Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2758 0 пікір 12 Ақпан, 2013 сағат 09:02

Талғат Кеңесбаев. Мұзайна

 

(әңгіме)

Көкала үйрек, көк үйрек,

Көкті жапқан көп үйрек,

Қайда кетіп барасың,

Қара Ертісте жоқ үй деп

Нұржан  Қуантайұлы

 

Күн қабағы көңілді. Жылы. Жел жоқ. Қармақтарына ештеңе ілінбеген балықшылар асай-мүсейлерін жинап, қалаға қайтуға ыңғайланды.

- Ертісте балық құрып қалған ба? Үш күннен бері ырымға болсын бір

шабақ ілінбеді ғой, - деп сақалды күңк етті.

- Кешке дейін шыдай тұру керек еді, - деді кішкентай қара жігіт.

- Әй, сен де айтасың-ау! Байқамаймысың, жылдан-жылға  мұз да жұқарып келе жатыр.

- Алыста, Америка жақта дей ме, үлкен мұз еріп, жер беті жылынып келе жатыр дейді ғой.

-  Енең айтты ма, - деді сақалды кекеп.

-  Жоқ радиодан естідім.

- О, онда енді елу жылдан кейін Ертісе крокадилдер жүзіп жүреді десеңші.

- Жағыңа жылан жұмыртқаласын. Сен-ақ осы, қара аспанды төндіріп біттің, тым құрымаса бірер сағат қармақ салып көрейік.

- Басымды қатырмашы, қалсаң өзің қал. Онсыз да аяғым сырқап, түні бойы ұйықтамай шығамын. «Есің барда -  елің тап» деген, қайтайық.

 

(әңгіме)

Көкала үйрек, көк үйрек,

Көкті жапқан көп үйрек,

Қайда кетіп барасың,

Қара Ертісте жоқ үй деп

Нұржан  Қуантайұлы

 

Күн қабағы көңілді. Жылы. Жел жоқ. Қармақтарына ештеңе ілінбеген балықшылар асай-мүсейлерін жинап, қалаға қайтуға ыңғайланды.

- Ертісте балық құрып қалған ба? Үш күннен бері ырымға болсын бір

шабақ ілінбеді ғой, - деп сақалды күңк етті.

- Кешке дейін шыдай тұру керек еді, - деді кішкентай қара жігіт.

- Әй, сен де айтасың-ау! Байқамаймысың, жылдан-жылға  мұз да жұқарып келе жатыр.

- Алыста, Америка жақта дей ме, үлкен мұз еріп, жер беті жылынып келе жатыр дейді ғой.

-  Енең айтты ма, - деді сақалды кекеп.

-  Жоқ радиодан естідім.

- О, онда енді елу жылдан кейін Ертісе крокадилдер жүзіп жүреді десеңші.

- Жағыңа жылан жұмыртқаласын. Сен-ақ осы, қара аспанды төндіріп біттің, тым құрымаса бірер сағат қармақ салып көрейік.

- Басымды қатырмашы, қалсаң өзің қал. Онсыз да аяғым сырқап, түні бойы ұйықтамай шығамын. «Есің барда -  елің тап» деген, қайтайық.

Өзен бойында танысып, туыстай болып кеткен екі балықшы төрт-бес жылдан бері бірге келе жатыр. Бұл балықшылар үшін өте сирек болатын татулық. Күн одан сайын жылына түскендей. Ертістің екі езуі жырылып кеткен, беті көкпеңбек. Олар жағалауға жетіп қалғанда қара жігіт қалт етіп тұра қалды.

- Әй, сақал ананы қара!

Тоқтай қалды. Мұз үстінде төңкеріліп есік жатыр, босаға жақтауы аман.

- Өлмегенге өлі балық деген, бауырым. Ертең базарға апарып сатамын. Кім екен, ә, бүп-бүтін дүниені суға тастаған?

- Саяжайды тонап жүргендер өздерінше жарбаққа тыққан түрлері ғой, - деді кішкентай балықшы. Екеуі біраз әуреленіп, есікті жақтауымен бірге көтеріп, шетке қойды, есік орнында төртбұрышты мұз қалды.

- Әкелші ана қайлаңды, мұзды шағып тастайын.

- Қайтесің, - деді дәу жігіт сақалын сипап-сипап алды да, саптамасының өкшесімен итеріп-итеріп қалды. Сол-ақ екен, суға батыл барып қайта шыққан төртбұрышты мұз ағыспен ақырын-ақырын жылжи берді. Темекісін тұтатып жатқан сақалды ойланып қалды. «Есіктен шыққан мұз қай жерге барып ериді екен?» - деп ойлады. Тағы, тағы басына ой келді. Бірақ жанындағы жолдасына жақ ашып ештеңе айтпады.

«Күндіз-түні радио тыңдайтын бәле мазақ етіп жүрер».

-  Ертісті қытайлар бұрып жатқан көрінеді, - деді мықшыңдап келе жатқан кішкентай жігіт.

-  Радио айтты ма?

- Жоқ енем айтты.

- Ой, енеңді...

Олардың дабырлап сөйлеген дауысын Ахау-үйрек ап-анық естіп жатты. «Адамдар не деп бара жатыр екен?» Сөйлесу. Шіркін. Ахау-үйректің жанында Муза болса... Ой. Ой. Ой. Құс. Құса болған. Ахау-үйрек Музамен өткізген соңғы түнді есіне алды.

«Муза-Мұңылығым. Жанымда қалшы, қалқам. Екеуіміздің туып-өскен Ертісіміз бір қысқа пана болар, өлмеспіз. Өлсек екеуіміздің қанатымыз бірге айқасып, өзеннің ағысымен бірге кетерміз».

«Қала алмаймын, - деп мұңайды Ахау-үйректің кеудесіне басын қойып жатып. - Аналық рұқсат бермейді. Таң ата жылы жаққа ұшамыз. Жаныңызды қинамай, бізбен бірге неге кетпейсіз?»

«Біздің Ахау-үйректердің заңы бойынша, мүшел жасымызда туған жерімізде қыстап шығуымыз керек». «Жанымда қал деп жас мені қинағанша, қайраттанып, менімен бірге жылы жаққа қарай қанатыңызды неге қақпайсыз? Жақсы көргеніңіз осы ма? Жоқ, әлде менің әлсіздігімді сынап көрмексіз бе?»

«Жо-жоқ, Мұңылығым, сен ұшып бар жылы жаққа. Тоңсам мен тоңайын. Семейдің сақылдаған сары аязында қанатымнан қайрылып қатып қалсам да, әр қауырсыным сыбызғыдай сызылып, саған деген сағыныш әуенін жел арқылы жеткізер».

«Ахау-аға, мен де сізді қимаймын. Бір жаратушы бізге қанат берді. Аспан да, қамыс қоғасы шулаған көлдер де біздің еншімізде. Бірге болып, балапандарымызды өсіріп, көл бетін мәре-сәре қып жүрсек, басқа құстардан неміз кем? Сіз жанымда болсаңыз, аспан асты, жер үсті мен үшін жұмақ, Ахау-аға».

«Жаным Мұңылық, сенің жас ғұмырыңды қор етем бе деген қорқынышым да жоқ емес, иә, иә, сені қызғанам. Көл бетінде сен ерекше сұлусың. Бәрі саған сұқтанып қарайтын сияқты. Сен жап-жассың. Ал, мен...»

«Жо-жоқ, атамаңызшы Сіздің жүрегіңіз де жас, жаныңыз да жас, қауырсындарыңыз сұлу, қанатыңыз қатты. Өте кеш болса да, сізге кездесіп едім. Амалым қанша, Аналық сіз екеуміздің бірге болғанымызды әу бастан қалмаған».

«Балапанын қорғаған Аналықты кінәламаймын».

«Рахмет оныңызға. Аспанға ұша алған, көлде жүзе алған сіз әлі жассыз, Ахау-аға».

«Түсінемін сені, Муза. Соңғы уақытта сен маған жадырап сөйлемейтін болдың. Суда жүзіп келе жатып, мені көрсең бірнеше рет жалт бұрылып кеттің ғой».

«Сіздің мұңлы көзіңізге қарасам жылағым келеді».

«Жыламашы, Муза! Біз онсыз да аспанның көз жасынан жиналған көл ішінде жүрміз ғой».

«Біздің көлдерде жетім».

«Сыңары жоқ жан иесінің бәрі мен сияқты жетім», - деді Ахау-үйрек.

«Мен сіздің жаныңыздамын», - деді Муза мұңайып.

«Таң ата жылы жаққа кетесің ғой».

«Ал, сіз неге қаласыз?» - деді Муза жыламсырап.

«Болмайды ғой, болмайды», - деп Ахау-үйрек терең күрсінді.

«Бақ», «Бақ».

Аналықтың дауысы түнгі тыныштықты тіліп түсті. Муза-Мұңылық дір-дір етті. Әдемі мойынымен Ахау-үйректің кеудесінен, арқасынан айналып өтті де, шолп етіп суға түсіп кетті. Желсіз түнде, жарық ай астында басын шайқап-шайқап жүзіп барады.

Ай астында...

«Бақ», «Бақ...»

Таң атты...

Ахау-үйрек қалғымаған. Ой. Ой. Ой. Жанын жегідей жеген. Қанатын қаға алмай сіресіп қалған. Жылы жаққа жиналған барлық үйрек дүр етіп, кепкен жапырақтарды шулатып аспанға көтеріліп, Ертісті үш айналып қоштасты. Муза төмендеп, Ахау-үйрекке қарай келе жатыр еді... «Бақ», «Бақ». Аналық үйрек шоқып-шоқып қайтадан қайырды ғой. Осының бәрін өз көзімен көрген Ахау-үйректің шығарға жаны жоқ еді...

Муза қаңқылдап ұшып бара жатыр.

«Қош бол, Мұңылық! Жаным! Келер жаз аман-есен кездесейік. Тағдыр бізге өзгелер төзбес сын берген шығар. Сен де шыда. Мен де шыдайын. Қыс өтер, көктем келер. Ораларсың. Әзірге қош бол, Муза. Қанатың талмай, жылы жаққа аман-есен жете ғой». Ахау-үйрек аһ ұрған... Әппақ болып қара жерге қар түскен күні Музаны сағынғаны соншалық, жылы жаққа ұшып кеткісі келген. Бірақ...

...Қаңтардың басында он күн аяз болған. Ахау-үйрек бүйтіп сағыныштың өртіне өртене бергенше өле салғысы келген. Бірақ ата салты, Ахау-үйректердің заңы бойынша қалайда тірі қалып, қыстап шығу керек...

Аспан тап-таза.

Ахау-үйрек қанатын қатты-қатты қағып, ұшысы келді. Киіз үйдің орынындай ойыққа бір-екі сүңгіп шықты. Сілкінді. Тұмсығымен денесін ұзақ сипады. Қос қанатын кеңінен созып қағып-қағып, ақырын көтеріле берді. Тіпті, биіктеген де жоқ. Ұша берді. Көзі біраздан соң төбелесуге айналған әлгіндегі екі балықшыға түсті.

- Әй, сақал, есікті тауып алған мен ғой, сенің үйіңе неге апаруымыз керек?

- Ой, енеңді...

- Әй, сақал, осы сенің менің енемде нең бар, а? Оданда ана базарда жүрген қатыныңды...

Ахау-үйрек олардың жанынан шүр етіп ұшып өтті. Балықшылардың дауысы еміс-еміс естіліп барып үзілді...

Бала күлкісі естілді. Ахау-үйрек ерекше ұнататын әдемі үн. Оларды айнала ұшты.

- Папа, папа, мылтық болса ғой, тарс еткізіп атып алушы едік.

- Қой, балам. Семейді пана көріп қыстап қалған үйректің обалына қалам дегенің не, ол да сен сияқты біреудің баласы.

- Ой, папа, бөсесің ғой, маманың ішіндегі кішкентай бөпе сияқты ма? - деп, бала рахаттана күлді.

Отағасы баласына жауап берудің орнына ай-күні жетіп, әбден шаршап-шалдығып таза ауаға шыққан келіншегін қолтықтап алды.

- Қалайсың, жаным?

- Мені, роддомға апарасың ғой деймін, қарашы, - деп келіншегі күлімсіреген болды. - Қозғалады, ауыртпай тепкілеген болады.

- Ұл болар, - деді күйеуі.

- Қыз болса екен, папасы, ұлдарыңмен футбол ойнауға кетсеңдер де, мен үйде жалғыз қаламын. Қызым болса жанымда болады ғой, әйтеуір... Ана құсты көрдің бе, төбемізден айнала ұшты? Қыз бала болар, - деп ырымдап жатыр келіншегі.

- Жаның аман қалсыншы, жаным, - деп күйеуі өбектеп жатыр.

Бала қолына ағаштың бір бұтағын алып, ұшып бара жатқан үйректі көздеп «пах! пах!» деп қояды.

Ахау-үйрек олардан ұзап бара жатып, Ертістің жағасындағы орындықта отырған кемпір-шалды көрді.

- Кемпір-ау, бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде тұрған шағымызда далада қаңғып қалдық қой...

- Келіннің ашуы басылар, бір-екі күн шыдайық, жас бала ғой, түсінер.

- Біздің босағаны аттағалы он бес жыл болды, қашан оған ақыл кіреді. Ана сенің ынжық ұлың бізді үйден қуып шыққанда бір ауыз сөз айтуға жарамады ғой.

- Өз балаңды өзің табалап қайтесің. Қайбір жетісіп жүр дейсің қарағым. Оған да оңай дейсің бе? Келіннің кесірінен бір адаммен араласа алмайды, елдің баласы сияқты дұрыс қайын жұртта кездеспеді.

- Өзі сорлы, - деді шал жерге бір түкіріп. - Түнде вокзалға қондық, енді бүгін қайда барамыз? «Ұлым, ұлым» дейді ғой маған аузын толтырып, ұл емес ол, нағашысына тартқан ынжық неме! Адал еңбек еттік, ешкімнің ала жібін аттаған жоқпыз. Қартайған кезімізде бар көргеніміз осы ма?

- Әкесі-ау, жалғыз ұлыңа ренжімеші, қайтесің енді. Саған айтуға батылым жетпей жүрген, соңғы уақытта темекі тартатын боп жүр. Денсаулығын құртып ала ма екен?

- Өзі де құрысын, ұл болмай кеткір!

- Ашуланғаннан кейін айтасың ғой, екеуімізді кейін үйден қуып шыққанда артымыздан жүгіріп келіп, сенің құлақшыныңды, менің пимамды әкеп берді ғой, қайт дейсің құлыншағыма?! Қайдан ғана мынаған кезікті, тойып семірді ғой иттің қызы, босағамызды аттағанда үстінде өңі тозған жаман шыт көйлегі ғана бар еді.

- Өлемін! - деді шал тістеніп.

- Өлсең өл, құдай тілеуіңді берсін. Менің, алдымда бір күн бұрын өлші, артымда жетім шал болып жаутаңдап қалғанша, - деп кемпірі кемсең-кемсең етті.

- Өлімнің ауылы алыста боп тұр ғой, - деді шал, ұшып бара жатқан үйрекке қарап ауыр күрсінді. - Кеудемнен шыбын жаным ана үйрек құсап ұшып кеткенше, бізге тыныштық жоқ қой...

Ахау-үйрек биіктеп ұшып бара жатыр...

Аспалы көпір. Жаңа Семейге бара жатқан автобус ішінде он шақты жолаушылар ғана отыр. Кеше қала бойынша жол ақысы екі есеге көтерілген. Орындықта ойланып отырған жігіт әбден жүдеген, сақал-мұрты өскен. Ұсқынсыз. Кенет... Кенет... орнынан атып тұрды.

- Водитель, тормозни! Терезені сындырардай соққылады.

- Әсел, Әсел! Қас-қағым сәтте қалыңдықтың ақ көйлегін киген Әсел автобустың терезесінен Ертарғынды көріп қалды.

- Аға, аға!

Әселдің көңіл-күйін бақылап жүрген жеңгесі ешкімге білдірмей қолықтап алды:

- Айнам, жүр, машинаға барайық.

Автобус ұзай берді...

Ахау-үйрек аспанда аласұрды. Ғашық жүректе көз бола ма? Ахау-үйрек әлгінде ғана балықшы өкшесімен итеріп-итеріп жіберген мұзайнадан өз бейнесін көріп. Муза екен деп қалған болатын.

Мұзайна ағыспен жылжып барады.

Ахау-үйрек қиғаштай ұшады. Төмен ұшады. Биіктейді. Муза көрінбейді. Төмендейді. Жоқ. Қайта биікке самғай көтеріледі.

«Қайдасың,  Муза? Жаңа ғана бар едің ғой».

«Водитель, тормозни». Ертарғын екі қолымен басын соққылады.

- Әсел, Әсел...

Көктем. Семей көңілді еді. Жазушы университеттің көркемсурет факультетінде оқитын Әселмен таныстығы да қызық болған.

Көрмеге барған. Студент қыздың алғашқы көрмесі. Кенет, «Дала» картинасына ұзақ қарап тұрып қалған.

Суретші қыз жанына келіп:

- Қарындасым-ау, сондай керемет жазушы болса бұл қалада неғып жүр... Америкаға кетпей? - деді әзілдеп.

- Ой, ағалар-ай! - Қыз күйіп кетті.

Ертарғын екі қолын шапалақтап рахаттана күлді.

Көрмеге келгендер бұрылып-бұрылып қарады.

Қыз ештеңе түсінбеді. Әдемі көздері мөлт-мөлт етіп, екі бетінің ұшы қызарды.

- Рахмет саған, - деп Ертарғын студент қыздың бетінен сүйді.

Көрмеге келген көпшілік қол соқты.

Сол күннен бастап екеуі аға мен қарындас болып Ертістің жағасында бірге қыдыратын болды.

Әсел өзенде жүзіп жүрген үйректерге қарап ойланып кетті де:

- Шіркін, мына құстар қандай бақытты, қыс келе жатқанда жылы жаққа ұшып кетеді, - деді Ертарғынның иығына басын сүйеп.

- Сен де бір күні мені тастап жылы жаққа кетесің ғой, - деді Ертарғын күрсініп. Оның көңіл-күйін бірден аңғарған Әсел еркелей сөйледі:

- Аға, аға деймін, балмұздақ алып берші.

- Тамағың ауырады.

- Аға деймін, аға...

- Сен қыз, қоясың ба, жоқ па?

- Қоймаймын, - деп бұртиды. - Сізге өкпелеп қалдым.

Ертарғын үндемеді. Ертісте алаңсыз жүзіп жүрген үйректерге қарап жазушы  ойланып кетіп еді.

Сол... Сол үйректің ішінде Ахау-үйрек пен Муза да бар болатын. Бірге еді. Аналықтың көзіне түспей, қамыстың көлеңке жағында жүрген.

Ахау-үйрек Музаның мұзайнадағы бейнесін көргеннен бері ақыл-есінен айрылғандай... Қанатын қаға береді.

Жас жұбайлардың тойын түсіріп жүрген оператор жігіт камерада пайда болған үйректі көріп таң қалды...

...Қыз жүрегі - жұмбаққа толған шарайна. Әркім өзіне таныс бейнені көргісі келеді. Жазушы қанша талантты болса да, сол айнадан әзіл көре алмаған. Тіпті, ойламаған. Әсел жазушы ағасына деген сезімдерінің бәрін картиналарына жұмсады. Қазақтың жігіті, талантты адам жарқырап көрінсе деген адал ниеті ерекше еді. Бар сырын жеңгесіне жасырмай айтқан.

Сол күннен бастап бәрі басталды. Бәрі... бәрі... Жазушы туралы не естімеді. Әсел өң мен түстің арасында жүргенде, жеңгесі бір жас жігітпен таныстырды. Көрікті, жақсы жігіт. Бәрі тез... Үш айдан кейін құдалар келген. Бүгін, міне, той...

Өң мен түстей... Өзгерген өмір. Сезім. «Жазушы ағасы».

Жұмбақ. Жұмбақ. Жұмбақтар.

- Қайтесің, жазушыны...

- Жеңеше, қателестім ғой, тым құрмаса арманын жалғастырар артынан ерген ұлы да жоқ қой. Енді бәрі кеш. Қазақтың талантты жігітін тірідей өлтірдік қой, жеңеше...

Қалыңдық көз жасын тыя алмады.

- Қоя ғой, күйеу баладан ұят болады, - деді жеңгесі есі шығып.

Көңілді топтың ортасында тұрған күйеу жігіт әдемі қыздың құлағына сыбырлады.

- Бір күні сені ресторанға шақырамын.

- Көйлегім жоқ, - деді қыз.

- Онда саунаға барайық, - деді жігіт.

Қыз жыртың-жыртың  күлді. Ашуланған жоқ.

- Әй, не түсіріп тұрсың? - деп жағалай шампан құйып жүрген жігіт операторға айғайлады.

Ол аспандағы үйректі түсіріп жатыр. Міне, үйрек төмендеп барады. Қанатын қатты-қатты қақты. «Жаным, Муза-Мұңылығым!»

- Жеңеше, - деді Әсел жылап. - Мына дүниенің бәрі Ертарғын ағаның «айналайын» деген сөзіне тұрмайды ғой... Ол енді өледі... Шыдай алмайды... Онсыз да жалғыз еді...

- Жыламашы, айнам, түсінем сені. Қайтейін? Басқа амалым болмады. Жазушы болса қайтейін? Осы уақытқа дейін басында баспанасы жоқ адам саған қалай қамқор болады деген жазығым ба? Біз, әйелдер қателігімізді, бақытсыздығымызды көз жасымызбен жуып алуға ғана шамамыз келеді. Кәне, кәне қоямыз, жылауды...

Оператор үйректің әр қимылын қалт жібермей, түсіріп тұр.

Қатар-қатар машиналардың жанында күліп-ойнап тұрған көпшілік өздерінше мәз...

Камераның көзіне қалыңдық түсті. Ол да төмендеп бара жатқан үйрекке қарап қалған.

«Сен де бір күні мені тастап жылы жаққа кетесің ғой» деген Ертарғын ағасының сөзі есіне түсті.

Ахау-үйректің есіне Мұңылық екеуінің сырласқан соңғы түні елестепті.

«Таң ата жылы жаққа кетесің ғой».

«Жаным, Муза, келе жатырмын. Сені ғана сүйемін».

Қанатын қатты-қатты қағып Муза-Мұңылыққа жақындай берді... Жақындай берді.

Ахау-үйрек әлгінде ғана босаға жақтауы бүтін есіктің ішінен шыққан мұзайнаға барып қатты соғылды. Мұзайна быт-шыт болды. Ұп-ұсақ, мың-миллион мұз моншақтар су бетіне толып кетті. Мың-миллион мұз моншақтар...

Қалыңдық ұп-ұсақ моншақтарға қарап жылап тұр.

Жалғыз...

Мұз моншақтар...

Мөп-мөлдір...

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397