Ресей: "Қазақстан қызанақтарынан вирус табылды"
Қазақстандық қызанақтардан Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) бұрын кездеспеген вирус табылды. Бұл туралы Россельхознадзордың баспасөз қызметі хабарлады.
"11 қарашада Орынбор облысы бойынша Россельхознадзор басқармасы "Сагарчин" фитосанитариялық бақылау бекетінде Қазақстаннан Ресей аумағына әкелінген карантинге алынған жоғары фитосанитариялық қауіпті өнімді тіркеді.
Жаңа піскен қызанақтың екі партиясына (31 тонна) карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізілді. Қазақстаннан шыққан қызанақтардан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында жоқ карантиндік зиянды организм – қызанақ жемістерінің қоңыр әжімді вирусы (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) анықталды", - делінген хабарламада.
Ресей ведомствосының хабарлауынша, "карантиндік объектінің тірі екені" Россельхознадзордың Орынбор референттік орталығы" ФМБ мамандары жүргізген зертханалық сараптамамен расталған.
"Ресей Федерациясының карантиндік заңнамасының талаптарына сәйкес қызанақтың екі партиясын әкелуге тыйым салынды. Кінәлі адамдар Ресей Федерациясының ӘҚБтК-нің 10.2-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Abai.kz