Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2578 6 пікір 26 Желтоқсан, 2022 сағат 13:36

Ескерткіш және оған менің қатысым туралы

Алматыда 22.12.2022 ж., қаңтар құрбандарына арнап ашылған “Тағзым” мемориалдық кешені туралы желіде негатив жазба көп екен. Соған байланысты өзіме белгілі мән-жаймен бөлісейін. Осыдан бірнеше ай бұрын қаңтар оқиғасында жақын туыстарынан айырылған бір топ әйел Алматыдағы офисіме бір өтінішпен келді.

Негізі, адвокаттық, заңгерлік тіпті тұрмыстық мәселелермен келуші еді. Бірақ бұл жолғы өтініштерінің жәйі мүлдем бөлек, олар балаларымыздың (күйеуі, інісі т.б) қаны төгілген алаңға бір ескерткіш тақта орнатылса, ол жер біз сағынғанда немесе белгілі-бір даталы күндері еске алуға жиналатын, гүл шоқтарын қоятын орынға айналса, соған қаза тапқандардың туыстары атынан өтініш жазып, жұмыстансаңыз дейді.

Мен өзімнің қылмыстық істермен жұмысбасты боп жүргенімді,  бірақ, бір-екі күнде осы мәселемен айналысатынымды айтып шығарып салдым.

Ол кезде тек Алматы емес, Республиканың әр қаласына іссапарлатып жүрген кезім еді. Әрі меморгандармен ауызша іс бітпейді, бәріне ресми хат жазуың оны заңдық тұрғыдан негіздеп, дәлелдеуің керек, сондай қат-қабат шаруамен жүріп, ол өтінішті масқара болғанда ұмытып кетіппін.

Телефонға да тыным жоқ, келген хабарламаларды қарауға да уақыт бола бермейді, содан хабарламаларды ұшақта отырғанда асықпай оқитын, тыңдайтын әдет таптым. Сондай кезекті бір іссапарда осы уәдемді есіме салған дауыс хабарламасын тыңдап,ұялғаным-ай. Ол хабардың өзі келгеніне бір аптадай уақыт өткен, күніне пәлен бет қағаз жазып жүргенде, бір бет тұратын өтінішті осынша уақыт созғаныма қынжылғаным соншалық, төмендегі ұсынысты ұшақ ішінде смартфоныма жазып, интернет қосылған бойда қайта-қайта кешірім сұрап, бір өкіліне жолдап жібердім. Және ұсынысты өздері қол жинап әкімшілікке тіркей берулерін, кейін ол процеске араласатынымды жеткіздім.

Арада біраз уақыт өтті. Мен ара-тұра әкімшілікке телефон шалғаным болмаса, бұл мәселемен арнайы шаруа қылып бара қоймап едім. Берген ұсынысқа жауапта “жергілікті бюджет есебінен монумент орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде” - дегенімен нақты мерзімі көрсетілмеген соң, онша сенім тудыра қоймады. Содан 21 желтоқсан күні кешкілік,  осы кешен ашылатыны туралы әкімшілік қызметкерінен хабар алдым. Хат жазып, телефон шалып жүргесін ашылу рәсіміне мені шақырғандарына аса таң қалмадым.

Енді осы кешенге қатысты сын садағына іліккен адам ретінде бір мәселе айтайын. Кешеннің ашылуына мен дайындаған, 41 ата-ана қол қойған ұсыныс хат негіз болды ма, әлде билік органдары басынан осылай шешім қабылдады ма, білмеймін. Себебі, жауап хатта сілтеме жасалған 22 сәуірдегі хаттаманы көргем де жоқ, оқығам да жоқ. Бірақ, бірінші кезекте бұл осы қаңтар қасіретінде оққа ұшқан, қаза тапқан азаматтардың туыстары үшін маңызды деп білемін. Бір уақ өздеріңізді сол адамдардың орнына қойып көріңіздерші? «Тас түскен жеріне ауыр» дейді, мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін.

Мұны «ескерткіш қажет емес еді» деушілерге айтып отырмын. Ал кешеннің көркемдік-мағыналық мәніне қатысты әзірге ештеңе дей алмаймын, ол сұрақты авторларға және сала мамандарына бағыттау керек болар. Мен өз басым символикалық жағына назар аудардым және бұл кешен кейінгі ұрпақ тағзым етіп келер тарихи нысан боп қалса екен, осы алаңда енді қан төгілмесе екен деп шын ниетіммен тіледім. Сол кезде пікір сұраған журналистерге де дәл осылай деп жауап бергенмін.

Ұсыныс хатта аты-жөндері көрсетілген 41 адамның тізімін, желідегі кейбір желіккендер мен еріккендер жұлмалап жүрмесін деп, әдейі көрсетпей отырмын.

 

Абзал Құспан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369