Сенбі, 22 Тамыз 2026
Жаңалықтар 442 0 пікір 20 Тамыз, 2026 сағат 15:13

Грузия Қазақстаннан мұнай сатып ала бастады

Коллаж: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Грузия алғаш рет Қазақстаннан шикі мұнай импорттады. Шілде айында бұл елге 3,2 млн доллар сомасына 5,5 мың тонна қазақстандық шикізат жеткізілді.

Бұл туралы Грузияның Ұлттық статистика қызметінің мәліметтері куәландырады. Бұл жеткізілімдер Кулеви мұнай өңдеу зауытындағы ресейлік мұнайды алмастыру жоспарының бір бөлігі болды. Кулеви МӨЗ-ін Black Sea Petroleum компаниясы басқарады. Бұған дейін компания қазақстандық мұнайды өңдеуді шілденің басында-ақ бастағанын хабарлаған еді. Тамыз айында кәсіпорын Қазақстаннан мұнайдың жаңа партияларын алуды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге Black Sea Petroleum Ливиядан мұнай жеткізуге дайындалып жатыр. Алғашқы партия Грузияға 20-30 тамыз аралығында жетуі тиіс. Ливия мұнайына арналған келісімшарт 2027 жылдың соңына дейін ұзарту мүмкіндігімен жасалды. Компания Қазақстан мен Ливиядан жеткізілетін мұнай есебінен тамыз-қыркүйек айларында-ақ ресейлік мұнайдан толықтай бас тарта аламыз деп үміттенеді.

24 шілдеде Еурокомиссия Black Sea Petroleum компаниясымен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Шикізаттың басқа көздеріне көшу үшін Кулеви МӨЗ-іне алты айлық мерзім берілді. Осы уақыт ішінде кәсіпорын жеткізілімдерді әртүрлілендіріп, ресейлік мұнайға деген тәуелділіктен арылуы тиіс.

Abai.kz

0 пікір