Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2646 0 пікір 12 Ақпан, 2013 сағат 10:37

Өмірзақ Ақжігіт . «Латынға» көштік. Өстік пе? Өштік...

Қазақ кезекті даудың астында қалды. «Өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» дей тұра бәріміз кәзір осы даудың иіріміне тартылуға мәжбүрміз. Себебі, ол біздің болашағымызды шешетін мәселе. Қандай ауыр, қандай қиын мәселе болғанда да оны асықпай-саспай, байыппен, салмақты түрде шешуді үйрене алмай-ақ кететін түріміз бар.

...Сонау 1989 жылы, қазақ тілі тұңғыш рет мемлекеттік тіл болып жарияланатын болып, Жоғарғы Кеңестің қабырғасында пікірлер қақ айрылған кезде депутат Герольд Бельгер ұсыныс айтты. «Жолдастар! Біз алдағы 10 жылда қазақ және орыс тілдері мемлекеттік тіл болып қатар жүретін етейік. Сонымен бірге бұл мерзімді қазақ тілінің таза мемлекеттік тілге көшуінің дайындық онжылдығы деп бекітейік. Он жылдан соң қазақ тілі мемлекеттік тіл болады деп бүгіннег жариялайық-тағы, он жыл бойы жүйелі түрде, табандылықпен жұмыс істейік».

Қазақ кезекті даудың астында қалды. «Өнбейтін дауды өспейтін бала қуады» дей тұра бәріміз кәзір осы даудың иіріміне тартылуға мәжбүрміз. Себебі, ол біздің болашағымызды шешетін мәселе. Қандай ауыр, қандай қиын мәселе болғанда да оны асықпай-саспай, байыппен, салмақты түрде шешуді үйрене алмай-ақ кететін түріміз бар.

...Сонау 1989 жылы, қазақ тілі тұңғыш рет мемлекеттік тіл болып жарияланатын болып, Жоғарғы Кеңестің қабырғасында пікірлер қақ айрылған кезде депутат Герольд Бельгер ұсыныс айтты. «Жолдастар! Біз алдағы 10 жылда қазақ және орыс тілдері мемлекеттік тіл болып қатар жүретін етейік. Сонымен бірге бұл мерзімді қазақ тілінің таза мемлекеттік тілге көшуінің дайындық онжылдығы деп бекітейік. Он жылдан соң қазақ тілі мемлекеттік тіл болады деп бүгіннег жариялайық-тағы, он жыл бойы жүйелі түрде, табандылықпен жұмыс істейік».

Бұл - «немісше» жол еді. Дұрыс жол еді. «7 жылдан кейін малай тілі мемлекеттік тіл болады, малай мемлекетінің азаматтығын сол кезде малай тілін меңгергендер ғана алады» деген Мохатхир Мохаммед жолының қазақша нұсқасы дерлік ең оңтайлы жол еді. Біз не істедік? Біз, әрине, қазақы жолмен кеттік. Герольд ағамызға айтпағанымыз қалмады, сәл болмағанда ит қосып елден де қуа жаздадық. Өзіміз білмедік, білгеннің тілін алмадық. «Бір-ақ секіріп жетем деп, мертігеді, жатады» деп Абай атамыз айтқандай, мертігіп, құлап, орнымыздан әлі тұра алмай жатырмыз. 10 емес, одан бері 24(!) жыл өтті. Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл бола алған жоқ. Мемлекеттік ұйымдар сөйлемеген тіл қалай мемлекеттік болушы еді?  2020 жылы да іс жүзінде мемлекеттік тіл бола алмайды (ләйім, біз қателескен-ақ болайық)! Өйткені, оған Үкімет (дұрысы Өкімет) мүдделі емес. Сол себепті 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді (?) дамыту туралы бағдарламаға қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай тудыру жөнінде бір ауыз сөз жазған жоқ. Ауадай қажеттілік жоқ жерде ешнәрсе болмайтыны түсінікті шығар. Жай әшейін, халықты алдап, жұбатып қою үшін асығыс-үсігіс қабылдай салған көбік құжат.

Ол аз дегендей биыл күзден бастап барлық мектептің 1-сыныбынан үш тілді қатар үйрете бастаймыз...

Енді латынға көшу деген мәселе туды. Біз бұған тікелей қарсымыз. Біріншіден, латын қарпіне көшсек компьютерде жұмыс істеу оңай болады, тез дамып кетеміз деген сөздің өзі күлкілі. Әліппе бар болғаны құрал ғана. Ол өзі ешнәрсені дамыта алмайды. Дамудың кілті әріпте тұрса оған ең бірінші болып еврейлер көшер еді. Дайын тұрған латын әліппесін 1948 жылы солар қабылдар еді.

Екіншіден, біздің түркі тілдес елдермен араласуымыз оңайлайды деген уәж одан да күлкілі. Кеңес кезінде бәріміз бір әліппені қолдандық, сол кезде сіз өзбек, түрікмен, әзірбайжан тұрмақ қырғызша оқып, түсіне алатын ба едіңіз? Екінші жағынан, халық халықпен мидай араласып, сапырылысып жатпайды. Ол жекелеген ғалымдардың, дипломаттардың, қала берді кәсіпкерлер мен саудагерлердің шаруасы. Олар зұлұспен де тіл табысып кете алатын жандар. Әр халық өз тілімен, өз әрпімен өз жерінде өмір сүреді. Оларды сол үшін қолданады.

Үшіншіден, қазақ диаспораларымен байланысымыз оңайлайды деген уәж. Біз бірнәрсені түсінейікші, бауырлар. Біз иә алдағы ары кетсе 10-15 жылда сырттағы 5 млн.қазақты көшіріп әкелеміз, сөйтіп, қазаққа қазақ қосамыз. Иә, 10-15 жылдан кейін сыртта қазақ қалмайды, тек қытай, өзбек, моңғол, орыс қалады. Тілі, жаны, рухы қытайға, өзбекке, моңғолға айналып кеткен адамды сіз ол кезде «төбеңнен алтын құямын» деп елге әкеле алмайсыз. Жүр ғой Европадағы қазақтар, келгісі келмейді. Келем десе бәрінің мүмкіндігі жеткілікті. Оларға Отан емес, жайлы жер керек. Олар өзін қазақ санамайды, «Отаным - Қазақстан» деп білмейді.

Төртіншіден, және ең бастысы, біз қазағымызды біртілді, қазақтілді етіп алмай тұрып, латынға көшсек бүгінгі орыстілді қандастарымызды өз қолымызбен біржолата орыстілділердің қатарына итеріп тастаймыз. Жиырма екі жылдан бері қасарысып, балаларын тек орыс тілді мектептерге беріп, өздері де қазақша үйренбей келе жатқан жандар, оны заң жүзінде білуге міндеттеуді, мысалы, Парламент депутаты немесе дипломат қазақ тілін білуге міндетті деген талапты, «только через наш труп» деп көлденең жатып алып өткізбей келген биліктегілер қазақ тілін латын әрпі арқылы үйренуге кіріседі дегенге кім сенеді? Оларға қазақ болғаннан орыс болған оңай. Әзірдің өзінде-ақ олардың көбінің жаны, рухы, санасы орыс.

Сөзіміз жалаң болмас үшін бір-екі дәлел келтірейік. Менің бір досым бар. Бұрынғы генерал, Мәскеуде бактереологиялық қарудан жабық диссертация қорғаған, Сарышағандағы стратегиялық полигонға бастық болған жалғыз қазақ. Бір кезде Парламентке де сайланған. Қазақшасы - орташа. Оқи да, жаза да алмайды. Бірде екеуміздің арамызда әдеби пікірталас туып қалды. «Пушкин - гений! А, Абай что? Абай только применяет народные слова». «Ау, я читаю Пушкина в оригинале, могу их сравнивать, ты же не можешь читать Абая на казахском, как ты можешь вообще что-то говорить о нем?» Досыма 1961 жылдан бері өзім ұстап келе жатқан, Абайдың сол жылы шыққан бір томдығын бердім. Бір жылдан кейін қайтып алдым. Ой, азамат-ай, бір өлеңді де оқып, аударып, түсінуге тырыспаған ғой. Ал, өзін ақынжанды жан есептейді, орысша өлең жазатыны бар...

Екінші мысал. Темір тордың ар жағында жатқан бір жоғары лауазымды азамат түрменің барлық кітабын тауысқан соң туысқандары орысша-қазақша сөздік пен қазақша кітаптар апарып беріпті. «Ең болмаса осындағы уақытыңды пайдаланып, үйреніп шық» деп. Үш айдан соң ол бетін ашпаған күйі қайтарып беріпті. «Нет никакой тяги» деп жауап берген көрінеді. Енді бұрынғы көшпенді бабаларымыздың қандай болғанын білсе намысы оянар ма екен деген оймен туыстары менен Жұмажан Байжұминнің жаңадан шыққан «Туран. Взгляд на историю человеческого общества» деген керемет кітабын апарып берейін деп алып кетті...

Интернетте латын тіліне көшкенді қолдайтындар Мұхтар Шахановқа араша жабылыпты. «Мұқа, білмейтін салаңызға араласпасаңызшы» дегеннен бастап «латыншаға кітабыңыз аударылмай қалады деп қорқасыз ғой» дегенге дейін барыпты. Басқалардың кітабы аударылмай қалса да, Шахановтың шығармалары шықпай қалмас. Мұқатуға айтылған сөз-дағы.

Шаханов «тіл» деп шырылдаса қара басының қамы үшін емес екенін түсінуге де асып бара жатқан ақыл керек пе? Дәл осы жолы, қазақ тілі жөнінен қақ айрылып тұрған қазақтың тең жартысын (тіпті ширегі-ақ болғанның өзінде де тым көп, «әр қазақ - біздің жалғызымыз» емес пе?!) өз қолымызбен орысқа айналдырып аларымызды да неге түсінгіміз келмейді? Оның орнына алдағы 10 жылды қазақты қазаққа айналдыруға жұмсайық. Қайтіп? Оның жолы көп. Бірақ, ең біріншісі, ең оңайы, ең жылдамы, ең бастысы ешқандай шу шығармайтын жолы - Елбасының қолында. Біздің еліміздің қазағы да қазақ, орысы да қазақ. Үлкенді, басшыны сыйлап үйренген. Президент ешқандай заң шығармай-ақ, жарлық жазбай-ақ күні ертеңнен бастап «алдыма келер құжаттың бәрін қазақша дайындап әкеліңдер» десінші. Ақ Ордада да, Үкімет үйінде де, Парламентте де тек қазақша сөйлеп, қазақша жауап берсінші. Күңкілдейтіндер мен тоңқылдайтындарға: «Шырақтарым, жиырма бір жыл күттік қой, енді қашанғы күтеміз, адамда кішкене нысап деген нәрсе де болу керек қой» деп ұялтсыншы. Сонда ары барса алты айдың ішінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілге көшуі деген мәселе шешіледі. Басқа жолдың барлығы да ұзақ әрі қиын.             «Серік Ахметов Үкіметті қазақша сөйлететін болды!» деп тақиямызды аспанға аттық? Кәне, қазақша сөйлеп жатқан Үкімет?

Жалпы, біз қазақты қазаққа қосып, қазақты қазаққа айналдырып алғаннан кейін барып әліппе ауыстыруымызға болады. Тіпті, ол қажет те. Тек қай әліппе? Ол - ата-баба әліппесі. Ғылымда «көнетүркі жазуы» деп белгіленген, шын мәнінде көнеқазақ жазуына көшуіміз қажет. Сол Орхон-Енисей жазуын тек қазақтар ғана аудармасыз оқып, түсіне алады. Мың жарым жыл өтсе де, бізге ең жақын тіл!

«Бұл - нағыз қияли ұсыныс!» дейтіндер гу ете қалар. Ол тек бір қарағанға ғана. Ал, мәселеге тереңірек үңілсек бұл бізге ауадай қажет нәрсе. Не себепті? Біз қашан көнеқазақ жазуына көшеміз, міне, дәл сол күннен бастап қазақтың көктемгі жылы жаңбырдан кейінгі көктей қаулау дәуірі басталады. Неліктен бұл сөзді соншалықты сеніммен айтып отырмыз? Себебі, біз сол кезде адамзат тарихындағы бар болғаны 12 ғана жазудың бірін ойлап тапқан ата-бабаларымыздың рухын оятамыз. Дана қазақ бекер айтпаған: «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Ал, бізге әзір өлі әруақтарымыз риза емес - біз олардың еңбегін тірілтуге жарамай отырмыз. Неге еврейлер 1948 жылы екі мың(!) жылдан бері қолданыста болмаған иврит тілін қайта тірілтті? Оларға оңай болды ма ешкім білмейтін тілде тек жазу емес, сөйлеу де? Қиын болды, адам айтқысыз ауыр болды. Бірақ, еврейлер бүгін сол саясатының жемісін жеп отыр.

«Тағы бір тәңіршіл табылды» демеңіздер. Мен тәңіршіл емеспін. Бірақ, әруақты жоққа шығаруға болмайтынын да жақсы білемін. «Құдайға жазсаң жаз, әруаққа жазба!» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Тек сол күнге, көнеқазақ жазуының тірілгеніне жетуді армандаймын...

Әлімхан Жүнісбеков ағамыз көнеқазақ тілін қолдаушының бірі еді. Ана бір жылы сөйлесіп қалғанымызда «әзірге латынға көше тұрайық, оның кезегі кейін келер» дейді. Қайран, аңғал қазағым-ай! Өзін-өзі жұбатуға біздей шебер халық жоқ шығар. «Самое вечное - это временное» деген даналық сөзді орыстар басынан өткен соң айтқан жоқ па... Латынның қорасына бір кірсек, кейін қайта шығу жоқ бізге.

Түсінер жандар бар шығар деп тіліміз жеткенінше айттық ойымызды. Түсінер жан табылмаса, қайтеміз, «өз сөзіміз өзімздікі-дағы»...

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5390