Жақсыбай САМРАТ. Кәрі құрлықтың жаңа тарланы
Бүгінгі таңда әлемдік саясаттың айтулы тұлғаларының бірі - Франция Президенті Николя Саркози. Кейбір саясаткерлер атағын шығару үшін іздеп жүріп таппайтын үлкен дау-дамайлар және оларды реттеу істері Н.Саркозиді өздері іздеп табады. Ең соңғы мысал ретінде Еуроодақ атынан дипломатиялық миссияны атқару соған жүктеліп, Ресей мен Грузия арасындағы 2008 жылғы тамыз айында болған үш күндік соғыстың салдарын бейбіт жолмен реттеу жоспарының да авторы Н.Саркози болғанын айта кетелік. Оның дайындаған бейбіт келісімінің мәтінін, артынан түрлі сынға ұшыратса да, ұсынған сәтте қарсылас жақтар толық мойындап, қол қойған еді. Бұл Саркозидің өз позициясын мойындата білетін дипломатиялық мәмілегерлік қырын көрсетсе керек. Осынау әрекет Францияның халықаралық беделі мен ықпалын көтере түсті деп кезінде барлық елдердің баспасөзі жарыса жазып жатты.
Бүгінгі таңда әлемдік саясаттың айтулы тұлғаларының бірі - Франция Президенті Николя Саркози. Кейбір саясаткерлер атағын шығару үшін іздеп жүріп таппайтын үлкен дау-дамайлар және оларды реттеу істері Н.Саркозиді өздері іздеп табады. Ең соңғы мысал ретінде Еуроодақ атынан дипломатиялық миссияны атқару соған жүктеліп, Ресей мен Грузия арасындағы 2008 жылғы тамыз айында болған үш күндік соғыстың салдарын бейбіт жолмен реттеу жоспарының да авторы Н.Саркози болғанын айта кетелік. Оның дайындаған бейбіт келісімінің мәтінін, артынан түрлі сынға ұшыратса да, ұсынған сәтте қарсылас жақтар толық мойындап, қол қойған еді. Бұл Саркозидің өз позициясын мойындата білетін дипломатиялық мәмілегерлік қырын көрсетсе керек. Осынау әрекет Францияның халықаралық беделі мен ықпалын көтере түсті деп кезінде барлық елдердің баспасөзі жарыса жазып жатты.
Осы кикілжіңге байланысты әңгімені толығымен айта кетер болсақ, 2008 жылдың 26 тамызында Ресей Федерациясы Грузияның шағын автономиялары болып келген Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін танығанда, ең алғашқылардың бірі болып, оны батыл айыптаған да Саркози еді. Ол Ресейді тәуелсіз елдің азаматтарына өзінің паспортын таратып, шекарасын біржақты өзгертуге тырысты деп кінә тақты. Осыдан кейін Еуроодақтың төтенше саммитін жинауды ұйымдастырған да Саркози болды. Бірақ... Сол саммитте Германияның канцлері Ангела Меркельмен бірігіп, Ресейге қарсы санкция жасау туралы Польшаның қатаң талабын орыс әскерлерінің Грузия аумағынан тұтасымен шыққанша Еуроодақ онымен ешқандай келіссөздер жасамайды деген талаппен жұмсартуға тырысқан да осы Саркози болатын... Міне, бұлар бір оқиғаға байланысты жасалған Николя Саркозидің сан қырлы саясаткерлік келбеті.
Н.Саркозидің президенттікке сайлануының өзі оның дау-дамайға байланысты аса танымал болуы себепті жүзеге асқан сияқты. "Әр елдің салты басқа..." деген емес пе, егер бізде немесе басқа да бір азиялық, я мұсылман елдерінде мемлекеттің ішін Саркозише "шулатқан" адам болса, оның президенттікке сайланбақ түгіл, саясатпен айналысуына да есік тарс жабылар еді. "Елдің ішін алатайдай бүлдірген неме" деп ондайды айыптайтын сөздің неше атасын біз табар едік. Ал Франция Азия емес, оларда неғұрлым аты шыққан адам болса (мейлі жаман жағынан болса да бәрібір), оның соғұрлым танымалдығы артып, жақтастары көбейе түседі. Н.Саркози ішкі істер министрі қызметін атқарып жүрген 2005 жылдың 20 маусымында Париж тұрғындары үшін иммигранттар тарапынан үлкен жанжал болды. Астананың Сен-Сан-Дени департаментіндегі қылмыс барынша өршіп тұрған "Сити дез 4000" атты шағын ауданында есірткі сататын бандылардың арасында болған атыста 11 жасар Сиди Ахмед деген жасөспірім қаза тапты. Осы оқиғаға талдау жасаған министр өз сөзінде қаланы кір жуатын "Керхер" аппаратымен тазалайтынын айтқан еді. Мұны қара нәсілді тұрғындар өз атына қабылдап, Саркозиді жек көріп, оның атына лағынет айта бастаған. Сол оқиғадан төрт ай өткенде Саркози тағы да "сүрінді". Бұл жолы қала маңындағы "Аргента" шағын ауданына барған министр француз қалаларын "оңбағандардан азат ету керек" деген сөзімен қара нәсілділердің шамына тие түсті. Осы жолы ол өзіне қарсы атылған тас пен полиэтилен шөлмектердің астында қалды.
Осыдан екі күн өткенде соңынан қуған полициядан жасырынып қалмақ болып, трансформатор күркесіне еніп кеткен 17 және 15 жасар екі араб баласын ток ұрып өлтірді. Бұл бас полисмен - ішкі істер министрінің сөзіне кектеніп жүрген барлық қара нәсілділердің ашу кілтін ашып жіберуіне себеп болады. Содан... Францияның 300-ге жуық елді мекендерінде үш аптаға созылған жаппай тәртіпсіздік орын алды. Оған қатысқандар полицияға қарсы қолдарына не түссе соны лақтырып, күйдіруге болатын дүниенің бәрін жағып, қала көшелерін қара түтінге айналдырды. Соның салдарынан 9 мыңға жуық автомобиль өртеніп, 126 полиция офицері әртүрлі деңгейдегі жарақаттар алды. Сол күндері Н.Саркози БАҚ-тың басты кейіпкеріне айналды. Қандай қиыншылық болып, көшеде өрт лаулап жатса да Саркози өзінің сөзінен қайтпай, тәртіпсіздікке жол бергендерді қатаң жазаға ұшырататын радикалды шаралар қажеттігін айтумен болды. Осының өзі оның танымалдығын өсіре түсіп, жақтастары қатарын қалыңдатты. Оңшылдар мен әсіреоңшылдардың, соның ішінде ұлттық майдан қозғалысы өкілдерінің арасында ол барынша сүйкімді саясаткерге айналды. Солшылдар оны "фашистік пиғылы" бар деп айыптағанымен, қала көшелерінде тәртіптің орнауын қалаған жан атаулының бәрі Саркозидің жағына шықты. Бұл елдегі президент сайлауына екі жылдан аз уақыт мерзім қалғанда болған оқиғалар еді. Бұдан кейінгі 2006 жылдың ақпан-сәуір айларында болған студенттер арасындағы толқулар да Саркозидің танымал бола түсуіне қосымша "үлес қосты". Мәселе премьер-министр де Вильпеннің жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатымен жасаған заң жобасына байланысты еді. Оған сәйкес жұмыс беруші 26 жасқа дейінгі жастарды 3 жылға дейінгі сынақ мерзімімен қабылдап, ойынан шықпағандарды оңай босата алатын. Осы заң жастар арасында теріс түсінік алып, жас мамандарды әлеуметтік қорғауға қарсы әрекет деп ұғылды. Сөйтіп, екі айға созылған жаппай қарсылықтардан кейін құжат жобасы кері шақырып алынды. Н.Саркози осы сәтте өзі мүшесі болып табылатын үкіметті емес, жастарды қолдап сөйледі. Бұл да оның халық арасындағы сүйкімін арттыра түсті.
Міне, саясаттағы осындай, салыстырмалы түрде айтқанда, сәтті қадамдардың да ықпалынан болса керек, 2007 жылдың 22 сәуірінде болған президент сайлауының алғашқы турында ол ең көп дауыс жинаған (31,11 пайыз) кандидат болды. Ал президент сайлауы науқанының басындағы сауалдарда оның рейтингі Социалистер партиясының өкілі Сеголен Руаяльдан төмен еді. Бірақ Саркозидің командасы оның ұтымды жақтарын сайлаушылар назарына ұтқырлықпен жеткізе біліп, ақпан айынан бастап барлық рейтингте ол алға шықты. Сөйтіп, екінші турда Руаяльмен бәсекелескен ол 53,06 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жетті. Көптеген сарапшылардың айтуына қарағанда, Н.Саркози Францияның дәстүрлі саяси категориясына үйлеспейді. Франсуа Миттеран, Жак Ширак секілді барынша байсалды, парасатты, пайымды, салмақты саясаткерлерге қарағанда, Н.Саркози қағілез, ойын ірікпей айтатын, ұстанымын жеңіл өзгертетін еркіндеу саясаткер. Бір ғана мысал, Саркози ислам дінін тұтынатын оқушы қыздардың мектептерге хиджаб киіп келетіндеріне қарсы еместігін жариялап, мұсылмандар арасында зор беделге ие болды. Тіпті мешіттер салуға мемлекеттен дотация бөлінуін де қолдады, мұны халыққа сырттан келген көмек мұсылмандар арасында экстремистік үрдістерді ұлғайтады деп түсіндірді. Саркозидің қолдауымен Мұсылман дінінің француздық кеңесі де құрылды. Бірақ... 2007 жылдың ақпан айында ол мұсылмандарға деген оң көзқарасын шұғыл өзгертіп, Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) сайқымазақ етіп бейнелегені үшін сотқа тартылған Чарли Хебдо басылымының редакторын жақтап шықты...
Көптеген саясаткерлер оның лидерлік қасиеті мен жезтаңдай шешендігін жоғары бағалайды. Ол - өзінің сенімі жөнінен оңшыл консерватор. Салықтар мен әлеуметтік шығындардың азаюын қолдайды. Өзінің сөздеріне қарағанда, ол зайырлы демократиялық мемлекеттің христиан өркениеті тәжірибесін бойына сіңірген француздық дәстүрлі құндылықтарды жақтайды. "Республика, дін және үміт" атты өзінің кітабында ол: "Мен католик мәдениетін, дәстүрлерін, сенімін жақтаймын. Мен өзімді католик шіркеуінің мүшесімін деп есептеймін", деп жазған. Саркози еуропалық интеграцияланудың да жақтасы, сонымен қатар, АҚШ-тың одақтасы саналады, осы соңғы ісі үшін оны Құрама Штаттардың ісіне сын көзбен қарайтын Тьерри Мейсан сияқты сыншылар сионизм мен ОББ-ның (ЦРУ) агенті деп те жазғырады. Қарсыластарының көбі Саркозиді либерал немесе әсірелиберал деп санаса, ол өзін "прагматикпін" деген сөзден танбайды.
Жекебасылық өмірінде Н.Саркози анау айтқандай тұрақтылықпен, отбасы беріктігімен мақтана алмайды. Алғаш рет ол 1982 жылы Мари-Доминик Кулиолиге үйленген, осы некеден оның екі баласы бар. 1993 жылы Мари-Доминикпен ажырасып, 1996 жылы оның құрбысы Сесилияға қосылады. Екеуінің арасында бір ұл өмірге келген. 2005 жылы, ішкі істер министрі болып жүргенде Саркозидің басы осы әйеліне байланысты дауға ілігеді. Француз баспасөзі оның отбасылық трагедиясын, ұлы мен күйеуін тастап, Нью-Йоркке басқа біреумен қоныс аударған Сесилия туралы кеңінен жазды. Бірақ Николя Саркози әйелімен келісімге келіп, бұл дауды өршітпей, онымен қайта қосылды. 2007 жылғы президент сайлауында Сесилия өзінің күйеуінің қасынан табылып, саяси кеңесшілерінің бірі болды. Бірақ, президенттік жарыстағы жеңістен кейін-ақ Сесилияны жұбайының қасында көру сирей бастады. Бұл байқағыштардың әртүрлі болжам жасауына ерік берді. Ақыры, 2007 жылдың 18 қазанында Саркозидің зайыбымен ажырасқаны, ұлы Луи шешесімен қалатыны жөнінде ресми хабарлама тарады. 2007 жылдың аяғында Николя Саркозидің бұрынғы модельер әрі әнші, ұлты италиялық Карла Брунимен көңілдес екендігі белгілі болды. Екеуінің үйлену тойы Елисей сарайында 2008 жылдың 2 ақпанында өтті. Сөйтіп, Саркози француз елінің тарихында президенттік лауазымды атқарып жүргенде үйленген ең алғашқы мемлекет басшысы ретінде де қалатын болды.
Н.Саркозидің өмір жолына да бір көз жүгіртіп көрелік. Ол 1955 жылдың 28 қаңтарында Париждің жақсы аудандарының бірі - 17 округте дүниеге келген, бірақ артынан оның отбасы Нейи-сюр-Сен атты астана түбіндегі шағын қалашыққа қоныс аударады. Әкесі - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін коммунистік жүйе құру жолына түскен Венгриядан қашып, осында қоныс аударған мажар ақсүйектерінің бірі. Толық есімі Пал Надь-Бочай Шаркези болған, Францияға келген соң ол француз мәнерімен Поль Саркози де Нажи-Бокса атанады. 1949 жылы заң факультетінің студенті Андре Маллаға үйленеді. Қыздың әкесі Бенедикт Маллах католик дініне өткен еврей, ал шешесі Адель Бувье - француз, Савояда медбике болып істеген. Екеуінің кіндігінен 1952 жылы Гийом, 1955 жылы Николя және 1957 жылы Франсуа өмірге келген. 1959 жылы Поль Саркози әйелімен ажырасып, өз жөніне кетеді (Ол бұдан кейін де екі рет үйленген). Балаларды адвокат қызметін атқарған шешесі негізінен жалғыз өсіреді, бірақ нағашы атасы мен әжесі де қол-ұшын беріп тұрады. Николя жеке меншік католиктік мектепте оқып, сауатын ашады. Мектептен кейін Нантер қаласындағы "Париж Х" университетінің заң факультетін бітірген, одан кейін Париждің саяси зерттеулер институтында оқыған. Қызмет жолын ол адвокаттықтан бастаған.
Жас кезінде Николя Шарль Паскуа мен Жак Ширак бастауында болған "Республиканы қолдау бірлестігі" (РҚБ) партиясының қатарына өтеді (Қазір бұл партия "Халықтық қозғалыс одағы" (ХҚО) деп аталады). Осы кезден ол Жак Ширакпен жақсы қарым-қатынаста болған. Партияның қолдауымен 23 жасында Нейи-сюр-Сен қаласы муниципалдық кеңесінің мүшесі, ал 28 жасында оның мэрі болып сайланады. Осы қызметті ол 1982 жылдан 2002 жылға дейін 20 жылға жуық атқарады. Арасында қоғамдық және басқа да әкімшілік қызметтерге белсене араласып, түрлі лауазымдарға да тағайындалады.
Н.Саркозидің атағы шығып, жалпы француз қоғамына танылуы 1993 жыл. Осы жылы ол өзі мэр болып жүрген Нейи-сюр-Сен қаласындағы бір балабақшаны басып алған террориспен полицияның қарсы болғанына қарамастан ашық келіссөзге барады. Қарулы террориске қарсы қорықпай барып, ұзақ келіссөзден кейін бірнеше баланы өзімен бірге алып шығады. Оның балабақшадан сәбилерді аман алып шығып келе жатқан осы образы француздарға қатты әсер етеді. Артынан полицияның күшімен террористің көзі жойылып, балалар түгел құтқарылса да Саркозидің сол бейнесі француздардың есінде жақсы сақталып қалады. Осы кезден ол премьер-министр Эдуард Балладюрдің үкіметіне тартылып, онда түрлі министрлік орынтақтарында отырады. Ал 1995 жылы ол үкіметтің ықпалды мүшелерінің қатарына енген еді. Осы жылы басталған президент сайлауында Саркози Ширакты емес, Балладюрді қолдайды. Өйткені, сайлауалды науқанының шу дегендегі рейтингі бойынша Балладюр - 50, ал Ширак 14 пайыздық үлеске ие болған еді. Бірақ сайлауда Ширак жеңіп шығады да Саркозидің ісі сатқындыққа баланып, ол үкіметтегі жылы орнынан айрылады. Нейи-сюр-Сен қаласы мэрінің орынтағына қайта оралған Саркози де үлкен саясаттан алыстап кеткен жоқ, өзінің атағын шығару, халыққа танымалдығын көтере түсу жолында ол БАҚ беттеріне жиі шығатын. Ал 2002 жылғы өте қиындықпен өткен президент сайлауында ол Жак Ширакты қызу қолдады. Осы қызметі үшін Ширак оны сол жылдың 7 мамырында ішкі істер министрі етіп тағайындады.
Қылмысты ауыздықтау жолында ол белсенді қызмет атқара білді. Қарсыластарының түрлі сынына қарамай, ол құқық қорғау органдарының өкілеттігін арттырып, қылмысқа қарсы күресті мақсат еткен реформаларын енгізіп отырды. Соның нәтижесінде қылмыс көлемі біршама азайып, жол тәртібі дұрысталды. Жол-көлік оқиғаларының азайғаны да байқалды. Ал жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы қолданған әдістерінің бірсыдырғысын біз жоғарыда айтып өттік.
2007 жылғы 14 қаңтарда ХҚО партиясы президент сайлауындағы кандидаты етіп оны 98 пайыздық дауыспен бекітті. Жак Ширак та кейінірек оны қолдайтынын жариялады. Ал президент сайлауында қалай жеңгенін тағы да қайталап жатпай-ақ қояйық. Н.Саркози президенттік қызметке 2007 жылдың 16 мамырында кірісті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Николя Саркози алғаш рет Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясының жұмысы күндерінде кездесті. Кездесу барысында екі елдің арасындағы саяси ықпалдастық пен экономикалық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Ал 2008 жылдың маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев Францияға ресми сапармен барғаны мәлім. Осы жолы болған кездесуде екі елдің президенттері стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. Ең бастысы, осы кездесуде Николя Саркози Қазақстан Президентіне Француз Республикасының ең жоғары наградасы - "Құрметті легионның үлкен кресі" орденін салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл марапат Н.Назарбаевқа екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілді. Ал 15 мамырда болған "Нұр Отан" ХДП-ның ХІІ съезіне Францияның билік партиясы - "Халық қозғалысының одағы" партиясынан үлкен делегация қатысты. Делегация жетекшісі Тьерри Марьяни Николя Саркозидің съезд жұмысына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Онда Франция президенті съезд жұмысына табыс тілеуімен қатар, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы екендігін мойындай келіп, қазіргі әлемдік саясаттағы орнына үлкен баға берген және өзінің "Қазақстанды көруге асығулы" екенін жеткізген. Осындай ықыластар Николя Саркозидің саяси алғырлығы мен өзіне дос елдерді табуда талғампаздығын көрсетеді. Т.Марьяни өзінің сөзінде Н.Саркози Қазақстанның "Еуропаға жол" бағдарламасын қолдайтынын да жеткізді және оны орындау мақсатында Францияның билік партиясы ХҚО мен "Нұр Отан" ХДП-ның ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын айта келіп, мұндай келісімге француз жағы Еуроодақ елдерінен тыс мемлекеттер арасынан алғаш рет Қазақстанмен ғана қол қойып отырғанын ескертті. Бұл әрекеттер де біздің ойымызды айғақтай түскендей.
"Егемен Қазақстан" газеті, 08.08.2009