Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 3863 3 пікір 26 Қазан, 2022 сағат 15:14

Ойдан тойға дейін

Енді тура 25 күннен кейін Қатар елінде футболдан ХХІІ әлем чемпионатының тұсауы кесілмек. Бүгін «Abai.kz» порталы осы бір бүкіл дүниежүзі халқы тамсана тамашалайтын футбол мерекесінің тарихы туралы топтама мақалаларды бастайды.

ФИФА-ның құрылуы және алғашқы қадам

Жылнамалардан адам баласының ала допқа ХІХ ғасырдың ортасынан ауа бере-ақ арбала бастағанын білеміз. Футболдың 1896 жылы ежелгі Эллада жерінде басталған заманауи Олимпиялық ойындардың бағдарламасына енгені де сол шежіре беттерінде сайрап жатыр. Алайда аяқдоп өнерінің арғы-бергі тарихындағы алғашқы ресми халықаралық ұйым тек 1904 жылы 21 мамырда дүниеге келіпті: Париждің төрінде бас қосқан жеті еуропалық елдің – Франция, Бельгия, Голландия, Швейцария, Швеция, Дания және Испанияның өкілдері Халықаралық футбол федерациясын (ФИФА) құрды, ал оның тұңғыш президенті болып француз Робер Герен сайланды.

(Робер Герен)

Франция футбол федерациясын басқара жүріп Le Matіn журналының спорт шолушысы болуға да үлгерген іскер азаматтың басында көптен пісіп-жетілген бір ой – халықаралық деңгейдегі турнир ұйымдастыру идеясы жүр еді. Ол мұндай жарыстардың екі түрін – ұлттық құрамалар және клубтық командалар арасында өткізуді жоспарлаған екен. Арада ұзағырақ мерзім өткенімен, кейін бұл екі жобаның да іске асқанын ескерсек, Р.Герен идеяларының өз заманынан әлдеқайда озық жатқанын аңғаруға болады. Сол себепті де, Р.Герен ұйымдастырмақ болған алғашқы халықаралық жарыс... өтпей қалды. Өз еңбегінің еш кеткеніне өкінген ол 1906 жылы орнынан кетті.

Керітартпаның кесірі

Әрине, мұның бәрі қазір сырттай бақылаған адамға ғана ұғынықты, ал ол кезде ФИФА-ның тұңғыш президенті көп жағдайды түсінбеген еді. Мәселен, Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде ұлттық турнирлер өткізілмейтін, кейбірінде тіпті футбол федерациясы да құрылмаған-ды. Доп теуіп жүрген елдердің өзінде командалардың қаржылық жағдайы өте нашар еді, сондықтан да шекара асып, шетелдіктермен белдесуге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін. Сосын Кәрі құрлықтағы футболшылардың бәрі дерлік Ұлыбритания командаларынан қатты қорқатын. Британ аралдарында ХІХ ғасырдың өзінде-ақ кәсіпқой және әуесқой футболдың ара-жігі екшеліп, Англия, Уэльс, Шотландия, Солтүстік Ирландия құрамаларына тек кәсіпқой футболшылар ғана шақырылатын және осы ұжымдар арасында Ұлыбритания чемпионатының өткізіле бастағанына да ширек ғасыр боп қалған-ды. Оның үстіне олардың әуесқой футболшыларының өзі өзге ел ойыншыларынан әлдеқайда мықты еді. Бұған дәлел – кілең әуесқойлардан құралған Ұлыбритания олимпиялық құрамасының 1908 және 1912 жылдары басқа командаларды қарсылас құрлы көрмей қатарынан екі рет Олимпиаданы оп-оңай жеңіп алуы. Бұдан соң «қанша тыраштансақ та, футболды ойлап тапқан елдің ойыншыларына жете алмаймыз» деген үрей елесі Еуропаны кезіп кетті.

ФИФА шенеуніктеріне қалыптасқан жағдайды жақсарту тек ағылшындардың ғана қолынан келетіндей көрінді. «Егер ұйымды Тұманды Альбионнан шыққан өкіл басқарса, онда футбол әлемде сол аралдағыдай айрықша қарқынмен дами бастайды, британ мамандары жұрттың бәрін жарыс ережелерін жүйелеуге, жаттығу үрдістерін тиімді ұйымдастыруға үйрететін болады» деп үміттенді олар. Сөйтіп, Гереннің орнына ағылшын Даниэл Вулфоллды сайлады. Ал ол – Ұлыбританияны «Жер кіндігі» санайтын, одан басқа ешқандай елді елемейтін, қала берді әлемдік доп додасын өткізуге мүлде қарсы адам болып шықты. «Әлем кубогы 1884 жылдан бері бар ғой: Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландия оны жыл сайын сарапқа салып жүр емес пе? Жаңадан жарыс ойлап табудың қажеті қанша?» деген ол Гереннің идеясын іске асыру туралы әрекеттің бәрін жөргегінде тұншықтырып отырды.

Бірақ арада жылдар өте ахуал күрт өзгерді. Біріншіден, 1918 жылы керітартпа Вулфолл қайтыс болды. Екіншіден, тап осы жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Соғыстың басты жеңімпазы ретінде Ұлыбритания жеңілген елдерге салынған санкциялардың футболға да қатысты болуын талап етті. Ұсыныстарын ФИФА-ның басқа мүшелерінің қолдамағанына өкпелеген британдықтар ұйымнан шықты да кетті.

(Жюль Римэ)

Таңдау неге Уругвайға түсті?

ФИФА екі жарым жыл басшысыз өмір сүрді. Ал 1921 жылдың 1 сәуірінде ұйымның президенті болып француз Жюль Римэ сайланды. Бұл – өз отандасы Гереннің әлемдік доп додасын ұйымдастыру туралы идеясын қызу қолдайтын тұлғалардың бірі еді. Қызметіне кіріскеннен бастап ол осы мақсат үшін еңбек етті. Бұл кезде ешкіммен араласпай оңаша қалған британ командалары мен өзара күш сынасудың арқасында шыңдалып, күшейе түскен Қарт құрлық құрамаларының жалпы деңгейі теңесе бастаған-ды. Ұлыбритания олимпияшыларының 1920 жылғы Олимпиаданың алғашқы кезеңінде-ақ Норвегия футболшыларынан жеңіліп қалуы – соның дәлелі. Сондай-ақ 1916 жылы өз кубогын сарапқа салуды бастаған Оңтүстік Америка командалары да кім-кімге де лайықты қарсылас-тын. Бұған дейін біреу біліп, біреу білмейтін Уругвай командасының 1924 және 1928 жылғы Олимпиялық ойындарды ұтып алуы – шын мәнінде бүкіл әлемді таң қалдырған оқиға еді.

Талай жыл Бразилияның отары болып, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында ғана тәуелсіздік алған шағын мемлекет футболшыларының бұл табысы елеусіз қалған жоқ. 1925 жылы-ақ Ж.Римэ Уругвайдың Бельгиядағы елшісі Энрике Буэроға жасырын түрде жолығып, одан: «Егер ФИФА Әлем кубогын өткізе қалса, сіздің ел оның тұңғыш ұйымдастырушысы болудан бас тартпайтын шығар?» – деп сыр тартып көрген. Елші, әрине, нақты ештеңе айта алмағанымен, пәлендей қарсылық бола қоймасын сездірсе керек.

Ортақ мақсатты орындауға тізе қосып кіріскен Римэ мен оның орынбасары һәм отандасы Анри Делонэнің бастамасымен 1926 жылы «Әлем кубогын ұйымдастырудың мүмкіндіктерін зерттеу» міндетімен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Оған Майзль (Австрия), Линнеманн (Германия), Ферретти (Италия), Боннэ (Швейцария) және Делонэнің өзі мүше болды. 1927 жылдың ақпанында комиссия өз жұмысын тұжыра келіп, дүниежүзілік доп додасын ұйымдастыруға байланысты ойларын ұлттық федерацияларға жолдады. Бірақ Хельсинки конгресі өтетін уақыт тым таяп қалғандықтан, ұлттық федерациялар әлгі тұжырымдарды түгел зерттеп-зерделеп үлгере алмады да, аталмыш ұсыныс келер жылғы конгресте қаралатын болды. Сөйтіп, Герен идеясының іске асуы тағы бір жылға кейін шегерілді.

(Анри Делонэ)

Тарихи шешім

1928 жылдың 29 мамырында Амстердамда өткен конгресте тарихи шешім қабылданды. ФИФА атқару комитетіне мүше 32 делегаттың 27-сі Әлем кубогын өткізуді қолдап дауыс берді. Бұған тек кәсіпқой футболы әлі дамымаған Швеция, Дания, Финляндия, Норвегия және Эстония ғана қарсы шықты. Шешімнің түпнұсқасындағы мәтін мынадай болатын: «ФИФА әр төрт жыл сайын Әлем кубогын өткізеді. Турнирдің есігі ФИФА-ға мүше барлық федерациялардың құрама командалары үшін де ашық. Егер қатысуға тілек білдірушілер саны 30-дан асатын болса, онда жарыс іріктеу матчтарымен басталады. Жеңімпазға сыйлық ретінде ФИФА-ның меншігі саналатын алтын кубок табыс етіледі, егер бір команда оны үш рет ұтып алса, онда сол ұжым жүлдені мәңгіге иеленеді. Турнирдің барлық ойыны бір федерацияның аумағында  өткізіледі. Ұйымдастырушы жақ қатысушылардың турнир кезіндегі тұрғын жайы мен жолының ақысын өз мойнына алады».

Қатысушыларға байланысты қабылданған ережеге сәйкес, футболшы құжат бойынша қай елдің азаматы саналады – сол мемлекеттің құрамасында ғана ойнай алады. Егер ойыншыда екі елдің азаматтығы бар болса, онда ол біреуін таңдауға тиіс. Бірақ бір турнир барысында футболшының екі бірдей команданың сапында өнер көрсетуіне тыйым салынады.

Алайда бұл істің тек бастамасы ғана болатын. Енді алғашқы чемпионатты ұйымдастыратын елді таңдау қажет еді. Тарихтағы тұңғыш доп додасын өткізуге Еуропаның бес бірдей мемлекеті құлшыныс білдірді – Италия, Швеция, Голландия, Венгрия және Испания. Америка құрлығынан Аргентина мен Уругвай «қол көтерді». Арада бірнеше ай өткенде, көршілеріне бүйрегі бұрған болуы керек, аргентиналықтар өз дауысын Уругвайға беретінін білдіріп, кандидатурасын қайтып алды.

1929 жылдың мамырында Барселонада ФИФА-ның кезекті конгресі басталар сәтте алғашқы футбол тойын өткізуден үміткерлер алтау еді. Өздеріне бір ғана оңтүстікмерикалық мемлекеттің қарсыласпақ екенін көрген еуропалық елдер... жаппай өз өтініштерін қайтып алып, Уругвай жалғыз қалды. Сол кездегі баспасөзде жазылғанындай, «бұл шешімді зал ұзақ ду қол шапалақпен қарсы алды». Шамасы, Римэ мен Делонэ чемпионатты Қарт құрлық елдерінің біріне берсе, Оңтүстік Америка жағы «ұйым басшылығы қанына тартып кетті» деп қатыспай қоюы мүмкін екенінен қорқып, едәуір дипломатиялық шеберлік танытқан, сөйтіп, еуропалық үміткерлерді өз ниеттерінен айныта алған сыңайлы. ФИФА-ның британдықтардан бір айрылғанын ескерсек, оған қоса латынамерикалықтарды да ренжітіп алу – турнир тамырына балта шабумен бірдей еді.

Сөйтіп, І әлем чемпионатын өткізу құқын Уругвай жеңіп алды. Ал ол турнир туралы келесі жолы әңгімелейміз.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048