Архив әділ тарихты жаңғыртуға қызмет етеді
Архившілердің Алматыда бас қосқан «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты Бірінші Конгресі ауқымында «Архив және қоғам» кездесуі өтті. Кездесуде осы жолдар авторы төмендегі ойларын білдірген еді...
Мен өз тәжірибеме сүйене отырып, баршаға белгілі шындықты қайталағым келеді: архив әділ тарихты жаңғыртуға қызмет етеді. Шын тарихты тек архив деректеріне сүйене отырып жазуға болатыны белгілі. Егер архивтегі ақпарат, мағлұмат, деректер идеологиялық пайыммен іріктеп пайдаланылар болса, онда шыншыл тарихтың ауылы алыста қалады.
Өкінішке қарай, тоталитарлық кезеңде биліктегі саяси партия мүддесін жырту салдарынан маңызды деректер қалтарысқа тасталды, яки бұрмаланды, көбі архивтерде жабық жатты. Қазақстан Коммунистік партиясының тарихы да идеологияға суарылған сондай әдістемемен жазылған-тын. Сондағы антипартиялық жолға түсті, ауытқушы, ұлтшыл, оңшыл болды деп айыпталған екі коммунистің – Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың – тағдыры мені қатты қызықтыратын, бірақ архивке жол бөгеулі еді....
Солармен шындап шұғылдануға мүмкіндік біздің республикада да демократия самалы шындап есе бастағанда туды. Бұл билеуші партияның өзі жария еткен қайта құру саясатына өзі қайшы келіп, қазақ жастарының бейбіт демонстрациясына дөрекі күш қолдану арқылы оны саяси көтеріліс деңгейіне көтеріп барып күшпен басқан және қолданған жазалау мен жуасыту шараларын «кіші Отыз жетінші жыл» ахуалына ұластырған қылмысты әрекетінен кейін туған қолайлы жағдай болатын. Рас, архив өзінің дерекке бай қойнауын бірден айқара аша қойған жоқ, дегенмен рұқсат етілген ауқымда жүргізген зерттеулеріміздің өзі олардың саясаттағы бұрмалаулар құрбаны болғанын анық көрсетті.
Мәселен, Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшесі Смағұл Сәдуақасов Қазөлкекомға басшы боп келген орталық эмиссарының республикада «Кіші Қазан революциясын жасау» идеясына қарсы болды. Оның сол идеясымен өмірге енгізіліп жатқан шараларын сынады. Ұлт мәселесін қараған ХІІ партсъездің маңызды тұжырымдар қабылдаған шешімдеріне сай ұлттық кадрлерге сенім білдірілуін талап етті.
Ал Сұлтанбек Қожанов Қазақ Республикасында бар болғаны он ай ғана істеген. Ол Түркістан Республикасы басшыларының бірі ретінде Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жаңаша жіктеп-межелеу науқанында Орталық билік ұсынған нұсқаға балама іспетті өз жобасын жария еткен-тін.
Қожанов ғасырлар бойы аралас-құралас өмір сүріп келе жатқан халықтарды жанды жерден кескендей етіп ұлттық отауларға бөліп тастамай, әуелі Ортаазиялық Федерация құрып барып Республикалар одағына кіруді, содан соң, халықтардың даму деңгейлері теңескеннен кейін ғана, жеке республикаларға бөлінуді дұрыс көрді. Жобасы қабыл алынбаған соң, құрылып жатқан республикалардан Қазақ республикасымен бірге экономикалық одақ құруға шақырды.
Ұсыныстары өтпей, ақыры Түркреспубликадағы қазақ облыстарын Қазақ Республикасына қосылуы үшін бөлінуге рұқсат ету жайындағы қаулы қабылданғанда, бұл жәйттен кейін, үлкейтілген республикада негізгі ұлттың үлес салмағы халықтың үштен екісіне жететіндіктен, енді «Қазақ Ұлттық Республикасы құрылады» деген оптимистік мәлімдеме жасаған болатын.
Орталық оны сол 1924 жылы Қазақ облпарткомы басшыларының бірі қызметіне жіберді. Мұнда ол екі өлкедегі қазақ жерін біріктіріп, жинаушы ретінде өз орталық комитеті бар Қазақстан компартиясын құру, республика астанасын орыс пролетариаты ошағынан көшіріп, қалың қазақ арасына апару мәселелерін көтерді.
Алайда республика партия ұйымының басшы органына Қазақстан компартиясының Орталық Комитеті емес, Ресей Компартиясының Қазақ өлкелік комитеті мәртебесі ғана берілді. Астана Ақмешітке көшірілетін болды.
Сонда Қожанов Қазөлкекомның екінші хатшысы ретінде 1925 жылғы сәуірде өтпек жер-суы, халқы біріккен үлкен Қазақстан Советтерінің 1-ші (жалпы реті бойынша – 5-ші) съезін дайындаумен шұғылданды. Партиялық пленумда осы мәселеге арналған үлкен баяндама жасады. Съездің соңғы күні, қазақ ұлт-азаттық күресінің қайраткері, ескі интеллигент, ұстазы Қоңырқожа Қожықовтың қозғау салуымен, мінбеден делегаттардың қарап, қабылдауына бірнеше ұсыныс жария етті. Нәтижесінде «киргиз» делініп келген қазақ халқының атауы өзіне ресми түрде қайтарылды, «Киргиз Республикасы» Қазақ Республикасы деп түзетілді, Ақмешіт қаласы Қызыл-Орда деп өзгертілді.
Бұларды мен қайта құру саясаты арайында танысқан архив деректеріне сүйеніп айтып тұрмын, ал советтік ресми тарихта олар келтірілмей, тек 5-ші советтер съезінің қазақтың тарихи атын қайтарғаны ғана жазылған еді. Сол 5-ші советтер съезіне әзірлік жайын қараған пленум материалдары 1931 жылы Жанайдар Сәдуақасовтың құрастыруымен шыққан партиялық құжаттар жинағында басылған, бірақ бертінгі жинақтардың біріне де берілмеді.
Мұндай әрекеттің Қожанов жайындағы теріс көзқарасты бекіте түскені күмәнсіз. Жалпы, ұлт қайраткерлері мен олардың қызметі жайындағы шындық, ақиқат жариялы басылымдарға жазылмай, тек архив деректерінде сақталған-тын. Олар тоталитарлық жылдарда маркстік-лениндік әдістеме тұрғысынан назарға алынбады, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі жарияланғанға дейін архив сөрелерінде қамалып жатты. Мұның зиянды салдары сол, межелеудің астары ашылмай, большевизмнің жаңа империя құру тәсілдері талдауға алынбады. Ортаазиялық саяси элита тарихтан сабақ алмады. Өткеннен тағлым алмағандықтан да, 1991 жылы славян республикалары тәуелсіз елдер достастығын құрып, есігін өзгелерге ашық қалдырғанда, жаңа қауымдастыққа Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құрып барып енудің орнына, көне метрополияның жаңарған қамытын мойындарына жеке-жеке киді...
Тәуелсіздіктің арқасында маркстік-лениндік идеологияның қадағалауынан азат болып, ғылыми тұжырымның анық-қанығына көз жеткізуде тарихи әділеттілікті басшылыққа алатын жаңа әдістемемен қарулану арқылы зерттеушілер архивтерден көп жаңалық ашты.
Егемендік дәуір туғалы Алаш-Орда тарихын, Алаш қозғалысына қатысқандардың өмір жолын жаңғыртуда елеулі еңбектер жазылып жүргені баршаға аян. Дегенмен Алаш Ордасының дүниеге келген күнін – 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанды Ресей империясы жойған қазақтың төрт ғасыр дербес өмір сүрген ұлттық мемлекеттігін қалпына келтіруді жүзеге асырған күн ретінде бекіте алмай келеміз.
Соңғы үш жыл бойы Президент Тоқаевтың бастамасымен және пәрменімен арнайы құрылған ХХ ғасырдың 20-шы – 50-ші жылдарында орын алған саяси репрессиялар құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия кең көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мемкомиссия мүшелерінің бірі ретінде бұл жұмысқа мен де қатыстым. Бұл орайда да, архив деректері негізінде дәлелденіп тұрғанымен, бастан өткерген бірқатар қайғылы кезең әзірге әділ бағасын ала алмайтын сияқты көрінеді маған.
Бұлардың басты себебі сол, біз тарихымызға тәуелсіз ел тұғырынан қарауға әлі де дағдылана алмай келеміз.
Сол себепті таптық емес, ұлттық тұтастық тұрғысынан мемлекеттігімізді тұңғыш жаңғыртқан оқиғаны бүгінгі тәуелсіздігіміздің басы ретінде ресми мойындауға бара алмай отырмыз. Сондықтан да совет өкіметінің қазақ еліне күшпен таңылғанын айтуға, елімізді ұлттық апатқа ұшыратқан ашаршылықтарға нақты саяси баға беруге, советтік солақай реформаларға көрсетілген қарсылықтарды тоталитаризм дәуірінде «бандылар қозғалысы» деп таңбаланған анықтамадан аса ажырай алмай, қозғалысты кеңестік дәуірдегі қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі деп тануға батылымыз жетер емес. Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары тағдырына әділ де айық көзбен қарап, дұрыс баға беруге де әзірге шешімталдық көрсете алмаудамыз.
Бұл біздің іс жүзінде жаңа империя боп шыққан советтік дәуірде қанымызға сіңген еуроцентризмнен, тарихқа мәскеулік көзқарастан әлі күнгі бас тарта алмай келе жатқанымыздың салдары боп табылады.
Еліміздің шыншыл тарихын жазып шығуға қажет деректер жеткілікті, тек бізге санамызды қилы шарттылықтардан азат ету жөн. Архив шынында да әділ тарихты жаңғыртуға қызмет етеді, соны дұрыс пайдалана білейік.
Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі
Abai.kz