Нұрлан Дулатбеков: «Бізде сандық дәреже бар, ендігі керегі – сапалық дәреже»
- Бүгінде Алаш арыстарын түбегейлі зерттеп, ресейлік мұрағаттардан соны деректерді тірнектеп жинап жүрген - сіз бастаған ғалымдар. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді дейік. Бірақ бүгінгі әңгіменің арқауы - ғылым, соның ішінде заң ғылымына арналса деген тілек бар. Өйткені еліміздегі заң жүйесіне сын да, мін де жиі айтылады. Заң жүйесі дімкас болса, қоғамның да дертті екені аян. Жұрт өзіңізді заң ғылымының аузы дуалы, сөзі уәлі ғалымы деп таниды. Бүгінде ғылым дара болғанымен, ондағы ғалымдар қақ айырылды: бірі - нағыз ғалымдар, екіншісі - қуыршақ ғалымдар. Яғни соңғысы - ғылымға кездейсоқ келген көлденең көк аттылар. Көк аттылар көбейген сәтте ғылымның аспандағы атағы құлдилап, бақайға бір-ақ түскендей. Өзі сыннан шыпыртқы жеп жүрген заң ғылымына бұл жығылғанға жұдырық болғандай ма, қалай?
- Бүгінде Алаш арыстарын түбегейлі зерттеп, ресейлік мұрағаттардан соны деректерді тірнектеп жинап жүрген - сіз бастаған ғалымдар. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді дейік. Бірақ бүгінгі әңгіменің арқауы - ғылым, соның ішінде заң ғылымына арналса деген тілек бар. Өйткені еліміздегі заң жүйесіне сын да, мін де жиі айтылады. Заң жүйесі дімкас болса, қоғамның да дертті екені аян. Жұрт өзіңізді заң ғылымының аузы дуалы, сөзі уәлі ғалымы деп таниды. Бүгінде ғылым дара болғанымен, ондағы ғалымдар қақ айырылды: бірі - нағыз ғалымдар, екіншісі - қуыршақ ғалымдар. Яғни соңғысы - ғылымға кездейсоқ келген көлденең көк аттылар. Көк аттылар көбейген сәтте ғылымның аспандағы атағы құлдилап, бақайға бір-ақ түскендей. Өзі сыннан шыпыртқы жеп жүрген заң ғылымына бұл жығылғанға жұдырық болғандай ма, қалай?
- Кезінде қазақтың арыс ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев іргетасын қалаған Ғылым академиясы араға 17 жыл салып, яғни осыдан тура жарты жыл бұрын жаңа мүшелер қабылдады. Солардың қатарына қабылдана отырып, кешегі күні академияға мүше болған, еліміздің заң саласын дамытуға атсалысқан, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен С.Зиманов, С.Сартаев, М.Баймаханов, С.Сәбекенов, М.Сүлейменов секілді майталмандарымыз туралы ойладым. Олар ұлттық заң ғылымының қалыптасуы мен өркендеуіне ерекше еңбек сіңіріп, Ұлттық Ғылым академиясының мүшелігіне лайықты деп танылған тұлғалар еді. Әсіресе С.Зимановтың орны бір төбе. Ол кісі сонау кеңестік дәуірдегі заң ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан, одан беріде еліміз Тәуелсіздік алған тұста және онан кейін де заң саласында өлшеусіз еңбек етті. Еліміз Тәуелсіздік алған уақытта С.Зиманов пен С.Сартаев ақырып теңдік сұрап, Парламент мінберінен сөз сөйлеген кездерде талайдың көмейіне құм құйылды. Себебі олар біліми потенциалын ел игілігіне жұмсай білген қас азаматтар еді. Тәуелсіздік алар алдында Ресей, Украина және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының қатысуымен «Одақтық келісімшартты қалай өзгертеміз?» деген мәселенің талқыға салынғаны есімде. Сондағы С.Зимановтың рөлі - өз алдына жеке тақырып. Мәскеулік менменсіген ғалымдарға теориялық тұрғыда тосқауыл беріп тастап, дәйекті ойы, тұжырымды пікірлерімен талайға таңдай қақтырған еді.
Кейін Тәуелсіздік алдық. Күн тәртібіндегі ең бір маңызды деген мәселелер қатарында заңдарымыздың қандай болуы тиіс екендігі тұрды. С.Зиманов мұнда да, әсіресе декларация, тілге қатысты мәселелерде ел мүддесіне лайық деген ойларын ашық айтумен болды. Қазір енді өткенге көз жүгіртіп ойлап отырсам, сол уақыттағы ұлт мүддесіне қатысты іске тек азаматтық, ұлт сүйетін бейне ғана емес, белгілі бір ғылым деңгейіндегі орын аса қажет болған екен. Қарсыластарын теориялық, ғылыми тұрғыдан тұқыртып алғаннан кейін ғана ел мүддесіне орай қадам жасаудың ұтымды екенін жете ұғынған екен сол сәттерде. Заң саласындағы өткір мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткен бірден-бір күш те - осы. Мұнысын көрегенділік десек артық айтқандық емес. Осының барлығы сол кездегі жас ғалымдарға, бізге, өте зор әсер етті. Содан барып бізде «осы кісілердей болсақ...» деген арман пайда болды. Сол кісілер салып кеткен жолдан адасып, Ғылым академиясын солар көтерген биіктен төмендетпесек екен дейміз. «Ғылым академиясына енді біз қандай үлес қоса аламыз, бұрынғылардың деңгейінен көріне аламыз ба?» деген сұрақ бәрімізді де мазалайды.
Рас, академияның балапан басына, тұрымтай тұсына келген сәтте мәртебесін төмендетіп алған кезі де болды. Оның түрлі себептері бары да рас. Ал қазірде ғылым дамуының мынадай өзіндік алғышарттары бар: біріншіден, ғылымды қорғайтын күш - мемлекеттің экономикалық жағдайы; екіншіден, жұрт ғылым мен нарыққа бейімделу қажеттігін түсінуі керек; үшіншісі - ғылыми потенциалдың мықтылығы. Кеңес Одағы кезінде білім алғандардың потенциалы салыстырмалы түрде жоғары, басқаша айтқанда, өзге мемлекеттерге қарағанда, бізде ғылыми потенциал күшті, бір емес, екі-үш ұрпаққа жетерлік болды; төртіншісі - мемлекет. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ғылымға бөлінген қаржы мөлшері қазіргіден анағұрлым аз еді. Ал бүгінде ол жағдай мүлде өзгерді. Барша қазақстандық куә болып отырғандай, ғылымға деген қолдау Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында соңғы екі-үш жылдың өзінде еселеніп сала берді. Қаржының қомақты бөлінуі басты назарда ұсталып отыр. Ендеше, бұл мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдалануымыз керек. Азаматтарымыз Ғылым академиясы академигі атағын алғанына малданып немесе соны дәтке қуат етіп әрекетсіз отыра берсе, іс алға баспайды. Академияға тың күштер қажет. Яғни елге пайдасы тиетін шараларды көптеп ұйымдастырмайынша, ғылым дамымайды. Академия мүшелігіне ғылымға берері жоқ, алайда уақытында ғылыми атағын алып алған кездейсоқ адамдар өтетін болса, одан ғылымымыз өркендемейді. Ғылым академиясының әрбір мүшесінің алдында зор міндет, таудай жауапкершілік тұр. Сондықтан мұндай жауапкершілікті сезінбейтіндер мен ғылым саласынан алыс жүрген азаматтар мұндай талапшыл орынға лайық емес деп білемін.
- Шекспирдің «Гамлетіндегі» «Қалмақ па, әлде болмақ па? Екі сауал - екі ұдай?» дейтін сұрақты академияның ахуалына арнаса, тап тамыршыдай тынысын дөп басқандай ма?
- Кейбір ғалымдар, шын ғалым бола тұра, академияға келіп мүшелікке өтуге немесе жарысқа түсуге ықтиярсыз. Және олардың дені көбіне-көп шетелде, түрлі салада жүреді. Менің ойымша, академия оларды өзі іздеп тауып алуы тиіс. «Сен академияға қажетсің, сенің миың, қызметің елге керек» деуі тиіс. Кезінде бір жаңсақтық жібердік. Қарапайым тілмен айтқанда, ғылыми атақ қорғауды және беруді тым жеңілдетіп жіберген сияқтымыз. Соның салдарынан болар, біраз жұрт ғылымға оны көркейтемін деп емес, негізінен, жай бір қызығушылықпен немесе мансапшылдықпен келгенге ұқсайды. Осыдан барып ғылымның деңгейі түсті де кетті. Ойыншыққа айналды. Сөйтіп, ел арасында ғылым докторларына деген екіұшты көзқарас қалыптасты. Ара-жігін ажырата алмауға айналды, ғылым докторы десе, езу тартатын күйге жетті.
Міне, 17 жылдан кейін Ғылым академиясы сайлау өткізді. Ғылымға еш қатысы жоқ көп адам бірінші сайлауда да Ғылым академиясына кіргісі келетін ниеттері барын аңғартты. Жақында тағы сайлау өтеді. Сонда да көбейетін сыңайлы. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін академия басшылығы, президиумы, оның мүшелері принципшілдік позицияда болуы керек. Егер академия мүшелігі қатарында ғылыми атағын кезінде Ғылыми кеңестер әншейін үлестіріп бергендей уақытта сәті түсіп алған адамдардың қарасы көбейетін болса, Ұлттық Ғылым академиясының мәні қалмайды.
Өткен сайлауда академия мынадай бір маңызды принципті ұстанды: Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне тек қана жасы 50-ге дейінгілер өтуі керек болды. Оның себебі 17 жылдан бері біздің Ұлттық Ғылым академиясы мүшелерінің біразының жас шамасы жер ортасынан ауып қалған еді. Сондықтан жаңа толқын, жаңа із келу үшін, Елбасының тапсырмасы бойынша, осындай шара арнайы қолға алынған болатын. Әрине, бұл - құптарлық іс. Жаңа толқын қай жерге, қай салаға болса да қажет. Бірақ сол сайлаудың өзінде 60-ты алқымдап қалған біраз адам арагідік өтіп кетті. Рас, олардың ғылымға жаңалық енгізгендері де бар. Бірақ көбісі әкімшілік қызметтегілер еді. Өкініштісі - солардың шын айқастан өтпегендігі. Егер шын ғалым болса, неге бәсекеге түсіп барып өтпеске? Әйткенмен кейде мұндай қадам жасалмай жатты.
- Абырой жинау оңай емес. Бірақ, Құдай сақтасын, оның төгілуі қазір-ақ. Жоғалған мүлік, зат, дүние табылуы мүмкін. Алайда философиялық тұрғыда абстрактілі ұғым - мәртебе, абыройды іздегенімен, оның өздігінен пайда болмайтыны тағы аян. Сонда қайтпек керек?
- Қайтпек керек?! Менің ойымша, Ғылым академиясы, оның мүшелері осы бағытта қызмет жасауы керек. Егер Қазақстан экономикасына, әлеуметіне Ғылым академиясы мүшелері еңбектерінің пайдасы тисе, бір кездері түскен бедел қайта көтерілер еді. Ал ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындарды алар болса, онда ендігі бір сайлаудан кейін академияның ең төменгі деңгейге түсеріне күмәнім жоқ.
Мен сайлауды былай өткізсе деймін: әр саланың белді ғалымдары кеңесе отырып, шын ғалымдарды академияға өздері іріктеп беруі тиіс. Қазіргі Қазақстан - бәсекеге қабілетті, нарықтық қатынастарды түсінген мемлекет. Елбасы алдағы жылдарда атқарылатын үлкен міндеттер қойып отыр. Соның бірі - ЭКСПО-17 көрмесі. Демек, бұл дегеніміз - Қазақстанды барша әлемге жаңа қырынан, яғни экономикасы мен ғылым-білімі, мәдениеті дамыған ел ретінде танытатын тамаша мүмкіндік. Ендеше, Ұлттық Ғылым академиясына Қазақстанның экономикасын, әлеуетін, күш-қуатын арттыруға қабілетті тұлғалар керек. Бізді құртатын - көңілжықпастық. Менің ойымша, сайлау жиі болмауы керек.
- Ұлттық Ғылым академиясы - қасиетті қара шаңырақ, оның ішіндегі әрбір ғылым саласы бір-бір отау секілді. Ұлттық Ғылым академиясындағы атмосфера өзге ғылымдарға да әсер етпей қоймайды. Өзіңіз суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген заң ғылымындағы ахуал сізді алаңдатпауы мүмкін емес...
- Заң ғылымына ойыссақ, ол қалыптасқаннан бері негізін мықты ғалымдар қалап кетті. Еңбектері күні бүгінге дейін классика ретінде бағаланып жүр. Отандық криминологтердің еңбектері тек Республика көлемінде ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағында да үлкен беделге ие еді. Қылмыстық құқықтың өзекті мәселелері, қылмыс пен жаза төңірегіндегі, оның алдын алу, себеп-салдарына арналған іргелі еңбектер кезінде осылай лайықты бағасын алған. Байқаймын, дегенмен соңғы кездері тоқырау бар. Неге десеңіз, дәстүрлі ғылыми қорғау жабылып қалды. Себебі бізде ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары көбейіп кетті. Осы тұста бір әттеген-ай жібердік. Қандай дейсіз ғой? Осы ғылыми атақты қорғағандардың қаншасы ғылымда, ғылыми мекемелерде, жоғары оқу орындарында жүргендігіне талдау жасалмады. Ал жеме-жемге келгенде, ғылыми атағы барлардың небәрі 30 пайызға жетпейтіні ғана нағыз ғылымда жүр. Қысқасы, қалған 70 пайызының біразының іс-әрекеті, қызметі ғылымға тікелей қатысты емес, арнайы айналыспайды. Демек, дәстүрлі ғылыми қорғау жабылған соң, ғылыми атақты мансап үшін қорғап алғандар мемлекеттік қызметіне кете барды. Қазір университеттерде бұрынғыдай Ғылыми кеңес жоқ. Содан барып ЖОО-ларда ғылыми атағы бар оқытушылар құрамының пайыздық деңгейі тоқтап қалды. Көтерілмейді. Неге? Өйткені ғылыми атағы болғанымен, көбі университетке келіп жұмыс істемейді. Ал қорғағысы келетін білімді ізденушілер қорғай алмайды, жүйе басқа. Енді Ph доктор деген шықты. Ол да дұрыс шығар...
- Бірақ...
- Бірақ мұнда талап өте қатаң. Бұл жүйе арқылы қорғау үшін импакт-фактормен мақала шығуы керек. Ол - әлемнің бірнеше елінде ғана шығарылатын ғылыми журнал. Ал оған қатардағы мұғалімнің мақала шығаруға шамасы келмейді. Себебі бағасы өте жоғары. Ойлап қараңыз, оқытушы екі айлық жалақысына мақала шығара ма, әлде бала-шағасын асырай ма? Рас, мақала шығару математика, физика, техника секілді нақты ғылым саласындағыларға жеңілірек. Өйткені бұл бағытта біздегі ғылым деңгейі шетелден жоғары және журналға осы бағыттағы ғылыми мақалалар қабылданады. Олардың мүддесіне сай келмейтін біздегі қазақ әдебиеті, қазақ тілі, Қазақстан тарихы немесе қазақ философиясы, қазақ құқығына қатысты мақалалар шығарылмайды. Шетелдік басылымға мұның қажеті жоқ. Айталық, қазақ тіліндегі етістік, көсемшенің жұрнағы я қазақ әдебиетіндегі қандай да бір кейіпкердің рөлі ағылшынның импакт-факторы бар журналға қажет пе? Қажет емес! Міне, осыдан келіп біз тығырыққа тірелдік. Мысалы, ғылыми атақ алу үшін ізденушілердің көбісі Қырғызстанға ағылуда. Бұл не деген сұмдық?! Қазақ ғалымдары енді барып қырғыздың ғылымын көтере ме? Бұл мәселені ойланып барып іске асыру қажет еді. Ғылыми кеңестерді жапқанда, осындай салдары ескеріліп барып қадам жасалуға тиіс еді.
Айталық, Ғылыми кеңестер жабылады деген хабар тарағаннан кейінгі соңғы бес айда кімдер қорғағанын білесіз бе? Қорғағандардың басым бөлігі - таныс-тамыры барлар. Ал ғылымға шын жанашырлардың көбісі далада қалды. Осы істе ғылымға бағыт-бағдар болып отыратын министрлік тиісті қадамға бара алмады, мәселенің оң шешім табуы жолындағы үдеден шыға алмады.
- Осындай кереғарлықтың бәрі ғылым атаулыға, заң ғылымына да тұсау болып тұрған сыңайлы. Әсіресе заңнаманың әуелі орысша мәтіні дайындалып, кейін қазақ тіліне аударылуы сынды өзекті жайттарды шешуде істің ілгерілемеуі шын ғалымдарымыздың аздығы емес пе екен?..
- Шыны керек, мені заңдарымыздың мемлекеттік тілде сөйлеуі қатты толғандырады. Қоғамда заңды түсіну үшін орысша нұсқасын оқыған абзал деген пікір қалыптасқан. Бұл не? Бұл - ана тіліміздегі заң ғылымының дамымағандығы. Терминологияның қалыптаспағандығы. Жасыратыны жоқ, Парламенттегі заң қабылдау процесі, қазақ тіліндегі заң қабылдау жүйесі екінші рөлде. Елеусіз, ескерусіз қалып отыр. Үш көшірмесін әкеліңдер дегенде, соның біреуі қазақша бола салсыншы деген немкеттілік тұрғандай болып көрінеді. Содан кейін ол қайтіп дамысын? Осыдан екі жыл бұрын әріптестерімізбен «Қылмыстық заңнаманы мәтіндік сараптау тәжірибесі» деген еңбек жаздық. Онда басты заңдардың орысшасын алып, қасына қазақша мәтінін жазып көрсеттік. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қазақша нұсқасын зер сала оқысақ, негізінен, оған мағыналық аударма емес, сөзбе-сөз аударма, ресми тіл емес, көркем әдебиет тілі тән екеніне көзіміз жетеді. Соның салдарынан кодекс тілі шұбалаңқы, екіұшты, әркелкі болып келеді. Терминдерді қолдануда бірізділік жоқ. Кейбір сөздердің баламасының дұрыстығы күмән тудырса, кейбірінің аудармасы құлаққа оғаш естіледі. Заңның қазақша қабылдануы қалай болуы тиістігін дәлелдейтін мәтіндерді ұсынғандығымыз да сондықтан. Онда әрбір заңды қазақша қабылдау керек дегенді тайға таңба басқандай көрсетіп бердік. Өкінішке орай, көпшілік әріптестеріміздің оны қабылдамақ тұрсын, түсінгісі де келмеді.
Бізде мынадай бір тәжірибе қалыптасқан: заң жобаларының дұрыстығына көз жеткізу үшін шетелдік сарапшылар пікіріне жүгіну. Дұрыс екендігіне осыдан кейін барып иланамыз және солай қабылдаймыз. Ал шетелдің менталитеті қазақтың менталитетіне қайдан сай келсін? Түсінбеушілік пен кереғарлық осындайдан пайда болады. Оның үстіне, шетелдік сарапшыларға еңбекақы ретінде бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр.
Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ана тілінде заң саласына қатысты оқулықтар жоқ болатын. Терминдер сол орысша қалпында қолданылатын. Белді заңнамаларда, ана тіліміздегіні айтамын, қате өріп жүретін. Бірақ содан бері 20 жыл уақыт өтті. Сонша уақыт өтсе де, бүгінде заң ғылымының мәселелері жетерлік, әлі де толық шешілмей келе жатқан тұстары бар. Мәселен, жоғары оқу орнын жыл сайын мыңдаған заңгер бітіріп шығуда. Олар қандай оқулықпен оқып жатыр? Ол да - проблема. Алайда сеңді қозғалтқанымыз да рас. Заң саласына қатысты көптеген оқулықтар, ғылыми-монографиялық еңбектер жарық көрді. Бірақ қоғамымыздың өркендеу қарқынына аталған саладағы кітаптар ілесе алар емес. Бізде сандық дәреже бар, ендігі керегі - сапалық дәреже.
- Заң ғылымындағы тіліміздің тұғырын биіктету үшін қандай қадам жасауды ұсынар едіңіз?
- Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтереміз деп бас ауыртқалы қашан? Өз басым Малайзия тәжірибесін ұсынар едім. Малайзия да біз сияқты екен. 50 пайызы - малайлықтар, 50 пайызы - қытайлар. Алғашқыда малай тілінде сөйлейтіндерінің үлесі небәрі 10-15 пайызды ғана құраған. Содан олар қайтті дейсіз ғой? Олар бизнесті, банктік операциялардың барлығын малай тіліне аударған. Заң тілін малайға аудартқан. Бітті! Жиырма жылдан соң халықтың 90 пайызы малай тілінде сөйлеп шыққан. Бизнес, заң тілін тап соларша қазақшаласақ, басқаның да қазақша сөйлеріне күмән жоқ. Біз болсақ, қазақ тілін дамытамыз деп миллиардтаған қаржы бөлеміз. Содан кейін пәленбай ақынның, жазушының шығармасын шығарамыз. Әрине, ол да - керек дүние. Бірақ оны оқитын да, қазақ тілінде көретін де - сол баяғы таза қазақша сөйлейтін азын-аулақ қазақтар. Басқа жұрт біздің тілді меңгерсін десек, ең алдымен қазақ тіліне деген қажеттілікті, сұранысты туғызуға тиіспіз. Қазақ тілі сонда ғана дамиды. Ал ол сұранысты басқа емес, заң мен бизнес тілі туғызуы керек.
Алашқа айтар датым...
«Алаш» деген сөзде бір қасиет бар. Рухыңызды көтереді. Бойыңызға жігер, ойыңызға қуат құятындай. Сондықтан Алаштың рухын көтеретін, «ұраным - Алаш, керегем - ағаш, киіз туырлықты қазақпыз» дейтін елдің, жұрттың жоғын түгендеп, барын биіккке шығаратын азаматтар көп болсын!
Сұхбаттасқан: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Қарағанды
«Алаш айнасы» газеті