Нұрлан Қабдайұлы. Қылмыс
(әңгіме)
Апақ-сапақта көзі ілініп кеткен екен, бас жағында жатқан қалта телефоны мөңіреп оятты. Вибрацияда тұрған. Күңгірт бөлмеде онан сайын шақырайып алған экранға жыртиып қарай алмады. Қыртиып жатып құлағына тосқан. Ар жақтағы ауыз да ағытыла кетуге шақ тұр екен, асығыс-үсігіс балпылдай жөнелді.
- Ааа, амансың ба, қарғам? Жұмысың жақсы ма? Біз де әйтеу ептеп-септеп...
- Бұл кі... һхм... бұл кім екен?
- Ойбууу, бұл мен ғой, көрші Бәтимә тәтең.
Бәтимә тәтеңнің бет-пошымын қайсысынан көріп ем деп іркес-тіркес қонжиып, бірін-
бірі бүйірімен қымтап отырған қотыр құжыралардың қуыс-тесігін ойша түгендеп болғанша, ар жақтағы ауыздың өзі де қайдан аңқылдап тұрғанын паш етіп үлгерді.
- Әәәй, шешең жатып қап еді, келіп-кетсең қайтеді?
Жүрегі су ете түсті. Сосын аптыға жауап қатқан:
- Бәтимә тәте, сіз бе? Шешемді не дейсіз?
- Шешеңді айтам... нашар жатыр, - әлгінде ғана бара алмаймын десе тұп-тура
тұтқаның ар жағынан қол жүгіртіп жіберіп кеңірдегінен суырып алардай саңқылдап тұрған тәтесі, енді сәл кібіртіктеп барып сөзін жалғады - тезірек келмесең болмас.
- Ия-ия, ертең... ертең-ақ жетем.
- Е, сөйте ғой, қарғам. Ал жақсы онда. Дың-дың-дың...
(әңгіме)
Апақ-сапақта көзі ілініп кеткен екен, бас жағында жатқан қалта телефоны мөңіреп оятты. Вибрацияда тұрған. Күңгірт бөлмеде онан сайын шақырайып алған экранға жыртиып қарай алмады. Қыртиып жатып құлағына тосқан. Ар жақтағы ауыз да ағытыла кетуге шақ тұр екен, асығыс-үсігіс балпылдай жөнелді.
- Ааа, амансың ба, қарғам? Жұмысың жақсы ма? Біз де әйтеу ептеп-септеп...
- Бұл кі... һхм... бұл кім екен?
- Ойбууу, бұл мен ғой, көрші Бәтимә тәтең.
Бәтимә тәтеңнің бет-пошымын қайсысынан көріп ем деп іркес-тіркес қонжиып, бірін-
бірі бүйірімен қымтап отырған қотыр құжыралардың қуыс-тесігін ойша түгендеп болғанша, ар жақтағы ауыздың өзі де қайдан аңқылдап тұрғанын паш етіп үлгерді.
- Әәәй, шешең жатып қап еді, келіп-кетсең қайтеді?
Жүрегі су ете түсті. Сосын аптыға жауап қатқан:
- Бәтимә тәте, сіз бе? Шешемді не дейсіз?
- Шешеңді айтам... нашар жатыр, - әлгінде ғана бара алмаймын десе тұп-тура
тұтқаның ар жағынан қол жүгіртіп жіберіп кеңірдегінен суырып алардай саңқылдап тұрған тәтесі, енді сәл кібіртіктеп барып сөзін жалғады - тезірек келмесең болмас.
- Ия-ия, ертең... ертең-ақ жетем.
- Е, сөйте ғой, қарғам. Ал жақсы онда. Дың-дың-дың...
Естіртім-ау әйтеуір дегендей ол да тұтқаны асығыс тастай берді, бұл да естанды күйде
меңірейіп отырып қалды.
Шешесінен басқа ешкімі жоқ еді. Шешесінің жалғызы еді. Кірлеген тұрмыс кірген із бар да, шыққан із жоқ, жүзі бұрылғанды арыстанның апанындай қарпып баққан қалаға мұны да өңмеңдеткенде, шеше байғұс батадан басқа берері болмай қипақтап қалып еді. Содан бері үзіп-жұлынған есендік-саулықтан басқа көңіл демері болмай бұл байғұс та қипақтап жүруші еді. Сөйтсе... тап қазіргі сүрепетінің қасында бастағы бұрынғы кеп баланың ойынына да еру бола алмай қалғандай, шын нашарлықты енді сезінгендей сол заматында қайғының қатпары қалыңдап бара жатты.
***
Ертең-ақ жетем дегені әншейін, елегізген көңілдің шарасыз тыпырлауы ғана еді. Шалғайдағы шаһардан жер шетіндегі жетім ауылға ертеңінде тұрмақ, онан арғы күні де жете алмады. Тек үшінші күні әрең ілінген. Кеш қалыпты. Жалғандағы жалғыз қимасын ақтық рет көре алмай ана дүниеге аттанып кете барған шешесін оң жаққа салып та қойған екен.
Тіршіліктен тарынған соң, көңілінің де шалғайы жиырыла түскен безері бар ауылдасқа бет-жүзін пұлдап өткізбек тұрмақ, тегін тартса да қайрылмас еді. Тиісінше екі туып, бір қалғаны болмаса да екі күннің бірінде буаз самауырдың боз түтінімен бірге будақтап, қашан көрсең пұшық шәугімге міңгесіп отыратын азары жоқ құдайы көршінің алқауынан бас тарта алар шама қайда? Өлік өйтіп-бүйтіп ақтық сапарға жөнелтілді.
Қазада да, қалған шаруада да қаздай тізіліп кеп, қаздиып отыратын жесір кемпірлер мен келіннің қабағынан жаурағанда күншуақтап қотан кезіп кететін жетім шалдар садақадан қоң жиған шала молданы сақалынан жетелеп келіп, жетісін өткеріскен болды.
Жүн жеп, жабағы тастамаса да, жүдеп жүріп қырқын берді.
Тірісінде түк көрмеген шешені өліп қалған соң қай ұшпаққа шығара алсын?! Тек әйтеуір о дүниелектерге шолақ аяттай қайыры болмаса да, бұ дүниеліктер парыз атаулының төресі көретін бір қарекетті бұл да медет тұтқан. Сөйтіп қайткенде де шешесінің басына тас қоюды ниет етті. Бірақ тілінде кәлимасы бардың қаушағында жатып та күнәнің есебін түгендей аларлық ырқымен құдайынан безгеннің құлқынына шырға салған бір қылмыстан бейхабар еді...
***
Аулынай осы ауылдағы қабырғасы жабық жалғыз адам - балағын бит жеп, жағасын ит тартып жатса да ай қарап отыратын аңқау елді арамзалығымен ноқталап, енді болмаса ауаның өзін текшелеп сатудың аз-ақ алдына жүрген біреу еді. Алайда қара судан қаймақ қалқыған ысқаяқтығы жұртта жоқ қылмысқа жетелейді-ау деп өзге тұрмақ өзінің де еш ойламағаны және рас. Шаруадан қажыған кісімсіп былғары креслода мыжылеееп отырған. Аяқ астынан кеңсені аю кіріп кеткендей дүрліктіріп, зәрін шаша жеткен кәрі жеңгелерінің бірі орнынан жұлқып тұрғызғандай болды.
- Ана кірме кемпір неге шалымның қасында шәлжиіп жатыр?!
- А? Сіздің шалыңыз баяғыда...
- Не, өлмелі кезінде керек болған шалды, өліп қалған соң итжемеге тастапты деп пе
ең? Әлде өзім барғанша тізесін жылтып жатсын дедіңдер ме?!
- Жеңеше-ау, түк ұқсам бұйырмасын, сіз осы не айтып тұрсыз?
- Не айтушы ем, ана кемпірді апарып менің шалымның қасына көміпті. Қабір бос
жерден қазыла берсін деп сен айтқан дейді.
- Ия... ол онсыз да солай болат та ғой... Аулынай креслосын ыңырсыта шалқайып,
темекі тұтатқан. Жеңгесі де жеңіле қалатын қалып танытпады:
- Әй, ол менің жерім! Спрәпкім бар.
- Ойбай-ау, жеңеше, ондай спрапкі кезінде кімге берілмеді. Тізімді өзің жасамап па
едің деген кісіше жеңгесінің жүзіне бежірейе қараған еді, еріні бүрісе жыбырлап ырыққа көнбей тұр екен. Сосын түйіншегінен ағытылған дорбадай неме барқырай сөгілді:
- Әй, қайным, сен өзің сол бір бет қағазды құйрық сүртіңдер деп тегін таратқандай
шалқаясың ғой, тіпті!
- Енді... тегін таратпасақ та... - оқшырая төнген кәрі жеңгесінің жүзінен көз
тайдырып, желкесін қаси берді, - қазынаның мөрін су тегін-ақ басып бергеміз жоқ па.
Кемпір кемсеңдеп отыра кетті:
- Сонда мені қайда көмбексіңдер?
- Қайда көмгені несі, сіз әлі тірі отырсыз ғой...
Қайта-қайта алдын орап, сөздің соңын құрдымға жетелей берген аулынайдың бұнысы
енді шымбайына шын батқан кемпір көз жасын сап тиып, шатынап шыға келген.
- Сонда не, мені осылай өлмей жүре беретін сайтан деп пе едіңдер?! - Көк түтіннің
ар жағынан түтіге тұра келген кемпір расында албастыдай сұсты еді, - Көп сөзді қой, сен қайным. Ана жемтігіңнің еті сөгіліп, жамбасым тиер жерге жайылып кетпей тұрғанда шалымның іргесін босаттырып бер. Әйтпесе... - әйтпесе не болары жөпелемде аузына түспегендей еріні жыбырлап аз тұрды, - әйтпесе... осы уаққа дейін ішкен-жегеніңді жіпке тізгендей қып үстіңнен арыз жазам!
Кемпір сөз осымен тәмам дегендей тасыр-тұсыр шыға жөнелді.
Құтырған құйындай жайпап өткен шайпау жеңгенің бір кетсе қатты кетерін ойлағанда қипақтап отыра алмады. Аузындағы ақ ит пен көк итті қарғыбаусыз қоя беріп, көрде жатқан жетпіс жеті атасын тап темекінің тұқылымен қоса шайнап тастардай тік тұрғызып, қайта жусатып барып сабасына түскен. Сосын талай былыққа тамыздық тастамай тұрғанда кәрі жеңгесінің кәрінен құтылудың қамына кірісті.
***
Осы ауылдың қаңғалақтаған екі аяқтысы тұрмақ, қаңғыбас иттеріне дейін қай қотаннан боқ жеп, қай бұрышқа сарып кеткенін тіміскілеп біліп отыратын аулынайға, қабірстандық аумақтың да әр сүйемі тап өзінің сүйегі шүйіншіге шашылғандай мәлім еді. Қас қылғанда, қатар жатса қиямет күніне дейін қол ұстасып бірге баратындай-ақ кәрі әке-шешесінің әйтеуір бір өлерінен үмітті жұрт тебінгідей жерді де сәнтіметрлеп бөлісіп алыпты-ау. Рас, тірілерді жалған спрапкімен дуалап, алаңсыз аттанысқа кепілдік бергені үшін ақшаның астында қалған. Кезінде. Ендігі сиқы мынау. Әлі топырағы суымаған кірме кемпірді жатқан жерінен суырып ап, тепкілеп қайта көмер жер таппай миы ашып отыр. Және естіген жұрттың екі көзі төбесіне шығып, тап сол тұрған орнында-ақ жынданып кетері бек мүмкін сұмдық іске кімді жегерін білмей тағы дал.
Ә дегенде шешесі жатқан жердің жайын ұлына естіртпек болған. Бірақ о немесі өлгенін қорлатып қойып қарап тұрар дейсің бе, «неге-негенің» астына алса не бетін айтпақ? Неге олай болғаны ойдағы он ауыл, қырдағы қырық қалаға жайылса ше? Одан арғы көр сатудан көрер азабы көрге дейін таусыла қояр ма екен? Басқа бір ебін табу керек.
Айдалада қалған бір кемпірдің сүйегі сайда саны, құмда ізі жоқ қаңғыбас ұлдың қайрылып соғар қағбасына айналар деймісің? Өзін осылай деп жұбатқан болды. Оның үстіне бар пәленің қоламтасын қоздатып кеткен әлгі шайпау жеңгесін бүгін-ертең онсыз да құдай алмастай көрінген. Ақыры ары ойлап, бері ойлап, адамын аруаққа шет қылған харам іске жетім Қалақ пен арақкеш Пивакиннен басқа ешкімді қолайлы көрмеді...
***
Пивакин атам заманнан кеңсенің от жағушысы еді. Күлге аунаған қотыр түйедей қысы-жазы қожалақ качегарканың ысына қақталып жата беретін. Қалақ алқаптық жері жүз жылға жалға кеткен салбөксе ауылдың алқымы қаңсып, әлдеғашан саудырап сүйегі қалған комбайнсымақтары мен кеңсірігі сәңірейіп, миы ақтарыла шоңқиған тракторларының қаңқасын күзететін. Оны да үйшігінде тұтқыштай илектеліп жатқан жерінен аршып алды. Өмір сүру біріне - бар болғаны кеңірдек жібіту, екіншісіне - қайтіп те болса тамақ асыраудай көрінетін қос мұндар, керек десең кірме кемпірдің жатқан жерін топырағымен қоса қопарып көшіріп жібереміз десіп дүрілдеп отырды...
***
Түн сүттей жарық еді. Батылдық үшін бір жартылықты қылдай бөліп қотарып алған екеуі әуелі қабірдің жалын бір қапталға жаймалай сырғытты. Содан соң қалған топырағын қобырата күреп, бет ағашқа дейін тақырлай тазалған. Бет ағашты бестің тақтайларынан көлденеңдей тізіп, жалаң қабат тастаған екен. Қолы ұзын ербекейлеу Пивакин жүрелей еңкейіп, аяқ жағынан бастап бір-бірлеп алып Қалаққа бере бастағанда, кебіні жарқ еткен мүрде құбылаға қарай бозара сорайып бара жатты. Бет ағашын сыпырып алған соң да міз бақпаған қос дүлей қарап тұрмай қолдарына бір-бір кеп қанар ұстап ішке түскен. Сосын мүрдеге бірі басынан құрсақ тұсына дейін, екіншісі аяғынан омыраудың астына дейін қап кигізіп, орай көтеріп ернеуге қойды да, өздері секіріп сырқа шықты. Айналасы бие сауымда жас қабірдің қорыс-қопасын шығарған екеуі қорықпақ тұрмақ тітіркенген де жоқ, сүйекті көмір таситын қол арбаға көлденең өңгеріп, зираттың желке түсына қарай сүйрей жөнелді. Бара, тап қашаның іргесінен асығыс қазылғанда болмағанда, мықыннан да келмей қалған шұқанаққа аудара салып, бетін жасырған. Ендігі шаруа тіптен оңай еді. Бар болғаны басы қатқан жұртты білгенінен жаңылдыру. Әуелі тоналған көрдің үңірейген ауызын қайта кептеп, жан-жағына жайыла тапталған топырағын қырлай шошайтып, бастапқы нобайына келтіргендей болды. Сосын тамыздыққа жарату үшін бет тақтайларын жиып-теріп арбаға салған қос мүнәпық түк көріп, түк білмегендей ауылды бетке алып дәлдірлеп бара жатты.
ABAI.KZ