Мәңгіріп жүрміз...
Қазаққа 1930-31 жылдары жадынан жаңылдырар укол салғаны жайлы Әкім Таразидің 2011 жылы жазылған «Андрей» деген шығармасын оқып шықтым.
«Отызыншы жылы мен отыз бірінші жылы... мен ол кезде жап жас медициналық сестрамын ғой. Алтай тауында қазақтардың, кешір киргиздардың, кешір қазақтардың... ол кезде біз қазақ деп айтпайтынбыз.
Сен кешір, Аким. Үлкен тапсырма болды бізге. Бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды. Біз киргиз ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол. Білесің бе, сен? Укол. Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтін едім. Біз укол салғанда әскерлер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болсақ та. Үйде болса біз укол салған үйлердің сыртында тұратын. Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен көп укол салдым...
Білемін, қазақтар маған керемет ұнайды. Жақсы халық. Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой...отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп ойылып түсті, талай қазақ сары аурумен ауырды. Талай қазақ, қазақ... байғұс киргиздар... көкірек ауруын тараттық біз.
Ең қиыны адамның ерік жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасаң да бара беретін, не айтсаң да көне беретін халыққа айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік. Содан кейін білесің бе, білмейсің бе, отыз екінші жыл басталды ғой, Аким... бастарын таз қылдық». Бұл Әкімге Андрейдің апасы Манана қазаққа қарсы жасалған сұмдық геноцид жайлы айтқаны.
Қазақты малша жадынан жаңылдырған құпия уколды салған Манана, өз өзіне қол жұмсап өледі. Өлер алдында сол қиянаттың жауапкерін де анық атап, қағазға Шая Ицхакович Голощекин деп жазып кетеді.
Бүгінгі қазақ- «геноцид» укол алған қазақтың бел баласы деген жазушы содан бері ішінде сақтап келген сырын осы «Андрей» деген шығармасында ақтарады.
Сол шығармада Манана айтқандай «Біздің халық -жақсы халық еді. Қайда жұмсасаң да бара беретін, не айтсаң да көне беретін халыққа айналды. Еркектері қаншама мықты болса да мәңгіріп қалды...». Әлі мәңгіріп жүрміз.
Бақыт Жаншаева
Abai.kz