Сенбі, 23 Қараша 2024
Жыл қорытындысы 3287 6 пікір 23 Желтоқсан, 2022 сағат 13:02

Қазақстан. 2022 жыл... (I бөлім)

Қадірлі Abai.kz оқырмандары!

Енді санаулы күндерден соң, күнтізбе ауысады. Қайғасы мен қуанышы, қызығы мен шыжығы қатар өткен 2022 жыл да қатпар-қатпар қалың тарихтың қойнауына еніп барады.

«Өткен жылға өкпе жоқ» дейміз ғой... Биылғы жыл шын мәнінде, біз үшін ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін де қалтарысы мен бұлтарысы көп жыл болды. Даулы істер, қайғылы оқиғалар мен мансабынан айырылған шенді-шекпенділер... Бұл 2022 жыл десе, есімізге түсетін сөздер. Келер жылдан үміт көп деп барып, өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларына шолу жасағанды дұрыс дедік. Сіз бен біз бұл жылда еліміздегі һәм өзге жұрттағы қандай маңызды оқиғаларға куә болдық? Кезең-кезеңімен еске түсірейік...


2022 жыл. Қаңтар айы:

2022 жылдың сыйынан сыны көп болды. Қазақ жұрты сан түрлі қиындықтарды еңсеріп шықты. Қаңтарда қан төгіп барып, «Жаңа Қазақстанға» қадам бастық...

Әуелі Жаңаөзендегі халық сұйытылған газ бағасының негізсіз көтерілуіне наразылық білдіріп алаңға шықты (2-3 қаңтар). Бұл наразылық бірте-бірте Маңғыстау облысының өзге аймақтарында жалғасын тапты. 3-4 қаңтарда Қазақстанның бірнеше облысы жаңаөзендіктерді қолдап алаңдарға жиыла бастады. Ең ірі наразылықтар Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астана қалаларында жалғасты.

Ал 4 қаңтарда Алматының халқы «Алатау» театрының маңына топталды. Осы кезде Жаңаөзенде де, Қазақстанның өзге оншақты қаласында да наразылықтар басылмаған еді. Ал 5 қаңтарға қараған түні наразылар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс басталып кетті. Күштік құрылымдар көзден жас ағызатын газ, шулы гранаталар қолданды. Наразыларды тарқату үшін резеңке оқ атты. Полиция көліктері өртене бастады.

Сол түні президент Тоқаев Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында Төтенше жағдай жариялады.

Үкімет отставкаға кетті

Ал 5 қаңтар күні президент Тоқаев Асқар Мамин дейтін тоңмойын тізгінін ұстаған Үкіметті отставкаға жіберді. Уақытша премьерлік Әлихан Сайыловқа тапсырылды. Ал сол күні түс ауа бере Алматыда атыс басталып кетті. Белгісіз адамдар тобы Алматы қалалық әкімдігін басып алды. Прокуратура, полиция, партия ғимарататтары өртенді.

Демонстарнаттар телеарналар орналасқан ғимараттарға басып кіріп, техникаларды бүлдіре бастады. Ақтөбеде жағдай ушығып, алаңдағылар қалалық әкімдікке басып кірмек болды. Талдықорғанда экс-президент Назарбаевтың ескерткіші құлатылды. Белгісіз топ Алматы әуежайына басып кірді.

Сөйтіп, бүкіл Қазақстан аумағында Төтенше жағдай жарияланды. Президент Тоқаев ешқайда кетпей, елде қалатынын, Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесін өз қолына алатынын мәлімдеді.

ҰҚШҰ әскері

6 қаңтарда президент Тоқаев ҰҚШҰ (ОДКБ) әскерінен көмек сұрады. Билік бұл әрекетті басы бейбіт басталып, аяғы жаппай бейберекетсіздікке, қарулы қақтығысқа ұласқан көтерілісте «терроршы бандалар» шабуыл жасап, төңкеріс жасамақ болды», деп түсіндірді.

Осы кезде қалаларда қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан еді. Күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапты деген ақпарат жарияланды. Бұл уақытта демонстранттар арасында қаза тапқандардың саны еселеніп жатты. Ал Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы болған, Қазақстан саясатындағы ұзақ жылдардан бері басшылық қызметтерден түспей келе жатқан, әккі саясатшы саналатын Кәрім Мәсімов қызметінен алынды.

 «20 мың содыр»

Қарулы қақтығыстар 7 қаңтар күні де жалғасып жатты. Ал Қазақстан билігі сол күні елде конституциялық тәртіп орнағанын, күштік құрылымдар мемлекеттік ғимараттар мен әкімдіктерді қайта өз бақылауына алғанын айтты. Президент Тоқаев «20 мың содыр» туралы мәлімдемесін осы күні жасап, «контртеррористік операцияның» жалғасатынын, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Мәсімов қамалған күн

8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Кәрім Мәсімов қамалды. Оған: «Мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптар тағылды.

Жаңаөзен мен Ақтаудағы наразы халық тарай бастады. Айта кетейік, осы оқиғалар кезінде Ақтау мен Жаңаөзенде бірде-бір ғимарат бүлінген жоқ.

Сол күні Алматыда 4 жасар және 11 жасар екі баланың қаза тапқаны белгілі болды. Ал ел аумағында мыңдаған адам ұсталып, қамалып жатты. Осы кезде «экс-президент Назарбаев елден кетіпті» деген сөз ел арасында ызу-қызу талқыланып жатқан. Кейін Назарбаевтың баспасөз қызметі бұл ақпаратты терістегендей болды.

Жалпыұлттық аза тұту күні

10 қаңтарда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Президент Тоқаев ҰҚШҰ жиынын өткізіп, «5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты - билікті басып алу, басқару институттары мен конституциялық құрылымды бұзу және мемлекеттік төңкеріске талпыныс», - деп атады.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Азамат Ибраев пен Жамбыл облысы полициясының бастығы, генерал Жанат Сүлейменов суицид жасады. Ал осы уақытта ел аумағында 8 мыңға жуық адам ұсталған еді.

Смайылов Үкімет басшысы болды

Асқар Маминнің отставкасынан кейін премьерлікті уақытша атқарған Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып бекітілді. Үкімет құрамы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Ал Мәжілісте сөйлеген президент Тоқаев экс-президент Назарбаевқа шүйлікті. «Елбасының арқасында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі ауқатты адамдардың тобы пайда болды», - деп атап өтті.

Осы кезде ұсталғандардың саны 10 мыңға жуықтап қалған.

13 қаңтарда БҚО, СҚО мен Павлодар облыстарында Төтенше жағдай алынды. Ал Мәсімовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.

Назарбаевтың күйеубалалары қызметтен қуылды

Бас прокуратура қаңтардағы оқиғадан кемінде 225 адам қаза болғанын, 4578 адам зардап шеккенін хабарлады. Қаза тапқандардың дені Алматы қаласында еді (149 адам).

Осы күні экс-президент Назарбаевтың күйеубалалары саналатын QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметтен кетті. Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев Маңғыстау облысында газдың негізсіз қымбаттауына байланысты екі айға қамауға алынды.

Самат Әбіш қызметтен босатылды

Экс-президент Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті.

Павлодар облысының полиция басқармасы басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов - бұған дейін қамауға алынған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысы.

Назарбаевтың үндеуі

18 қаңтарда экс-президент Назарбаев видео үндеу жолдап, өзінің ешқайда кетпегенін, Астанада, зейнеттік демалыста екенін, билік толықтай Тоқаевтың қолына өткенін мәлімдеді.

19 қаңтарда еліміздің барлық аймағынан Төтенше жағдай режимі алынды. Осы күні елімізден ҰҚШҰ әскері толық шығарылды.

Ауыс-түйістер...

Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымынан босатылды. Берік Имашев - Назарбаев әулетінің құдасы. Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің қайын атасы.

Ал Алматыда әкім ауысты. Бақытжан Сағынтаев қызметінен алынып, орнына Ерболат Досаев тізгінді алды.

Ал партия сиезі кезінде Бауыржан Байбек өз еркімен «Нұр Отан» басшылығынан кететінін мәлімдеді.

2022 жыл. Ақпан айы:

Ақпан айы да ауыс-түйістерден басталды. 2016 жылдан бері Мәжілісті басқарып келе жатқан ескі кадрлердің бірі – Нұрлан Нығматулин қызметінен айырылды. Орнына Мәжілісті Ерлан Қошанов тізгіндеді.

Парламент Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуінің күшін жоятын конституциялық заңдарға түзетулерді қабылдады.

3 ақпан күні Ұлыбритания парламенті Қазақстан мәселесін қарастыра бастады. Анығы, жемқорлыққа батқан Қазақстан олигархтары жайлы сөз етті. Сөз соңын «санкция салу керек» деген ұйғарыммен аяқтады. Арнайы тізім де бар екен. Оған 28 олигарх еніпті, басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінде байлыққа кенелгендер екен.

2016 жылдың жазынан бері Украинада тұрып жатқан саяси белсенді Ермек Нарымбайды 6 ақпанда Киевтен Алматыға ұшып келген сәтте әуежайдың күту залына жеткізбей полиция алып кетіп, қамады.

Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Ал «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұсталғандар азапталып жатқаны туралы ақпараттар көбейді. Ел шулаған соң, азаптау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша жүздеген іс қозғалды.

Қазақстанда АЭС салу туралы бастама қарқынды талқылана бастады. Қазақстанда АЭС салу үшін алты елдің технологиясын қарастырып жатқаны белгілі болды.

Астана соты Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қамауда ұстау туралы шешім шығарған.

23 ақпан күні Ресей әскері Украинаға басып кірді. Ресей басшысы Путиннің үндеуінен кейін, Ресей әскері Украина аумағына шабуыл жасады. Украина уақыты бойынша таңғы сағат 05:00-де РФ Қарулы күштері зымырандармен Украинаның әскери қоймаларын, әуежайлар мен әскери бекеттерді атқылады. Киев қорғанысқа көшті. Ресей әскері төрт бағыттан соққы жасады.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Мәжілістегі мандатын тапсырып, депутаттықтан кеткені белгілі болды. Бұл туралы Дариға Назарбаеваның өзі мәлімдеген.

Түйін. Міне, 2022 жылдың алғашқы екі айы (қыстың екі айы) осындай оқиғаларымен тарихқа енді. Алдағы күндері наурыз, сәуір, мамыр айларындағы маңызды оқиғалардың шолуын порталымызда жариялайтын боламыз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397