Үкіметтегі су жаңа 5 министр...
Бүгін Қазақстанның министрлер кабинетінде ауыс-түйіс болып жатыр.
2022 жылғы 11 маусымнан бастап Оқу-ағарту министрі қызметін атқарған, оған дейін Білім және ғылым министрі болған Асхат Аймағамбетов орнынан босатылды. Министрлікке жаңа басшы Ғани Бейсембаев келді. Ол 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 2006-2007 жылдары техникалық-экономикалық колледж директоры, 2020 жылы ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры болды. 2020 жылғы желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР БҒМ Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті болып жұмыс істеген.
Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрі лауазымынан босатылды. Ол 2016 жылдың мамыры мен 2019 жылдың ақпан аралығында – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі; 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың мамыры аралығында – Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрі; 2022 жылы 11 қаңтарынан бүгінге дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі болып қызмет істеген.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәдениет және спорт министрі лауазымына Асхат Оралов тағайындалды. Ол 1990 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетін тәмәмдаған.
2014-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып істеген. 2019-2020 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2020-2021 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі, 2021-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев лауазымынан босатылды. Оның орнына Марат Қарабаев қызметке кірісті. Ол 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Бұған дейін ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген.
Президент жарлығымен ҚР Әділет министрі лауазымына Азамат Есқараев тағайындалды. Ол 1979 жылы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрінің көмекшісі, 2008-2009 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, 2009-2014 жылдары ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры, 2014-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2019 жылғы маусымнан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Заң бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Бұрынғы Әділет министрі Қанат Мусин жаңа жылға дейін Конституциялық Соттың судьясы болып тағайындалған болатын.
Серікқали Брекешев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылып, оның орнына Зүлфия Сүлейменова тағайындалды. Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. 2021 жылғы қаңтардан бастап осы уақытқа дейін VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
2022 жылы 14 наурызда экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды.
Abai.kz