Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3620 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 10:54

Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор

   

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор

- Сіздің Арқалық қаласына келгеніңізге сегіз айдай уақыт өтті. Осы аз уақыт ара­лы­ғында қаланың көп жылдар бойы шешілмеген түйінді мәселелері қолға алынды. Сондай-ақ Арқалықты жаман атқа иелендіріп тұрған қиранды үйлерді бұзуға ден қойдыңыз. Сырт аймақтарда Арқалықты депрессиялық қала деп санайтындар көп. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған кешегі қиын-қыстау ке­зең­дерде сынып-қираған мөлтек аудандар екені сөзсіз. Қиранды ғимараттардан құтылудың қандай жолдары бар?

   

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: Ұлттық тәрбие беруде әкімдердің рөлі өте зор

- Сіздің Арқалық қаласына келгеніңізге сегіз айдай уақыт өтті. Осы аз уақыт ара­лы­ғында қаланың көп жылдар бойы шешілмеген түйінді мәселелері қолға алынды. Сондай-ақ Арқалықты жаман атқа иелендіріп тұрған қиранды үйлерді бұзуға ден қойдыңыз. Сырт аймақтарда Арқалықты депрессиялық қала деп санайтындар көп. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған кешегі қиын-қыстау ке­зең­дерде сынып-қираған мөлтек аудандар екені сөзсіз. Қиранды ғимараттардан құтылудың қандай жолдары бар?

- Тоқсаныншы жылдары дағдарыстың салдарынан ықшамдалуға мәжбүр болған қа­лалардың қатарында ең көп қиындық көрген Арқалық қаласы шығар. Себебі бұрынғы Тор­ғай облысының орталығы болған шаһардың инфрақұрылымы облыстық ауқымға сай жа­са­лынған еді. Бірталай адамға табыс көзі бол­ған зауыт-комбинаттар, әлеуметтік нысан­дар жұмыс істеп тұрды. Осындай дәуірлеп тұрған облыстың ықшамдалуына не себепкер бол­ды? Дағдарыстың ең бірінші толқыны - зауыттар жабыла бастағанда етек алды. Жұмыссыз­дық­тың салдарынан халық басқа аймақтарға қо­ныс аудара бастады. Екіншіден, облыстың жабылуы ауыр соққы болып тиді. Одан кейін жылу, жарық, су тұрақты берілмей, қаланың бертін келе тұрғызылған шеттегі шағын аудандарда жұрт үйлерін тастап, үдере көше бастады. Осындай қиын өткелдерді бастан кешірген бұрынғы облыс орталығында қазіргі таңда шамамен 200-ге жуық қиранды ғимарат бар. Айтайын дегенім, Арқалық өзге елді ме­кендердей шағын қала емес, бұрынғы облыс орталығы болғасын бұзылған үйлері де аз бол­ған жоқ.

Алайда Арқалықтың бұрын жасалған об­лыстық инфрақұрылымынан біраз нысандар аман қалғанына шүкіршілік етуіміз керек. Мысалы, жалғыз Торғай өңірінен ғана емес, республиканың түрлі облыстарынан келген жастарға білім беріп жатқан Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, төрт колледж, бір кәсіптік лицей, облыстық жасөспірімдер театры, облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайы, аймақтық ден­саулық сақтау мекемелері, тағы басқа маңызды мекемелер жұмысын тоқтатқан жоқ. Былай қарап тұрсаң, бұзылған үйлерден басқа, Ар­қалықты депрессиялық қала дейтіндей дәнеңе де жоқ.

Әрине, шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Соның бірі - бағасы қымбатқа түсетін мазут отыны. Арқалықтың жылу беретін қа­зандықтары тек мазутпен ғана жұмыс істейді. Қала қыстан аман шығуы үшін республикалық бюджеттен жылына қыруар қаражат бөлініп тұрады. Таяу жылдары тас көмір жағатын қа­зандық салу жоспарда бар. Бұл жоба іске асса, қаланың көптен күткен өзекті мәселесі шеші­леді. Үш-төрт жылда құрылысы аяқталатын Арқалық - Шұбаркөл темір жолын есепке ал­ғанда, тас көмір жағатын қазандықтың қаншалықты тиімді боларын бағамдау қиын емес.

Сонда, қаланың бедел-бейнесін түсіріп тұрған бір нәрсе ғана қалады. Ол, жаңағы, бұзылған ғимараттар. Егер олардан құтылатын болсақ, Арқалық, шын мәнінде, әдемі шағын қала болып шыға келеді. Олар тек эстетикалық тұрғыдан жағымсыз әсер беріп тұрған жоқ, қала тұрғындарына тікелей қауіп төндіріп тұр. Басым көпшілігі апаттық жағдайда. Арқалыққа келген күннен бастап, терезелері үңірейіп тұр­ған үйлерден құтылудың жолдарын із­дестірдім. Оларды табанда бұзып тастау да оңай шаруа емес. Алдымен әр үйді техникалық сараптамадан өткізіп, арнайы құжаттарын дайындау керек. Бұл жұмысты жақында аяқ­тап, Үкіметке өз ұсынысымызбен бірге тап­сыр­ған болатынбыз. Ұсынысымыз қолдау тауып, таяу уақытта оларды бағытты жары­-лыс әдісімен құртуға қосымша қаражат бө­лінетіні уәде етілді.

- Сіз қалаға әкім болып тағайындалған күннен бастап әкімдіктің жұмысы жаңа фор­матқа ауысты. Бір байқағанымыз, әр істің жариялы түрде жоспары болғанын қалайсыз. Мысалы, Арқалық қаласын абаттандыру жөніндегі буклет. Онда нақты жыл аяғына дейінгі жұмыстар деректермен, салыстыр­малы фотосуреттермен көрсетілген. Бүгіндері осындай үлгіде қаланың және әр ауылдың даму жоспарлары әзірлену үстінде. Бұл cізге де, әр ауыл әкіміне де үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Алдын ала берілген уәдені орындауда қиындықтар туып жатпай ма? Және осындай форматта жұмыс атқару қан­шалықты тиімді?

- Әкімдіктің қай шаруасы болмасын, одан халық хабардар болуы тиіс. Бір жоба белгіленді ме, ол қашан орындалатыны және қандай бо­латыны жайында толық мағлұмат халықтың назарына ұсынылуы керек. Бір жағынан бұл халық үшін тиімді, екіншіден, әкімдерге де нақты жұмыс жоспары.

Әкімдермен қоса, мемлекеттік мекеме­лер­дің жұмысы да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіліп тұруы керек. Бұл «біз осындай жұмыстарды атқардық» не бол­маса «осындай шараларды жоспарлап қойдық» деп мақтанған емес. Бұл - халық алдындағы есеп. Себебі әкімдер де, мемлекеттік мекеме­лер де халықтың игілігі үшін қызмет етеді.

Әрине, халықпен жоспарларыңмен бөлісіп, таяу уақытта қандай жұмыс атқаратыныңды белгілеп көрсету - қосымша жауапкершілік жүктейді. Қиындық та болады, бірақ халық­тың сенімін ақтау үшін бар күш-жігеріңді жұмсайсың. Сондықтан кездейсоқ адам әкім болмауы керек, өз мүмкіндігін бағамдай ала­тын адамдар ғана әкімдік қызметте болуы шарт деп есептеймін.

- Осы орайда, ауыл әкімдерін сайлау ту­ралы пікіріңіз қандай? Әкімдерді сайлау жер­гілікті халыққа каншалықты тиімді?

- Жалпы, мен тек ауыл емес, қала мен аудан әкімдердіңде сайлануын қалаймын. Оның тиімділігі неде? Әкімге сайлау өтетін болса, депутаттардың сайлауалды үгіт-на­сихатында айтылатын уәделер сияқты әр үміткер «Мен нақты осындай жобаларды қолға аламын» деп өзіне белгілі бір міндет жүктер еді. Сайланған кезде халық сол мін­дет­тердің орындалуын талап етуге құқылы бо­лады. Егер әкім берген уәделерін орындай алмаса, оны қызметінен мерзімінен тыс шет­тетуге заңда тетік болуы керек. Сонда әкім­дердің алдында берген уәделерін орындау мін­деті тұрар еді.

- Әкімдік тәжірибені Ұлытауда бастап, Жезқазған қаласында да өзіндік қолтаңба­-ңыз қалды. Бір сөзіңізде «Әкімдер тек эко­но­микалық, әлеуметтік салалармен шектеліп қалмауы керек. Халықтың рухани өміріне де аса көп мән берулері тиіс» деп айтқан едіңіз. Әкімдерге талап қандай болу керек деп ой­лайсыз?

- Әкім тек өңірдің әлеуметтік-экономи­калық дамуына ғана жауапты емес. Ол за­ман­нан өттік. Бүгін әкімдерге жан-жақты болу талап етіледі. Өзімнің әкімдік қызметтегі аз­ды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, халық­тың мұң-мұқтажы ең әуелі тұрмыстық мәселе­лерге байланысты болып жататынын айта кеткенім жөн. Халықпен кездесіп, олардың талап-ұсыныстарын тыңдағанда, тұрғын үй, коммуналдық қызмет, тазалық, әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелер жиі тілге тиек болып жатады. Сондықтан әкімдер осы сала­ларға айрықша көңіл бөлулері қажет, кезек күттірмейтін күнделікті түйткілдерді шешуге тиісті. Бірақ халықтың рухани өмірімен де етене айналысу міндеті шет қалмаса құба-құп.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жеке-дара мемлекет болып қалыптаса бастаған елең-алаң шақта қалалардың, ауылдардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрделі мәселелерді шешуді қажет етті. Оларды оң­тайлы шешу үшін әкімдер коммуналдық сала­ның не болмаса шаруашылық саласының біл­гірі болса, барлығы да қош көріп жатты. Әри­не, қиын-қыстау кезеңдерде әкімдердің бұл салалардағы тәжірибесі күрделі түйін­дердің шешілуіне септігін тигізбей қоймады. Сондықтан әкім коммуналдық, шаруашылық салалардың маманы болса, ол әкімдік қызметке ең лайықты адам деген көзқарас қалыптасқаны шындық.

Ал бүгінгі күні, Құдайға шүкір, еліміз қиыншылықты артқа тастап, қарыштап дамып келеді. Қаланың күнделікті шаруашылық жұ­мыстары бір бөлек, мұның сыртында қазір осал түсіп жатқан ұлттық тәрбие жұмыста­рына ерекше назар аударылуы керек. Ұлттық мінез, ұлттық жігер, ұлттық сана-сезім қа­лыптастыру, тіл мәртебесін көтеру ісіне әкім­дер бел шеше араласса, еліміздің болашағы баянды болары сөзсіз. Тіпті әр ауылдың әкім­дерінен бастап мектептегі мұғалімдерге дейін ұлттық тәрбие мәселелерімен айналысып, ха­лықтың рухани өмірін жандандыруға өз үлес­терін қосулары керек. Ұлттық тәрбие жолында әкімдердің рөлі өте зор. Осыған дұрыс көңіл бөлінбей келеді.

Бір мысал келтірейін, мен ауданға барған­да, «Сен ауылшаруашылығының маманы емессің ғой» деп, ал қалаға барғанда «сен ком­мунальщик емессің ғой» деп сенімсіздікпен қарағандар болды. Мал шаруашылығы дамы­ған елді мекенде әкім зоотехник не ветеринар болу шарт емес, әкімнің жұмысы - ұйымдас­тыру, жаңа мемлекеттік менеджер болуы керек. Сол сияқты коммуналдық, шаруашылық мәселелері шаш етектен асатын қалаларда коммуналдық саланың маманы болу міндет емес. Әкім әр саладан хабары болуы керек. Әр саланың мықты мамандарының жұмысын ұйымдастыру керек. Нақты проблемаларды анықтап, басым бағыттарын белгілеп, қара­мағындағы мекемелерге тапсырма беріп, қа­жет қаражатын тауып, орындалуын қатал ба­қылауға алуы керек.

Ерекше атап өтерлігі - рухани мәселелер. Халықтың рухани өмірін жандандыруға, ұлт­тық құндылықтарды дәріптеуге әкім аралас­паса, онымен кім айналысады? Жарайды, ұлт мүддесін алға тартқан мәдениет, өнер қайрат­керлері бар, ақсақалдар бар, дегенмен де егер әкімнен қолдау болмаса, бұл істің ілгері басуы екіталай.

- Арқалық қаласына қарасты 19 ауыл бар. Сол елді мекендердің, сіз айтып өткен­дей, рухани өміріне қаншалықты назар ауда­ры­луда?

- Арқалықтың кезек күттірмейтін түйін­ді мәселелерін шешіп, енді ауылдардың жағ­дайын жақсартуға бел байладық. Әр елді ме­кеннің таяу үш жылға арналған кешенді даму жоспарын қабылдадық. Ал рухани, мәдени өміріне келетін болсақ, жалпы, Торғай та­ланттарға кенде емес. Осы өңірден талай ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ға­лымдар түлеп ұшқан. Сондықтан ауылдардың мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне қолдау көр­сетудің маңызы ерекше. Мысалға, ауылдардың бірден-бір рухани ошақтары - мәдениет үй­лері мен кітапханаларды алайық. Сол мәдениет саласында қызмет етіп жүргендерден жұмыс ауқымын кеңейтуді талап етейін десең, алатын айлықтары мардымсыз. Сол себептен, ауыл­дардың әр кітапханашысы мен мәдени қыз­меткерінің еңбекақысын көтердік, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік, ғи­мараттарын жөнге келтіруге көмектесіп отыр­мыз. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайын жасап беруге күш салудамыз. Енді ауылдың жас жеткіншектерін мәдениет, әдебиет әлемі­не жетелеуге, мәдени-көпшілік іс-шараларға молынан тартуға мүмкіндік молаяды деген сенімдеміз.

Сонымен қатар елді мекендер мен көше атауларына әлі де әділетті бағасын ала алмай келе жатқан тарихи тұлғалардың есімін бе­ру - ұрпақ тәрбиелеудің маңызды кілті. Жат елге бодан болмай, елінің азат болуын аңсаған қаншама ата-бабаларымыздың есімі, өкінішке қарай, аталмай жатыр. Арқалық аймағының ауылдарында күні бүгінге дейін Комсомоль­ская, Пролетарская, Ленина деген сияқты көшелер бар. Фурманово, Целинный, Мирный, Молодежный деген елді мекендердің аттары да бұрынғы Кеңес Одағынан өзгертілмей келе жатыр. Жақында өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, елді мекендер мен көше атауларын өзгерту мәселесін талқыға салдық. Жалпы, 130-ға жуық елді мекен мен көше атауларын ауыстыруды көздеп отырмыз.

Жалпы, ауылдың еңсесін көтеру үшін, мүм­кін, бір идеологиялық жұмыс қажет шығар. Бүгінгі таңда әлемде қаладан ауылға, қаладан тыс жерлерге көшу үрдісі етек алып барады. 2010 жылы Астанадан Ұлытауға бар­ғанда, «Ауылға барайық», «Ауыл үшін қызмет етейік» деп шақырған болатынмын. Білімді, іскер азаматтар өмір бойы ауылдарда тұрмаса да, үш-төрт жыл қызмет етсе, ауылдың жағ­дайы біраз оңтайланып қалары даусыз. Ауыл­дан шыққан қаншама атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері бар, соларға да үндеу тастаған болатынбыз. Ауылдың жастарымен кездесулер өткізіп, тәжірибеле­рімен бөліссе, ауылды өркендетуге қосар бір­шама үлес болар еді.

Өскелең ұрпаққа, әсіресе, ауыл жастары­-на үлгі-өнеге боларлықтай тұлғалар ауадай қажет және елеулі жетістікке жету үшін олардың алдына мақсат қоя білу керек. Көп­теген жастарда мақсат жоқ, ынтасы аз, соның салдарынан қай жерде болмасын, белгілі бір нәтижеге жете алмай жүреді. Бұл орайда ауылға танымал тұлғалар барып, жол көр­-сетіп, жөн сілтесе, қабілеттерін ашып, оларды дамытуға көмектессе, мақсатшыл жастар көбейе түсеріне кәміл сенемін.

Тағы бір көңіл қуантарлық үрдіс - ата-баба құрметіне зираттарды көтеріп, тас қойып жатқан азаматтар көп. Бұл да болса ұрпақ сабақтастығының бір белгісі, ата-баба ал­дын­дағы перзенттік парыздың игі нышаны. Сырт­та жүрген азаматтар елді сағынып, ата-бабалар аруағының құрметіне бейіттерді көтеруге, оларды тазалауға ниет білдіріп жатқаны - құптарлық іс деп білемін.

Ауыл - қазақтың көне ғасырлардан бері түп қазығы болған. Әр қазақ баласы еліміздің ұлан-ғайыр даласында өсіп, ержеткен. Сон­дық­тан қазіргі қала тұрғындары жаз айла­рында балаларын ауылды жерлерге бір-екі айға жіберсе, ауыл өмірімен етене таныс,

елін құрметтейтін, жерін бағалайтын, ауылмен байланысын үзбейтін ұрпақ өсерінде дау жоқ. Байтақ еліміздің кең жазира даласында қой бағып, қымыз ішіп, қуырдақ жеп, асық ойнап өскен ұрпақ еш уақытта ауылды ұмытпай­тыны ақиқат. Бұл да ауыл көшін ілгерілетуге бағытталған идеологиялық жол, сондықтан осы шаруа қолға алынатын болса, болашақта оң нәтижесін берері сөзсіз.

Қалалардан шалғай жатқан елді мекендерде тарихи тұлғаларға тағзым ету үрдісі де бай­қалады. Тарихта елеулі із қалдырған сол елдің асыл перзенттеріне ас беріліп жатады, бұл да елді біріктіретін, ауыл жұртының ынтымағын нығайта түсіретін ізгі шаруа. Ауыл - ұлт сана-сезімінің діңгегі, рухани азық алар орны. Қаладағы азаматтар ауылдан рухани күш-нәр алып отыратыны содан.

Қазір лауазымды қызметте жүрген тапал­дай азаматтар ауылға ат басын жиі бұрып тұр­майтыны шындық. Зейнеткерлікке шыққанда ғана ауылға деген сағынышы оянып жататын жандарды кездестіріп жүрміз. Қолында мүм­кіндігі бар шағында ауылды көркейтуге ат­са­лысса, ертең сол игі істердің қызығын өзі көр­мей ме? Бір жағынан, елдің де ықыласына, ризашылығына бөленер еді және өзгеге де үлгі болар еді.

- Өзгені үгіттеуден бұрын, өзіңіз қандай үлгі көрсетер едіңіз?

- Үлгі демекші, мысалы, ауылым Терісақ­қанда келер жылы аталып өтетін Кенесары ханның хас батыры Жанайдар Орын­байұлы­ның 200 жылдығына орай өз қаражатымызға ескерткіш орнатып жатырмыз. Сондай-ақ ауылдың тарихынан сыр шертетін жекемен­шік мұражай тұрғызу ойымда бар. Қазір ауыл­дарда көптеген жомарт азаматтар мешіт салып беріп жатыр, ал енді ауылдың өткенінен өнеге алуға жол ашатын, ата-бабалардың тағы­лымды істерін ұлықтайтын бірден-бір мәдени ошақ - мұражай ашу да қажет шаруа деп білемін. Бүгінде ауылда мешіт бар, мәдениет үйі де жұмыс істеп жатыр. Енді мұражай ашу­ды қолға алып, алдағы уақытта сол нысанды үкіметке тарту етуге бел байладым. Алла бұйыртып, ісім оңға басып жатса, бұл жоба ауылдың әлеуметтік ахуалына аз да болса сеп тигізбек. Себебі қосымша төрт-бес жұмыс орны ашылады.

- Елбасының биылғы Жолдауында ал­да­ғы онжылдықтарға қатысты біраз стратегия­лық мақсат-міндеттер айқындалды. Аталған бағдарламалық құжаттың маңыздылығын өз басыңыз қалай пайымдайсыз?

- Биылғы Жолдау ұлт пен тіл тағдырына қатысты тұжырымдамаларымен, дербес­тігі­міз­дің нығаюына бағыт беретін мәселелердің көтерілуімен маңызды болып отыр. Қазіргі таңда біз шын мәнінде, дербес мемлекет бо­лып қалыптасу үшін осы мәселелерге көп көңіл бөлгеніміз жөн. Себебі елімізде соңғы жыл­дары қазақтардың үлес саны көбейіп келеді. Тәуелсіздікке иеленген шақта мемле­кетімізде қазақтар саны 40 пайыз шамасында болса, қазір 65 пайызға дейін жетіп отыр. Енді сан­нан сапаға ауысу уақыты өтіп барады. Сон­дықтан еліміздегі өскелең ұрпақтың өз тілінде сөй­лейтін, өз ұлтын мақтан ететін азаматтар тәр­биелеу мәселесін бірінші кезекке қойған жөн.

- Ал Жолдаудағы қазақ тілі шын мәнін­дегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті атайтын боламыз деген тұжырымына қандай пікір айтар едіңіз?

- «Қазақ мемлекеті» деп аталса, әрине, жөн. Алайда ол тек тілге ғана байланысты емес, қазақи сана-сезімге, ұлттық іс-қимылға байланысты. Жалпы, «Қазақстан» деген «Қазақ мемлекеті» деген ұғым. Ал қазақ ті­лінде сөйлегеннің бәрін де «қазақ» деп атау қиын. Қазақ тілінде сөйлеп жүріп, өз елін тонап, қазаққа қастандық жасайтындар бар. «Қазақ» деген атақты әлеуметтік, саяси қа­-ғида ретінде де қарастырған жөн. Сондықтан біз ең біріншіден, бодандық санадан арылып, ұлттық сана-сезімді, ұлттық патриотизмді бойымызға сіңіруіміз керек. Ол үшін біз өз тілімізді құрметтеп, халқымызды асыл құн­дылықтарын өзгеден жоғары қоя білуіміз міндет.

Қазақ бауырмал халық қой. Бүгінгі таңда елімізде көптеген этностардың бір шаңырақ астында бірлік пен ынтымақты ту етіп ғұмыр кешуде. Бірақ осы жердің иесі қазақ ұлты болғандықтан, әр қазақтың бойында мемлекет­шілдік құндылықтарға деген құрмет, ұлтқа деген жанашырлық тән болуы тиіс. Сондық­тан өзіміздің құндылықтарымызды өзгеден жоғары ұстауға қорықпау керек.

- Елбасының 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы тап­сырмасы ел ішінде көп талқыланып келеді. Сіздің ойыңызша, латын қарпіне көшудің тиімділігі неде?

- Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел атансақ та, рухани тұрғыда тәуелсізбіз, дер­беспіз деп әлі айту қиын. Неге десеңіз, ақ­параттық кеңістігімізге Ресейдің ықпалы зор болып тұр. Жазбамыз орыстың кириллица­сынан латын қарпіне көшетін болса, түп та­мырымыз бір түркі тілдес елдермен қарым-қатынасымыз жақындай түсетіні даусыз. Латын қарпіне көшудің бір артықшылығы - осы. Бұл - мен үшін саяси жоба. Түркі тілдес елдермен байланысымызды нығайту керек, себебі олардың мәдениеті де, тілі де, руханияты да қазаққа ортақ. Болашақта осындай бауыр­лас мемлекеттердің қарым-қатынасы ал­шақ­тамас үшін біз қазірден бастап латын әліпбиін жасап, бір-бірімізді түсінетіндей ортақ жаз­баға, әліпбиге көшуімізді қолға алу керек. Мек­тептерде латын қарпіне байланысты қо­сымша сабақтарын ендігі жылдан бастау қа­жет.

- Сіз халықпен үнемі байланыстасыз. Ға­ламтордағы әкім блогы, өзіңіздің жеке пош­та­ңыз, жеке қабылдаулар, түрлі қоғамдық іс-шаралар және кездесулер арқылы жұрт­тың айтарына әрдайым құлақ асуға дайын­сыз. Белгілі бір шешімдер қабылдауда жұрт­тың берген ақыл-кеңестері, талап-тілектері көмекші бола ма? Мысалы, қаланы абаттан­дыру, инфрақұрылымын дамыту бойынша пайдалы кеңестер бергендер болды ма? Қа­рапайым халық ақылына қаншалықты сүйе­несіз?

- Әкімнің жұмысын бағалаушы - халық. Сондықтан әкім мен халық арасындағы бай­ланыстың маңызы зор. Жалпы, халықтан бір тың идеялар келіп жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен де халықпен байланыс қарапайым адамдарды не алаңдататынын анықтап, тара­зылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халық­тың тілектері, жылы лебіздері келіп жатады. Шынайы ықыласпен бір шаруаны қолға алып, оны іске асырғанда жұрттың ризашылығына ие болу - көңілге үлкен демеу, жігер береді. Жезқазғаннан ауысқаныма бір жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін электрондық пош­тама, ғаламтордағы сайтқа халықтың тілектері түсіп жатыр. Әр айтылған тілек, жылы сөздер - маған қанат бітіреді десем, артық айтқандық емес. Сондықтан әр келіп түскен алғыс-тілектерді қағазға тізбелеп жи­нап отырамын. Бүгін, міне, Арқалықтың тұр­ғындарынан да келе бастады.

Халықпен кездескенде мен қарапайым жұртшылықтың барлық мәселелерін шешіп беруді мақсат етпеймін әрі ол қолымнан кел­мейді де. Дегенмен де, әкімнен әділдік іздеп келгендердің мұңын тыңдап, мүмкіндігі бо­-лып жатса, жәрдемдесуді өзіме парыз санай­мын. Ха­лықтан қал сұрастырып, олармен әң­гімелесудің өзі халықтың көңіл күйіне оң ықпалын тигізеді. Сол себептен мен қашан да болса халықтың айтарына құлақ асуға дайын­мын.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

 

Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371