Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4166 0 пікір 25 Қаңтар, 2013 сағат 09:35

Дос Көшім: "Қазақ мемлекеті атануымыз – шешімі жеткен мәселе"

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

- Құрметті Дос, Сіздің ел тәуелсіздігін алған кезеңде құрылған «Азат» қозғалысынан бастап күні бүгінге дейін қазақтың ұлттық-патриоттық ұйымдары мен қоғамдарының, қозғалыстарының жұмысына белсене қатысып келе жатқаныңыз жұртшылыққа белгілі. Ұлт мүддесін қорғау мәселесі жөнінде көптеген құжаттарды әзірлеуге атсалысып жүрсіз. Былтыр «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын жасап Үкіметке жолдадыңыздар. Жалпы тіл мәселесі жөнінде зерттеулеріңіз бен зерделеуіңіз баршылық деуге болады. Сондықтан мынандай бір түйінді мәселе жөнінде Сізден пікір тартсақ дейміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саясаты» деген Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз» деп тұжырым түйіпті. Елбасының бұл тұжырымының мәнісін Сіз қалай пайымдайсыз?
- Баршаға белгілі Кеңес заманында еліміз Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталып келді. Яғни бұл Қазақ Республикасы, Қазақ мемлекеті деген ұғымды білдірсе керек. Ол кезде еліміз тәуелсіз емес еді. Солай болса да қағаз жүзінде Қазақ Республикасы деген атауымыз болды. Ал ел тәуелсіздік алғаннан соң мұндай атаудан бастартып, Қазақстан Рес­публикасы деп аталды.
Тәуелсіздік алған кезеңде еліміздегі саяси, демографиялық ахуалды билік орындары ескеруге тиіспіз деп ойласа керек. Ол кезеңде еліміздің төл халқы - қазақтардың үлес саны аз болатын. Сонымен қатар еліміздің тәуелсіздік алуына қарсы күштер басым болатын секілді ұғылатын. Сондықтан билік осындай қарсы шығатын күштер басым деген күдікпен мемлекеттің атауын өздерінше жұмсартып атағанды жөн көрген болса керек. Ал шын мәнінде осы кезеңде де тәуелсіздігімізге қарсы айтарлықтай күш бола қойған жоқ. Еліміздің тәуелсіздігін тіпті ең реакцияшыл, империяшыл ағымдағы топтардың өзі де мойындауға мәжбүр болғанын өзіміз көріп, біліп жүрдік. Алайда сол кезеңде «Қазақ» дегеннің орнына «Қазақстан» деп алсақ, мемлекет тек қазақтікі емес, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдеріне де ортақ деген ұғымды білдіріп тәуелсіздікке қарсы күштердің әрекетін әлсіретеді деп ұғынған секілді.
Ал енді Президенттің алдағы уақытта «Қазақ мемлекеті» деп айтатын боламыз» деген тұжырымы да бекер емес. Өйткені әсіресе соңғы кездері қазақ қоғамында, қазақтілді ақпарат құралдарында «Қазақ елі», «Қазақ мемлекеті» деген тұжырым жиі қолданылатын болды. Мұндай тұжырым қазір кеңінен тарап мықтап орныға бастады. Мұның өзіндік заңдылығы, себебі бар. Қазақстан Респуб­ликасы атанған кезеңде елдегі қазақтардың үлес саны 40 пайыздай болса, қазір 65 пайыздан асты. Алдағы уақытта үлес санымыз арта беретіні сөзсіз. Бұл сәуегейлік емес, нақты тарихи заңдылық екені айтпасақ та түсінікті болар. Демек, біздің Қазақ мемлекеті аталуымыз - даусыз, шешімі жеткен мәселе.
- Ал Президенттің осы Жолдауында Қазақ мемлекеті болып атану үшін қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуі қажет дегендей талап та білдіріліпті. Қазақ тілі қашан, қалай жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл қызметін атқара алмақ?
- Президенттің елдің атауы мен мемлекеттік тіл мәселесін байланыстыра тұжырым түюінің де өзіндік мәні бар. Жалпы Қазақ мемлекетінің атауы қазақ тілін жаппай қолдануға тікелей байланысты. Өз басым, мемлекетіміз «Қазақ мемлекеті» болып аталуының өзі қазақ тілінің беделі мен деңгейін көтереді деп пайымдаймын. Сондықтан ең бірінші Қазақ мемлекеті деген ресми атауға қол жеткізуіміз керек. Яғни Қазақстан Республикасы дегенді Қазақ Республикасы, Қазақ елі, Қазақ мемлекеті деп ресми түрде заңмен бекіту қажет. Сонда ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл қызметін толық атқаруға бағыт алмақ. Бұлай дейтінім, Қазақ мемлекеті болып елдің атының өзгеруінің өзі өзге ұлт өкілдерінің де, орысшыл қазақтардың да психологиясына белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Өздері өмір сүріп отырған елдің қазақ ұлтының мемлекеті екенін олар да мойындап, оның мемлекеттік тілін үйренуге құлшынады. Әрине, мұның бәрі тек атауды өзгертумен жүзеге аса қоймайды.
- Ал осылай-ақ болсын, Қазақ мемлекеті деп атандық делік, енді еліміз түгел қазақ тілінде сайрап кетуі үшін қандай шаралар жасалғаны жөн деп ойлайсыз?
- Меніңше, ең бірінші «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы тиіс. Бұл заңда көптеген баптар болатыны түсінікті. Сол баптардың бәрінде де мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие, қызмет, өзге де істер атқарылмаса нақты шара қолдану, мәселен, айыппұл салу, қызметтен шығару секілді тәсілдер нақты көрсетілуі тиіс. Былтыр біздің «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын жасап Үкіметке жолдағанымызды білесіз. Бұл жобаны талқылауға өзіңіз де қатыстыңыз ғой. Осы жобаны жасау барысында біз көптеген елдердің «Мемлекеттік тіл туралы» Заңдарымен танысып, зерттеп, зерделедік. Мәселен, Испанияның осындай заңының бірінші бабында «Испан республикасының мемлекеттік тілі - испан тілі (кастиль диа­лектісі)» деп көрсетіледі де, екінші бабында «Испанияның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп жазылған. Ең бастысы, көптеген елдердің заңдарында «Мемлекеттік тіл туралы» Заң бұзылған уақытта қолданылатын жаза түрлері нақты көрсетілген. Ал бізде тілдер туралы заңымызда да, қаулы-қарарларда да, ережелерде де ешқандай жаза көрсетілмейді. Сондықтан мұндай құжаттардың қауқары жоқ.
- Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Былтыр Алматы қаласы Тіл басқармасының қызметкерлері дүкендер мен фирмалардың құжаттарын тексеріп, мемлекеттік тілде қателік жібергендерге ескертулер жасап жүргенін телеарнадан өзіңіз де көрген боларсыз. Сонда мынандай қызықты қараңыз. Тіл жанашырлары жасаған ескертулері үшін дүкен қожайындары оларды сотқа беріп айыппұл өндіріп алыпты. Сөйтсе заңдарымызда тіпті мемлекеттік тілде қате жазғаны үшін жазғыруға да болмайды екен. Сонда мұндай заңның қандай көмегі болмақ. Көмегі емес, тіпті зиянды емес пе?
- Иә, осындай жайттарды ескере отырып, осыдан төрт жыл бұрын «Ел бірлігі» доктринасы жасалып, оған Президенттің тікелей өзі қол қойған еді. Осы доктринада мемлекеттік тілді білу Қазақ елінің әрбір азаматына «міндет» деп көрсетілген болатын. Бұл доктринаны жасауға ұлт патриоттарынан 4 адам қатыстық. Нақты айтсақ, Дос Нұрахмет, Айдос Сарым, Амангелді Айталы және мен. Алайда бұл доктринаның талабы орындала қойған жоқ. Себебі біздің заңдарымызда мемлекеттік тілді қорғайтын, қолдайтын нақты іс-шара, жаза түрлері көрсетілмеген ғой. Сондықтан да, жаңа өзіңіз айтқандай, мемлекеттік тіл кез келген жерде аяқасты болып қалып келеді. Тіпті өзгесін былай қойғанда, Президенттің өзі арнайы Жарлық шығарып, Қазақстанның қай облысы қай жылы, қайсы билік органы қайсы кезеңде ісқағазын мемлекеттік тілге көшіріп бітуі тиіс екені нақты көрсетілді емес пе?! Сөйтіп, 2010 жылы бүкіл республикадағы билік орындары ісқағазын мемлекеттік тілде жүргізуі міндетті болатын. Өкінішке орай, мемлекет басшысының бұл Жарлығы да өз мәнінде орындала қойған жоқ.
- Орындалуы былай тұрсын, өзіміз күнде күніміз түсіп барып жүретін Алматы қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету, ішкі істер органдары арыз-шағымыңызға дейін қазақ тілінде жазсаңыз қабылдамайды. Қызмет көрсету орнында отырған қазақтың жастары «бастығымыз орысша жазсаңыз ғана қабылдайды» деп өзімізге жалынып, орысша жаздыратынын көріп жүрміз.
- Міне, мұның бәрі мемлекетіміздің атауынан өрбіп жатыр десем жаңсақ айтқандық болмас. Егер елімізді Қазақ мемлекеті, Қазақ елі деп заңдастыратын болсақ, еліміз ұлттық мемлекет болып ұлттың тілі мемлекеттік тіл ретінде өмірдің барлық саласында қолдануға жол ашылар еді. Өйткені ұлттық мемлекет болған соң мемлекеттік тілді меңгеруге деген талапты күшейту қиын болмайды. Шет жұрттардың бәрінде де солай емес пе?! Мұның өзі халықаралық заңдарға да сәйкес екені анық. Мәселен, Латвияда «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы бұзылған жағдайда айып салуды белгілейтін 12 бап көрсетілген.
Қазақ мемлекеті болған соң мемлекеттік саясаттың ұлттық бағыты да өзгереді. Ұлттық мемлекеттің бір шарты мемлекеттік жұмыстармен бірге оқу-тәрбие жұмыстары да бірыңғай мемлекеттік тілде жүргізілуі талапқа айналады. Мұндай шаралар жүзеге асу үшін әуелі мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, оның әрбір бабында орындамағаны үшін айыпқа тарту түрлері нақты көрініс беріп отыруы тиіс. Әрине, мұндай мәселе бірден жүзеге асырыла қоймайтыны айтпасақ та түсінікті болар. Заңға орай үкімет арнайы бағдарлама жасап, әсіресе оқу-тәрбие жұмысын мемлекеттік тілге кезең кезеңімен көшірудің мезгілін де көрсетеді. Сондай-ақ, меніңше, Қазақстан аймақтарын түгелдей мемлекеттік тілге көшірудің мерзімдері де белгіленуі тиіс. Мәселен, қазағы басым оңтүстік аймақтарда тіпті бүгіннен бастап мемлекеттік тілге толық көшіру қолға алынса бұған ешкім қарсы бола қоймайды деп ойлаймын.
- Ақпарат құралдарын жаппай мемлекеттік тілге көшіру мүмкін емес секілді. Олай дейтінім, қазір Қазақстанда телеарналардың көбі орыс тілінде. Олар тіпті Қазақстанның ақпарат құралына мүлде ұқсамайды. Олардың тарататын хабарларының бәрі дерлік Ресей өнімдерінікі. Олардың бәрі Қазақстандағы жаңалықтарды ғана қазақша, орысша 15-20 минуттай уақытта таратады да, күндіз-түні Ресей өмірін, өнерін дәріптеп, Батыстың соңғы кезеңдегі даңғаза шығармаларын берумен шұғылданатыны қазақты былай қойып, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерін де мезі етіп бітті.
- Тек телеарналар ғана емес, көптеген басылымдар да Ресейдікі деуге болады. Ал ақпарат құралдарын қазақ тіліне көшіруде шет жұрттардың тәжірибесін қолданған жөн. Нақты айтсам, бюджет қаржысын тек мемлекеттік тілде істейтін ақпарат құралдарына ғана бөлген жөн. Ал бізде қалай дейсіз?! Қайықта отырып алып, қайықтың түбін тесіп жатқандай жағдайымызды орнықтырып алдық. Қазір «Комсомольская правда - Қазақстан», «Аргументы и факты - Қазақстан» секілді басылымдар Қазақ еліне емес, Ресейге қызмет етеді, солардың идеологиясын таратады. Ал осылардың бәрі бюджеттен қаржыландырылатынын екінің бірі біле бермейді. Ал «АИФ» хабарларының 20 пайызы ғана Қазақстан жөнінде, 80 пайызы Ресей туралы жазады. Украинада да осындай АИФ және «Аргументы и факты - Украи­на» деген газет бар. Ондағы жазылғандар тек қана Украин өмірін қамтиды. Ал біздің телеарналарымыздың дені дерлік Ресейдікі дегендей пікір де бекер айтылып жүрген жоқ. Ал осы телеарналардың көбі, тіпті бәрі дерлік Қазақстанның бюджетінен қаржы, грант алып отырады екен. Әрине бұлар тікелей өздері емес, қожайындары, акционерлік қоғамдары грант, көмек алады.Қазақ мемлекеті болған соң мұндай өрескелдік, мемлекет қаржысын басқа мемлекеттің идеологиясын таратуға жұмсау саяси қателік екені сөзсіз. Керісінше, қазақ тіліндегі БАҚ-тарға қажетінше қаржы бөлуі, жиындардың, мәжіліс, мәслихаттардың бәрін қазақ тілінде өткізу мемлекеттің міндеті болуы тиіс.
- Әрине, бұл айтып отырған пайымыңыз­дың жуық арада жүзеге аса қоюы неғайбіл десем ренжімеңіз. Тәуелсіздік алып ел болғаннан бері тіліміздің мәселесі, міне, 20 жылдан асса да шешіле қойған жоқ қой. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, тіл мәселесін 90-шы жылдардан бері қозғаумен біз де қартайып қалдық. Әлі де шешіле қояды деп үміттенуден күдер үзгендейміз.
- Мен айтып отырған мәселе енді 20 жылдан кейін жүзеге асса да ризамын дер едім. Алайда мемлекетіміздің басшысы шындап қолға алатын болса, бұл мәселе таяу уақытта-ақ шешілетініне күмән келтірмеймін. Бұл үшін, әрине, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды толыққанды етіп қабылдауға қазіргі Парламенттің қауқары жете қоймайтынын түсіну қиын емес. Депутаттардың көбі қазақша білмейді. Сондықтан да егер Президент нақты бейіл танытып, батыл кіріссе Парламент тарағаннан кейін Президенттің заң күші бар Жарлығын шығарып, Парламент депутаттығына түсу үшін мемлекеттік тілді меңгеру талабы қойылуы тиіс. Сондай-ақ әкімдер мен министрлердің бәрін, яғни мемлекеттік қызмет органдарына мемлекеттік тілді білетіндерден ғана іріктеу жасалғаны пәрменді шара болмақ. Мұның өзі халықаралық заңдар мен нормаларға сәйкесетіні анық. Мәселен, АҚШ, Австралия, Канада секілді келімсектер құрған елдердің өздері азаматтарынан мемлекеттік тілді қатаң талап етеді. Ал біз сан ғасырлық тарихы бар, ұлттық елміз. Франция, Германия, Италия секілді елдердің бәрі де ұлттық мемлекет болған соң ұлттық мәселені бірінші орынға қояды. Мысалы, Германияда бірнеше миллион түрік тұрады. Бірақ түрік тілінде бірде-бір мектеп жоқ. Түркияда да өзге ұлттардың мектебі жоқ. Әрине, өзге ұлт өкілдеріне өз қаржыларына өз тілдеріндегі жексенбілік мектеп, өз тіліндегі басылымдар ашуға мемлекет тарапынан еркіндік бар, бірақ ол үшін мемлекеттің көк тиын қаржысы жұмсалмауы тиіс. Ұлттық мемлекеттердің бәрінде де осындай үрдіс қалыптасқан. Олардың бәрінде де мемлекеттік тілде қызмет атқармау, мемлекет тарапынан оқу-тәрбиені мемлекеттік тілде жүргізбеу қылмыс ретінде бағаланатынын пайымдауға болады. Міне, біз де осындай үрдістерді ұстансақ, алдағы он жылдың бедерінде-ақ Қазақ мемлекеті атанып, соған сай талаптардың толық жүзеге асуына күмән келтірмеймін.
- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қуанбек Боқаев

"Ана тілі" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021