Сәрсенбі, 28 Қазан 2026
Күбіртке 301 0 пікір 28 Қазан, 2026 сағат 14:45

Әлемде соғыс көп. Ал БҰҰ-ға балама бар ма?..

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Бүгін Президент Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Онда Президент:

«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», - деді.

Президент өз сөзінде қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алғанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырағанын айтты.

«Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.

Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», - деді Тоқаев.

Осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырып жатқанын айтты.

«Алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз. Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.

Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет», - деді Президент.

Тұздық:

БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңы – әлемдік саясат пен тәртіпті талқылайтын басты саяси диалог алаңы екені әмбеге аян.

Расында бұл тақырып тап қазір өте-мөте өзекті. Өйткені, дүние дүрлігіп, әлем астаң-кестең болып жатқан қазіргідей қақтығыстар кезеңінде әлемді тәртіпке шақыруы тиіс бірден-бір баламасыз ұйым өзінің қауқарсыздығын көрсетті. Жаһанға жылдам жайылып жатқан мемлекеттер арасындағы соғыста – БҰҰ бірлі-жарым қарар қабылдап, айыптау актілерін шығарумен шектелді. Нақты іс те, батыл ұсыныс та болған жоқ. Сәйкесінше, БҰҰ міндетін үшінші елдер өз мойнына алып, жауласушы тараптарға арағайындық жасауға тырысты. Украина-Ресей соғысында арашаға жарамады. Израиль-Иран, Иран-АҚШ соғысында ауыз ашып, алаң ұсына алмады. Таяу Шығыстағы қақтығыстарда, Тынық мұхиты төңірегіндегі эскалацияларда, Африка құрлығындағы қарулы қақтығыстарда БҰҰ өзінің шарасыздығын көрсетті.

Ал БҰҰ – әлемді тәртіпке шақырып қана қоймай, сол тәртіптің сақталуын қадағалайтын, мемлекеттерді даумен емес, диалогпен байланыстыратын әлемде теңі жоқ бірден-бір халықаралық ұйым емес пе еді? Анығы – БҰҰ –ның киелі миссиясы да осы еді.

Бас Ассамиблеясы бір басқа, Қауіпсіздік Кеңесі және бар. Халықаралық Соты тағы күш. Секретариаты мен өзге де құрылымдары БҰҰ-ға зор мүмкіндіктер беретін құқыққа, құзыретке ие еді. Бейбітшілк пен қауіпсіздік, адам құқығы мен халықаралық құқық, гуманитарлық миссиялар мен тұрақты бейбітшілік басқа алаңдарда емес, тап осы БҰҰ алаңында шешімін табуы тиіс-тін.

Өкінішке орай, халықаралық құқық тәртібі – «күш аты диірмен тартады» дейтін агрессивті тәртіпке ұласып кеткенде, БҰҰ-ның шешімгерлігіне жоғарыда айтылған сенім де сейіле бастағаны жасырын емес.

Сондықтан, БҰҰ атына айтылып жатқан сын да орынды. Ал гегемондар әлемдік ұстемдікке ұмтылуда. Әлділер әлсіздерге агрессия көрсетуде. Мұның барлығын көріп, біліп отырмыз. Мұндай кезде бейбіт һәм бейратап саясат ұстанатын Қазақстан секілді орта державалар мен дамушы шағын мемлекеттердің арқа сүйеп барар жалғыз алаңы - осы БҰҰ. Оған балама ұйым әзірге жоқ. Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесі» бұл рөлді атқара алмады.

Сол себепті де, қазіргідей алағай да бұлағай кезеңде Қазақстан үшін ең тиімді жол - көпжақты сыртқы саясатты берік ұстану. Бұл біз үшін қауіпсіздік кепілдігі іспетті. Онан соң өзінің географиялық артықшылығы мен инвестициялық тартымдылығына бас тігу, теңгерімді, тиімді әріптестікті көбейту. Бұл даусыз..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1250
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1755