McDonald's Қазақстан нарығынан кетпек
McDonald's тағамдану желісі Қазақстандағы жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлаған.
Оның себебі, McDonald's компаниясы жергілікті франчайзингке етті Ресейден сатып алуға тыйым салған. Әлемдегі ең ірі фаст-фуд желісі Қазақстан нарығында 6 жыл жұмыс істеді.
Былтыр қарашада McDonald's-тың Қазақстандағы мейрамханалары жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Хабарламада айтылғандай, мейрамханаларды уақытша жабуға ет жеткізу бойынша шектеулер себеп болған.
Кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда McDonald’s-тің жабылуы туралы пікір білдірген еді.
«Бүкіл ақпаратты сіздерге айта алмаймын. Өйткені мен алған ақпаратты компанияның бас кеңесі әлі мақұлдамаған. Бірақ біршама көлемдегі тауар, 1000-ға жуық аталым импортталып келген. Кейбірі өзімізде шығарылатын. Мысалы, тоқаштарды «Байсерке-Агро» шығарып келді. Сондықтан қазір қайта құрылымдау жүріп жатыр. Біз компания басшылығынан Сауда министрлігі тарапынан қандай көмек керек екенін сұрадық. Техникалық реттеу комитетіне жұмыс жылдамдауы үшін сертификация бойынша қандай көмек бере алатынымызды қарауды тапсырдым. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр», - деген еді Серік Жұманғарин.
Abai.kz