Жұма, 8 Мамыр 2026
Ақмылтық 445 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 14:13

Қандастар көшін тежеген - «Пилоттық жоба»: Кінәлі кім?

Суреттер: akorda.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің
                                               құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі
                                               Е.Н. Жиенбаев мырзаға! 

                                               Мемлекеттік құқық бөлімінің
                                               меңгерушісі А.Т. Жарылғанов мырзаға!

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Құрметті Айдар Төлетайұлы!

Жақында «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жоба туралы Сіздердің аттарыңызға жеке-жеке «Үкімет қандастарды заң емес, құжат арқылы басқаратын болды!» деген атпен арнай хат жазып (ЖТ-2026-01496722, ЖТ-2026-01496721), мені сөзсіз жеке қабылдауларыңызды және Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімі  заңгерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырып берулеріңізді сұрағам!

Екеуің де пысқырып қараған жоқсыздар!

Өтінішімді «Пилоттық жобаны» жасаған үш министрлікке лақтыра-лақтыра салдыңыздар!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: «Сіз ІІМ басшылығының қабылдауында тұрған азаматтардың тізіміне енгізілгеніңізді хабарлаймыз...», - деп жауап берді;

Ішкі істер министрлігі де: «Сіздің өтінішіңізді қарап жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесіне сәйкес 2026 жылдың 26 мамырында өтетін министр А.М. Ертаевтың қабылдауына жазылғаныңызды хабарлайды...», - деген жауап қайтарды;

Ал, Сыртқы істер министрлігі: «Сіздің хатыңызда көрсетілген Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға, оның ішінде қандас мәртебесін алуға үміткерлер үшін 5 кезеңнен тұратын цифрлық бағалау: ҚАЗТЕСТ цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта тестілеу тапсыру, сауалнама толтыру арқылы шектік балл жинау және әңгімелесуден өту, сонымен қатар сотталмағаны туралы анықтама мен шығу парағын ұсыну мәселелері жоғарыда аталған көші-қон саласындағы құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан қарастырылуы қажет деп санаймыз...», - депті.

Аталған министрліктер мен Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына тіке жазған хаттарыма да осындай жауаптар алдым...

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Құрметті Айдар Төлетайұлы! 

Ашығын айтайын, аталған «Пилоттық жобаға» қатысты туындаған келеңсіздіңтің бәрі Сіз екеуіңізге барып тірелуде. Барлық мәселеге Сіздер жауап берулеріңіз керек!

Жақында Президенттің атына арнайы «Ашық хат» жазып, қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағынның Атажұртына оралған этникалық қазақтарға қойылған өңірлік шекету екенін айтып, аталған 20-баптың 5) тармағы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» (Нью-Йорк, 1966 ж. 16 желтоқсан) 12-бабының 1 тармағы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабынның 1 тармағына мүлде қайшы екенін, бар бәленің 2023 жылы 19 сәуірде қабылданған осы нормадан басталғанын айттым.

Сондай-ақ, «Пилоттық жобадағы» «Қандас» мәртебесін беру тәртібі «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабының 3) тармағына мүлде сай емес екенін; «ҚАЗТЕСТ» тестілеу жүйесі арқылы қазақ тілінен емтихан тапсыру деген талаптың «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 17-бабына қайшы екенін баяндадым...       

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Құрметті Айдар Төлетайұлы!

Конституцияның 69-бабында: «3. Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс», - деген норма тұр!

Сонда, айтыңыздаршы, «Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі» және «Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі» деген лауазым иесі болған Сіздер осындай келеңсіздікке жол беріп қойып, қайда қарап отырсыздар?! Бұл – бір!

Екінші, Мемлекет Басшысының «Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет...», - деген тапсырмасы бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Мен Президенттің бұл сөзін сары майдай сақтап жүрмін!

Ал, сен екеуің Ақордада отырып, Қасекеңнің бұл сөзін ұмытып кеттіңдер немесе, құлақтарыңа ілген жоқсыңдар! Мен екеуіңе хат жазып, қабылдауларыңды сұрадым.

Сендер «Пилоттық жобаға» байланысты мен көтерген мәселені шешу тұрмақ, мені жеке-жеке қабылдап, сөйлесуге де жараған жоқсыздар!

Демек, Сіздер үшін Президенттің мұндай тапсырмасының құны – көк тиын деген сөз!

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Құрметті Айдар Төлетайұлы!

Қасым-Жомарт Тоқаев жай адам емес, әлемдік деңгейдегі дипломат! Бүгінде Ол – бүкіл дүниежүзі мойындаған тұлға!

Мен Қасым-Жомарт Кемелұлын әлемнің үш супер державасының үшеуінің де президентінен артық деп бағалаймын!

Құдайға тәубе, Қазақстанда да Қасекеңді қолдайтын азаматтардың саны аз емес, жетерлік!

Бірақ, біліп қойыңдар, соның ішінде Қасым-Жомарт ағаны ерекше қодайтын екі-ақ адам бар.

Оның біреуі – «Қаңтар» көтерілісінен кейін Президенттің қасына табылып, Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын жүзнге асыруға барын салып қолдап келе жатқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи;

Екіншісі – жирма жылдан бері екі Президенттің де Көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан мен – Ауыт Мұқибек!

Ермұрат Сейітқазыұлы Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидаты үшін бәріне мақұл. Тіпті, «Еліміздің ұлттық қорғаныс қауіпсіздігі мен тәуелсіздіктің тұрақтылығы, мемлекеттік мүддеміз жолында «адам құқығы» ұғымын екінші кезекке түсіру қажеттілігі өткірленген кезде біз Парламентті демократиялық мылжыңға батырып қойып, отыра аламыз ба?», - дегенге дейін барды Ерекең.

Қателессем, Ерағам кешіріп қойсын, бұл – «Дауласып қайтеміз, бәрін қолдап отыра берейік!», -деген сөз деп түсіндім мен!

Ал, менің қолдау тәсілім Ерағаныкінен сәл басқашалау.

Мен, Заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің және Сіздер секілді аса жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан Президенттің беделіне нұқсан келтіретін осындай қателіктерді тынбай көтеріп, оның оң шешілуіне ықпал етумен келемін...

Қысқасы, Ермұрат Бапиды бүкіл Алаш жұрты біледі, құрметтейді. Мені бүкіл дүниежүзіндегі Ұлы көшке мүдделі қауым таниды, басына күн туғанда бірінші маған жүгінеді.

Бір сөзбен айтқанда, Ерағаң екеуміз де – аса танымал тұлғалармыз!

Ал, Сіздерді соншалықты ешкім танып жатқан жоқ!

«Пилоттық жобадағы» мен атап көрсеткен келеңсіздіктерге Сіздердің жол беріп отырғандарыңызды қарпайым жұрт білмейді.

Мұның бәрін жасап отырған Қасым-Жомарт Тоқаев деп ойлайды.

«Сендердің шаң жуытбай мақтап келе жатқан Тоқаевтарыңның түрі осы ма?!», - деп, жұрт оны біздің бетімізге шыжғырып тұрып басады, басып та жатыр...

Сендер мына біліксіздіктеріңмен, әрекетсіздіктеріңмен Қасым-Жомарт ағаның сағын сындырып, туған халқының алдында беделін түсіргелі отырсыңдар! Бірақ, сендердің түктеріңіз де кетпейді!

Егер, лауазымдарыңыңнан босатылып жатсаңдар, Руслан Желдібай құсап, бір-ақ күнде ұмытыласыңдар, жұрт көңілінен тез өшесіңдер. Беттерің бүлк етпестен, ертең тағы бір орынға барып, қонжиып-қонжиып отыра кетесіңдер. Сіздерге рахат! Соңында, барлық зардапты тартатын – халық. Барлық күнә мен сын Қасым-Жомарт ағаға артылады. Барлық ұят пен табаға қалатын – Қасекеңді қолдап жүрген Ермұрт Бапи аға екеуміз.

Оны қойып, ертең Қасым-Жомарт Кемелұлы, Құдай бұйырып, Біріккен ұлттар ұйымының төрағасы болып барса, мына мәселе алдынан шықпай ма?!

Сын сағатта біреу шығып, «Пилоттық жобадағы» келеңсіздіктерді алға тартып, «БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын...»,-деуші едің, өз Еліңді неге дұрыстап алмайсың десе, масқара боламаймыз ба?!

Сендер мәселенің осы жағын ойладыңдар ма?!

Әй, қайдам!!

Ойласаңдар, мені бірден қабылдап, «Пилоттық жобадағы» келеңсіздіктерді жоюға әлдеқашан кірісіп кетер едіңдер ғой...

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Құрметті Айдар Төлетайұлы!

Енді осы мәселеге байланысты, Сіздерге сол екі өтінішімді қайталаймын:

Бірінші, мені сөзсіз ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫҢЫЗДЫ;

Екінші, маған Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің  заңгерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырып берулеріңізді сұраймын!

Мына мәселені тез шешуіміз керек. Әйтпесе, Қасым-Жомарт ағаны ұят келеді. 

Ескерту: «“Пилоттық жоба” не дейді, Конвенция мен Конституция не дейді?!» атты «ҚАЛА МЕН ДАЛА» газетінде және «ABAI.KZ» сайтында жарияланған «Ашық хат» пен «Пилоттық жобаның» кесірінен азаматтық ала алмай қалған ЕКІ ЖҮЗ СЕКСЕННЕН астам отбасының тізімі және газеттің фотосы қоса тіркелді.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2120
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1607