ОА медиа форумы: Қандай мәселелер талқыланады?
Бүгін Астанада алғашқы Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. 100-ден астам спикерді, халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйым өкілдерін жинаған форумда Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясы екі күн бойы талқыланбақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың І Орталық Азия медиафорумы қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Оны президент кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.
«Сіздерді І Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу айрықша маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр», - делінген президент құттықтауында.
Сондай-ақ президент осы форумда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 4-консультативтік кездесуінде ұсынған өңірлік ортақ телеарна ашу немесе арнайы сайт құру идеясының талқыланатынын атап өткен.
Орталық Азия медиа форумының қатысушылары өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді назарға алады.
Форумда сөз сөйлеген Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл Қазақстандағы реформалардың елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі үлкен өкілеттіктерді Парламентке беру, жұртшылықпен және Үкіметпен қарым-қатынасты арттыру үшін, шешім қабылдауда қазақстандық институттарға үлкен өкілеттіктер беру үшін таңғажайып реформаларға бастамашы болды. Бұл реформалар биліктің орталықсыздануына, монополияның алдын алуға ықпал етеді және әрине, адамдардың мемлекетті басқаруға қатысуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл реформалар халықаралық серіктестерге түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді», - деді Абдулла Гүл.
Ол сондай-ақ үкіметтердің еркін бұқаралық ақпарат құралдарынан қорықпауы керегін айтты.
«Осылайша біз адамдардың арман-мүддесін көрсететін реформаларға шақыра аламыз. Екінші жағынан, бұл реформалар пакетінің көрінісі болуы мүмкін. БАҚ институты мемлекеттік басқаруға елеулі қиындық тудыратын кез келген дезинформация әрекеттерінен тазартады. БАҚ қоғамды ағартып, жалған ақпараттан қорғауы керек, ағартушылық, білім беру рөлін атқаруы керек. Жасанды интеллект пен үлкен деректердің арқасында БАҚ жаңа технологияда артықшылыққа ие бола алады, оларсыз қазіргі өмірді елестете алмаймыз. Осылайша, біз бұл технологияларды қоғам игілігі үшін пайдалануымыз керек, құқықбұзушылық пен киберқылмысқа жол бермеуіміз керек. Осылайша, әлеуметтік желілерде араздықты, жалған ақпаратты себуге тырысудың алдын алу қажет. Сонымен бірге, үкіметтер еркін, ашық бұқаралық ақпарат құралдарынан қорықпауы керек. Еркін БАҚ есеп беру, ашықтық үшін өздері күреседі және дұрыс басқаруға ықпал етеді. Жаһандық маңыздылығын көрсететін Орталық Азия елдері әлем бостандығымен бір толқында болатын БАҚ-ты дамытуы керек. Осылайша, бұл бізді болашаққа дайындайды», - дейді Абдулла Гүл.
Ал «Валдай» халықаралық пікірталас клубының даму және қолдау қоры басқармасының төрағасы Андрей Быстрицкий қазіргі заманғы журналистиканың басты мәселелерімен таныстырды.
«Ең басты проблема - ақпараттар дереккөзінің көптігінен бағдар жасау қиынға түсіп отыр. Әртүрлі деңгейдегі медиалар арасындағы айырмашылық жойылып барады. Шартты түрде айтар болсақ, қандай да бір журнал салмақты дүние жазса, енді бір газет кеше ғана әріп таныған, ештеңе білмейтін адам да жеңіл оқи алатын мақала басады.
Мұндай жағдайда не істеуге болады? Ақпаратты барынша қысқа немесе орайлы жазуға тырысу керек. Түрлі әдістер ойлап табуға болады. Жалпы, сараптамалық ақпаратты қолданатын адамдардың міндеті - бағдарламасына қызығушылықты арттыру, аудиториясын ұлғайту. Ал бұл ақпаратты шығаруға және түсінуге тырысатын адамдардың міндеті – шынайы жағдайда не болып жатқанын түсінікті тілде жеткізу. Алайда, бүгінде жауаптан сауал көп», - деді ол.
ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров айтуынша, бүгінде бүкіл бір редакцияны ұстап отырудың қажеті жоқ.
«Ақпараттар ағыны артқан кезде бұқаралық ақпарат құралдары да көбейе түседі. Өзіндік ақпараттық немесе контенттік бағыт құру мүмкіндігі артып келеді. Бүгінде бүкіл бір редакцияны ұстап отырудың қажеті жоқ. Өзің үшін қандай да бір бос кеңістік тауып алып, сол бағытта жұмыс істеу қажет. Соған орай ақпарат ағыны да арта түседі. Егер 90-жылдардың басында қолданушы күніне 20-30 хабарлама алса, бүгінде ол 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Сондықтан ол қателеседі, күмәнді ақпараттар да түсе бастайды. Дегенмен, ерте ме, кеш пе бұл жайт тұтынушының ақпаратты таңдай бастауына алып келеді. Сол себепті медиасауат, ақпараттық гигиена қалыптасады», - деді Асқар Омаров І Орталық Азия медиафорумы барысында.
Abai.kz