Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
2020 1 пікір 6 Қаңтар, 2023 сағат 15:17

Түркіменстан басшысы Қытайда жүр

Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов 5 қаңтарда мемлекеттік сапармен Қытай астанасы Бейжіңге барды.

Мемлекеттік БАҚ-тың хабарына қарағанда, Бердімұхамедов пен Қытай басшысы Ши Жинпиң бүгін кездесіп, екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылайды. Екі ел басшылары түркімен газын Қытайға экспорттау, логистика, сауда, химия индустриясы, ауыл шаруашылығы және коммуникация саласындағы мәселелерді де ортаға салмақ. Қытай сыртқы істер министрі бұған дейін Бердімұхамедовтің сапары Қытай басшысының шақыруымен ұйымдастырылғанын хабарлаған.

Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, тараптар Ауғанстан мәселесінен бастап, Пекиннің "Бір белдеу - бір жол" бастамасы арқылы инфрақұрылымдарға инвестиция тарту мәселелерін талқылайды.

Ал сарапшылар екі тарап Қытайға табиғи газ тасымалдау мәселесі туралы көбірек талқылайды дейді. Түркіменстан газ қоры бойынша әлемде төртінші орынды алады. Оның сыртқы саясатында Қытай басты рөл атқарады және экономикасының негізгі демеушісі.

Ақпаратқа қарағанда, екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 10 млрд долларды құрайды және басым бөлігі түркімен табиғи газ экспортының үлесіне тиеді. Сарапшылардың айтуынша, Ашғабат бұл көрсеткішті арттырып, Орталық Азия аумағы арқылы Қытайға қосымша газ тасымалдау құбырын тартуға мүдделі.

 

Abai.kz

1 пікір