Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 3171 2 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:25

Альпі етегіндегі аула футболы

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол


V ЧЕМПИОНАТ. 1954 ЖЫЛ. ШВЕЙЦАРИЯ

Чемпион – Германия
Күміс жүлдегер – Венгрия
Қола жүлдегер – Австрия

ВЕНГРИЯ БӘРІНЕН КҮШТІ ЕДІ

Бұл турнирдің 1950 жылғы додаға бір ұқсастығы болды: тағы да бір команда ойын жағынан басқалардан айқын басымдық байқатты, бірақ бәрібір алтын жүлдеге қол жеткізе алмады. Алдыңғы футбол форумында Бразилия ғаламат ойынымен көзге түскен болса, бұл жолы оның орнын басқан – 1952 жылғы Олимпиада жеңімпазы Венгрия құрамасы еді. Швейцарияға келмес бұрын венгрлер 31 матч өткізіп, оның 27-сінде жеңіп, 4-уін ғана тең аяқтаған екен. Көнекөз мамандар әлі күнге тамсанып еске алатын ғажайып ұжымнан таяқ жегендердің қатарында Англия да бар. Бас бапкер Густав Шебеш жігіттерінің Хельсинки Олимпиадасындағы керемет ойынына риза болған ФИФА-ның болашақ жетекшісі, ол кезде ағылшын футбол федерациясын басқаратын Стэнли Роуз оларды Лондонға жолдастық кездесуге шақырса керек. Мұның арты қандай масқараға апарып соғатынын білгенде ол ешқашан ондай өтініш жасамас еді. Венгрлер ағылшындарды сырт алаңда 6:3 (бұл – алаң иелерінің «Уэмблидегі» тұңғыш жеңілісі болатын), ал Будапештте, әлем чемпионаты басталардан бір ай бұрын 7:1 есебімен ойсырата ұтып, жұрт көзіне көрінбестей етті.

Ойын жағынан бір команданың басқалардан әлдеқайда биік тұруы футболда кездесіп жататыны рас болса-дағы, тарихта дәл 50-жылдардағы венгрлердей қарсыласын қаймықтырған ұжым бола қойған жоқ шығар. Рас, ол кездегі футболдың жалпы деңгейі бүгінгі өлшеммен қарағанда едәуір әлсіз еді, дегенмен бұл да 50-жылдардағы Венгрияның ғаламат ойынына еш көлеңке түсіре алмайды. Жылнамашылардың пікірі «нағыз үлгісін 1958 жылы Бразилия құрамасы көрсетті делінетін 4-2-4 тактикалық жүйесінің алғашқы элементтерін тұңғыш рет алып шыққан осы венгрлер еді» дегенге саяды. Густав Шебеш былай қарағанда шабуылшыларының орналасуы W әрпіне ұқсайтын (үшеуі алда, екеуі сәл артта) «дубль-вэ» жүйесін M әрпіне ұқсас кейіпке түсіріп, тактикалық тұрғыдан түрлендірген. Яғни енді қарсыластың айып алаңын торуылдап үш емес, екі шабуылшы (Шандор Кочиш пен Ференц Пушкаш) жүретін болды, ал оларға екінші лекпен қосылатын үш шабуылшы сәл артта орналасты (ортада Нандор Хидегкути, оң қапталда Йожеф Тот, сол жақта Золтан Цибор). Қарсы жақ қорғаушылары алдыңғылардан төнген қауіпті сейілтем дегенше, кейінгі лек үстінен шүйіліп кеп қалатынды шығарды да, венгрлер қақпа алдында қалағанынша ойқастауға мүмкіндік алды. Оларды сол заманғы журналистердің «Гол шығаратын машина» деп атауы да тегін болмаса керек.

Осы чемпионаттың ең жарық жұлдыздарының бірі Ференц Пушкаш кейіннен сол венгр құрамасының ойынын «бұл – 70-жылдары Голландия жандандырған заманауи футболдың прототипі еді» депті. Венгрлерге екі рет қарсы ойнап, ұзын-ырғасы 4:13 есебімен масқара болған Англия құрамасының шабуылшысы Томас Финни: «Бұл матчтарда мен өзімді нағыз бәйге үшін жаралған қанатты сәйгүліктермен жарыса шоқырақтап шауып жүрген шөп таситын мәстекше сезіндім», – деп турасын айтыпты.

ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖАЛҒЫЗ МҮМКІНДІК

Венгрия футболының қазіргі ортақол деңгейіне қарап отырып, футбол Құдайы бұл елдің ұлттық құрамасына әлем чемпионатының алтын тәжін жеңіп алуға жалғыз ғана мүмкіндік берген екен-ау деп ойлауға мәжбүрсіз. Расында да, 1950 жылғы чемпионатқа социалистік лагердегі басқа да көршілері секілді екінші дүниежүзілік соғыстан соң есін әрең жиып, жарасын жалап жазып жатқан елдің командасы бас көтеріп бара алған жоқ. Ал 1956 жылы Будапешт бүлігі бұрқ ете түсті. Елге Кеңес Одағының әскері келіп кіріп, көтерілісті күшпен басып-жаншыған соң, бодандықтың бұғауын кигісі келмеген жүздеген венгр азаматы шетелге ауып кетті. Оның ішінде Пушкаш пен Кочиш, Цибор мен Закариаш, Тот пен Лантош бастаған тамаша футболшылар да бар еді... Бұл – талайлар тамсанып еске алатын «арман-команданың» ақыры-тұғын. Сөйтіп, 1958 жылғы чемпионатқа мүлде басқа құрама барды. Айтпақшы Пушкаш (84 гол) пен Кочиш (75) күні кешеге дейін еуропалық футболшылардың ішінде ұлттық құрама сапында ең көп доп соққан ойыншылар саналып келді (оларды тек португалдық гол-машина Криштиану Роналду ғана басып оза алды). Әттең, орыс танкілері болмағанда... бұл екі мажардың тағы қанша гол соғары бір Құдайдың өзіне ғана мәлім еді.

1954 жылы тұңғыш рет әлемдік доп додасы ойындарынан ішінара телетрансляция жүргізілді және осы чемпионаттан бастап футболшылардың жейдесіне нөмір жазылатын болды. Тағы бір жаңалық – доп додасын барынша қарқынды өткізу мақсатында біріншіліктің формуласы да өзгеріске ұшырады: төрт топқа бөлінген командалар енді өз тобында үш емес, екі ойыннан ойнады. Ол үшін жеребе алдында ФИФА сегіз үздікті (Бразилия, Франция, Уругвай, Австрия, Венгрия, Түркия, Италия және Англия) бөлек сұрыптап алды да, оларды өзара кездестірмеуге шешім қабылдады. Келесі кезеңге шығудан үміткер командалардың ұпайлары тең болып қалған жағдайда қосымша матч өткізілді. Тіпті топтық кезеңнің өзінде командалар итжығыс түссе, қосымша жарты сағат белгіленді. Осы уақыт ішінде де қарсыластар бір-бірін жеңісе алмаса, тең нәтиже тіркелді.

«АЛДАҒЫ ЖЕҢІС ҮШІН УАҚЫТША КЕРІ ШЕГІНУ»

Алтын жүлдеден бірден-бір үміткер саналған Венгрия құрамасы («В» тобы) финалдық турнирді тамаша жеңіспен бастады: оңтүстік корейлерінің алыстан көрмейтін... көзілдірікті қақпашысы Хон Дук Йон тордан 9 доп алуға мәжбүр болды. Бұл – күні бүгінге дейін созылып келе жатқан «рекорд»: мұны тек 1974 жылы югославтардан ұтылған (0:9) Заир мен 1982 жылы венгрлерден жеңілген (1:10) Сальвадор футболшылары ғана «қайталай» алды. Соғыстан соң мұндай дүрмекке алғаш рет келген Германия түріктерді ұтты. Сосын, мамандардың пікірінше, осы біріншіліктегі ең маңызды матч ойналды: немістердің бас бапкері, айлакер «кәрі түлкі» Зепп Гербергер бірнеше негізгі ойыншыларды алаңға шығармай, венгрлерден әдейі 3:8 боп ұтылды. Бұл – әскерилердің тілімен айтқанда, «алдағы жеңіс үшін уақытша кері шегіну» еді. Әйтпесе әлем чемпионы атанатын команданың бір ойында 8 доп жіберіп алуы мүмкін бе? Гербергер бұл ойында ұтылғанмен, қосымша матчта түріктерді тағы да талқандауға мүмкіндік барын білді, сөйтті де, қасақана қулыққа барды. Бұл матчтың венгрлерге тигізген тағы бір зияны – неміс қорғаушысы Вернер Либрих (абайсызда ма, әлде әдейі ме, кім білсін) Ференц Пушкаштың аяғын жарақаттап, ойыннан шығарып тастады. Сол кеткеннен сұрмерген алаңға финалда бір-ақ шықты.

Өзге топтағы оқиғалардан «С» тобында әлем чемпионы – Уругвайдың жеңімпаз атанғанын айта кетуге болады. Төрт жыл бұрын «Мараканада» алтыннан алқа таққандардан Швейцарияға тек бес ойыншы – қақпашы Роке Масполи, жартылай қорғаушылар Обдулио Варела мен Хосе Андраде, шабуылшылар Хуан Скьяффино мен Оскар Мигес қана келген болатын. Бірақ сонда да латынамерикалықтар әлі бабында еді. Мұны әсіресе уругвайлықтардан тас-талқан боп ұтылған Шотландия мен Чехословакия футболшылары қатты аңғарды.

«D» тобында тәп-тәуір өнер көрсеткен Италия құрамасының жолы болмады. Біріншіден, «Скуадра адзурра» тарихындағы бірінші және әзірге соңғы шетелдік бапкер – венгр Лайош Цейзлер негізінен «Интер», «Фиорентина» және «Ювентус» ойыншыларынан ұйымшыл ұжым құра алмады. Команда үш топқа бөлініп алып, өзара бастары бірікпеді. Екіншіден, 30-жылдары төрешілердің көмегіне көп сүйенген команда бұл жолы, керісінше, көресіні сол «қара киімділерден» көрді. Алғашқы ойында олар алаң иелерін емін-еркін ұтуы қажет еді. Бірақ бразилиялық төреші Виана итальян шабуылшысы Бенито Лоренцидің таза голын есептемей қойды. «Скуадра адзурраның» тағы бір ойыншысы Карло Галлидің екі соққысының бірі бағанаға тиіп кері қайтса, екіншісі маңдайшаға соғылып, қақпа сызығының дәл үстіне түсті. Есесіне, Виана Швейцария ойыншыларының дөрекілігін барынша елемеуге тырысты. Ұтылуға айналған италиялықтар ашуға мініп, төрешіге тап-тап берді. Таяқ жеген Виана ойынды тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл көрініс чемпионаттың тәртіптік кеңесінде арнайы қаралды. Төрешінің тірлігі дұрыс емес делінді, ол әрі қарай турнир ойындарына қазылық ете алмайтын болды, бірақ матч нәтижесі сол күйі қалдырылды. Бұдан кейін Цейзлер Бельгияға қарсы мүлде басқа құрам шығарды. Тың ойыншылар ол ойында жеңіске жеткенімен, екінші орын үшін болған қосымша кездесуде Швейцариядан тағы жеңілді. Ал бірінші орынды Англия алды.

БЕРНДЕГІ ШАЙҚАС

Жалпы 1954 жылы әлемдік доп додасы болғанын білмейтін бейсауат адам жәй ойын нәтижелеріне ғана көз жүгіртсе, чемпионат футболдан емес, хоккейден өткен екен деп ойлап қалғандай еді: кілең 8:3, 7:2, 7:0, 6:1, 4:4... «Доп қарша борады» деп, сірә, осындайда айтылатын болар...

Дегенмен қарша борағанның көкесі ширек финалда басталды. Швейцария мен Австрия қақпаны ашық-шашық тастағандай боп, өзіміздің аула футболын еске түсіретіндей бейғам ойын көрсетті. 20-минутта біріншілік қожалары 3:0 есебімен ұтып жатты. Бірақ арада 7 минут өткен соң-ақ есеп 3:3 боп қалды, ал шотланд төрешісі Фолтлестің соңғы ысқырығы естілгенде таблодағы есеп 7:5 еді (австриялықтардың пайдасына). Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп доп соғылған ойын (12 гол).

Венгрия – Бразилия ширекфиналдық матчы әлемдік чемпионаттар тарихында «Берндегі шайқас» деген атпен қалды. Соңғы 20 минуты футболдан гөрі бокс жекпе-жегін көзге елестеткен кездесуде ағылшын төрешісі Эллис әуелі өзара шекісіп қалған венгр Божик пен бразилиялық Нилтон Сантосты алаңнан қуып шығуға мәжбүр болды, араға алты минут салып олардың соңынан Сантостың әріптесі Умберто да кетті. Төрешінің өзі ойын біткенде полицейлердің көмегімен алаңды әрең тастап шықты. Нағыз қырғын төбелес те осы кезде басталды. Жарақаты жазылмай, әріптестерін алаң жиегінде жігерлендіріп отырған Пушкаш аяқ астынан ашуға булығып, жуынатын бөлмеге кетіп бара жатқан бразилиялық Пиньейроны басынан бөтелкемен жіберіп ұрған. Сол-ақ екен, ойыншылар, бапкерлер, массажшылардың қатысуымен нағыз шайқас басталды да кетті. «Ережесіз төбелес» ақыры полицияның көмегімен әрең басылды.

Уругвайлықтар өте қызықты ойында ағылшындардан басым түсті. Бұл кездесуге әлем чемпиондарының үш бірдей жетекші ойыншысы – Варела, Мигес және Аббади жарақатына байланысты қатыса алмады. Соған қарамастан латынамерикалықтар ағылшындардан әлдеқайда басым ойнады. Дегенмен, әділін айту керек, олардың екі голы Англия құрамасының қақпашысы Джилберт Мерриктің қателіктерінен соң соғылды.

Зепп Гербергер өз жігіттерінің күшін кейінге бекер сақтамаған екен, жартылай финалда олар Австрияның аяғын аспаннан келтірді (6:1). Команда капитаны Фриц Вальтер екі допты өзі соғып қана қоймай, қалған төртеуіне де пас беруші ретінде қатысты. Ал Венгрия – Уругвай матчын журналистер «финал алдындағы финал» деп бағалады. Тартысты, бірақ, Құдайға шүкір, төбелессіз өткен кездесуде 4:2 есебімен венгрлер басым түсті. Әуелі олар 2:0 есебімен емін-еркін алға шыққан болатын. Алайда осыған дейін алаң жиегінде отырып, ала допты әбден сағынса керек, уругвайлық шабуылшы Хуан Эдуардо Хоберг айналдырған он шақты минуттың ішінде таразы басын теңестіріп үлгерді. Тіпті 90-минутта ол ерлік жасай жаздады: оның баспен бағыттаған добы қақпадан санаулы сантиметр ғана қиыс кетті. Финалға шығу үшін қосымша уақытта біріншіліктің бас мергені Кочишке біраз еңбектенуге тура келді. Бұл – Уругвай құрамасының әлем чемпионаттарындағы тұңғыш жеңілісі еді. Оның соңғы емес екені үш күннен кейін өткен 3-орын үшін матчта белгілі болды (әлемнің экс-чемпиондары Австриядан ұтылып қалды). Айтпақшы, бұл – финалдық турнирлер тарихындағы 100-матч еді.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕҢІЛІС

Венгрия құрамасы финалдық кездесуде де іске бірден кірісті: 8-минутта-ақ олар 2:0 есебімен алға шықты. Алдыңғы ойындарда олар осы басымдығын 90 минут бойы байқатып, қарсыласының сағын сындырған-ды. Бірақ батыс немістері қыңған жоқ, он минуттың ішінде о бастағы тең дәрежені қайта қалпына келтірді. Бәрін ұйымдастырған Хельмут Ран еді. Әуелі ол оң қанаттан айып алаңына пас асырды: жол-жөнекей қарсыластардың біріне тиіп, сәл бағытын өзгерткен доп Макс Морлоктың алдына келді – барын сала ұмтылған ол жамбастай жатып теуіп үлгерді. Сосын Ф.Вальтер орындаған бұрыштаманы сәтті пайдаланған Хельмуттің өзі таразы басын теңестірді. Одан кейінгі әрекеттің басым бөлігі Германия құрамасының айып алаңының төңірегінде өтті. Аяғын ауырсына ойнаған Пушкаш екінші таймда және бір гол соғып еді, төреші «офсайд болды» деп, оны есептемей тастады. Цибордың екі соққысы да қақпа бағанасына тиді. Венгрлерде бұдан басқа да көптеген ұрымтал сәттер болды, бірақ, амал қанша, доп торға еш түспей-ақ қойды. Керісінше, немістердің соңғы минуттардағы қарсы шабуылы нәтижелі аяқталды. Венгрлердің аяғындағы допты асқан жанкештілікпен тартып ала білген Х.Шефер оны дереу алға асырды. Әуелеп келген пасқа шабуылшылардың ешқайсысы жете алмады, орталарына топ етіп, шоршып түскен допты тезірек теуіп жібермек боп асыққан екі венгр қорғаушысы бір-біріне кедергі жасады. Осы кезде сәл сәтке иесіз қалған допқа құйындай жүйткіп Ран да жетті. Оның желдей ескен қарқынына қарап «қақпаға қарай қатты тебеді» деп ойлаған қорғаушылар доптың жолына кесе-көлденең жатты. Алайда шабуылшы оқыс кідіріп, допты сол аяғына оңтайлап алды да, құлаған қорғаушылардан асырып, тура қақпа бұрышына бағыттады – 3:2.

1950 жылы Бразилия үшін Хиггияның добы қаншалықты қайғы боп тисе, Венгрия үшін де бұл гол естен тандырар соққы болды.

Ғажайып командасының жеңілу себептерін Густав Шебеш өз кітабында кейін былай түсіндірді: «Финал алдында ойыншылардың иығына артылған жауапкершіліктің ауыр жүгі өз зиянын тигізді-ау деп ойлаймын. Матч сайын жігіттердің жүйкесінің шаршай бастағанын аңғарып жүрдім. Біз ең әуелі психологиялық тұрғыдан жеңілдік. Гол соғатын көп мүмкіндіктерді пайданала алмағанымыз – соның салдары. Мені жұрт Пушкашты алаңға шығарғаным үшін жазғырады, оның орнына дені сау ойыншыны қоюың керек еді дейді. Бірақ ол финалдағы ең үздік ойыншылардың бірі болды ғой». Ал Италия құрамасымен бірге екі рет әлем чемпионы атанған әйгілі бапкер Витторио Поццоның пікірінше, «венгрлердің шаршағаны қатты білініп қалды, бәлкім, Пушкаш бабында болғанда, олар ұтып та кетер ме еді... Дегенмен немістердің де бұл ойынға керемет дайындалғаны көрініп тұрды. Олар жеңіс үшін барын салды, өзгені де, өздерін де аяған жоқ. Ойын жағынан венгрлер басым болғанымен, ерік-жігер, құлшыныс жағынан Гербергердің шәкірттері жеңіске лайық еді»...

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

26 ойын өткізілді, 140 доп соғылды (орта есеппен 5,38 гол). 

«А» ТОБЫ

Югославия – Франция – 1:0, Бразилия – Мексика – 5:0, Франция – Мексика – 3:2, Бразилия – Югославия – 1:1 (қосымша уақытта)

«В» ТОБЫ

Венгрия – Оңт.Корея – 9:0, Германия – Түркия – 4:1, Венгрия – Германия – 8:3, Түркия – Оңт.Корея – 7:0. 2-орын үшін қосымша матч. Германия – Түркия – 7:2

«С» ТОБЫ

Австрия – Шотландия – 1:0, Уругвай – Чехословакия – 2:0, Австрия – Чехословакия – 5:0, Уругвай – Шотландия – 7:0

«D» ТОБЫ

Англия – Бельгия – 4:4 (қосымша уақытта), Швейцария – Италия – 2:1, Швейцария – Англия – 0:2, Италия – Бельгия – 4:1. 2-орын үшін қосымша матч. Швейцария – Италия – 4:1

ШИРЕК ФИНАЛ

Швейцария – Австрия – 5:7, Уругвай – Англия – 4:2, Германия – Югославия – 2:0, Венгрия – Бразилия – 4:2

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Германия – Австрия – 6:1, Венгрия – Уругвай – 4:2 (қосымша уақытта)

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Австрия – Уругвай – 3:1

ФИНАЛ

Германия – Венгрия – 3:2

4 шілде. Берн. «Ванкдорф» стадионы. 62 500 көрермен. Төреші Линг (Англия).

Германия: Турек, Посипал, Кольмайер, Либрих, Май, Эккель, Морлок, Ф.Вальтер, Ран, О.Вальтер, Шефер.

Венгрия: Грошич, Бузански, Лорант, Лантош, Божик, Закариаш, Кочиш, Хидегкути, Пушкаш, М.Тот, Цибор.

Голдар: Пушкаш, 6 (0:1), Цибор, 8 (0:2), Морлок, 10 (1:2), Ран, 18 (2:2), Ран, 84 (3:2).

Сұрмерген: Кочиш (Венгрия) – 11 доп.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394