Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4052 0 пікір 25 Ақпан, 2013 сағат 08:03

Тұрсын Жұртбай. «Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды» (жалғасы)

5.

Талант пен тұлғаның тағдыры талқыға түскен шақтағы олардың жандүниесi мен жанжүйесiн түсiну үшiн, енді тергеу барысында тәркiленген бiраз хаттардың ұзын-ырғасымен таныстырып, шағын өмiрбаяндық желi тартамыз. Бұл, бiрiншiден, тұлғалардың өзара тағдыр мен таным тамырластығын байқатады. Ал тағдырсыз тұлға қалыптаспайды. Екiншiден, олардың тiлге тиек етiп отырған ұлттық, мемлекеттiк мәселелерге деген көзқарастарын бiлдiредi. Үшiншiден, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң ұлттық рухани тәуелсiздiк жолындағы қозғалысқа қатысын және оның кейiнгi өмiрлерiндегi қатпар-қатпар, құбылыстармен қарама-қайшы пiкiрлерiнiң түпкi себебiн ашып бердi.

5.

Талант пен тұлғаның тағдыры талқыға түскен шақтағы олардың жандүниесi мен жанжүйесiн түсiну үшiн, енді тергеу барысында тәркiленген бiраз хаттардың ұзын-ырғасымен таныстырып, шағын өмiрбаяндық желi тартамыз. Бұл, бiрiншiден, тұлғалардың өзара тағдыр мен таным тамырластығын байқатады. Ал тағдырсыз тұлға қалыптаспайды. Екiншiден, олардың тiлге тиек етiп отырған ұлттық, мемлекеттiк мәселелерге деген көзқарастарын бiлдiредi. Үшiншiден, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң ұлттық рухани тәуелсiздiк жолындағы қозғалысқа қатысын және оның кейiнгi өмiрлерiндегi қатпар-қатпар, құбылыстармен қарама-қайшы пiкiрлерiнiң түпкi себебiн ашып бердi.

«Алашорда» мен қазақ мемлекет қайраткерлерiнiң «коммунистiк - колонизаторлыққа» қарсы қозғалысы барынша қуатты күшке ие болған қарбаласы мен жанталасы қауырт дәуiрде Мұхтар Әуезов бұрынғы Санкт-Петербург, сол кездегi Ленинград университетiнде оқуда жүрсе де тарихи оқиғадан тыс қалған жоқ. Ол тiкелей мiнбеде сөйлеп, мақала жазбағанымен де ұлттық сана қозғалысының алдыңғы толқынының ағысында жүрдi (Оған айғақ жетерлiк. Мұны түрмедегi тәркiге алынған құжаттар растайды).
Жат ортада жүрген Мұхтардың да жеке басы аңду мен тiмiскiден азат болмады. Оған Әлкей Марғұланның бiзге айтқан естелiктерi дәлел. Қашан Мұхтар түрмеге түсiп, Марғұлан өзiне-өзi қол салғанша бұлардың соңынан ОГПУ-дiң тыңшысы бiр елi қалмапты. Әлкей Марғұлан марқұм:
«Арнайы орынға тергеушінің атын атап: «Менiң өлiмiме себепкер сол»,- деп жазған қолхатымды алған соң ғана ол сескенетiн болды. Сонда да аурухананы аңдып жүретiн. Мен оның тұрақжайын бiлемiн. Әлi тiрi. Соны бiр қорқытып, шындықты анықтап берiңдершi»,- деп жиi өтiнiш ететiн.

Әрине, кеңес өкiметiнiң өкiлеттiлiгi өктем кезде ол тiлегiн орындау мүмкiн емес едi. Отыз жылға созылған зерттеу iзденiстерiнiң нәтижесiнде мынадай қорытындыға келдiк. Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның соңына тыңшылардың тіміскiлене түсуi - Әлихан Бөкейхановтың СССР Ғылым Академиясының жер мәселесi жөнiндегi ерекше комитетiне қатысуға Ленинградқа келгеннен соң басталған.

«Айыптау қорытындысынан»: «Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә.Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М.Әуезовке: «Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау - өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды «,- деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ)».

М.Әуезов (жалғасы): «Менiң шаруашылық мәселесiне қатысым туралы жайды тергеушi Попов маған былай түсiндiрдi: Ленинград қаласындағы менiң атыма жолдаған Ермековтiң хатында ол маған Қазақстандағы жергiлiктi халықтың жерге орналастыру барысында қысым көрiп жатқанын жазыпты-мыс. Сұрақ-жауап кезiнде мен тергеушiге онымен (Ермековпен - Т.Ж.) ешқашанда бұл тақырып жөнiнде хат жазыспағанымды айтып, бұл деректi жоққа шығарамын. Осы хатқа байланысты мынаны есiме алдым. Ол менiң мекен-жайымды, менiң фамилиямды көрсетiп Ленинградқа хат жазыпты. Iшiн ашып қарағанымда ол хаттың маған арналмағандығын бiлдiм, өйткенi онда менiмен ол сiз деп сөйлесiптi, ал жасының үлкендiгiне байланысты олай жазуы мүмкiн емес едi. Соңынан бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановқа арналған екен, оның Ленинградтағы нақты адресiн бiлмеген Ермеков хатты мен арқылы жолдапты. Осы хатпен танысып шығуларыңызды қатты өтiнемiн».
Сол жылдары елдегi ағайындарынан жасырып, бiрге тұрып жатқан үшiншi әйелi Валентина Николаевна Әуезованың естелiгi бойынша, Әлихан Бөкейхановты Мұхтар Әуезов үйiне қонаққа шақырыпты. Ол кiсi туралы әйелiне көп мағлұмат берiп:

«Қазақтың ұлттық көсемi, нағыз қайын атаң сол. Қалайда риза етуге тырысуымыз қажет. Артық сөз болмасын. Қазiр бұл адам қатты қиналып жүр. Күтiмi келiспей жүр. Көңiлiн сергiтiп жiберейiк»,- деп қадағалап тапсырыпты. Содан жалғыз примусқа от жағып, қазақша ет асып, шай қайнатып, бауырсақ пiсiрiптi. Сонда тұңғыш рет жылқының қазы-қартасын асыпты. Валентина Николаевна қызы Ләйлә Мұхтарқызына: «Ондай зиялы, бiлiмдi әрi мысымен адамды басып жiберетiн қазақты көрмедiм»,- деп сондай бiр инабатпен айтып отырады екен.

Аса мәдениеттi, адамды мысы басып отыратын Әлихан Бөкейханов он бес күндей үйiнде жатқанда Мұхтар өзiн-өзi сол кiсiнiң баласындай сезiнiп, елпек қағып күтумен болыпты. Кейiн ол адамды Мәскеудегi қызы Лиза (Ләззат) келiп алып кетiптi. Бұл адаммен қайтып Валентина Николаевна ұшыраспаған. Ал Лиза (Ләззат) Әлиханқызы қашан Мұхтар дүниеден қайтқанша араласуын үзбеген. Оған Ләйлә Мұхтарқызының:

«Бiр жолы Мәскеудiң үлкен театрына әкем екеумiз бардық. Үзiлiс кезiнде бiр әйел: «Әй, Мұхтар!»,- деп тоқтатып алды да, оған сондай емiн-еркiн, ешбiр қысылып-қымтырылмастан сөйлей жөнелдi. Бiз бiлетiндердiң iшiнде әкемнiң мұндай танысы жоқ едi және ешкiм де онымен дәл осылай бұйыра сөйлеспейтiн. Кейiннен бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановтың қызы, Смағұл Сәдуақасовтың әйелi Лиза (шын аты Ләззат) екен. Сол жолы ол әкеме Смағұл Сәдуақасов пен Жүсiпбек Аймауытовтың романдарының қолжазбасы мен суреттердi бердi»,- деп бізге айтып берген мәліметi дәлел.

Сол қолжазбалар да, суреттер де, өзгедей айғақтар да Мұхтар Әуезовтiң мұражай-үйiнде сақтаулы. Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың аманатымен сол шаңырақтың шырақшысы болған «сүйкімді күндерімізде» біз бұл қолжазбаны ғылымның есігін енді ашқан Дихан Мыңбаевқа (кейін Қамзабекұлы) ықыласпен ұсынып едік. Ол үмітті ақтап, жайдары алашшыл ғалым боп шықты.

Әлімхан Ермековтің бұл хатын Мұхтар Әуезов 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14-үй, 1-пәтер. Мұхтар Әуезовке - жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II - 28 ж.»,- деп жазылған. Ал iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. С.Мұқанов өзінің естелігінде: «Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан үшеуі бір пәтерде тұрды, төртінші боп мен қосылдым. Бірақ алдыңғы екеуін көрмедім»,- деп жазды. Бұл арада сәл сәйкессіздік бары анық. Ә.Бөкейханов онда уақытша пәтер жалдап тұруы мүмкін. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Оған хаттағы мәлімет дәлел. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған.

Ә.Ермеков (жалғасы): «ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ Халық Комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов - Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (-?- Т.Ж.) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».
Ол хатты 1928 жылы 21-наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:
«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз»,- деп түсiнiктеме берген.
ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданып отыр. Демек, зерттеушiлердiң назарына ұсына кететiн жай, бiз ұшығына жете алмай жүрген не iз-түссiз жоғалып кеткен қолжазбалар мен құжаттардың түпнұсқасын Ташкенттен iздеу керектiгi.

Өйткені тергеу ісіндегі айғақтар да, мұрағат деректері де, эпистолярлық жазбалар да бұл екеуінің жиі байланысып тұрғанын дәлелдейді. Бұл тұста Смағұл Сәдуақасовпен ерекше достық ниетте болып, оны рухани үлкен тiрегi ретiнде бағалады. Смағұл да оған барынша құшағын кең жайып, қалтқысыз достық ниетiн танытты. Олар - өмiр қыспағында сыннан өткен жұп едi. Сондықтан да Мұхтардың бұл қысылтаяң кезде қандай саяси бағытты ұстағаны өзiнен-өзi түсiнiктi. Мұхтардың өмiрiндегi Смағұл Сәдуақасовтың қандай орын алатындығы оған жолданған төмендегi хаттың мазмұнынан анық байқалады.
«Жолдаушы: Мұхтар Әуезов. 22.IХ.27 ж.
Алушы: Қызылорда қаласы, Ленин, № 26. Б. Майлинге - Сәдуақасов Смағұлға табыс ету үшiн.
Хаттың сыртындағы жазу: Бейiмбет! Смағұл онда жоқ болса Ташкенге жiберуiңдi сұраймын.
Смағұл!

Саған үнемi масыл болу маған бiр парыз сияқты мiнез болды. Iстеген iсiмдi: «Барарына барғыз»,- деп сұрау бiр сәрi жұмыс болсын, соңғы уақытта: «Жата-жата жамбасқа ауды»,- дегендей, «Ендi маған пұл бер, мені асыра»,- деген күйге де жеттiм. Соңғы жiберген ақшаң ерекше достықтың белгiсi болды. Бiрақ сенде де үй бар, бала-шаға бар. Қазiргi уақыттағы табысың да мардымды болмау керек. Оның үстiне Ленинградта тұратын үйлi-баранды бөгде бiр кiсiнi тағы да асырау әлден асқан мiндет. Қандай күйге жетсем де мен сенi бұлайша зорлауым керек емес едi. Ерiксiз соңғы уақыттағы хал соған әкелдi. Бiрақ iштей қатты қысыламын, қиналамын. Сен отзывчивосын, бiлемiн. Бiрақ солай едi деп асылу, солай едi деп жаралау керек емес едi. Талай-талай ұмыттырмас достық, туысқандық мiнездерiңнiң бiрi болды. Әйтсе де, бұдан былай өзгенiң қылығы үшiн өзiңдi жаралағанды қой. Оны мен тiлей де алмаймын, қабыл да көре алмаймын.
Оның есесiне, жiберген нәрселерiмдi шама келгенше барарына барарлық етiп жiберсең, сол да сенiң аз еңбегiң емес болады. Соған да мен риза боламын.

Тапсырылған нәрсенiң бәрi Ғаббасқа берiлсе, әрине, оның ешқайсысының да тезiрекпен аяғы жерге тимейдi. Өйткенi бәрiн жинағанда ол көп материал болмақ. Және жазу - менiң жазуым. Оқып шығу қиын. Көп уақытты алады. Ғаббас үнемi соған қарап отырған кiсi емес. Басқа да қызмет алаңы көп. Сондықтан да бұл менiң сөздерiме жасалған «құрметтi айдау» есептi болуға керек... Сөзiңе қарағанда, менiң былтырғы «Сұғанақ сұрым» да (соған - Т.Ж.) берiлген шығар деймiн. «Ескi әдебиет тарихы», Абай да соған берiлген шығар. Оларға соңғы «Қараш - Қараш» деген әңгiме, одан соң «Госиздатқа» жiберiлген әңгiмелер, тағы о-ваға (общество краеведение - Т.Ж.) ... тапсырған (кiсiнiң аты танылмады - Т.Ж.) материалдар қосылған шығар. Кәрiмнiң (Тоқтыбаев - Т.Ж.) жазды күнi маған айтқан бiр сөзiнде: «Сенiң жазғандарыңды Ғаббас пен Жандосов екеуiнiң бiрiнiң қарамағына берем! «,- деп едi. Сонда Абай, «Сұғанақ сұрды» еске ала айтқан сияқты едi. Тегi кейiнгiлердi де сол iзбен жiберген ғой. Осының анығы қалай екен? Ғаббасқа тапсырғанның iшiнде соңғы, биыл жiбергендерiм бар ма екен? Жоқ бұрынғылар ғана ма? Осыны анықтап бiлiп, айырып жазсаң жақсы болар едi. Не болмаса, өзiң бiлiп жүруге уақыт алатын болса Телжанға (Шонанов - Т.Ж.) тапсырсаң жақсы болар едi. Дәл анығын бiлiп, Ғаббас қаншасын қарады, не айтты, қаншасын қараған жоқ. Қашан қарамақ, сол мәселе туралы анық толық хабар берсе жарар едi. Өздерiң жүруге көп жұмыс. Телжанға қадағалап тапсырып, жазып жiбер деп айтып кетсең екен деймiн.

Қызылорда басудан жалықпаса, мен жазудан да сондай қажымаспын деп ойлап отырмын. Жақында бiр пьеса жазбақпын. Онан соң 16-шы жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме-роман қылмақпын. Осы екеуiн жақын уақытта жұмыстап жұмыстарымды бiтiрсем, декабрьдiң 15-нен әрi Қызылордаға барып қайтамын ба деп ойлап отырмын. Барлық бұрынғы-соңғы жұмыстарымды ең соңғы рет тағы бiр арыла сөйлесiп, барарына барғызып көрсем қайтедi деймiн.
Бұдан ештеңе шыға ма, жоқ па? Декабрьдiң 20-ларында сен қайда боласың? Барсам бiр-ақ жұмаға ғана барып қайтам.
Одан соңғы үлкен жұмысым: менi бiтiрген соң қайда пайдаланбақ? Бұл жайын өткен хатыңда осы жолы сөйлесемiн деп едiң, сөйлестiң бе? Өзiм барсам қалай сөйлесу керек? Осыны да тез жазып жiбер.

Хат жазсам ылғи мен «шаруа» жайын жазып, онша бiр сыр, нәрлi сөзбен пiкiр алысып, әңгiмелескеннен қалып барамын. Сен де ұзын-ырға болмаса, тәптiктеп жазбайсың. Читатель проблемасы туралы Жүсiпбекпен жазысады екенсiң, не десесiңдер? Маған да айтыңдаршы. Бұл iргелi мәселе болу керек. «Оқушы үшiн әдебиет» дейсiңдер ме, жоқ оқушы средасын әдебиет формировать етедi дейсiңдер ме? Екеуi де қабырғалы, соқталы сөз. Маған екеуiңнiң де не дейтiндерiң екеу сияқты, танысу, бiлу өте қажет сияқты.

Егер маған: «Ташкенге барасын»,- дейтiн болсаң, қай кезде қалайша барамын. Өзiм май iшi бола ма деп мөлшерлеп едiм. Бiрақ бұл Қызылорда нәрселерiмдi басып, қаражат беретiн болған уақытта. Егер: олай болмаса, жүдеп-жұтап жүрсiн десе, шыдап болмайды. Онда ерте кетемiн. Осы соңғы һал болса - қалай баруыма болады, соны анықтап, ашып жаз. Осы бола ма деп қорқамын. Өзiң Ташкенде отыру, отырмау (тұру, тұрмау - Т. Ж.) туралы тағы да оспақтап қалған кiсi сияқтысың. Тағы көшемiсiң, әлде немене? Бұлай болса қашан болмақ, қалай қарай? Оны да жаз. Вуз - келесi жылы Ташкенде бола ма, оны да бiлгiм келедi. Бұл туралы жаза сал. Әзiрше қош, сүйдiм. Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады.
Мұхтарың. 24. ХI.27 ж.»

Мұхтардың мұқым ғұмырындағы жан сырын ашып, жеке басына қатысты жүрекжарды шындығын жария еткен үш хаттың екеуi осы Смағұл Сәдуақасовқа арналған. Бұл екi хатта ешқандай күдiк пен көлеңке жоқ. Әр сөзi өзiнiң сол кездегi көңiл-күйiнiң көрінiсi. Әлденеге алаңдау, пiкiрiн астарлау, емеуірін таныту, баспақтай басу байқалмайды. Бұдан кейiнгi эпистоярлық мұраларының барлығынан айтылған жолай пiкiрлер үнемi қылаң берiп отырады. Мұның барлығы - әкесiн баласына, маңдайдағы екi көздi бiр-бiрiне аңдытқан тiмiскi өкiметтiң жазалау саясатының кесiрi едi. Ол түрменiң дәмін татқан соң осындай сақтыққа үйрендi. Тiптi мұны өзiнiң мiнез-құлқының бiр бөлшегiне айналдырды. Онсыз зауалды заманның ажал жаңғырығынан аман құтылуы мүмкiн емес едi.

Дәл осы тұста адам ретiнде де, азамат ретiнде де, жазушы ретiнде де ғұмырының ең шешушi кезеңiн басынан кешiрiп жатқан Мұхтардың өмiрi мен көңiл өзегiнiң ыстық-суығын, алаңы мен аптабын толық жеткiзу үшiн толық келтiрiлген хаттағы жайларға қысқаша түсiнiк бере кетейiк. Сонда бiздi дiлгiр еткен бiраз мәселенiң басы ашылады.

Бiрiншiден, Фатима Ғабитоваға жазған хатында: «Жеке басымда өзгешелiк бар»,- деп емеуiрiн танытқанындай, Мұхтар үшiншi рет, бұл жолы соңғы рет төсек жаңғыртып едi. «Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады»,-деген адаммен - Валентина Николаевнамен бiрге тұрып жатты.

Екiншiден, жас отау мен студентке жетiспейтiн жалғыз-ақ нәрсе бар. Ол: Адам-Ата мен Хауа-Ана қосылғаннан бергi адамзат атаулының шеше алмай келе жатқан мәңгiлiк мұхтаждығы - ақша, ақша және ақша болатын. Хаттың мазмұнына, «саған үнемi масыл болу - маған бiр парыз сияқты мiнез болды» - деуiне қарағанда, Смағұл қаражат жағынан Мұхтарды тарықтырмағаны байқалады. Бұрынғы көмегiн «масылдық парыз» деп санаған Мұхтардың бұл жолғы қысылып-қымтырылуын түсiнуге болады. Себебi, Смағұл Сәдуақасов дәл сол күндерi Голощекинмен саяси жекпе-жекке шығып, тәуекелдiң майданына түсiп, жанталаса жанығып жүрген әрi барлық лауазымды қызметтен қуылып, өзi де жұмыссыз жүрген. Соған қарамастан жас отауды «байытып тастағандай» қаражат жiберiп, бiр рет қарық қыпты.

Үшiншiден, басқасын қайдам, дәл осы жолғы Смағұлдың көрсеткен көмегi - Мұхтар үшiн де, қазақ мәдениетi үшiн де тарихи көмек болды. Жаз бойы Жетiсу мен Қырғыз өлкесiн аралап қайтқан Мұхтар Әуезовке Ленинградтағы 1927 жылғы күз, шын мәнiндегi «алтын күз», Пушкиннiң «Болдуино күзiндей» қайырымды, шабытты, шамырқанулы күз болды. Хатта атап көрсеткенiндей, дәл сол күндерi «Қараш - Қараш оқиғасын» баспаға ұсынып, «16-жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме етiп», «Қилы заманды» еңсерiп тастаған. «Хан Кене» пьесасының оқиға құрылымын ойында екшеп жүрген. Егерде, Смағұл «қаражатпен қарық қылмаса», мұндай күрделi дүниелердi алаңсыз отырып жаза алмас едi. Аталмыш «қолқабысты» - тарихи қолқабыс деуiмiз де сондықтан. «Қилы замансыз», «Қараш - Қараш оқиғасынсыз», «Хан Кенесiз» Мұхтардың жазушылық жолы мен қазақ әдебиетiнiң тарихын елестету мүмкiн емес. Демек, бұлар - ұлттық рухани күрестiң тұсында туған, саяси майданның шайқасында жүрген досының сөзiн дәлелдеу мақсатымен қалам тартқан «коммунистiк колонизаторлыққа», рухани отарлауға қарсы бағытталған шығармалар.
Сонысымен де бiзге құнды.

Төртiншiден, Ақ теңiздiң жағалауында жас келiншегi мен шығармашылық шабыттың буына бөгiп жүргендей көрiнгенiмен, Мұхтардың көңiлi алаңға толы болатын. Сонау шалғайдағы отанында - Қазақстанда жүрiп жатқан Қужақтың - Голощекиннiң «естен тандыру» («политика потрясения») саясатының қатерлi бағытын iштей сездi. Күнi ертең қандай күйге ұшырарын анық бiлмесе де, iштей болжады. Сондықтан да, «жазалау науқаны» күш алмай тұрғанда «Сұғанақ сұр» мен «Қилы заманды», «Хан Кененi», «Қараш - Қарашты», «Ескi әдебиет тарихын», Абайдың екi томдық шығармаларын жариялап үлгеруге тырысты. Соны Смағұлға қадағалап айтып өтiнiш еттi. Соның iшiнде «Қараш - Қараш» пен «Қилы заман» ғана жарияланып үлгердi. Өкiнiшке орай, «Сұғанақ сұр» повесi сол күйiнде жоғалып кеттi.
Бесiншiден, осы хатта аты аталып, тегi тектелген адамдар кiмдер және оларға Мұхтардың сондай бейiл бере құлай сенетiндей ретi бар ма едi? Бар да едi, жоқ та едi. Мысалы, ұлттық ойдың ұйытқысы, ұлттық тұлға, терең тамырлы зиялы Телжан Шонанұлы туған халқының адал жүректi азаматы, достыққа берiк, сертке сенiмдi алаш қайраткерлерінің бiрi болды. Отарлаушылардың қазақ жерiн қалай тебiнге айналдырғанын әшкерлеп арнайы «Қазақ жерi мәселесi» атты тұңғыш зерттеу кiтабын жазған осынау ардагердiң ғұлама бiлiмi мен адалдығына дұшпандары да iзетпен қарайтын. Мұхтар сол қасиетi үшiн де қолжазбаларын Телжанның қолына тигiзудi қайта-қайта ескертедi. Бiрақ...

Тiлеген тiлектiң бәрiн жаратқан ием қабыл ете бере ме. Бейiлi - пейiлге, ниетi - пиғылға ауысқан мысық тiлеу заманының «сайқал мiнезiне» сәйкес, бұл қолжазбалар «сұғанақ сұрлардың» қолына тидi. Хатта аты-жөнi көрсетiлген адамдардың iшiнде сенiмсiздерi де, арандатуға дайын тұрғандары да бар едi - дегенiмiздiң астары осында. Бұл өзi жан-жақты тиянақты талдауды қажет ететiн:
Ненi сүйдiм, дүниеде неден күйдiм,
Қазысы оның - арым мен бiр-ақ құдай,-
деп Абай айтқандай түбiрлi мәселе.

Сонда да, әдебиет тарихы дәлелдеген шындыққа жүгiнсек, Мұхтардың Қызылордаға жолдаған шығармалары нағыз «қырсықты қызыл көздiң» өз қолына түстi. Аталмыш хатта аты аталған «Ғаббас» деген адам - Ғаббас Тоғжанов болатын. Аса ауқатты шаңырақтан шыққан, оқуы терең, бастапқыда «Алаш» туының астындағы белсендi жастың қатарында жүрген Ғаббас Тоғжанов жиырма екi - жиырма бесiншi жылдардың арасында Әбдiрахман Байдiлдин мен Сәбит Мұқановқа қосылып, «кеңесшiл кедейдiң» шоқпытын киiп шыға келдi. Қазақтың тұңғыш маманданған әдебиет сыншысы ретiнде аты тарихта қалатыны анық. Алайда, парасат пайымына салсаң, Ғаббас Тоғжановтың ақылға салып шайқағаны - көркем ой емес, саясаттың «сары суы» едi. Сол кезде әдебиеттiң сойылын оңды-солды сiлтеп, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды былай қойып Абайдың өзiн «сiлейтiп» тастаған болатын. Мұхтардың:

«Тапсырған нәрсенiң бәрi Ғаббасқа берiлсе, әрине, оның ешқайсысының да тезiрекпен аяғы жерге тимейдi. Өйткенi бәрiн жинағанда ол көп материал болмақ және жазу - менiң жазуым. Оқып шығу қиын. Көп уақытты алады. Ғаббас үнемi соған қарап отырған кiсi емес. Басқа да қызмет алаңы бар. Сондықтан, бұл менiң сөздерiме жасаған «құрметтi айдау» есептi болуға керек»,- деп емеуiрiн танытуы да сондықтан болатын.
Мұхтардың бұл күдiгi орынды едi және «қаупiң неден болса - қатерiң содан» дегеннiң керi нақты келдi. Қужақ - Голощекин қазақ ұлтының үстiнен «кiшi октябрьдiң» үлкен дауылын соқтырды да, мұқым халықты ойлағанындай етiп «есiнен тандырды». Соның нәтижесiнде ғылымның әлiппесiн ендi ғана ашқан, бiлiмнiң буы етiнен өтiп, сүйегiне жетпеген «жұмысшы интеллигенттер» шықты. Бұрын Әлихан мен Ахметке сөзiн ұстатқан қазақ елi, ендi Сағыр Камалов, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Исаев, Әбдiрахман Байдiлдин iспеттi шала қарпылған «идеологтардың» аузына қарады. Ленинградта «кiтабiм қашан шығады» деп үмiттенiп жүрген Мұхтардың қолжазбасын олар Қызылордада отырып қағып алып:

«Шығарманың саяси бағыты оның авторының қандай ағымды ұстанатынына тiкелей байланысты. Алдын-ала шығарылған есеп бойынша, ұлтшыл-жазушылар 14, КазАПП-тықтар - 16 және жолбикелер 9 кiтап шығарды... Соның iшiнде ұлтшылдардың өкiлдерi әр саланы қамтыған (Байтұрсынов, Әуезов, Кемеңгеров, Омаров, Абай (!!!), Жұмабаев). Ұлтшылдар дала мен қазақ халқының өмiрiн таптық мүддеден тыс, бояуын сiңiре жырлайды, сөйтiп, өзiнiң қаламын кеңес өкiметiне қарсы бағыттайды»,- деп идеологиялық қақпақылға түсiрдi, яғни, қолжазба халықтың қолына тимей жатып, оның маңдайына қарғыс таңбасын басты.

Сол жылдары Қужақ - Голощекиннiң үкiм шығаратын мiнбесiне айналған «Советская степь» газетiндегi бұл мақаланың авторы Сағыр Камалов едi. Ол нағыз кеңестiк және голощекиндiк «естен тандыру» рухында тәрбиеленген «ақ жүректiң» өзi болды. Таптық күрес идеясы көзiн тұмандатқаны сондай, «Алашорда» үкiметiнiң көсемдерiнiң қатарына Абайды да қосып жiбердi. Мұхтар дайындаған Абайдың екi томдық шығармалар жинағының жарық көрмей қалуына бiрден-бiр кесiрiн тигiзген осы Сағыр Камаловтың аталмыш газетте жарияланған «Абайдың буржуазиялық күл-қоқысын ысырып тастау керек» - деген мақаласы-тын. Ел-жұртты «естен тандырамыз» деп жүрiп өздерiнiң «естерiнен танып», «есiрiкке» қалай айналғанын бiлмей қалды. Қолжазбалары Ғаббас Тоғжановқа тапсырылғанда Мұхтардың:
«Бұл менiң сөздерiме жасалған «құрметтi айдау» есептi болуға керек»,- деп күдiктенуi орынды.

Оның бұл ойлағаны дәл келдi. «Қараш - Қараш оқиғасы» мен «Қилы заманның», «Хан Кененiң» қолжазбасы қолына түсiсiмен Ғаббас Тоғжанов оны жарыққа шығарудың орынына, керiсiнше, бесiгiнде тұншықтыруға ұмтылды. Қалайда Голощекиннiң көзiне түсу үшiн сол кезеңдегi «шала пiскен идеологтар» өзiнiң мақалаларын жаппай орыс тiлiнде жазып, «Советская степь» газетiне жариялауға құлшынды. Дәл осындай «сыбағаны» Ғаббас Тоғжанов сонау Ленинградта жатқан Мұхтарға да тартты. Ол Мұхтарды Қазақстанға келтiрмеу үшiн, қайтып саяси-мәдени сахнаға шығармай, жолын кесiп тастау үшiн алдын-ала байбалам салып, үкiмiн шығарып қойды. «Алаш iсiн» алдыға тарта отырып, Ғаббас Тоғжанов баспасөз арқылы Мұхтарды ресми түрде халық жауы деп жариялады. Ол:

«Осыдан бiраз ғана 3-4 жыл бұрын - бiздiң ұлтшылдарымыз: өнер, оның iшiнде әдебиет - саясатқа бағынбайды; олар: бізді саясат, таптық тартыс мүдде қызықтырмайды, қазақ әдебиетi өзiнiң алдына таптық мүддеден жоғары жалпы ұлттық мүдденi мiндет етiп қояды - деп даурыққан болатын. Қазақ ұлтшылдарының жас идеологтары - Әуезов, Д.Ысқақов, Аймауытов және олардың компаниялары осылай деп жазды. Ал, Сәдуақасов болса бiздiң кеңестiк әдебиетiмiздi ұлтшылдарсыз - Әуезовсiз, Аймауытовсыз және Кемеңгеровсiз көз алдына елестете алмайды. Оның ойынша, ұлтшыл-жазушылар ұлтаралық тақырыпта қазақ еңбекшiлерiнiң тiлегiн қанағаттандыратын пайдалы шығармалар жазуы әбден мүмкiн екен. Мұнымен де қанағаттанбай, ол бiздiң ұлтшыл идеологиядағы ақын Мағжан Жұмабаевтi - әйгiлi ұлтшылды, бiр кездегi контрреволюцияшылды әшкерелеуiмiзге де қарсы»,- деп жазды.

Әрине, бұл достықтан туған «игi тiлек» емес. Ал адамгершiлiк тұрғыдан алғанда сатқындық едi. Өзiне сенiп тапсырған қолжазбаны ешқандай ресмилiктi сақтамай құрбандыққа шалуы - заң бойынша қызмет бабын жеке басының мүддесi үшiн, кек алуға пайдаланды деген айып тағылуға тиiстi азаматтық қылмыс едi. Алайда, азаматтықтың өзiн «тап күрескерi», «жазалаушы» деп түсiнген ақ жүректерге ешқандай заң жүрмейтiн. Оның үстiне дәл осы кезде Жүсiпбек Аймауытовтың «Ақбiлек», Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман», «Хан Кене» iспеттi отарлау саясатын әшкерлеген әлемдiк көркем ой деңгейiнде жазылған шығармалары дүниеге келiп едi. Мұндай әсерi мол қуатты туындылар кеңесшiл, тапшыл идеологтардың төбе шашын тiк тұрғызды. Олар үшiн ең қауiптi «қылмыс» осы болатын.
Ұлттық мүдде - олар үшiн жат, ең жеккөрiнiштi ұғым едi. Ал, Мұхтар мен Смағұлды бұл кезде мүлдем басқа мәселе алаңдатып жүр едi. Смағұл оқу-ағарту халық комиссары қызметiнен босатылып, оның да тағдыры белгiсiз болып тұрған сәт едi. Алайда ашық күрестен тайсақтамайтын отты азамат қызмет уайымының бәрiн ысырып тастап, мақсатты жұмысын атқара бердi. Ол барлық жазушыларға, оның iшiнде Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке өмiрбаяндық, шығармашылық мәселелерге қатысты бiрнеше сұрақтар жiберiп, соған сүйене отырып алғы сөз жазып, олардың шығармаларын Мәскеуде орыс тiлiнде шығарды. Сол кезде жолдаған анкеталар қазiр М.Әуезовтің мұражайында сақтаулы. Ал Мұхтардың жоғарыдағы хатына мынадай жауап жазды.
«Жiберушi: Ташкент, Далинская, 14. Смағұл Сәдуақасов.
Алушы: Ленинград қ., орталық, Декабристер көшесi, 14, 1 пәтер. Әуезов Мұхтарға.
Мұхтар!

Сенiң соңғы хатыңды баяғыда алсам да, оған жауап жазуға жаңа ғана мұршам келiп отыр. Бiзде аздаған өзгерiстер бар. Мен педвуздан кеттiм, бүгiн Қызылордаға жол жүрмекпiн, ал ондағылар қайда жiбередi - бiлмеймiн. Менiң орыныма әлi ешкiмдi қойған жоқ, уақытша бiздiң басқарма мүшелерiнің бiреуi қалады.

Ендi, сенiң бiзге қызметке келуiң туралы мәселеде өзгешелiк болуы мүмкiн. Оқу-ағарту комиссары таяуда бұндағы жаңа директорға: ендi бұл арада ешкiмде қалмайды - дептi, бәрiмiзде солай ойлаймыз. Сондықтан да сенiң Ташкентке келуiң ресми емес жолмен расталды. Бiздiң Алматыға көшер-көшпесiмiз әлi шешiлген жоқ. Оқу-ағарту комиссариатының айтуы бойынша, таяуда көшуiмiз керек, бiрақ та нақты емес.

Пәтер жөнiнен қам жеме - педвуздың өз үйi бар. Мен тұрған үйде бiр үлкен де кең бөлме бар. Оның үстiне менiң үйiм үш бөлме, соның бiреуiн саған босатып беруiме болады. Лиза Ташкентте қалады, ол университеттен шығып кете алмайды. Сондықтан да мен қайда кетсем де жалғыз кетемiн. Егерде Қызылорда келiсiм берсе - Ташкентте қаламын.

Жiбергенiңдi алдым. Қуана-қуана сәлем жолдаймын. Егерде бұл хат болмаса, мен саған ренжитiнiм анық едi. «Еңбек жүрiп жатыр». Жураб жөнiнде пiкiр таласын өткiздiм, баяндама жасадым. Адам көп болды. Мен өзiме-өзiм қанағаттанбадым. Мен жақсы-ақ дайындалдым, бiрақ әдеттегiдей 40-50 ғана кiсi болатын шығар деп ойлағанмын. Бiрақ та 300-400 қаралы адам жиналды. Сөзiмнiң қорытындысында өзiмнiң беделiмдi сақтап қалғандай көрiндiм. Жора пiкiр таласын ұйымдастырмақшы, мен онда баяндама жасамақпын, ал Сәкен қосымша баяндама жасамақ.
Әзiрше, сүйiп құшақтадым - Смағұл.
Келесi хатты Қызылордадан жазамын. Смағұл».

Хаттың мазмұны айтып тұрғанындай, бұл Смағұлдың Қазақстандағы саяси сахнадан мүлдем қудалануының басы едi. Онымен күресуге ешқандай шарасы қалмаған Голощекин өзiнiң қолындағы ең соңғы мүмкiндiктi пайдаланып, Смағұл Сәдуақасовты барлық қызметтен алып тастады. Соншама күш шығарып, жанын салып жүрген тұңғыш жоғары оқу орынының ректорлығынан да ысырды. Оған Смағұлдың «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы жазылған «Ұлттар мен ұлтжандылар» туралы мақаласы себеп болды. «Буржуазиялық демократиялық көзқарастың көсемi ретiнде әшкерелеген» К.Таболовтың мақаласынан кейiн, Ташкенттегi жоғары педагогикалық институттың партия ұйымының жауапты хатшысы I. Қабылов:

«Бұл ұлт мәселесi жөнiндегi большевиктiк, лениндiк танымға қарсы әрекет... Сондықтан да Сәдуақасов жолдасты бұдан әрi қарай қазақ педагогикалық жоғары оқу орынының ректоры мiндетiнде қалдырудың ешқандай қажетi жоқ әрi мүмкiн емес»,- деп өрекпiдi.

Соның нәтижесiнде, әлi жоғары бiлiм алып көрмеген I.Қабылов партияның атын жамылып, өзi ұйымдастырған институттан Смағұлдың өзiн шеттеттi. Смағұл Сәдуақасов Қызылордаға барған соң да марқадам таппады. Ақыры Мәскеуге жол тартты. Онда Халық Комиссариатының салааралық жауапты маманы ретiнде қызмет атқара жүрiп, темiр жол институтын тәмамдады. 1933 жылы «Днепростройдың» құрлыс басқармасының орынбасары болып жүрген кезiнде «күкiрт қышқылы газымен» уланып, Кремльдiң ауруханасында қайтыс болды. «Бүкiлодақтық ақсақал» М.И.Калининнiң өзi қоштасу азасына қатысты. Смағұлдың қазасын дәрiгерлер «өндiрiстiк уланудың» қатарына жатқызды.

Алайда, оны сол күндерi Мәскеуде көрген, әңгiмелескен, Кремльге шығарып салған адамдардың естелiгiне жүгiнсек, Смағұл өзiнiң денсаулығы туралы ешкiмге ештеңе деп шағымданбаған. Ол Кремльге киiммен кiрiп, кебiнге оранып шыққан. Егерде, тура сол кездегi Кремльдiң iшiндегi «өндiрiстiк уланумен» қаза тапқандардың қасақана уланып өлтiрiлгенi туралы құпиялардың ашылып жатқанын ескерсек; сондай-ақ С.Сәдуақасовтың жиырма екiншi жылы Семей облысын Сiбiр ревкомынан Қазақ АССР-нiң құрамына кiргiзгенiн, іле-шала «Кененің» - Ежовтың атсалысқанын қаперге алсақ, ал сол «кененiң» өрмелей-өрмелей Кремльге келiп, НКВД-ның «көсемiне» айналғанын айтсақ, Смағұлдың кiмнiң қолынан қаза тапқанын аңғару қиын емес. Рас, «күкiрт қышқылы газымен» Смағұлдың улануы мүмкiн. Бiрақ, «өндiрiстiк улану» болса, онда Смағұл Сәдуақасов «Днепростройдың» ауруханасында дүние салуы керек едi ғой. Ал Смағұлдың таңертең Кремльге аман кiргенi, кешке қарай өлгенi анық. Әрине, бұл дербес әңгiме. Түптiң-түбiнде шындықтың ашылатыны кәмiл. Өзiнiң зерттеушiсiн күтiп тұрған, ұрпаққа парыз мiндеттiң бiрi осы.

Мiне, тұлғалы тұқыртудың құрбаны болған осындай азамат жазықсыздан жазықсыз заман өртiне шалынды. Ол өрт Мұхтарды да қамтыды. Жұбанышты бiр жай сол: осындай қарбалас шақта Көкшетаудан баспаның бас редакторы болып келген орман қызметкерi Ғабит Мүсiрепов Мұхтардың «Қилы заманын» ешкiммен ақылдаспастан теруге жiбердi. Кiтап «Алаш iсi» ресми тергеуге алынып, Байтұрсыновтар қамауға алынғанша жарық көрiп үлгердi. «Сұғанақ сұр» повесi сол күйi «сұғанақтардың» шеңгелiне түсiп, iз-түзсiз кеттi. Ал, «Хан Кене» сахнаға қойылмады. Астана - Алматыға ауысты. Егер Мұхтар мұнда келсе, бiрден абақтының есiгiн ашар едi. Сондықтан да, Ташкенттегi Орта Азия университетiне жол тартты. «Қужақтың» құрығы онда да құтқармады. Сөйтiп, ол «Орта Азия басмашыларының идеологиялық жетекшiсi» болып шықты да, түрмеге түстi.

(жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322