Сәрсенбі, 21 Қаңтар 2026
Әдебиет 388 0 пікір 21 Қаңтар, 2026 сағат 13:25

Мен көрген Нұрпейісов (Жалғасы)

Сурет: Sputnik / Ляля Лилова.

БІРІНШІ БӨЛІМ:  Мен көрген Нұрпейісов

ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов

ТӨРТІНШІ БӨЛІММен көрген Нұрепейісов

БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ҚИҚАРЛЫҚТЫҢ КӨКЕСІ

Нұрпейісовтің жеті томын қалай құрастыратынымды жоспарлап алып, үйіне келдім. Негізгі мәселені ақсақалмен ақылдасу керек. Сағат он бірдің шамасы. Ол әлі төсегінде жатыр екен. Тура жоғарғы қабаттағы жатын бөлмесіне кіріп бардым. Жаурап жатқан адамдай қалың көрпені басына дейін бүркеп алыпты. Көрпенің етегінен тартып:

– Ассалаумалейкум, ақсақал! Түс болды ғой, тұрмайсыз ба?– дедім еркін сөйлеп. Көрпесін тартқанымды жақтырмай қалған сияқты. Сөзімді естіді ме, естімеді ме білмеймін. Құлағына киетін аппараттары қасындағы үстелдің үстінде жатыр екен.

– Ө-өй, бұ қайсың? Тиыштық берсейші,– деді де көрпені қайта бүркенді. Мен оның көрпесін қайта тарттым.

– Тұрсаңызшы. Жұмысты бастайық. Ақылдасатын мәселелер бар.

Ол басын көрпеден шығарып, көзін сығырайтып, мені жаңа көрген адамдай жүзіме ұзақ қарады.

– Ә-ә, қызыл комиссар, келдің бе? Не дейсін?– Қолын созып үстел үстіндегі есту аппараттырын алды. Көрпесін ысырып, бойын тіктеп отырды.– Ал, айта бер, алдыңда отырмын.

– Айтқанда, жұмысқа кірісейік. Әуелі қай томға не береміз, соны анықтап, бекітіп алайық деп келдім.

– Әй, сен тоқтай тұр! Сен кімсін? Қандай баспа? Нағып жүрген адамсын? Соны айтшы маған!

– Екі-үш күннен бері айтып жатырмын ғой сізге. «Қазығұрт» баспасы деп. Кеше келісім-шартқа қол қойған жоқсыз ба?

– Мен оны оқыған жоқпын. «Қазығұрт» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Ол не баспа?

– Көп томдықтар шығаруға маманданған баспа. Осы Алматыда орналасқан. Жиырма жылдан бері тек көп томдық шығарамыз. Біздің баспадан қырықтан астам автордың көп томдығы жарық көрді. Шет жағасын естіген де шығарсыз?

– Е-е, есіме түскен сияқты. Бельгердің бір айтқаны бар еді. Қадыр мен Шерханға қалың қаламақы беріпті деп. Солай ма?

– Ол рас.

– Бекділдә Алдамжаров марқұмның бір мақаласында «Қазығұрт» баспасы Қабдештің он екі томын алтынмен аптап, күміспен қаптап шығарыпты» деп жазған еді. Рас па?– деп менің көзіме тура қарады. «Мына кісінің білмейтіні жердің түбінде екен ғой» деп ойладым. 2006 жылы, осыдан он үш жыл бұрын шыққан мақала туралы айтып отыр.

– Ол да рас.

– Оны немесіне шығардың?

– Шығарса несі бар!? Ол да классик жазушы ғой. Мықты романист.– дедім шын көңіліммен.– Таңдамалы романдарын ғана берді. Әйтпесе, ол кісінің жазған дүниесі жиырма томнан да асады.

Әбең басын изеп, біраз уақыт үнсіз отырып қалды. Содан кейін алдындағы үстелде тұрған түкіргішіне қол созып, қақырып-түкіріп алды да:

– Менің аз жазғанымды бетіме басып отырсың ба сен? А я не думаю, что он классик,– деді соңғы жағын орысшалап. Ішінде Қабдеш ағаға деген қыжылы бар сияқты.– Мен оны оқымаймын да.

– Оқымасаңыз, классик емес деп қалай айтасыз? Жазушының шығармаларын оқып барып пікір айту керек қой.

– Сен қойшы. Мен білемін ғой оның кім екенін. Екеуміз де тышқан жылғымыз. Менен он екі жас кіші бола тұра балағыма жармасып, соңымнан қалмады ғой. Сотқа да сүйреді мені. Түбінде өзі тас-талқан боп жеңіліп тынды.

Ары қарай тыңдағым келмеді.

– Сіздердің қарым-қатынасыңызда менің шатағым жоқ. Ондай интригадан алыс жүремін. Маған ештеңе айтпай-ақ қойыңыз. Одан да мына жұмысымызға кірісейік,– дедім қолымды сілтеп. Ол әңгімені қоздата түсті.

– Қабдештің кітабын үкімет шығарды ма? Ақшаны қайдан алдың?– деп сұрады.

– Жоқ, үкімет араласқан жоқ.

– Енді... Кім берді ақшаны?

– Оны қайтесіз? Сыйлайтын кісілер қол ұшын берді ғой. Бірақ оңай біткен жоқ.

– Кім екен оны сонша сыйлайтын?

– Тасмағамбетов көмектесті.

– А-а?.. Өзіміздің Иманғали ма?..– Ол шоқ басып алғандай баж ете қалды,– Имаш та дорақ екен! Кімге көмектесуді білмейтін. Тасып бара жатса маған бермей ме?

Мен күліп жібердім.

– Сізге де көмек бермей жатқан жоқ қой. Талай-талай кәдеңізге жарапты, біраз мәселеңізді шешіп беріпті. Мына үйіңізді салдыруға да жәрдемдескен екен. Енді оны қалайша «дурак» дейсіз?

– Деймін! Ол нағыз дорақ! Қабдешке көмектесіп...– Қарияның қызғанышы бетіне шықты. Аяқ астынан қызбалана бастады.

Осы кезде Динара есімді үй қызметшісі болып істейтін әйел келіп:

– Ата, тамақ ішіп алсаңызшы,– деді.

– Каша ма?– деді қария.

– Иә.

– Маған осы жерге әкеле қойшы, айналайын. Кәзір, беті-қолымды жуып алайын.

– Жақсы, ата! Әкеліп беремін,– деп Динара төменге түсіп кетті.

– Сіз тамақтанып болғанша таза ауада жүре тұрайын. Содан соң кірісерміз,– дедім де мен де сыртқа шықтым.

Аулада Ажар апай (Әбеңнің жары) шуақтап отыр. Үйге кірерде амандасқанмын. Ақырын барып, қасындағы ұзын скамейкаға отырдым. Ажар Керешқызы Ілиясованың нақты жасы сексен тоғызда. Ол 1930 жылы Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысында туған. Химия саласының белгілі маманы, ғылым докторы, профессор. Кезінде ел өнеркәсібінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер. Өскемен жақтағы бір-екі алып зауыттың жұмысын жолға қойған осы кісі дейді. Кезінде аты мәлім ғалым болған. Бірақ атағы жер жарған жазушының көлеңкесінде қалып, есім-сойын барынша жарқыратып көрсете алмаған сияқты. Оның үстіне мынадай қиқар мінезді адаммен жетпіс жыл бір шаңырақтың астында тұру да оңай емес шығар. Кейуананы әбден кәрілік жеңіпті. Бір айтқан сөзін он рет қайталайды. Жөнсіз сұрақтар қоя бастайды. Ешкім сөйлеспеген соң зерігеді ғой деймін, қасына барсаң ойына келген сөзін айтып қалғысы келеді. Апайдың бас-аяғы жоқ әңгімесін біраз тыңдадым. Ара-арасында ұялғаннан «иә» деп сөзін қоштап қоямын. Өзім біртүрлі ыңғайсызданып отырдым. Дүниеде өзіңді өзің танымай қалғаннан қиын нәрсе жоқ қой. Не істеп, не айтқаныңды білмей, әркімнің қабағына қарап, жас сәбидей жәутеңдеп, бейшараның күйін кешіп отырған қайбір жақсы дейсің. Әй, кәрілік-ай!

Менің көңіліме мұң кірді. Біртүрлі жүрегім езіліп, жаным ауырып кетті. «Жұмыс, жұмыс деп жанығып жүріп, мен қайда тап болдым? Мынау отырысым не? Сыртқа шықсам, ақылы ауысқан кемпір, ішке кірсем есірген қиқар шал. Не көңіліңді ашып сөйлесе алмайсың, не жұмысың бітпейді. Менде де бір кісілік көкірек бар еді ғой. Неге жаншылып қалдым? Мейлі ғой, ақсақалдың жасын сыйлаймыз. Бірақ, сыйлағанның да жөні бар емес пе? Өткізіп қойған нәрсесі бардай ол маған неге дікеңдейді? Неге басынады? Кітап жазса мен үшін жазып па? Жоқ, басынуға жол бере алмаймын. Классик болса, өзіне классик. Мен жұмысты бітіруім керек». Осы оймен үйге кірдім. Қария тамағын ішіп болып, әлдебіреумен телефон арқылы сөйлесіп отыр екен. Ол телефонды жапқан соң маған бұрылып:

– Сені тексеретін қылдым,– деді масаттанғандай сөйлеп. Мен оның сөзіне түсінбей қалдым.

– Тексергені қалай?

– Жаңа ғана финполдың бастығына айттым. Сенің баспаңды әбден тексерсін дедім.

– Ол ойыңызды алғаш амандасқанда-ақ айтқансыз. Маған ондай нөмір өтпейді. Тексерсе тексере берсін!– дедім кейіп.

– Саған өздері шығады. Қиналып қалып жүрме-е!– деді ол мысқылдай күліп.

– Жаныңыз ашыса финполда неңіз бар? Осы сіз қандай адамсыз? Мен кітабыңызды абыроймен шығарсам деп жанталасып жүрмін. Сіздің отырысыңыз мынау, финполға тапсырып қойдым деп. Көрінген жерге киліге беретіндей немене, олардың менен басқа жұмысы жоқ па? Мен олардан қорықпаймын. Басты қатырмай жұмысқа кірісейік. Келгеніме бір сағат болды. Түк бітірмедік.

– Менің бүгін мазам болмай тұр. Ешқандай жұмысқа зауқым жоқ. Сен ертең кел. Болмаса екі күннен кейін кел,– деді ол қитығып. Оның сөздеріне күйіп кеттім.

– Жоқ, мен бүгін істейтін жұмысты ертеңге қалдырмаймын. Финполға звондауға шамаңыз жеткенде, өз кітабыңызды жоспарлауға шамаңыз жетпей ме? Менің бүгінгі мақсатым: жеті томды неден бастаймыз, немен аяқтаймыз, соны айқындау. Міне, мынау менің жобам, жеті том осылай құралады,– деп дайындап әкелген жоспарымды қолына ұстаттым. Ол жоспарды қайта-қайта қарап шықты да:

– Өзім де осылай болса дегем. Болады,– деді.

– Демек, осы жобаны бекітеміз. Бірінші том «Күткен күн» романы. «Қан мен тердің» үш кітабын екінші томнан бастаймыз. Бесінші, алтыншы томдар «Соңғы парыздың» екі кітабы. Жетінші томға мақалаларыңызды береміз. Болды. Бұдан кейін өзгертпейсіз. Келістік пе?

– Келістік. Томдардың ретін өзгертпегенмен кітаптардың ішін редакциялаймын.

– Біз автордың стильдік ерекшелігіне баса мән береміз. Орынды түзету болса қабылданады. Мен ертеңнен бастап томдарды түгелдеуге кірісем. Сағат 10-да сізге келем. Соған дейін қолыңызда бар материалдарды дайындап отырыңыз. Финпол шақырып қалмаса, мен кешікпей келуге тырысамын.

Екеуміз қол алысып, келістік.

(Жалғасы бар)

Темірғали Көпбай

Abai.kz

0 пікір