Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 3824 15 пікір 7 Қазан, 2022 сағат 10:33

Талдықорған. Абайға оймақтай орын бұйырмады

Ұлы Абай бабамыздың ескерткіші еліміздің әрбір облыс орталығында, тіпті, ірі деген әрбір қаламызда қойылғаны белгілі. Себебі халқымыздың рухани ұстазы болып табылатын бұндай ірі тұлға қай аймақты болса да өзінің қасиетті шапағатын беріп, көркейтіп тұрады. Сондықтан Абайға ескеркіш қоюға елімізің қай бұрышында болса да кедергі болмауы керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, өмірде осындай табиғи құбылысқа қарсы, тіпті адам ойына түсініксіз жағдайлар болады екен. Сондай жағдайдың бір көрінісі Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда болып отыр. Оның дәлелі ретінде Жетісу облысының жұртшылығының жанайқайын білдіретін қоғам қайраткерлерінің республика, онан қалса облыс басшыларына арнап жазған үндеу хаты болып табылады.

Енді осы маңызды мәселені шешу үшін көмек сұраған облыс жұртшылығының  лебізіне көңіл бөліп көрелік. Олар былай деп жазады.


ТАЛДЫҚОРҒАНДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ҚОЙЫЛМАУ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Бүгінде есімі күллі әлемге аян ұлы Абай Құнанбайұлын ескерусіз қалдыру бір облыстың атқамінер азаматтарына ғана емес, исі қазақ баласына сын.

Жетісу жұрты Талдықорған қаласынан бой көтеруге тиіс хакім Абайға арналған ескерткіштің әлі күнге тұрғызылмай жатқанына қапалы. Нақтырак айтсақ, 2019 жылы аймақтағы Қоғамдық кеңестің, Ардагерлер ұйымының тағы баска да бірлестікке жауаптылардың бастамасымен дана Абайдың 175 жылдығына арналған еңселі ескерткіш түрғызуға шешім қабылданған болатын. Осыдан көп өтпей қажетті құжаттар дайындалып, азаматтардың ұсыныстарына сай Талдықорғандағы жаңа салынған драма театр ғимаратының алдынан орын белгіленіп, 100 миллион теңге қаражат та бөлінген.

Алайда, неге екені белгісіз, 2020 жылы тұрғызылады деп жоспарланған ескерткішке бөлінген қаржы тіпті, құрылыс жұмыстары басталмай-ақ, игерілмей кері қайтарылған. Сонымен, бүкіл әлем халықтары құрметтеген, тіпті, еліміздің әр аймағынан еңселі ескерткіштер орнатылған ұлы тұлғаға Жетісудың бас қаласы Талдықорғаннан оймақтай орын бұйырмапты.

Осы мәселені көтеріп аймақтағы ұлтжанды азаматтар мен зиялы қауым өкілдері бұрынғы Алматы облысының әкімі АМАНДЫҚ БАТАЛОВ пен Талдықорған қаласының әкімі ЕРЖАН ЖАСЫБАЕВҚА жеткізген.

Соның нәтижесінде, аймақ басшылары Абай ескерткішін тұрғызуды 2022 жылдың жұмыс жоспарына енгізіп, тағы да 154 миллион теңге қаражат бөлген. Тіпті, аталған ескерткіш туралы мәселе аймақтағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, сондай-ақ, монументтік өнер кұрылысын орнату жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, жоба авторлары да бекітілген. Талдықорған қаласы әкімшілігінен ескерткішті тұрғызуға қатысты 2022 жылы толық жүзеге асырылатыны туралы арнайы жауап хат та келген.

Осыдан кейін облыска әкім болып келген ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВҚА да бұл жұмыстың жай-жапсары түсіндіріліп, ол жұмысты жалғастыруға өзінің келісімін берген.

Осындай маңызды келісімдер, ірі шаралар қабылданғанымен, өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін бір жыл өтсе де, әлі ешқандай құрылыс жұмысы басталған жоқ. Бөлінген қаражаттың да қайда екені белгісіз. Облыстағы ак жағалылар болса бірі-біріне сілтеп, жауап беруден жалтарып, ескерткіш тұрғызуға орын табылмай жатқанын алға тартады. Бүкіл дүниежүзіндегі жұрт қастерлеген қазақтың біртуар тұлғасына өз еліндегі қай қаланың төрінен орын берілсе де артық емес қой. Ескерткіш қаладағы жаңадан салынған драма театр ғимаратының алдына қойылады деп бекітілген шешімді өзгерткен кім екені белгісіз. Ал, жергілікті биліктегі адамдардың осындай жауапсыздығынан әбден шаршаған белсенділер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері ұлы Абай ескерткішін тұрғызуға кімнің қарсы екенін әлі күнге анықтай алмай келеді.

Бұл бастаманы көтерушілер мәселенің маңыздылығын Талдықорған қаласының басшысы ӘСЕТ МАСАБАЕВ пен Жетісу облысының әкімі БЕЙБІТ ИСАБАЕВҚА да жеткізген. Бірак мәселенің шешімі табылар емес. Барлық үмітінен айырылған облыс жұртшылығы енді бұл мәселенің шешімін Президент әкімшілігінен күтеді.


ОМАРОВ ДОСЫМ - профессор, теолог, философ, абайтанушы,

АХМЕЖАНОВ М. - Талдықорған қаласындағы Ауғанстан соғыс ардагерлер ұйымының төрағасы,

ДАНАБЕКОВ Т.С. – Алматы облыстық «Семей полигон» мүгедектер және ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Кеңес төрағасы, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы,

ОМАРОВ С.Н. – Алматы облысы таулы Карабах ұрыс қимылдарының ардагерлер қоғамыдық бірлестігінің төрағасы,

АҚЖОЛТАЕВ Р. – Талдықорған қаласы бойынша «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамыдық бірлестігінің төрағасы.

Сөз соңында, оқырмандардан заманымыздың бір көрінісі болып табылатын, осы мәселені талқылап, өз ойларыңызды білдірулеріңізді сұраймыз.

Досым Омаров

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594