Тәуелсіздік үшін батыл күрескен дипломат
Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 31 жыл толып отыр. Ал тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясының қалыптасқанына – 30 жыл. Тәуелсіз ел болғанымыз әр қазақ үшін зор мақтаныш. Ал тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Еліміздің азаттығы жолында кездескен кедергілер мен қиындықтар туралы, сол жолда белсенді қызмет атқарып, күрескен тұлғалар туралы қаншалықты жақсы білеміз?
Биыл дипломатия қызметіне айрықша үлес қосқан Қазақстан Республикасы Дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қайраткер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер дипломат Сайлау Батырша-ұлы 80 жасқа толды. Оның еліміздің тәуелсіздігі жолындағы күресі, атқарған еңбегі туралы әңгімелеуді жөн көрдім.
Мақаламыз журналист Мұрат Алмасбекұлының авторлығымен жарық көрген Сайлау Батырша-ұлы туралы «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог кітабының негізінде өрбімек.
Дипломатияға қадам
Сайлау Батырша-ұлы Кеңес заманынан бастап 50 жылдан аса уақыт дипломатия саласында қызмет атқарды. Дипломатия саласына 1965 жылы келген Сайлау Батырша-ұлы қызметін Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінде Бірінші хатшы лауазымынан бастайды. Дипломатия деп аталатын маңызды әрі аса күрделі жолды сақтықпен, сабырмен басқан ол Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына және шетелге танылуына еселі еңбек етті. Ол Сыртқы істер министрлігінде табысты қызметі үшін 1967 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші секретарі Д.Қонаевтың өзі қол қойған қаулысымен Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебіне (кейін Академия болды) қабылданады. Бұл оның әлемдік дипломатия саласына басты қадамы болатын. Сондай-ақ Дамаск университетінде (Сирия), Париждегі «Альянс Франсэз» институтында оқыды. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында дүниежүзі экономикасы мамандығы бойынша ғылым кандидаты дәрежесін алған, Ресейдің экономика академиясында докторлық диссертациясын қорғаған.
Мәскеудегі Дипломатиялық академияны аяқтағаннан кейін 1971 жылы Алжирдегі Кеңес Одағы елшілігінің Үшінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Алматы обкомының лекторы, нұсқаушысы, 1978-81 жылдары Конго Халық Республикасындағы елшілігінің Екінші хатшысы болды.
– Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігі 1944 жылы құрылған. Яғни, биыл 78 жыл толды. Алайда, біз оны тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдармен өлшеп, 30 жыл деп жүрміз. Бұл қате түсінік, – дейді Сайлау Батырша-ұлы.
Қызмет барысында қандай да кедергілерге тап болып, қызметінен шеттетілді. Алайда әрқашан шындықты дәлелдей білді. Қайсар мінезді қайраткер тіл мен ұлттық мүдде жолында да басын бәйгеге тігіп күресті. Ұлтжанды азамат тоталитарлық Кеңес үкіметі кезінде-ақ бар мүмкіндікті ұлт пайдасына асыра білді. Франция мен Алжир, Конгода жүргенде Қазақстанды насихаттады. Туған халқының мәдениеті мен мүддесін өзі қатысқан алуан түрлі жоғары дипломатиялық кездесулерде, мәжілістерде орайын тауып айтып та, қорғап та жүрді. Мәселен, Иран шахы Реза Пехлевидің және басқа да көптеген шетел үкімет делегацияларының Қазақстанға келген іс-сапарларын ойдағыдай ұйымдастыруға зор үлес қосты. Республикамыздың сыртқы саясатын уақыт талабына лайық мол білімімен, зор табандылықпен жүзеге асыру барысында С.Батырша-ұлы аянбай еңбек етіп, дипломатиялық өнердің тамаша үлгісін көрсетті. Ол өзіне жүктелген жұмыстарды абыроймен атқарып, Кеңесші деген жоғары дипломатиялық рангке дейін көтерілді. Осындай күрделі де жауапты дипломатиялық қызметтерді атқарған ол қазақ дипломатиясы саласының ең ұзақ жылдар істеген ақсақалы, яғни дипломатия саласының корифейі атанды.
Ел мүддесін жоғары қойды
Сайлау Батырша-ұлының Кеңес үкіметінің дипломатиялық қызметінде жүріп елінің Тәуелсіздікке қол жеткізуіне ықпал жасап, сол жолда тер төкті, күрделі қадамдарға барды.
Кеңес өкіметі кезінде бостандықты, халқының теңдігін ойлап, тәуелсіз болуға бар болмысымен ұмтылған дипломат 1991 жылы Кеңес Одағы делегациясының құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына қатысты. Сол жолы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 24 қазан айында пресс-конференцияда «Халықаралық құқықтарына және БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болуына толық правосы бар және тәуелсіздікке шығады» деп тұңғыш рет батыл мәлімдеме жасады. Интервью Кеңес Одағы Телеграф Агентігінің (ТАСС) корреспонденті Евгений Менкеске береді. «Вступит ли Казахстан в ООН?» деген материал бүкіл әлемге және одақтас республикаларға тарайды. Бұл мәлімдеме дипломатиялық жолмен елді тәуелсіздікке жетелейтін шыңы еді. Алайда интервью республикалық радио, теледидар және газеттерде жарияланбады. «ҚазТАГ» басшысы интерьюді сол кездегі министр А.Арыстанбековаға көрсетіп, жариялауға келісімін сұрайды. Министр бұл материалды шығаруға тыйым салады. Сонымен, тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тігіп, дипломат Нью-Йорк қаласынан сұхбатты факспен республикалық газеттерге жолдайды. Сөйтіп, интервью газеттерде жарияланып кетеді.
Сұхбатты оқып, жұртшылық қуанып жатқан кезде, СССР-дың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіліне Алматыдан министрден телеграмма келеді. Онда С.Батырша-ұлын елге тез қайтару туралы айтылған екен. Елге оралып, дүйсенбі күні жұмысқа барса, министр қабылдамайды. Тек көмекшісі «Вы в своем интервью совершили политическую ошибку, министр передала, чтобы вы написали заявление об уходе по собственному желанию» дегеніне Сәкең бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіреді. Бір апта бойы жұмыстан кетпей, кабинетінде отырып алады. Ақыры, іс Президент Н.Назарбаевқа жетеді, ол Сәкеңнің халықаралық аренадағы, Нью-Йорк, Вашингтондағы тәуелсіздік үшін дипломатиялық іс-әрекетін қолдап, жұмыста қалдырады.
Нью-Йоркте дипломат Президенттің тәуелсіздікке қалай қол жеткіземіз деген ойын жүзеге асыру жолдарын іздеді. 1991 жылғы қазан айында Кеңес Одағының делегация мүшесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея сессиясына қатысып, АҚШ астанасы Вашингтонға арнайы барып, бірінші қазақ дипломаты ретінде Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментіне кіреді. Бұдан бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлері БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқан, алайда олар Американың сыртқы істер ведомствосына бас сұққан жоқ. Орталық Азия басқарма бастығына Қазақстанның тәуелсіздікке баратынын мәлімдеп, саяси қолдау сұрайды. Өйткені сол уақытқа дейін Вашингтон Қазақстан Ресей Федерациясы құрамына кіреді деген ойда жүрді. Сондықтан Қазақстанда орналасқан ядролық қару-жарақ Ресейге өтіп, болашақта Москвамен ғана келіссөз жүргізуге дайындалған. Батырша-ұлы Қазақстанның жеке мемлекет болғаны, Америка Құрама Штаттарына ұтымдылығы туралы түсіндіріп берді. Семей ядролық полигоны, Байқоңыр космодромы, Кеңес Одағының бұрынғы әскери базалары Қазақстанның меншігінде қалғаны американдықтарға пайдалы екенін ашып айтады. Осы мәселемен Америка конгресменімен кездесіп, оған да жағдайды түсіндіреді. Конгресмен және Мемлекеттік департаменттің жауапты қызметкері қазақ дипломатының мәлімдемесін өз басшыларына жеткізуге уәде берді. Бұл үлкен дипломатиялық демарш болатын. Соның нәтижесінде, АҚШ тәуелсіздігімізді тез арада мойындап, Алматы қаласында бірінші болып өз елшілігін ашты.
Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымымен (2012 жылдан бері Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы – ИЫҰ) алғашқы қарым-қатынасы 1991 жылы басталды. Бұл тарихи оқиға болды.
Ислам Конференциясы Ұйымы саммитіне қатысудағы басты мақсат – тәуелсіздіктің алдында мұсылман елдерімен байланыс орнатып, елімізді мұсылман әлемімен жақындастыру болатын.
– Ислам Конференциясы Ұйымының Сенегалда өткен саммитіне Қазақстан Президентінің өкілі ретінде қатыстым. Сол сапарда он шақты елдің делегация басшыларымен кездестім. 10 желтоқсанда арнайы шақыру бойынша Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың қабылдауында болдым. Менімен бірге Әзербайжан делегациясы да қатысты. Әңгімеміз түрікше, қазақша, әзербайжан тілінде араласып жатты. Біз түрік халықтарының өкілдері өз ортақ тілімізде сөйлесуге алдын ала президенттің көмекшісі арқылы келістік. Үш елдің өкілдері білетін француз, араб, орыс тілдерінде сөйлесуден бас тарттық. Сөйтіп, түрікшілдігімізді бірінші кездесуден бастадық. Тұрғыт Өзал саммитке қатысқанымызға риза болды. «Қазақстан СССР құрамынан шықпақ ойы бар ма?» – деген сұрағына, «Президент Н.Назарбаев Республиканың тәуелсіздігін алуға бел буып, ішкі және сыртқы жағдайларды сараптап, Республикада басқа ұлт өкілдері тұратынын ескеріп отыр». Инша Алла, жақын арада бостандығымызды жариялайтынымызды хабардар еттім. Ол жанымызда тұрған Сыртқы істер министрі Четинді шақырып алып, тапсырма берді. Қазақстанның Тәуелсіздігін Түркия ең бірінші болып мойындап құттықтауы керек деді. Четин мырза Алматыда Түркияның ешқандай өкілдігі жоқ, Мәскеуде ғана елшілігі бар екендігін ескертті. Түрік елінің басшысы Қазақстанға арнайы Анкара өкілін, журналистерді жіберуге және Қазақстанның радио, теледидар хабарларын тәулік бойы тыңдауға тапсырма берді. Сондықтан 16 желтоқсан күні Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісі мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған сәттен бастап бір сағаттың ішінде Анкарадан Түркия Президенті Т.Өзал қол қойған құттықтау телеграммасы келді. Онда Түркия Республикасының Президенті Қазақстанның тәуелсіздігін және әлемдік қауымдастықтың толық субъектісі ретінде мойындағаны туралы жазылған, – деп еске алады дипломат.
Ызғарлы Желтоқсан көтерілісі ұмыт қалмауы тиіс
Дипломаттың биіктерге шарықтаған да, қисынсыз қудаланған да сәттері болды. 1986 жылғы Мәскеу үстемдігіне қарсы Желтоқсан көтерілісін батыл қолдады, жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарына үздіксіз жәрдем берді. Сол кезде депутат Мұхтар Шаханұлының басқаруындағы парламент комиссиясының жұмысына атсалысты. Сол үшін үкімет тарапынан Коммунистік партия мүшелігінен шығарылып, жұмыстан қуу туралы мәселе қаралды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ тарихындағы ұлттық серпілістің толқыны іспетті болды. Аласұрған дауылды теңіздің асау толқыны Кеңес Одағы дейтін тас қамалдың қабырғасын соғып, кейін жамауға келместей үлкен жарқыншақ салып кетті. Кеңестік жүйе қанды қылышын оңды-солды сермеп, ұлттың бас көтерген жастары мен оларға тілеулестік танытқан зиялы қауымды жоюды көздеді. Олардың әрбір басқан қадамын тексеріп, соңдарына түсті.
Өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ халқы да басқа одақтас республикалар секілді бойын түзеп, ақыл-есін жинай бастады. Елдің әл-ауқаты жақсарып, жастардың оқу-білімге, жаңалыққа ұмтылуы күшейе түсті. Яғни, алдыңғы аға буын бастан кешкен қудалау, соғыс секілді ауыр қасіреттерді көрмеген жаңа ұрпақ, жас буын өсіп жетілді.
1986 жылға қарай республикадағы қазақ ұлтының саны 40 пайыздан асты, ал 1959 жылғы санақ бойынша қазақтар 29,3 пайыз ғана болды. Оқу орындарындағы қазақ жастарының саны 55 пайызды құрады. Мұны Мәскеу билігі «қазақтар басқа ұлттарды шетке қағып жатыр, оқу орындарында өздері білім алатын жағдай жасап алған» деп Алматыны кінәлады.
Шындығында, барлық республикаларда солай болатын. Грузия, Армения, Өзбекстан тағы басқа республикаларда жергілікті ұлттың студенттері мен оқытушы, профессорларының саны көп басым болды. Бұл – заңдылық еді. Кеңес Одағы кезінде бүкіл Одақ бойынша орыстардың саны 50 пайыз болса да, Ресей оқу орындарындағы 90 пайызы орыстар болды. Тіпті, Кеңес Одағының астанасы Мәскеуде 95 пайыздан астам орыстар ғана білім алды.
Алайда ұлтаралық қатынастардағы, ұлттық саясаттағы мұндай нәзік мәселелерді Кеңес Одағы Компартия Орталық Комитетінің Бас секретарі М.С. Горбачев ескерген жоқ. Ол қазақ халқының көбі орыс тілінде сөйлейді, олардың дені «интернационалист» болып кетті, қазақтардың ұлттық сана-сезімі төмен деген жалған шешім жасады. Сондықтан Кремль Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретарі Д.А. Қонаевты орнынан алып, республика басшылығына ұлты еврей, паспорт бойынша орыс Геннадий Колбинді жіберді.
Енді халық Д. Қонаевтың орнына Қазақстан Компартиясының жетекшілігіне, яғни республика басшылығына қазақ келеді деп күтті. Ол кезде өсіп келе жатқан жастардың ұлттық сана-сезімі де жаңа сипатта жетіліп келетін. Олар бәрін көріп отыр. Қазақстанға қатысы жоқ, жергілікті халықты мүлдем білмейтін Ульянов обком партиясының секретарі Г. Колбиннің басқаруына жігерлі жастар жол бергісі келмеді.
Айта кету керек, барлық одақтас республикаларда мемлекетті жергілікті ұлт өкілдері басқаратын. Тіпті, автономиялы республикалар Татарстан, Башқұртстан, Мордва, Якутия, Бурятияның билік басына жергілікті ұлт өкілі отырды. Бүкіл қазақ жұршылығы Мәскеудің мұндай шешіміне наразылық білдіріп, бірден қарсы шықты.
Олар: «Қазақстанды тек қазақ басқаруы тиіс, әр ұлт өзін-өзі билеуге құқы бар!» деген талап қойды. Себебі жастардың көзі ашық, жаңа санадағы ұрпақ. Оның үстіне, М.Горбачевтың әр республика өзі-өзі басқару құқығы бар, жариялылық, демократия, қоғамда «қайта құру» идеясын іске асыру айтылып жатқан уақыт еді. Желтоқсан көтерілісі жайлы Сайлау Батыршаұлы былайша әңгімелейді:
- Мен 15 желтоқсанда Алматыдан Мәскеу қаласына баратын пойызға отырып, докторлық диссертация жұмысымен Мәскеуге кетіп бара жатқанмын. 16 желтоқсанда пойыз Орал қаласына тоқтаған сәтте, Алматыда пленум болғаны туралы, КП Орталық Комитетінің бірінші секретарі Г.Колбин сайланды дегенді радиодан естідім. Сонда бұның қателік болғанын, республика басшылығына басқа ұлт өкілін әкелуі жақсылыққа апармайтынын іштей сездім.
Иә, белгісіз Ульянов обком партиясының секретарі Г.Колбиннің Қазақстан басшылығына келуін саналы жанның бәрі тосырқай қарсы алғаны түсінікті. Әсіресе, ұлттық жігері жалындай түскен жастар мұны қабылдаған жоқ.
Ең маңыздысы – Алматыда 1986 жылғы желтоқсанда жастардың алаңға шығуы бұзақылық емес, ол – көтеріліс болатын. Себебі желтоқсанда тек Алматы ғана емес, Республикамыздың барлық облыс орталықтары мен қалаларында, аудандарда халық наразылық білдіріп көшеге шықты. Мәскеудің жіберген арнайы әскер жасақтары, «спецназ» қарусыз ұл-қыздарымызы ұрып-соғып, қорлап, айуандық жолмен азаптап өлтірді. Кремль басшылары «Желтоқсан көтерілісін» арақ ішіп, наша шегіп алған қазақ жастарының бұзақылықтары деп, болып жатқан шындықты жасырып, әлемге өтірік ақпарат таратты. Жастарды бүлікші, маскүнем, нашақор ретінде көрсеткісі келді. Сонымен, ЦК КПСС «қазақ ұлтшылдығы» деген қаулы шығарды. Мұны мен Мәскеуде докторантурада жүргенімде орыстар талай бетіме басты.
Кез келген ұлт өз жерінде қорлық көріп, ешкімнен кем болғысы келмейтіні анық. Қазақтың ұлттық сана-сезімі көтеріліп, өзге халықтармен тең болғысы келді. Сондықтан бүкіл халық Республиканың билік басына өз ұлтының азаматы келгенін қалады. Сөзімізге дәлел болуы үшін бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында болған мына бір жайды айта кетуге болады.
Көтеріліске үн қосу үшін 17 желтоқсан күні Арқалықтың ұл-қыздары да көшеге шығады. Араларында Қазақ музыка драма театрының әртістері бар. Арқалық кішкене қала болғандықтан, милиция тез қоршап, көбін ұстап алып, түрмеге жауып тастайды. Сол күні кешке спектакль қойылуы керек болатын, алдын ала билет сатылып қойылған. Бірақ театрда ойнайтын әртістердің бәрі қамауда отыр. Егер спектакль қойылмаса, тағы да шу шығады. Облыс басшылары Алматыға «бізде бәрі тыныш, халық жайбарақат, театр көріп, мәдени шараларға қатысты» деген есеп беруі керек. Амал жоқ, спектакльдің басталуына аз уақыт қалғанда, жоғарыдан нұсқау келеді де, әртістерді босатып, автобуспен театрға апарады. Сөйтіп, актерлер асығыс-үсігіс киім ауыстырып, абақтыдан бірден сахнаға шығады. Міне, өмірде болған «шынайы спектакльді» өтірік «спектакльге» айналдырған жайттар да болды. Басқа облыстарда көтерілісшілерді қамап, алаңға шыққандарды күшпен таратып: «Бізде бәрі дұрыс, халық, партия Орталық Комитеттің пленумын қолдап жатыр» деп өтірік мәлімет беріп жатты.
М.Горбачев пен Г.Колбин 1986 жылы қазақ халқын қорлап, бейбіт шеруге шыққан ұл-қыздарымызға жан-жақтан арнайы әскер әкеліп жаныштағаны туралы әлемнен жасырып отырды. Міне, енді депутат М.Шахановқа Түркияға барып, шетелге орыстардың жасаған қиянатын паш ету мүмкіндігі туды. Бұқаралық ақпарат құралдары партияның қолында болғандықтан, шындық айтылмайтын, баспасөз жарияламайтын. СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Түркияға барып, әлем қауымдастығының алдында шындықты жарияламаса, Мәскеу басшылары үнімізді өшіретініне көзім жетті. Сондықтан министрдің шешіміне қарамастан, Мұхаңа шетелдік паспорт беріп, Түркияға жібердім. Ол үшін КГБ-ның қара тізіміне ілінетінімді түсіндім. Не сөгіс алатынымды, не жұмыстан қуылатынымды да білдім. Бірақ мен үшін жеке басымның қамынан желтоқсанда қаза тапқан, мыңдаған қудаланған жандардың ары мен обалы жоғары еді...
Репрессиядан құтқарып қалатын жолдардың бірі – Еуропа елдері мен Америка желтоқсан көтерілісінің шындығын біліп, құқық қорғау халықаралық ұйымдарының Мәскеудің бізге жасаған диктатын айыптауы деп санадым. Сонда ғана әлемдік қауымдастықтан, Батыс елдеріндегі адам құқығын қорғайтын ұйымдардан Кеңес үкіметі сескеніп, республикада қысым мен қудалауды тоқтатуы мүмкін.
Бұл үміт мені алдаған жоқ. СССР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының съезінде Алматыдағы желтоқсан оқиғасын, әскерді пайдалану туралы тексеру комиссиясы құрылды.
Желтоқсанда жапа шеккен жандардың комиссияда қаралатын жұмысы да шаш етектен болатын. Күніне жүздеген адам келіп, көтеріліс кезінде көрген қорлығы мен зорлығын, өздеріне заңсыз тағылған айып, жолсыз жабылған жаласы туралы арыз-шағымдарын айтатын. Бір қызығы, бүгін арыз айтқан адамдардың ертеңінде қайта келмей қоятыны қатты таңғалдырады. Комиссия жұмыс жүргізіп жатқан орынға барып, сырттан бақылап жүретін, өзі талай шетел барлау органдарының торынан өткен дипломат бұл мәселені анықтайды. Сөйтсе, шағым айту үшін келген адамдардың арасында қауіпсіздік комитетінің жансыздары да бірге отырады екен. Оны қарап, кімнің кім екенін танып жатқан Мұхаң жоқ, келгендердің бәрін алдына отырғызып қойып, әңгімелеседі. Арыздарын жазбаша алып келуін сұрайды. Ал іште отырып, бәріне қаныққан тыңшылар кешегі ауызша арыз айтқандарды сыртқа шыққанда үркітіп-қорқытып, қайтып комиссияға жоламайтындай етіп бездіріп жібереді. Дипломат Мұхтардың кабинетіне барып, сыртқа шығып кетуін сұрайды. Содан екеуі бір қабат жоғары этажға шығып, оңаша сырласады.
Мұхаңа үлкен залдың ішінде отырғандардың арасында жансыздар бар екенін, олар келгендердің айтқанын тыңдап, түртіп алған соң, арыз жаздырмайтынын түсіндіреді. Соған сай жұмыс тәсілін басқаша жүргізуге жөн сілтейді. Негізінде, мұндай істерде Сәкеңе ашық кірісуге мемлекеттік қызметі жол бермеді.
1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінен кейін барлық ұлтжанды азаматтар ашық түрде қуғынға ұшырады. Алайда Сайлау ағамыз қызметін ақиқаттан артық қоймады. Сөйтіп, екі оттың арасында жүріп, ол желтоқсанда жәбір көргендерге көп жәрдем береді.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіздіктің бастауы болды
Тәуелсіздік самалы ескен жылдарда сыртқы саяси мекемесіне кәсіби, кәнігі дипломат қажеттілігі туып, Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен бұрын болмаған Сыртқы істер министрінің орынбасары штаты енгізіліп, С.Батырша-ұлы тағайындалады. Осыдан кейін оны халықаралық деңгейдегі белсенді дипломатиялық қызметтер атқаруына даңғыл жол ашылды. Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі, Сыртқы істер министрлігінде ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Египет Араб Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі, Израильдегі Қазақстан Республикасы елшісінің кеңесшісі, бір мезгілде Қазақстан Президентінің Палестина мемлекетінің лидері Ясир Арафаттың жанындағы өкілі қызметтерін абыроймен атқарды. Соғысып жатқан Израиль мен Палестина мемлекеттік шекарасынан өтіп, Газа және Рамалла қалаларында Арафатпен бірнеше рет кездеседі. Сайлау Батырша-ұлы өзінің еңбек жолын бастаған шағында Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікқызы сынды көрнекті мемлекет қайраткерлерімен, кейін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев, Марат Тәжин, өзге де мемлекет қайраткерлерімен қызметтес болды. Кейін Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды.
Қазақ дипломаттары 1990 жылы Мемлекет Егемендігі туралы Декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға өз үлестерін қосты.
– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация болмаса, біздің тәуелсіз мемлекет болуымыз да екіталай еді. Бізді былай қойғанда, Еуропаның өзі қолдап отырған Балтық жағалауы елдерінің Кремльдің қол астынан шығып, тәуелсіздікті бірден жариялауы оңайға соққан жоқ. СССР-дан бөлініп кетуге бірден ұмтылғанда, барлық күш-қуаты жағынан мығым Кеңес билігі 15 республиканың қай-қайсысын да тұншықтырып тастауға шамасы әбден жететін. Сондықтан одақтас республикалар өзінің Одақтан шығуға құқығын заңдастырып, бостандыққа шықты. Ал Қазақ ССР Конституциясында «суверенді республика» деген арнаулы бап болды. Біздер соны пайдалана отырып, тәуелсіздіктің алдында бір жыл бұрын 25 қазандағы Мемлекеттік егемендік туралы декларация арқылы «суверенді мемлекет» деген ұғым енгізілді. «Республика күні» мерекесін белгіленді. Бұрынғы ҚазССР-і Кеңес Одағының бір бөлігі деп түсінетін және қазақ халқының мемлекеттігін орыс империясы екі жүз жыл бұрын жойып жібергені есте. Алдымен, жұрттың санасында біз де егемен және тәуелсіз мемлекет боламыз деген түсінік қалыптастырдық. Оған сол кездегі Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігі өз үлесін қосты. Ең бастысы, біз ол құжатқа «қазақстандық мемлекет» емес, «Қазақ мемлекеті» деген сөз енгіздік. Кейін ол 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғанда өзгертіліп, «қазақстандық» республика деген басқа сипат берілді. Міне, біз тәуелсіздікке қол жеткізу барысында осы баспалдақсыз өте алмас едік. Республика күні мерекесін алып тастау, тарихты бұрмалау болды. Міне, Республика күні мерекесі биыл қайта оралды, – дейді дипломат.
Республика күнінің мереке ретінде қайта тойлануына Батырша-ұлы да көп күш салды. Президент атына хат жолдап, көптеген басылымдарға мақалалар жариялады. Сөйтіп, биыл Республика күні мерекесі елімізде кең көлемде аталып өтті.
Ұстаздық етіп, дипломаттар тәрбиелеуде
Дипломатия қызметімен қатар, С.Батырша-ұлы – белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақ гуманитарлық заң университетінде, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде дәріс оқыды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінде «Докторлық диссертация қорғау кеңесіне» мүше болып, көптеген ғалымдарды дайындады. 2002 жылдан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, әрі аталған оқу орнында ұстаздық етіп, Халықаралық қатынастар факультетінде шәкірт тәрбиелеуде.
Дипломатия саласының корифейі, ардагері Сайлау Батырша-ұлы әлі де елдегі қоғамдық қызметтердің бел ортасында. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалының, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қорының төрағасы. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде ұлттық құндылықтар турасында, қазақ тілі мен қандастар жайында мәселе көтеріп, өзінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп жүрген ұлт жанашыры, еңбек ардагері.
– Тоталитарлық Кеңес дәуірінің өзінде Сәкең ұлттық дәстүрді сақтау жолында зор еңбек етті. Ұлттық аты-жөнімізді рәсімдеуді қайта қалпына келтіруге үлес қосты, орыс үлгідегі фамилиясынан бас тартып, Мәскеудің ұлтты жою саясатына қарсы шықты. Жас күнінен Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы туралы көп әңгіме естіген бала сол кісідей халқыма еңбек етемін деп қазақтың ата-бабадан келе жатқан аты-жөнді таңдайды. Коммунистік партия, Кеңес үкіметі қаулысымен барлық қазақ және басқа түркі халықтарды дәстүрлі аты-жөнін өзгертіп, орыс үлгісінде әкесінің атын «ов», «ева»-ны қосып фамилия шығарған. Әу бастан оның аты-жөнін орысшалауға қарсы шыққан қайсар еді, сол принципті бүгінге дейін сақтап келе жатыр. Осы қайсарлығы, ұлтшылдығы үшін Кеңес заманында талай таяқ жеді, қудаланды, біліміне сай қызмет берілмеді. Кеңес заманында Бауыржан Момыш-ұлынан кейін бүкіл елде ұлттық дәстүрлі фамилияны сақтап қалған санаулы тұлғалар болды: солардың алғашқысы Балғабек Қыдырбек-ұлы, Шона Смахан-ұлы және біздің кейіпкеріміз – Батырша-ұлы.
Мемлекеттік қызметімен қоса, Сайлау Батырша-ұлының қоғамдық белсенділігін айта кету керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алқа мүшесі болды. Сол жылдары Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Сырқы істер министрінің орынбасары Батырша-ұлы бір айлығы 1 780 сомды толық академик Әбдуәлі Қайдари құрған «Қазақ тілін дамыту» қорына апарып береді. «Тілсіз қазақ ұлты жоқ, ал ұлтсыз мемлекет жоқ, сондықтан да мен айлығымды сізге толық әкеліп отырмын» дейді. Осы әңгімені естігенде таң қаласың, Сәкеңнен басқа бір министр, депутат толық айлығын «Қазақ тілін дамыту» қорына әкеп беріпті дегенді естігеніміз жоқ. Батырша-ұлы 2011 жылдан бері Астана «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің іс жүзінде қолдануда үлкен жұмыс атқарып келеді.
Сәкең – ұлт мүддесін қорғаушы патриот. Ұлтты сақтаудағы күресі үшін зардап шегеді. Сол кездегі Каирдегі елшінің жаласымен оны дипломатия қызметінен қуу туралы шешім қабылданады. Ақыры шындық жеңеді, Батырша-ұлы біліктілігі мен қайсарлығының арқасында Сыртқы істер министрлігіне төрт айдан кейін қайта жұмысқа қабылданады. Қазақ зиялылары мен қайраткерлерінің қарқынды қарсылығынан кейін космополиттердің ұлттың атын өзгерту ойлары жүзеге аспады, – дейді Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Болат Көмеков.
Сайлау Батырша-ұлы – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Ел дамуы мен игілігі жолындағы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасының «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлұлы атындағы, сондай-ақ «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталды. «ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» атанды.
Міне, тәуелсіздік жолында еңбек сіңірген, тер төккен Сайлау Батырша-ұлы сынды тұлғаларымыздың есімін ұмытпағанымыз, жас ұрпаққа насихаттап ұлықтағанымыз абзал.
Дайындаған Венера Мұратқызы,
«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабының редакторы
Abai.kz