Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3800 1 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 12:09

Өй, қалай президент боласың?

Сайлауға үміткерлер үшін жаңа ереже шығыпты. Жаңғақ сияқты шағатын сияқтымын. Әйеліммен ақылдасып, президенттікке үміткер болдым! Он миллион ішімді тесіп бара ма, не? Ары кеткенде, «президент бола жаздаған!» деген атағым қалады. 

Содан, үміткер ретінде емтихан тапсырып отырмын. «Президент бола кетсеңіз, неден бастайсыз?» – деген тақырып берді, шығарма жазу үшін.

«Егер президент бола қалсам, жеті шелпек құдайы беремін. Достарыма, ағайындарыма той жасап, «жуып» беремін. Көкпар беремін, Жар басына шығып алып, фонограммасыз: «Ееей, мен енді президентпін!» – деп айқайлаймын! Кешке дейін айқайлаймын! Даусымнан Қытай да, Ресей де селк ете қалады. Болашақ президент Әшин Тусесалғанулы» – деп жаздым. Шығармамды тексеруші кісі фәміләмнен қате тапты. Әшейін деген атымды Әшин деп, Түсесалғанұлы дегенді Тусесалғанулы деп жазып қойыппын. Сосын, маған: «Тақпақ айта ғой!» – деді. «Аю отыр партада...» – деп келе жатыр едім: «Басқа тақырыпта айтыңыз», – деді. «Ленин біздің бабамыз, Ленин біздің атамыз!» – деп келе жатыр едім, тоқтатып тастады. Ол менің кеңес дәуірінде өткен балалық шағымның тақпағы екен. Сосын: «Тоғыз жердегі тоғыз қанша?» – деп көбейту кестесін сұрады. «Көп болады!» – деп едім: «Есеп білмеген есексіз!» – деді. Сосын, жаңа ереже бойынша: «Отаныңызды қалай сүйесіз? – деп те сұрады. Әйелімді ертіп келгенмін. Соны бас салып сүйе бастадым. «Әйеліңізді сүйе бергеніңіз қалай?» – деді ол таңырқап. «Отан от басынан басталады...» – деп міңгірледім. Қастары жиырылған емтихан қабылдаушы: «Болашақ президент қалай жүреді?» – дегені сол, ортаға шығып: «Ей, кластастар, қалайсыңдар? Құдеке, как дела?» – деп дауыстап, «блатной» жүріп едім, ана кісі жақтырмады. Ыңыранып, сақалын сипап отырып:

– Бальзакты оқыдыңыз ба? – деп сұрады.

– Жоқ.

– Теодер Драйзерді ше?

– Жооқ.

– Чарльз Диккенстің «Оливер Твисттің шытырман оқиғаларын» ше?

– Танымайды екенмін.

– Шарлоттаның шығармаларын?

– Көрген адамым емес.

– Стендальді?

– Ертең оқиын...

– Өй, сенімен қалай сөйлесемін? Өрең саяз екен. Ертең қалай президент боласың?  Екі күн берейін, Шарлоттаны оқып келіңіз! – деді. Сол күннен бері әлемнен әлім келгенше, Шарлоттаны іздеп жүрмін. Көргендеріңіз бар ма? Телефон нөмірін беріңіздерші, Құдай үшін!

Мұхтар Шерім

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435