Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Адасқандар 4132 13 пікір 4 Қаңтар, 2023 сағат 13:15

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Міне, ақырындап сырғып өткен 2022 жылдың бізге әкелген біраз ауытпалықтарын сөз еткенді жөн көріп отырмын. Меніңше, солардың ішіндегі ең бір ауыр соққаны - жан-жағынан жау іздеген, ниеті бұзық Ресейдің туысқан халық - Украинаға ашқан соғысына барудан қашып, осында бас сауғалаған орыстардың жаны тәтті жігіттері жасады. Жүздеген мың соқталдай жігіт біздің елге лап қойды. Соның салдарынан тұрғын үйлерге деген сұраныс күрт өсіп, баға шығандап кетті. Тегін ақша көкейін тескен пәтер иелері осы сәтті пайдаланып қалғысы келіп, бұрынғы үйлерінде тұрып жатқан жандарды көшеге қуып шықты. Оған ештеңе істей алмайсың. Капитализмнің қан қақсатар қатал заңы осы - пайда үшін қандай да зұлымдыққа баратындығын баяғыда Маркс ақсақал дәлелдеп кеткен.

Қазір билік басындағылардың: «Бұлардың көбі кетті, енді, баға түсіп жатыр», - дегені шылғи өтірік. Жалпы, бізде көтерілген баға ешуақытта қайта түспейді. Бұл - біздегі заңдылық. Қазір де солай. Мүмкін, сәл-пәл түскен шығар. Алайда ол жағдайды түпкілікті өзгерте алмайды. Мәселен, қазір Қостанайдағы баға - Астанадағы бағамен тайталасып тұр. Байлардың несі кетті, мұның зардабын кедейлер көріп отыр.

Екінші бір орны толмас зардап – «Ресейден келгендердің ішінде біліктілігі мықты мамандар көп» деген өтірік дақпырт біздің өзіміздегі ІТ саласы болсын, басқа да сала болсын, сондағы қазақ мамандарының көшеде қаңғып қалуына әкеліп соқтырды. Өйткені іштей бүйректері Ресейге бұрып тұратын, негізінен орыс тілді фирма басшылары осыны сылтау етіп, қазақ кадрларынан құтылуға тырысты. Біздегі бизнестің тұтқасын ұстап тұрған негізінен мұндай дөкейлер екендігін ескерсек, бұған мүлдем таң қалуға болмас. Өзгесі-өзге, қаңғып келген орыстарға қазақша жауап қайтаруды нағыз ұлтшылдық көрінісі санаған Рамиль Мухоряпов деген бизнесменді еске алсақ та жеткілікті.

Ал мұндайлар бізде бүкіл экономикамыздың тұтқасын ұстап отырғандығын айтып жатудың өзі артық. Осының салдарынан маман жұмысшылардың табысы азайып, кедей топқа қосылып кетуі әбден мүмкін жағдай. Бұл біздің екінші ұтылған тұсымыз. Бұл қауіпті елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал, белглі эконоомикалық сарапшы Айман Тұрсынхан ханым «Елмедиа» порталындағы сараптамалық хабарда жан-жақты талдап берді. Мұны біз негізсіз деп айта алмаймыз.

Ал үшінші қауіп әлі алда ма деп қорқамын. Күні ертең біз арқылы бөтен елдерге өтіп кеткен миллиондаған қашқын орыстар осында қайта оралуы әбден мүмкін. Өйткені Ресей билігінің өтініші бойынша, Түркия мен Грузия секілді елдер виза тәртібін күшейтіп, келгендердің қалтасында қаржының мол болуы секілді ережелер енгізіп жатыр. Мұндай алапат дүркін кішкентай Қырғыстанға сия қоюы да қиын. Ал Өзбекстан оларға мүлдем мұқтаж емес әрі оларды біздегідей тайраңдатып қоймайды. Демек, орыс дегенде құшағы қашанда ашық, олардан мұндай тәртіпті талап етпейтін, аса қонақжай, қонақ десе бар тәттісін алдына қоятын қазақ еліне кім жетеді? «Келе бер, жайғаса бер, жақсы да жайлы, жалақысы мол жұмыстарымыз сіздерді асыға күтіп тұр, сіздерді жайылып жастық, иіліп көрпе болып қарсы аламыз».

Ал ертең осы келімсектердің ішінен бірдеңеге риза болмай, «дядя Вовасын» шақырып жатса, оны кімнен көреміз? Осы аса көкейтесті мәселелерді талдап, тексерген, сөйтіп алдағы қиындықтардан сақтандырған біздегі мүйізі қарағайдай сарапшылардың бірде-бірін көрмедім. Міне, осы қауіпті.

Жайберген Болатов

Abai.kz

13 пікір