Жұма, 22 Қараша 2024
2226 1 пікір 4 Қаңтар, 2023 сағат 13:54

"Тарбағатай мұнай" Қытайға газ экспортын тоқтатты

1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысындағы жалғыз газ кеніші – Сарыбұлақтан Қытайға табиғи газ экспорттау тоқтатылды. Бұл жөнінде Азаттыққа жергілікті белсенділер хабарлады, ақпаратты кеніш орналасқан Зайсан ауданының билігі растады.

- Әкімдік осыған дейін жыл соңында меморандум уақыты бітеді, Қытайға газ сату тоқтатылады деп айтқан болатын. Сол бойынша компанияға талап қойып барғанымызда олар келісім берді. Құбырды бекіту жұмысы бес-алты сағаттай уақытты алды. 31 желтоқсанда кешкілік барғаннан түнгі сағат үш шамасында ғана үйге қайттық, - деді аудан тұрғыны Асхат Смағұлов.

Бұған дейін Зайсан ауданы тұрғындары аймақтағы бірнеше ауыл газсыз отырғанда жергілікті әкімдік көгілдір отынды Қытайға жіберіп жатыр деп бірнеше рет наразылық білдірген еді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Серіков кенішті игеруші "Тарбағатай мұнай" компаниясы мен энергетика министрлігі арасындағы келісімшарт 31 желтоқсанда аяқталғанын айтты. Яғни, бұл келісімнің аяқталғаны Қытайға газ тасымалдау тоқтағанын білдіреді.

- Компания 2022 жылы [Қытайға] 75 миллион текше метр газды экспорттауы тиіс болған, алайда бұл шамаға жетіп үлгерген жоқ. Сонда да белгіленген мерзімі келгендіктен келісімді тоқтатты, - деді Серіков.

Ал "Тарбағатай мұнай" компаниясының инженері Серік Жолымбетов "биыл Қытайға 67 миллион текше метр газ айдалды" дейді.

Әкімдік пен компания өкілдері "жетпей қалған көлемді экспорттау үшін құбыр қайта ашылуы мүмкін бе?" деген сұраққа "нақты айта алмаймыз, біздің құзіретімізде емес" деп жауап берді.

Азаттық осы мәселе жөнінде энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдап қойды.

Жергілікті билік бұдан бұрын да Қытайға газ экспорты тоқтатылды деп мәлімдегенАлайда "Тарбағатай мұнай" компаниясы жазғы уақытта шығынды ақтай алмайтынын алға тартып, жыл аяғына дейін 75 миллион текше метр табиғи газды экспорттауға рұқсат алған.

Зайсан ауданынан Қытайға газ жіберу 2013 жылы екі елдің үкіметаралық келісімен сай басталды. 2020 жылға дейін кеніштегі қордың небары екі пайызы ішкі нарықта пайдаланылған. Бастапқыда Сарыбұлақ кенішінде өндіретін газ көлемі 4 млрд текше метр болған, 2022 жылдың басында аудан әкімдігі соның 3 млрд 200 миллион текше метрден астамы Қытайға жіберілгенін мәлімдеді.

Екі елдің үкіметаралық келісіміне сәйкес, Сарыбұлақ кенішіндегі газдың 50 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына бағытталуға тиіс еді. Алайда шарт талабы сақталған жоқ. Мұны Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы "ішкі инфрақұрылым дамымауы салдарынан болды" деп түсіндіреді.

2022 жылы мамырда аудан тұрғындары барлық газ Қытайға сатылғанына наразылық білдірді. Тұрғындар Зайсан ауданында сегіз ауыл мен бірнеше әлеуметтік нысан газға қосылмағанын наразы.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов кеніште қалған газ қоры Зайсан ауданына 11-12 жылға жетеді деп мәлімдеген.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322