Бейсенбі, 14 Мамыр 2026
Бәрекелді! 130 0 пікір 14 Мамыр, 2026 сағат 14:29

Атажұртқа қош келдіңіз, Ердоған Ер!

Сурет: BAQ.KZ сайтынан алынды

Кеше 2026 жылы 13 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды айрықша салтанатпен қарсы алды.

Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшып отырды.

Түркия Президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.

Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсетті.

Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Әуежай терминалында жас өнерпаздар Түрік елінің көшбасшысына арнап «Домбыра» композициясын орындады.

Мемлекет басшылары екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылайды.

Бұған қоса президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді.

Ал 15 мамырда түгел түркінің рухани ордасы Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді.

Жиында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы талқыланады.

ТҮРКИЯ – ТУЫСЫМЫЗ!

Бізге ең жақын, туыс ел Түрік Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда  Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда 45 минуттан кейін  тәуелсіздігімізді ең алғаш  таныған ел.

Түркиямен дипломатиялық байланыстар 1992 жылы 2 наурызда орнады.

Қазақстанның алғашқы Елшілігі 1992 жылы қазанда Анкарада ашылды.

Қазақстанда ашылған алғашқы елшілік те – 1992 жылы 12 сәуірде жұмыс бастаған Түркия Елшілігі болды.

Түркияның бағына біткен әлемге әйгілі бірегей тұлға Мұстафа Кемал Ататүріктің ерен ерлігімен 1923 жылы 29 қазанда Түркия Республикасы құрылды.

Түркия халқының саны осыдан 3 жыл бұрын 82 миллионнан асты.

Президенті әлемге әйгілі саңлақ саясаткер Режеп Ердоған.

Айналасын төрт теңіз қоршаған Түркия мемлекеті төрт құбыласы түгел, төрткүл дүние санасатын қуатты ел.

«Байрақтар» дронымен әлемге әйгілі, әскерінің жалпы саны 1 054 750 адамға жететін Түркия Қарулы күштері саны жағынан НАТО-да екінші, Америка Құрама Штаттарынан кейінгі орында тұр.

Түркия біздің Тәуелсіздігімізді 45 минутта-ақ бірінші болып таныған, туыс ел болғандықтан да халқымыздың құрметі алабөтен ерекше.

Түрік елдері болашағына алаңдаған Ататүрік сонау 1933 жылы не деп еді?! «Бүгін Кеңес Одағы – біздің досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Осы достыққа мұқтажымыз бар. Алайда, оны ертең не күтіп тұрғанын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия-Венгрия империялары сияқты бөлшектеніп, ұсақталуы ғажап емес. Бұрын жұдырығынан жібермей ұстаған халықтар алақанынан шығып кетуі әбден мүмкін. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы кәдік. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Осы досымыздың қол астында тілі, сенімі, тағдыр-тауқыметі бір бауырларымыз бар. Оларға сол сәтте қол созуға әзір отыруымыз қажет. Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Тарих – бір көпір... Тамыр-тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызды түгендеуге тиіспіз. Олардың (сырттағы түріктер) бізге жақындауын күте алмаймыз. Біз оларға жақындауымыз .қажет», – деген еді асыл туған Ататүрік осыдан 93 жыл бұрын.

Түркияның туысқан Қазақ Елі Азаттығын алғашқы болып мойындауы - Ататүріктің сол 1933 жылы түрік халқына айтқан асыл аманатын адал орындауы.

Түркияның Қазақстанның экономикасына, білімі мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлесі зор.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Қытайдағы Шығыс Түркістаннан қазақтар Гималай асып, тар жол, тайғақ кешу арқылы ауа көшіп, Пәкістан пен Үнді еліне барып кідіргенін білеміз.

Артынан оларға қол ұшын созып, бауырына алған Түркия еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2725
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1841