Көне өнерге жаңаша қолдау қажет
Атам қазақ қадір тұтып, қастерлеп келген төрт түлік малдың еті мен сүті болмаса, бүгінде оның жүні мен терісін кәдеге асырып жатқандар жоқтың қасы. Кезінде бабаларымыз жүннен киіз басып, теріден киім тіккен. Қала берді жауынгерлік бұйымдар мен ыдыс-аяқтарға дейінгі құрал-саймандарды да қолындағы бар малының жүн-терісінен дайындап келгені бүгінде ертегідей естіледі.
Бірді-екілі баба ізін жалғастырған шеберлер болса, олардың туындыларын да анда-санда өткізіліп жүрген қолөнер көрмелерінде ғана көріп қаламыз. Ал тұрмыста қолданудан шығып қалған кейбір бұйымдар тек мұражай экспонатына ғана айналып барады. Әйтсе де бабалар ізін жалғастырып жүрген шеберлер де жоқ емес. Ата дәстүрді атакәсіпке айналдырып, шәкірт тәрбиелеп жүргендері де бар. Тек олардың насихатталуы аз. Нұрлан Сәулебайұлы Жақыбаев - Темір ауданы ғана емес, Ақтөбе облысы жұртшылығына да жақсы таныс қолөнер шебері. Әсіресе теріден иленіп жасалатын бұйымдарды жасауда осы салаға ден қойып жүргендердің арасында бірегейі болып жүрген жан. Теріден жасалған торсық, күбі, саба секілді тұрмыстық бұйымдары біраз жердің көрмелерінің бас жүлдесін иеленгені туралы бұрын да БАҚ беттерінде жазылып, айтылып, көрсетілген болатын. Бұл жолы біз оның ұстаздық қырына басымдық беруді жөн санадық. Өйткені оның педагогтік іс-тәжірибесінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік даму жолы мен жаңашылдық идеясы бар. Және ол идея мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында белгіленген міндет-мақсаттарымен үндесіп жатыр.
Нұрлан Сәулебайұлынің өзі - білім беретін технология пәні бойынша оқушыларға еңбек білімін ұйымдастыруда халқымыздың асыл мұрасы қолөнерін оқытудың, дамытудың, жаңғыртудың перспективалық даму жоспарын құрған азамат. 1989 жылдан бері жалпы орта білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға өзіндік үлесін қосып та келеді. Педагогикалық шығармашылық еңбек даму перспективасында білім беруді ұйымдастырудың сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ете отырып, жас ұрпақтың материалдық және рухани қажеттіліктерін қалыптастыру мақсатындағы жаңашыл идеялар мен дәстүрлі мәдениеттің құндылықтарын жүзеге асырып жүр.
Нұрлан ЖАҚЫБАЕВ, қолөнер шебері:
- Қазақ қолөнері - қиын да қызық жұмыс. Технология мықты дамыған қазіргі заманда қолөнерге ескі үрдіс деп қарауға болмайды.Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген осы бір тәсілді меңгеруге өзім бала кезімнен ден қойдым. Бұйымдардың бәрі үй жағдайында жасалатын болғандықтан, ол кезде біраз қиындықтардың болғаны рас. Сол өзім кездестірген кедергілерден түйген тәжірибеме сүйеніп, бүгінде балалар үшін біраз жағдай жасауға тырысып жүрмін. Бұл жерге келетін жасөспірімдердің қай-қайсысы да осы өнерге бар ынта-жігерлерін салып жатады. Болашақта жақсы шебер шығады деп үміт күтіп жүрген шәкірттерім де бар.
Қазіргі уақытта еліміз инновациялық жобаларға үлкен мән беруде. Дегенмен жаңа дүние жасау үшін де тамыры тереңде жатқан ұлттық құндылықтарға сүйенбей болмайды. Көненің өзін жаңаша үрдіске бағындырып, заманауи үлгіде жетілдіруге болады. Тек бұған жан-жақты қолдау керек.
Шебер ағамыз халық қолөнерін кәсіпкерлік негізде дамытуды қолға алып, 2006 жылы «Алтынбек» ЖШС қолөнер шеберханасын ашқан. Шеберхананың базасында өмірге келген «Бизнес мектебі» ауыл мектебінде білім алып жатқан жасөспірімдер үшін таптырмас ұстахана болып отыр бүгінде. Бұл жерде балалар қазақ қолөнерінің қыр-сырын ғана үйреніп қоймай, қолдарынан шыққан бұйымдарын бұлдап, тым жақсы нәпақа да тауып жүр. Араларында мемлекеттік гранттарды жеңіп алып, жоғары оқу орындарында тегін білім алуға қол жеткізгендері де бар. Шебердің айтуынша, оның жобасы бірнеше мәселенің шешімін табуға ұйытқы болуда. Әлеуметтік мәселе тұрғысынан алатын болсақ, жастар пайдалы іспен шұғылданып, жұмыспен қамтылып жатыр. Экономикалық мәселе жағынан келсек, шағын өнеркәсіп көзінің пайда болуын айтуға болады. Ал ең басты мәселе - ұлттық мәдени құндылықтардың жаңғыруы арқылы ауылдың мәдениетінің дамуы дер едік.
Қолөнер шебері өзінің практикалық идеясының қолжетімді нәтижесі деп жас ұрпақты агротехникалық, экономикалық, технологиялық, қолөнершілік, этнодизайн кәсіптеріне үйретіп, іскер етіп тәрбиелеу деп санайды. Ол оқу мен өндірістік еңбек тәжірибесін ғылымға айналдыруды көздеп жүр. Бұл ойы да орындалмай қалған жоқ. Оны жүзеге асыру үшін оқушылар мен мұғалімдердің және жетекші ғалымдарды біріктіре отырып, «Болашақ» және «Жас натуралистер» үйірмесі мен «Атамұра» бірлестігін қатар алып келе жатыр. Оқушылардың шығармашылығын және дарындылығын ынталандыру мақсатында сүбелі еңбек сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаз деп айтуға толық негіз бар. Нұрлан Сәулебайұлы осы саладағы жемісті еңбектері үшін аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен және бірқатар министрліктердің грамоталарымен марапатталған. Н.Жақыбаевтың бес шәкірті мемлекеттік дәрежедегі медальдармен және сыйлықтармен марапатталып, жеті оқушы Республикалық оқушылардың пәндік ғылыми жарыстарының жүлдегері атанып, «Білім» гранттарын жеңіп алды. Жақыбаевтардың жақсылығын жария ету үшін арнайы жарнама қажет емес. Оның ізін жалғастырған шәкірттерінің өзі ізгі өнерді өлтірмейтіні белгілі. Тиімді әрі пайдалы этнобизнесті одан әрі дамытудың жаңа қыры табылса, ұлттық өнерімізді ұлықтай алатын ұрпақтардың көбейе түсетініне сенім мол.
Автор: Самал ҚАРАЖАН, Ақтөбе облысы
"Алаш айнасы" газеті