Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 3407 2 пікір 14 Қазан, 2022 сағат 09:16

Рамштайн: Ресейдің қателігі мен Батыстың көмегі

Ресейдің Украина қалаларын атқылауы қысқа ғана эффект берді. Ресей қоғамы "біз жеңеміз" деген серпілістен қайта күйбең тірлік пен күнделікті саяси қысымға ауысты. Ресей халқының бір сәттік көтеріңкі көңіл күйін мобилизацияның екінші толқыны су сепкендей басты. 

Ресей билігі мобилизацияның екінші толқынын жүргізіп жатыр. Бұл жолы жаппай барлық субъектіде емес, біртіндеп жасауда. Бұл Кремльдің халықтың билікке ашық қарсылығынан қорқуы және Ресей билігінің имидж жоғалту қаупінен туындаған әрекет болса керек. Бұл жолы мобилизация бірінші толқында қойылған міндеттерді уақытылы орындаған аймақтарда жалғасын тапты. Ал мобилизацияның алғашқы толқынында сәтсіздікке ұшырап, тиісті нәтиже көрсете алмаған субъекті басшылары қызметінен алынуы мүмкін деген ақпарат бар.

Ал осы ретте Украинаға әскери көмек көрсету бойынша құрылған "Рамштайн" форматында алтыншы кездесу өтті. АҚШ одақтастарымен бірге Ресей жаулап алған аумақты Украина әскері жылдам әрі аз шығынмен азат ету үшін, қажетті қаруды беруді жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы "Рамштай-6" кездесуінде Ллойд Остин мәлімдеді. Пентагонның тізгіні қолында тұрған Остин Ресейге қарсы күресте Киевті соңына дейін қолдайтынын нақтылады.

Остин Украина әскері соңғы жеті айда таңдай қақтырар ерлік көрсетіп, табандылық танытып жатқанын баса айтты. Ол украин сарбаздарының азат ету операциясында шебер қимылдап, кәсіби әскер екенін ұрыс даласында көрсете білгенін айта кетті. АҚШ қорғаныс министрлігі Украина әскері өз жерін азат етуді тоқтатпай, қарқынын азайтпауы үшін барынша қолдауды арттыру керектігін де мәлімдеді.

АҚШ генералы Марк Милли журналистердің сұрағына жауап беру барысында Украинаға зымырандар соққысынан қорғану үшін зымыранға қарсы жүйелерді жылдам арада жеткізу басты мақсат екенін атап өтті. Ол қазірдің өзінде Батыс елдері Украинаға зымыран соққысынан қорғану жүйелерін жеткізіп жатқанын айтады. Екі күн бұрын Германиядан IRIS-T кешені келіп жетті. Ал жақын күндері NASAMS әкелінбек. Рамштайн форматында бас қосқан елдер Украинаға ауыр артиллерия, бронды техника мен атыс қарулары, снарядтар мен зымырандарды үздіксіз жеткізуге уағдаласты.

Әскери сарапшылар Ресейдің Украина қалаларын атқылауы үлкен қателік болғанын айтады. Аз уақыт қана эффект берген соққылар, ендігі таңда Батыстың Киевке көп көлемде қару беруге итермелеп отыр. Бұл зымыран кешені бойынша Украинадан басым тұрған Ресейдің артықшылық позициясын азайта түспек.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5506