Украинаны көндіреміз дегендердің үміті үзілді
Кешегі рашистердің Украинаның инфрақұрылымдарына шабуылын "кек қайтаруы" деп санайтынын білдік. Майдан даласында жеңіске жете алмасын білген РФ әскерлері осындай тәсілге көшуге мәжбүр. Айтқандай, осыған дейін украин әскерлері Донецкі облысында 7 елді мекенді, ал, Херсон облысында 40 шақты елді мекенді жаудан босатқан еді. Луганскі облысында Сватово-Кременная маңына жетіп қалған болатын, яғни, Луганскі облысының солтүстігі азат етіліп жатқан болатын.
Әрине, Украинаның әуе қорғанысы шамамен айтсақ, кешегі күні соққы жасаған зымыран, дрондардың жартысын құлатқан. Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан Израильдің "Теміп қалқаны" сияқты қорғаныш керек екенін дәлелдей түсті. Енді, Украина дәл ондай болмаса да, АҚШ-тан әуе қорғанышы құралдарын алатын болды. Ал, батыс елдері әскери жабдықты жеткізуді үдететін айтты.
Яғни, "украиндарды қорқытып, өз дегендерімізге көндіреміз" деген бәз-біреулердің үміті үзілді деген сөз.
Кешеге Ресейдің Украинаны әуеден атқылауы салдарынан Зеленскийдің туған қаласы Кривой Рогта 98 шахтер жер бетіне шыға алмай қалған, құтқару операциясы жүргізіліп жатыр. Әуе соққыларынан 14 адам қаза тауып, көптеген адам жарақат алған. 1307 елде мекен жарықсыз қалған.
Айтқандай, кешегі күні Украинаның солтүстік көршісі де "мінез көрсетіп" жатқан еді. Дегенмен, жеті айда соғысқа кіріспеген Беларусь майданға араласады деу қисынға келмейді, әрине, жерін өзге елге "басқа бауырының" шапқыншылық жасауына "мүмкіншілік бергені" бар.
Қысқаша айтқанда, соғыс ставкасы арта түсуде. Тіпті кейбіреулер "ядролық соғыс" болуы мүмкін деген болжам айтуда. Алайда, егер, Ресей ядролық соғыс ашқан жағдайда "ядролық бұлт" Ресейдің өз аумағына, әсіресе, Украинаның шығысынан РФ жеріне жайылады екен. Ал, Украинаның оңтүстігінде қолданса, Түркияға таралуы мүмкін. Бұл жайттарды РФ басшылығы ескеріп отырған болар. Әрине, ядролық қаруды қолдану сәйкесінше ядролық елдердің "жанталаса қарулануына" алып келуі мүмкін.
Енді, Украина соғысына қатысты мына екі жайтты айтып өтсем.
Бірінші, Ресейдің азаматтығын алған қырғыз және тәжік туғандардың саны 400 000 адам шамасында екен. Яғни, оларды соғысқа салуы мүмкін, сәйкесінше, майдан шебінен өткен азаматтардың Тәжікстан мен Қырғызстан текетіресін күшейтіп жіберуі мүмкін. Екінші, кейбір ұлты қырым татар азаматтарының Ресей арқылы Қазақстанға қашуы. Саны аз, дегенмен, мобилизацияға дейін Қырым түбегі бойынша әскерге алынушылардың саны жөнінен олардың проценттік үлесі өте жоғары болған. Яғни, олардың жерін тартып алды және өздерін Украинаға қарсы соғысқа салмақшы. Мұндай жайтты Ресейдегі барлық өзге жұрт басынан өткеріп жатқаны түсінікті. Қазақстанға қашқандар ішінде шешендер мен дағыстандықтар, буряттар мен сахалар, татарлар мен башқұрттар, тіпті абхаздар да жүр. Дегенмен, олардың "зомби жәшігіне" қаншалықты сенер-сенбейтіні белгілі. Жалпы, осы орайда, Ресейдегі этникалық қазақтарды да құтқару туралы жиі айтылады. Алайда, бөлініс ұлттық айырма емес, азаматтық жолмен жүруі тиіс. Әрине, құлдық психологияға ұрынбаған Ресейдегі түркі-монғол һәм мұсылман азшылықтары Қазақстанға келген жағдайда жағдай жасағаны дұрыс, бірақ, мысалы, кеше белгілі бір ноғай әншісінің парақшасынан өз бауырының "шығыс майданға" кетіп бара жатқан фотосын көріп қалдым. Және, киім-кешегін өз ақшасына алған және "ұлтшылдардан Украинаны азат етуге" бара жатыр екен-мыс. Ең қорқынышысы осылар, бұл соғыс олардың соғысы емес, жалпы, әділетсіз соғыс екенін бүкіл Әлем мойындап отыр, тек, аз жұртшылықтың бәз біреулердің яхталары мен сарайлары үшін өлім құшуы тіптен түсініксіз!
Амандық Әмірхамзин
Abai.kz