Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3058 0 пікір 3 Қараша, 2022 сағат 13:59

Вирус тарататын масалар: Ресейдің кезекті қиялы

Ресей билігі Украинаны биологиялық қару жасауда деп айыптап келеді. Бұл айыптау 24 ақпанға дейін айтылған, ал соғыс кезеңінде тіпті өрши түсті. Мәскеу Украинада биологиялық қару жасауды АҚШ іске асырып жатыр деген ойда. 

Украинадағы биозертханалар жайлы алғаш рет Ресейдің пропагандистері айта бастады. Соловьев, Кисилев, Симоньяндар Украина қауіпті вирус жасауда деп мәлімдеді. Қолдан сызылған карталар мен монтаждалған сан түрлі сюжет көрсетті. Тіпті Соловьев бір бағдарламасында "мұндай зертхана Алматыда да бар, оны жою керек" деп қалды.

Ресей Украинаға баса көктеп кіріп, себепсіз соғыс отын тұтатқан сәтте, "Украина жерінде биозертханалар туралы құжаттарды қолға түсірдік" деп мәлімдеді. 27 сәуір күні Патрушев Украинадағы биозертханалар мен биологиялық қару туралы айтса, артынша Шойгу сол мәлімдемені сөзбе-сөз қайталап шықты. Сергей Лавров пен Дмитрий Медведевтің де аузынан "Украинадағы биологиялық қару" деген сөз сан мәрте шықты.

Олар АҚШ әлем елдері бойынша жаппай биозертханалар салып тастағанын, онда Ресейге қарсы қолданылуы мүмкін биологиялық қару жасалып жатқанын айтады. Украина президенті Владимир Зеленский бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, сандырақ деумен келеді. АҚШ қорғаныс министрлігі де бұл ақпараттарды жалған дейді.

Биологиялық қару 1972 жылғы конвенцияға сәйкес тыйым салынған қару түріне жатады. Ал Ресей Украина жерінде оба, дифтерия, тұмаудың қауіпті түрлерін жасау іске асуда дейді. 2005 жылдан бастап Киев пен Вашингтон денсаулық сақтау саласында әріптестікті арттыру туралы келісім жасасты. Міне, сол кезеңнен бастап екі ел арасында түрлі қауіпті аурудың алдын-алу бойынша зерттеулер жүргізіліп келеді. Оны Киев ашық мәлімдеп, "қажет болса әлемдік қауымдастық зерттесін" деп отыр.

Ресей Украина жерінде этникалық сипаттағы биологиялық қару жасалуда деген ойда. Яғни тікелей орыс ұлтына қарсы бағытталған қару болуы мүмкін дейді. Бұл туралы Ресей ғарышының басшысы болған, бүгінде уақытша жұмыссыз Дмитрий Рогозин өзінің Telegram-арнасына жазған еді.Алайда ғалымдар бұл мүмкін емес дейді. Ғалымдар адамдардың этникалық сипаты тұрғысынан айырмашылығын айшықтайтын қару жасау жақын аралықта болуы екіталай деген ойда.

Ресейдің талабы бойынша БҰҰ-да бірнеше отырыс өтті. Барлығы дерлік сол "Украинадағы биологиялық қару" деген тақырып аясында. Мәскеу БҰҰ мінберінен “АҚШ пен Украина қауіпті вирус тарататын масаларды жасауда, биологиялық қару қолданбақ, лас бомба жармақ” деп мәлімдемелер жасаумен келеді. Албания елінің өкілі бұған қатысты былай дейді: “БҰҰ-ның басқа айналысар мәселесі жоқ па, Ресейдің былжырағын нешінші мәрте тыңдап отырмыз. Вирус тарататын масалар дейді. Қызық, ол масалар Украина мен Ресей сарбаздарын қалай ажыратпақ екен(кекетіп)”.

Ресейдің Киевті айыптауына әлемнің есті жұрты сенбегені де, иланбағаны да анық. Бірақ Ресейді ол мәселе алаңдатпайды, бастысы 140 млн ресейлік сенсе болғаны...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364