10 сотық пен екi шаршы метрдiң арасы...
10 сотық пен екi шаршы метрдiң арасы...
НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЕТУГЕ ҚАРСЫЛАРДЫҢ КЕЗЕКТI ӘРЕКЕТI ТУРАЛЫ
Өткен аптаның соңында өңiрлiк даму министрлiгiнiң жер ресурстары жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары Қадырхан Отаров мәжiлiсте мәлiмдеме жасады. Оның пiкiрiнше, тұрғын үй салу үшiн 10 сотық жердi тегiн берудi тоқтату қажет. Мұны Жер кодексiне тасқа басқандай етiп жазып, тегiн жер алғысы келетiн миллиондардың үмiтiн үзбек.
"Тұйықтан шығу үшiн және жағымсыз салдарды болдырмау үшiн заң жобасына (Жер кодексiне - Е.Р.) Астана, Алматы және өзге де облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телiмдерiн тегiн берудi тоқтатуды енгiзудi ұсындық. Бұл мәселе президент әкiмшiлiгiмен келiсiлдi, үкiмет қолдады", - дедi Отаров.
Жер ресурстары жөнiндегi комитеттiң қандай тұйыққа қамалып қалғаны түсiнiксiз. Ұйыққа түсiп кеткен күнде де неге ол ұйықтан әрбiр қазақтың басын саты етiп шығуға тиiс бұлар?!
"Қазақтың" деп неге қадап айтып тұрмыз? Ұлтарақтай жер ең алдымен қазаққа қажет! Өйткенi өз жерi. Жер бетiнде өз елiнде өгейсiп жүрген бiр ұлт болса, ол - қазақ. Тек Қазақстанда ғана өз ұлтын төменшiктетiп, өзгенi төбесiне көтередi! Тек Қазақстанда ғана бөтеннiң қағанағы - қарық, сағанағы - сарық!
10 сотық пен екi шаршы метрдiң арасы...
НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЕТУГЕ ҚАРСЫЛАРДЫҢ КЕЗЕКТI ӘРЕКЕТI ТУРАЛЫ
Өткен аптаның соңында өңiрлiк даму министрлiгiнiң жер ресурстары жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары Қадырхан Отаров мәжiлiсте мәлiмдеме жасады. Оның пiкiрiнше, тұрғын үй салу үшiн 10 сотық жердi тегiн берудi тоқтату қажет. Мұны Жер кодексiне тасқа басқандай етiп жазып, тегiн жер алғысы келетiн миллиондардың үмiтiн үзбек.
"Тұйықтан шығу үшiн және жағымсыз салдарды болдырмау үшiн заң жобасына (Жер кодексiне - Е.Р.) Астана, Алматы және өзге де облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер телiмдерiн тегiн берудi тоқтатуды енгiзудi ұсындық. Бұл мәселе президент әкiмшiлiгiмен келiсiлдi, үкiмет қолдады", - дедi Отаров.
Жер ресурстары жөнiндегi комитеттiң қандай тұйыққа қамалып қалғаны түсiнiксiз. Ұйыққа түсiп кеткен күнде де неге ол ұйықтан әрбiр қазақтың басын саты етiп шығуға тиiс бұлар?!
"Қазақтың" деп неге қадап айтып тұрмыз? Ұлтарақтай жер ең алдымен қазаққа қажет! Өйткенi өз жерi. Жер бетiнде өз елiнде өгейсiп жүрген бiр ұлт болса, ол - қазақ. Тек Қазақстанда ғана өз ұлтын төменшiктетiп, өзгенi төбесiне көтередi! Тек Қазақстанда ғана бөтеннiң қағанағы - қарық, сағанағы - сарық!
Тек Қазақстанда ғана "мемлекетке ие" ұлт өзгенiң босағасында жүредi! Ендеше, "тегiн жер берудi тоқтатамыз" дегенi онсыз да босағада жүрген қазақты басқа тебу емей, не?!
Мемлекетшiл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқандай, қазақ қалалық болмай - ұлттың болашағына қатысты түйiндi мәселелер (қазақ тiлi, қазақ ұлтының мәртебесi, қазақтың дiнi, тағысын-тағылар) шешiлмек емес. Олай болса, президент әкiмшiлiгiндегiлер, үкiмет басындағылар, жер ресурстары жөнiндегi комитетке иелер қазақтың қалалық болуына қарсы ма? "Қазақ малдың к...тiнде салпаңдап жүре берсiн!" дей ме? Отаровтың айтуынша, қазақты ұлтарақтай жерден айыру "президент әкiмшiлiгiмен келiсiлiп", "үкiметтен қолдау" тауыпты. Президент әкiмшiлiгiнiң жайы түсiнiктi. Анығында, президент әкiмiшiлiгiнiң жетекшiсi Кәрiм Мәсiмовтiң. Ал ендi үкiмет басшысы Серiк Ахметовке не жорық? Қазақтың жайын бiр кiсiдей-ақ ұғына алатын азамат едi ғой, ол қалайша қазаққа қарсы саясатты қолдайды? Әлде президент әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң ықпалында кеттi ме? Бiз бiлетiн Серiк Ахметов болса, 10 сотық пен екi шаршы метр жердiң арасы бiр-ақ қадам екенiн түсiнсе керек-тi...
Жер комитетiндегiлердiң көмекейi қалай-қалай бүлкiлдейтiнi "тегiн жер телiмдерiн (!) берудi тоқтатуды ұсындық" дегенiнен байқалып қалды. Яғни, жер телiмдерiн сатады. Бұл не деген сөз? Қалтасы жұқа қаймана қазаққа 10 сотық жер арманға айналады деген сөз! Латифундистер байыған үстiне байи түседi, жоқ-жiтiктер одан әрi кедейлене бередi. Ал бұл мәселе онсыз да ширығып жүрген жұрттың жүйкесiне ши жүгiртедi. Бұл - бiр.
Екiншiден, жемқорлық бұрынғыдан да үдейдi. Үдемегенде ше, жемқорлардың айы оңынан туайын деп тұрса. Заң бойынша тегiн алуы тиiс жерiн сатып берiп жатқанда "сатқан үстiне сата түс" деп онысын заңдастырып берсе, жемқорлардың айы оңынан туғаны емей, не ендi?!
Қайсыбiр күнi дәл осы мәселе турасында "билiктiң астауынан жем жеп жүрген" әрiптесiммен пiкiр таластырдық. Ұлтқа қарсы әрекет ететiндердiң етегiнен жармасып, елпеңдеп жүретiн, "ұлтшыл" деген сөздi естiсе, тыжырына қалатын әлгi әрiптесiм, әрине, отаровтардың жағында. "Қазаққа жердi тегiн бермеу керек" дейтiндердiң қатарынан. Ал мен оларға "оппозициямын". Әрi-берi ырғасып, мен оны түсiнбедiм, ол менi ұғына алмады. Ақырында: "Сен осы маған мынаны айтшы: мемлекетшiлсiң бе?" - дейдi.
- Мемлекетшiлмiн, - деймiн мен.
- Онда неге мемлекеттiң саясатын қолдамайсың?!
- Ұлттық мүддеге қарсы саясатты қалай қолдаймын?!
- Онда ұлтшылсың!
- Әрине, ұлтшылмын! Нағыз ұлтшылдың өзiмiн! Қазақстан деген мемлекеттiң иесi қазақ ұлты емес пе!..
Айтарымды айтсам да, артынан ойланып қалдым: Қазақстан деген мемлекеттiң иесi құжат жүзiнде қазақ ұлты болғанымен, билiк осыларда екен ғой!..
Ерiк РАХЫМ
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Әмiржан ҚОСАНОВ, саясаткер:
ТЕЛIМГЕ ТЕЛМIРГЕН ҚАЗАҚ
- Қазақстан Ата Заң бойынша - әлеуметтiк мемлекет. Осы ұғымның өзiндiк салмағы бар. Жер астындағы байлық тiстегеннiң аузында кетiп жатыр, ол өз алдына бөлек бiр әңгiме. Осындай жағдайда, ең болмаса, қараусыз әрi иесiз жатқан 10 сотық жер телiмiн сол Ата Заң бойынша ресми түрде иесi боп табылатын халыққа беруден бас тарту - ол дегенiңiз көпе-көрiнеу масқара!
Жер алу үшiн кезекте тұрған 900 мың адам ол - тұтас бiр ел! Үлкенi бар, кiшiсi бар, бәрi үмiттi! Сол үмiттiң жiбiн қиғандар осының қандай әлеуметтiк қиындықтарға апарып соғатынын бiле ме екен?!
Қазақта жесiр дауы, жер дауы деген түсiнiктер бар. Өзi жерсiз-күйсiз жүрген қазақ нақ сол жердегi аяқ астынан пайда болған шенеунiктiң не оның туысының зәулiм коттеджiн көрiп, ашуланбайды деп кiм айта алады?!
Және де сол жердi алғаннан кейiн оны қалай пайдаланады, үй сала ма, бiреуге сата ма - билiктiң шатағы болмауы керек. Ол - әрбiр қазақстандыққа берiлген бiрегей бiр мүмкiндiк! Өз пайдасына жаратсын!
Өйткенi, 10 сотық жер телiмiн әрбiр қазақстандыққа тегiн беру туралы шешiм, шынын айту керек, халықтың ризашылығын туғызды. Белгiлi бiр дәрежеде билiктiң беделiнiң өсуiне ықпал еттi. Ендi не болмақ?
Кез келген шенеунiктiк шешiмдi экономикалық себептермен түсiндiруге болады. Бiрақ дәл осы шешiмнiң ешқандай, қаржылық та, саяси да қисынын көрiп отырған жоқпын!
Шешем айтады, дүниеге бiр бала келсе, өз несiбесiн ала келедi деп. Қалың қазақтың несiбесi - Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасын алып жатқан, құшағына бес Франция сыйып кететiн Жер!
Сондықтан әрбiр қазақстандыққа өмiрiнде бiр рет осындай мүмкiндiк беруге мемлекеттiң толық жағдайы бар! Соны жасайық!
Жердi қазаққа о баста Жаратқан иемiз өзi берiп қойған, ал сол ешкiмде жоқ байлықты бөлудi өзiмiз жүзеге асыра алмай, бiр шенеунiктiң ғана айтқанымен жүрiп, тағы да несiбемiзден айырылып жатсақ, обалымыз жоқ!
Зәуреш БАТТАЛОВА,
"Қазақстанда парламентаризмдi дамыту" қоғамдық қорының басшысы:
...ХАЛЫҚҚА ЖАУАП БЕРУI КЕРЕК
- Биыл Жер кодексiнiң қабылданғанына 10 жыл болады. Осы жылдар iшiнде әрбiр азаматқа 10 сотық жер телiмiн беру мiндетiн үкiмет орындай алмағандықтан парламентке бұл бапты өзгертудi ұсынуда. Астана, Алматы және облыс орталықтарынан мемлекеттiң есебiнен жер берiлмейдi деген сөз халықаралық бiрнеше құқықтық нормаларға қайшы. Мәселен, халықаралық заңда "Еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты мекендi таңдау" құқығы бар. Бұл бап жойылса, Қазақстан азаматтарының осы құқығы шектеледi. Өйткенi Қазақстанда облыс орталықтарынан мемлекеттiң есебiнен тегiн жер телiмiн алуға үмiттiлер жетiп артылады. Себебi тұрғын үйден баспана алуға көпшiлiктiң шамасы жоқ. Ал заңға өзгерiс енгiзу үкiметтiң қалтасы жұқа қарапайым халық Астана, Алматы және облыс орталықтарына келмесiн деген сөзi.
Сондай-ақ, халықаралық экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды қорғау пактiсiнде әрбiр адам жеткiлiктi дәрежеде өмiр сүруге және тұрмысын жақсартуға құқылы деп жазылған. Мәселен, ауылда туылып, өскен, кiшiгiрiм қалада жұмыс iстеген азамат Алматыға барып еңбегiн жандырмақ болады делiк. Мемлекеттен көмек сұрап, жер телiмiн алуға ниеттендi. Бiрақ бұл құқығы да шектеледi. Яғни осы өзгерiс ешбiр адамды кемсiтуге болмайды деген халықаралық нормаға да сай келмейдi.
Айта кететiн жайт, бұл заң жобасы Конституцияға да қарама-қайшы. Қаражаты жоқ азаматтарға мемлекеттiң есебiнен тегiн жер телiмiн алуға шектеу қою барлық адам заң алдында тең емес деген сөз. Жалпы, соңғы 10 жылда кiм үкiмет басында отырды, қандай әкiмдер жұмыс iстедi, олар нелiктен осы жылдарда10 сотық жер телiмiн беру жөнiндегi заңды орындай алмады, халықтың алдында жауап беруi керек.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер:
БИЛIКТЕГIЛЕРДIҢ ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚҰБЫЖЫҚ САЯСАТЫ
- Егер заңға мұндай өзгерту енгiзiлсе, мемлекет те, оның азаматтары да ойсырай ұтылады. Бұдан тағы да ұтатын - кезiнде халықтың наразылығы мен қарсылығына қарамастан, сол халықтың мүддесiне қарсы Жер кодексiн қабылдап, ешқашан, тiптi үш ғасырға созылған отаршылдық заманда да жеке меншiкке берiлмеген қазақтың қасиеттi қара жерiн сату-сатып алу нысанына айналдырған билiктегiлер мен билiкпен бiте-қайнасып кеткен қалталылар, бүгiнгi заманның латифундистерi ғана.
Кезiнде қазаққа қарсы Назарбаев билiгi ауыл тұрғындарын оларға тиесiлi жер үлестерiнен шеттетiп, қаңғытып жiберген болатын. Соның салдарынан қалалар төңiрегiне босып барып, қазақ геттоларына қоныстануға мәжбүр болған шерменделердi бұл режимнiң 2006 жылы Бақай, Шаңырақ қанды қасiреттерiне ұшыратқаны белгiлi. Ал бұған керiсiнше, ең құнарлы, шұрайлы, орманды-көлдi, сулы-нулы аумақтарды пышақ ұшынан бөлiп алған ат төбелiндей билеушiлер мен қалталылардың әрқайсысы мыңдаған, тiптi, ондаған және жүздеген мың гектар жерге заңсыз ие болып, оны шексiз баю көзiне айналдырып алды. Мына жоба - билiк пен байлыққа көзi тоймай, әбден құныққан имансыздардың халыққа қарсы сол құбыжық саясатының ендi негiзiнен қазақыланып болған қала тұрғындарына да қатысты жоспарланып отырғандығының жалғасы.
Әзiрлеген Дилара ИСА
«Жас Алаш» газеті