Алтын аймақ», «Бел- белес», «Адырна», «Жебе», «Алакөлім- айдыным», «Ар алдында», т.б. бірнеше өлең кітаптарын, таңдамалы шығармаларының бір томдық, екі томдық, бес томдыдықтарын бірінен соң бірін жарыққа шығарды. Ол өзінің азаматтық көзқарасының тұрақтылығымен, екпіні қатты буырқанған бұла жырларымен әдебиеттанушы, жыр сүйер қауымның назарын аудартты.

Сонау 90- шы жылдардағы бір мақаласында академик Мұхаметжан Қаратаев Сәкен поэзиясына былай баға беріпті:

«... Ақын қай тақырыпқа бармасын, бәрінде ол (автор) - өзі кейіпкер; өзі жырлайды, сыр шертеді- шындықты айтады, ақиқат шуағына бөлейді. Туған үй дейсің бе, ауыл дейсің бе, балалық шақтағы сауық- сайран, ат шабыс, бәйге дейсің бе, құрбы-құрдас, сүйген қыз, махаббат дейсің бе, жанға сая асқар тау мен аясы кең Алакөл дейсің бе, өмір жолындағы тағдыр белестерінің сынақтары дейсің бе - осының бәрі  ақынның жүрегінде ұялап, шабытпен шамырқанып шығады да оқырман жүрегіне шуақ шашады, адалдығымен тәнті етеді.

Сәкен өлеңдері жігер мен қайратқа, нәзіктік пен мөлдірлікке толы. Ол барынша ақтарылып, көңіліне сыр бүкпей шынайы шындықты жазады».

Шын мәнінде ақын жаны ақиқатты ақтарып жайып салады, өзін-өзі алдаспандай  қайрайды, өмірдегі жағымсыз жайттарды батыл сынға алады.

Әкемнен де айрылдым - өлмедім,

Шешемнен де айрылдым - өлмедім

Қанатымнан қайрылып қаншама,

Жүзім кетіп, майрылдым - өлмедім...

... Өлмес едім - тас төбемнен жай ұрса,

Көктер едім көктемдегі қайыңша.

Біржолата өлетін- ақ шығармын,

Мені біреу  өлеңімнен айырса!...

Немесе

Бүрісе қалып бұралқы ит көрген кептердей,

Тіл қатқан емес кеміте күліп, кектенбей

Инеліктей боп ілмиіп, ішін бермейтін

Атасының көрін Иманас қазып кеткендей.

Ұрғашыға да, құрбашыға да ұқсамай,

Күркетауықтың мекиені құсап түк самай.

Үніңнен үркіп, үдірейе қарап тұратын

Тоқсан жасында Тегеран барған чукчадай.

*  *  *

Еңсем түгілі, етегімді желге бастырмай,

Өзім бар жерде өзгенің жағын аштырмай,

Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,

Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.

*  *  *

Әдетің бе ұлық емес елге ұрсу,

Сен де менен күтпей-ақ қой көлгірсу,

Таза болса - таза шығар көңілің,

Ал біздікі - ағынды су, мөлдір су.

Иманасов өлеңдерінен - оның шыңдықты бетке айтатын, айтқанда да жеріне жеткізе  айтатын турашыл мінезі көзге ұрып тұрады. Оның ақындық ерекшеліктерінің бірі де - сол. Өмірде де, өлеңде де ешкімге жалтақтамай, ақиқатын айтып қарап отыратын батылдық қасиет даралап тұр оны.

Сәкен ақынның тағы бір өзгешелігі - өзіне ғана тән сөзбен салған  суреттер. Бұл туралы атақты ақын Дихан Әбілев тұжырымы былай айшықталады: «Сәкен сергек сезімді, қанатты да алғыр, өжет ақын. Сол сергек сезімділікті, қанаттылықты, өжеттікті аспанда жасап, жыр қанатын сонда қағып, жер әлеміне ғарыштан қарап жазып жүрген жоқ. Өз ортамыздағы, халықтың қалың ортасындағы ақын. Өмір сырын, ащысы мен тұщысын жүрек сырына ұластырып, өрнектей білетін суреткер ақын ».

 

Таңғы думан қызып берді дәстүрлі,

Түні бойы жаурап шыққан тас күлді.

... Өкпелетіп кетті ме әлде түн сұлу,

Қарағайдың кірпігінде жас тұрды.

*  *  *

Жабысып күздің соңғы бір гүліне,

Шегіртке шырылдайды мың бүліне.

Міндетін бітірген күн құлай кетті,

Шеткі бір нар маяны үңгіді де.

 

Маялар шынымен-ақ нарға ұқсай ма,

Қимылсыз қозғалады арғы сайда.

Бірінің қуысынан көрінді әне,

Ұйқысын қандырып ап сарғыш Ай да.

*  *  *

Бастала да қоймаған бораны әлі,

Домаладық төменге - доланалы,

Жалт қарады таулар да, иығынан

Сусып түсіп ақ жібек орамалы.

 

Бұл дүниеге ақын көзімен қарағанда ғана көрінетін суреттер. Ол суреттерді бәріміз де көріп жүрген сияқтымыз. Бірақ сол көріністер Сәкен ақынның жүрек көзінен өткенде ғана соншалықты әсерлі, соншалықты әсем көрініп тұр бізге.

Сәкен Иманасов өлеңдерінің тағы бір өзгеге ұқсамас шығармашылық даралығын айқындайтын басты қасиеттің бірі - ол оқырманды өлеңдері арқылы өмірдегі пендешіліктен арылтуы, жан тазартатындай адалдыққа үндеуі.

Ақын Әбіраш Жәмішев бұл туралы дәл көрсете білген: «Бізге керегі: адамдардың бір- біріне ілтипаты ғой, тазалық пен туралық қой, әділдік пен ізгілік емес пе?! Міне Сәкеннің де барлық өлеңінде, бүкіл жинағында айтпағы осылар. Аңсау мен сағыныш саздары да, азарлану мен ызалану да, кейде тура айтылатын сын да ақынның айтсам деген ойына жегілген. Автормен бірге әрбір оқушы да ар айнасы алдында тұрғандай. Іштен түлеу, тазару, арылу мен аршылу ниеті бойды да билеп, ойды да баурап алардай. Шығармаларының күші де, тұтастық танытар сипаты да осында деп тұжырымдауға болады».

Айтам енді...

Айтсам деген сөзім ең,

Дүниеге қарап шындық көзімен,

Ар алдында мен өзімді әрдайым,

Дар алдында тұрғандай- ақ сезінем...

*  *  *

Жүрсем бе екен.

Асудай алып қашқан,

Аңырата ән салып жалықпастан,

Оразбайлар сойылын

Ақындықтың,

Абайлықтың арына дарытпастан.

*  *  *

Күйбеңдеген өзгелердей,

Күңкілі көп сөзге ермей,

Өтейік те қасқиып,

Риза боп бар бағаңа,

Таңдай таза арға ғана

Мынау аппақ басты иіп.

*  *  *

Кеудемнен асау ақсын ән,

Әділет, сенің күшіңдей.

Ұрпаққа сені тапсырам,

Туыңды қолдан түсірмей.

 

Достарына аңқылдаған адалдық пен ақтық, ақ алмастай жарқылдаған кісілік пен пәктік, қазақы намыс пен ақын жүрегі көкке көтерген әділет туы, ең бастысы азаматтың Ар алдында арылуы - Сәкен поэзиясының жылдар бойы желісі үзілмей келе жатқан алтын арқауы. Сонысымен де оның даусы соншалықты асқақ, соншалықты биіктен естіледі. Мәрт көңілден төгіліп түсетін арлы ақынның тәкаппар көңілінің адуынды жыры мен өршіл мінезінің өжет сыры сонымен де бөлектеніп, оқшауланып тұрады.

Осы ретте: «Қалай болғанда да өз басым Сәкен Иманасовты кең тынысты, кемел ойлы ақын деп танимын. Оның бойында көп жандарда бола бермейтін талант бар. Ол - адалдық таланты. «Адал болу керек» деп айқайламаса да, Сәкен жырларына сеніп, оқырманның бірге тебіренуі де осы қасиетінен болса керек», - деген ақын Фариза Оңғарсынова тұжырымы ойға оралады.

Ақын поэзиясының айрықша тағы бір қыры - оның өлеңдеріндегі ішкі ұқсас қуаттылығы мен бір шумақтың өзінде сөздерді ойнату арқылы аса қуатты екпін мен ырғаққа құрылған лепті, шымыр да шынайы тармақтарды еркін төгілту қабілетінің кәсібилігі. «Айтайын дегеніміз, Сәкен Иманасовтың өзіндік қолтаңбасына айналып кеткен ішкі ұйқастың жатықтығы сонша, қазір осы амал да оның кейбір қаламдастарын қызықтыра бастады», - деп жазған екен ақын Жүрсін Ерман.

Мысалы:

Не керек,

Сен бір мықты,

Мен бір мықты,

Келді деп екі мықты ел дүрлікті.

Басты алып алдымызға баяғыдай,

Тастадық жылы жауып көлгірлікті.

*  *  *

Тірліктің барша мұз, қарына да,

Ызғарына да ұрынсам,-

Тұрдым деп қанша құзда құлама

Айтып едім ғой бұрын сан ...

*  *  *

...Кім қалары белгісіз кім шығары,

Көңіл шіркін әзірге тыншымады.

Озбады ма, озды ма елден кеудем,

Көлбеңдеумен келеді бір шың әлі.

*  *  *

Алдымызда асусыз бір шың бары,

Бір шың бары белгілі, білсін бәрі,-

Жетем деумен, асып та кетем деумен

Қанша болды, құдай- ау, құлшынғалы.

 

Мұндай ішкі ұйқасқа құрылған қуатты жырлар - Сәкен ақынның кітаптарында көп-көп кездеседі. Оның шығармашылық даралығын айқындайтын басты компоненттердің бірі де сонда жатыр.

Ақынның махаббат лирикасы да өзгеше сезім толқындары мен ойлы тебіреністерге толы. Өмірдің қым - қуыт күйбеңі мен күрделі иірімдерінен шаршағанда, Сәкен ақын сұлулық пернелерін басып, көңіл күйінің бұрауын келтіріп отыратын секілді көрінеді маған..

Біржан мен Сара бейнесін сомдаған «Айтыс» поэмасы мен «Аңырақай», «Өмір мен өлім», «Мына заман - қай заман», «Аламан. Арғымақ. Күйші бала» сияқты толғаулары - ақынның эпикалық кең тынысын, бауырын жаза көсіле шапқан арғымақ шабытын айқындайтын шығармалар.

Сарыны сарқылмайтын ағысты әнім,

Тұратын көз алдымда таныс таңым

Жырыма жиі оралып жүрген бүгін

Алакөл - Итакам да, Дағыстаным!-

-         деп жырлайтын Сәкен ақын өзінің атамекенін Гомердің, Ғамзатовтың

туған жерлерімен теңдестіре шебер суреттейді. Оның қаламынан төгілген жер жәннаты - Жетісу, тегеурінді Тентек өзені мен арынды Ақсу, толқыны жарды ұрған аялы Алакөл туралы жырларынан туған жерге, өскен елге деген сағыныш пен махаббаттың лебі еседі. Алакөл туралы Сәкен Иманасовтай терең мағыналы, бай мазмұнды көп -көп жырлар жазған ақын қазақта жоқ та шығар. Алакөл - ақын өлеңдерінің қуат алар , шабыт шақырар мәңгі бастауы іспеттес.

Талдықорған өңірінен шыққан Әділбек Абайділданов, Құдаш Мұқашев сияқты дарындар туралы ақын үнемі айтып жүреді.

Сонау бір сексенінші жылдары өлеңге келген бір топ жас Жазушылар Одағына жиі баруды дағдыға айналдырдық. Бірде Ғабит Мүсіреповті, енді бірде Ғабиден Мұстафинді, Әбділда Тәжібаевты, Әлжаппар Әбішевті, Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменовті, Тахауи Ахтанов пен Әбу Сәрсенбаевты көріп сәлем бергенді зор мәртебе санайтынбыз. Кейде Жұмекен, Сағи, Қадыр, Тұманбай ағаларды кезіктіретінбіз. Асқар Сүлейменовке жолығып әңгімесін тыңдап, сол кісіге еліктейтінбіз.

Бірде Жазушылар Одағынан шығып Калинин көшесін бойлап келе жатып, Сәкен Иманасовты кезіктірдік. Маңғыстаулық Светқали Нұржанов деген ақын досымыз: «Ау, бұл - Сәкен Иманасов қой, Аса мықты ақын ғой!»- деп қалды. Ертай Ашықбаев, Қайрат Әлімбек, Бауыржан Үсенов, Мұратбек Оспанов, бәріміз жамырай сәлем бердік. Сәкен ағаның аса қарапайым екендігін көрдік. Сол жердегі Алматы мейрамханасындағы буфеттердің біріне барып, ұзақ әңгімесін тыңдап, бір серпіліп қалған едік. Көп сұрақ қойып жатырмыз. Бәріне жауап алдық. Бұл менің Сәкен ағамен тұңғыш жолығысуым еді. Кейін жылдар өте келе, ерекше жақын адамымыздай көріп кеттік...

«Қазақ поэзиясында «Менделеев кестесі» бар болса, Сәкен соның бір ұясын бекем мекендеген ақындардың бірі»...- деген Асқар Сүлейменовтің сөзі біздің көкейімізде әбден орнығып қалған болатын.

Талдықорған төңірегінен шыққан Жұматай Жақыпбаев, Әбен Дәуренбеков, Ғұсман Жандыбаев, Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Қайрат Әлімбек, Өтепберген Ақыпбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Ахмет Кендірбеков, Жомарт Игіман, Қуат Қайранбаев, Әміре Әрін сияқты ақындардың Сәкен ағаны ерекше құрметтейтінін де көзіміз көріп жүрдік.

Сәкен аға ешкімге ұқсамайтын сүрлеуін салып, қиялы- құзды, белес- белес, асу- асу жолдарменен жүріп келеді. Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін, Алакөл аудандық «Колхоз туы» газетінен басталған еңбек жолында республикалық «Лениншіл жас», облыстық «Жетісу», «Октябрь туы» газеттерінде, Талдықорған облыстық партия комитетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында, «Жазушы» баспасында, Алматы облыстық әкімдігінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Қазақстанның халық депутаты болып та сайланды. Ел алдындағы төккен маңдай терінің, жүрегінен нөсерлете төккен жырының өтеуі шығар - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысының және Үшарал қаласының Құрметті Азаматы атанды. Ақынның орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары жарық көрді.

С. Иманасовтың көркем аударма саласындағы еңбегі де айтарлықтай. Оның тәржімалауымен шығыс шайыры Жалаладдин Румидің, орыс ақындары В.Маяковский, А.Кольцов, ангола ақыны Агостиньо Нетто, саха М.Ефремов, қырғыз А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің жырлары қазақ оқырманы жүрегіне жол тартты.

Сәкен ағаның журналистік жазбалары, естелік эсселері, көсемсөз мақалалары да ақын жанының ақиқатын бүкпелемей ақтарып салатын ақжарма туындылар. Ол не жазса да өзінің зор, дауылпаз дауысының биіктігін бір де төмендетпей еркін қанат қағады, батыл қалам тербейді.

С.Иманасовқа жүрекжарды өлеңдерін арнаған ақындар да аз емес. Солардың ішінде маған Сәкен ағаның қаламдас інісі, ақын Байбота Серікбайұлы Қошым- Ноғайдың мына бір жыр жолдары ақын Сәкеннің бейнесін соншалықты дәл суреттегендей көрінеді де тұрады:

Махамбет дер ем, ғасырың басқа,

Сауытсыз, жүрген көйлекпен.

Қаттырақ айтып жасы құрдасқа,

тұрасың өктем сөйлеп сен.

 

Шындықты жұрттың бәрі ұнатқан ба,

Тыңдайды біреу сүртіп тер.

Жанарың өткір жалын атқанда,

құлайды төмен кірпіктер.

 

Жарамсағы мен жағымпазы көп,

Ортада өңің бұзылып,

Дәуірдің даусыз дауылпазы боп,

Оқисың жырды кіжініп...

 

Біздің қоғамға да, ұлтымыздың ұясы мен жұртымыздың қиясына да алдаспандай жарқылдаған, ақсұңқардай саңқылдаған Сәкен ағаның өр мінез, өжет даусы қашан да керек!

Мерей тойыңыз құтты болсын , Қадірлі Сәкен аға!

Бауыржан Жақып,

филология ғылымдарының

докторы, ақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377