Қазақ теледидары «есалаңдар» көзімен
Бүгінгі таңда БАҚ арасында жұлдызы жарқырап тұрған телеарналардың ахуалы қандай? Осы мақсатпен телесаланың «асханасына» қанық практик-мамандар арасында сауал жүргіздік.
Мақсатымыз - осы салаға айтылатын сын шашыраңқы болғандықтан топтастырып, оқырманға да, жас тележурналистерге ой салу. 3 кезең өкілінің (1980-90 жылдар; 2000 жылдар; қазіргі кезең) пікірін алдық, назар аударыңыз!
Пікір иелері жайында
Ибайдуллаева Ұлдай, экс-тележурналист.
Білімі:ҚазМУ-ді, Мәскеу жоғарғы тележурналистер шеберлігін жетілдіру Институтын бітірген.
Қызметі: 1986-2001ж.ж. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында, 2002 -2011 ж.ж. ҚР Президенті Телерадиокешенінде редактор комментатор, сценарист.
Бүгінгі таңда БАҚ арасында жұлдызы жарқырап тұрған телеарналардың ахуалы қандай? Осы мақсатпен телесаланың «асханасына» қанық практик-мамандар арасында сауал жүргіздік.
Мақсатымыз - осы салаға айтылатын сын шашыраңқы болғандықтан топтастырып, оқырманға да, жас тележурналистерге ой салу. 3 кезең өкілінің (1980-90 жылдар; 2000 жылдар; қазіргі кезең) пікірін алдық, назар аударыңыз!
Пікір иелері жайында
Ибайдуллаева Ұлдай, экс-тележурналист.
Білімі:ҚазМУ-ді, Мәскеу жоғарғы тележурналистер шеберлігін жетілдіру Институтын бітірген.
Қызметі: 1986-2001ж.ж. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында, 2002 -2011 ж.ж. ҚР Президенті Телерадиокешенінде редактор комментатор, сценарист.
Хабарлары:1986-1988 ж.ж «Кім болам?»,«Призвания» 1991-1995 ж. ж.«Елім-ай» хабары 1991жылы Украинадан «Евроведения» телекөпірі бойынша әлемге таратылды. Останкиноға ТМД елдері дайындаған «Содружество» телебағдарламаның «Семь встреч в Алма-Ате», циклдік хабарлардың авторы, редакторы «1995-2001 ж.ж.«Парламент сағаты», «Тәуелсіздік таңдары», «Реформа» әлеуметтік-экономикалық сараптамалық бағдарламалар авторы, редакторы.
Марапаты: «Призвания» бағдарламасына «Ең үздік телевизиялық жұмысшы жастар хабары» марапаты (Мәскеу 1987ж. «Семь встреч в Алма-Ате»хабарлар топтамасына «КСРО Телевизия және Радио қызметінің үздігі» (Мәскеу 1991 ж.)Халықаралық «Northernlights» фестивалінің «Әлемдік деңгейдегі жоғарғы дәрежелі адамгершілік тақырыпты көтергені үшін», «Елім-ай» хабары авторлық номинациясының жүлдесіне лайықты болды.(АҚШ. Аляска.1996 ж.)
Серік Әбікенұлы Сарыбаев, тележурналист.
Білімі: ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Қызметі: 1998 жылдан бері «Телефабрика», «НТК», «Оңтүстік астана», «31 арна», «Алматы» телеарналарында редактор, бас редактор, директор орынбасары қызметтерін атқарды.
Хабарлары: 2000-2003 ж. «Сойыл», 2003-2008 ж. «Ел сойылы» , «..кім?», «Тұжырым», «Тарих безбені» хабарларының авторы әрі жетекшісі болған. 2009-2012 ж.ж «Тағдыр мен тұлға», «Тіл сақшысы», «Болмыс», «Бір әннің тарихы» хабарларының авторы.
Марапаты: «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Тіл жанашыры» төсбелгілерінің иегері, «Алтын жұлдыз» байқауының лауреаты. «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған байқаудың жүлдегері. «Тіл сақшысы» жобасы соңғы 2 жылда республикалық 7 байқауда бас жүлде иеленді.
Қанат Әуесбай, тележурналсит.
Білімі: ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірді; 2010 жылы - Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында диссертация қорғады.
Қызметі: 2002-2003 жылдары - «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі; 2003-2009 жылдары - «Европа плюс Қазақстан» радиосында сазды жүргізуші; 2003-2004 жылдары - «Информбюро» ақпараттық бағдарламасында тілші; 2004-2012 жылдары - Ұлттық арнада қызмет етті; 2009-2010 жылдары - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті оқытушысы; 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті, телерадиожурналистика және бұқарамен байланыс кафедрасының доценті.
Хабарлары: 2010-2011 жылдары - «Апта.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының; 2011 жылдың наурыз-сәуір аралығында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Қазақстан. Менің елім» бағдарламасының авторы.
Мараппаттары: 2008 жылы - ҚР байланыс және ақпарат министрлігінің марапаты; 2011 жылы 1 желтоқсан - ҚР байланыс және ақпарат министрлігінің дипломы; 2012 жылы - Алматы қалалық тіл, мұрағат және құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының «Үздік тележурналист» аталымының жеңімпазы; 2012 жылы - Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
- Қай арнаны, қай бағдарламаны көбірек қарайсыз?
Ұлдай Ділімбетқызы: Отандық телеарналардың жаңалықтарын, қолым қалт еткенде «Қазақстан» арнасын қарауға тырысамын.
Серік Әбікенұлы: Шынын айтқанда ешбір арнаны, еш бағдарламаны тұрақты тамашаламағаныма біраз болыпты. Сыйламағаннан емес, қол тимейді. Оқта-текте "Қазақстан" арнасындағы "Айтуға оңай" хабарына зер саламын. Менің жаным саяси сараптама, салиқалы, ойлы бағдарламаны қалайды. Өкінішке орай ондайлар жоқтың қасы. Бұл журналистердің кінәсі емес. Саясат соған мәжбүрлеп отыр.
Қанат Әуесбай: Шынымды айтсам, қазір телеарнадан гөрі, интернетке көбірек иек артатын заман. Осылайша мен телеарнадан гөрі, біраз уақыттан бері интернетке көшіп кеткен жайымды жасыра алмаймын. Көбіне теледидардан жаңалық көремін.
- Жас тележурналистердің кәсіби шеберлігін қалай бағалайсыз? Қазіргі заман талабына сай қосқан үлесі қандай? Ерекше көзге түскендерін атасаңыз...
Ұлдай Ділімбетқызы: Әлемдік тележурналистикада алда, біздер үшін кенже қалған репортаж жанры қалт-құлт етіп, даму үстінде. Жас журналистер жаңа форматта батыс стандарттарын игеріп келеді. Озық ойлы жүйіріктер - Қанат Әуесбай, Мұрат Есжан, Есболат Айдабосын, Нұрбол Бекбау, Айнұр Омар, Назым Дәулетбаққызы, Аида Боранбай, Илхам Ибрагимов, Алмат Әбдіраман секілді жастар. Бірақ оларға «бірнеше тілді қатар меңгеріп, энциклопедиялық білімі тереңдеу және батылдау болса» деген тілек тағы бар.
Серік Әбікенұлы: Болашағынан үміт күттіретін жастар баршылық. Алдыңғыларынан арнайы репортажды шырқау шегіне жеткізген Шынар Сағындықованы, тіл үшін тайсалмай тартысқан Назым Стамбекованы, тарихқа тереңдей алған Жарас Ниязбекті, тілге шешен Аягүл Рысбекованы, "Жас Алашта" жасқанбай жазып жүрген Елнұр Бақытқызын, кейінгі лектен Саламат Омаш, Асқарбек Қазанғап, Асыл Махметов, Арман Қадырбек т.б атауға болар. ізденіс, алға ілгерілеу бар. Намысқой, сөздері ширақ. Олар әзірге ауыздық салынған арғымақтың күйінде. Сондықтан "қанатын кең жайып, бар қабілетін көрсете алды" дей алмаймын. Өз уақыты келгенде бүгінгінің тарихын келешекке жеткізетін куәгерлер солар.
Қанат Әуесбай: Телевизияда сөзден гөрі, видеоға, бейнеге көбірек мән беріледі. Өзбасым осы екеуін шебер үйлестіре алған журналистерді жақсы бағалаймын. Айбар Олжай деген жігіт қазақ тележурналистикасында соны бағыт қалыптастыра білді, қазір медиа бизнеске құлаш сермеген бағыты барынан хабардармын. Ұлттық арнада Есболат Айдабосын, Еркін Таңатқанұлы, Айбек Қобдабай, Нұрбек Бекбау, «Хабарда» Мұрат Есжан, Өркен Кенжебек сынды жігіттердің қаламының қуаты зор деп білемін, «КТК» да Нартай Аралбайұлы есімді жас «өскіннің» талабы зор.
- «Жаңалықтар» қызметінде көптің көкейінен шыққан сараптау бағдарламаларының қайсысының бәсі биік?
Ұлдай Ділімбетқызы: «Астана»-ның «Күнделік», «Жетінші»-нің «Нысана», «Хабар» агенттігінің «Таразысы», КТК-ның «Астарлы ақиқаты», «Алматының» «Тіл сақшысы» көпшіліктің көңілінен шыққан талантты жастардың ұжымдық табысы. «Астарлы ақиқатта» Дина тілшілердің қолы жете бермейтін жабық көздерден іздейді, табады, дәлелдейді. Демократия үстемдік ететін мемлекеттерде айғақтаушы журналистерді «разгребатели грязи» деп атайды. Жаһандану үрдісіне ілескен ел теледидарының батыс стандартына талпынуы заңдылық. Телевизия -уақыт ырғағымен тез өзгеріп, құбылып отыратын өнер.
Серік Әбікенұлы: Сауатты сараптама жасай алу журналистің өз мамандығының биігіне шыққанын көрсетеді. Қазаққа Иманбай Жұбаевтың "Саясаты" дәрежесіндегі ақпараттық-сараптамалық хабар жетіспейді. Соңғы уақытта эфирге шыққандардың арасынан "Нысананы" атап өту керек. Сонылық бар.
Қанат Әуесбай: Шынымды айтсам, әр телеарнаның жаңалықтарының мықты болуы тек ақшаға ғана байланысты. Қаржыландыру өте жақсы болса, кадрларды іріктеп алу да оңай. Жаңалықтар топтамасынан 7 арнаның жаңалықтарын тәуір көремін. Ал сараптамалық бағдарламадан сөз қолданысы жағынан «Апта.кз» бағдарламасының асығы алшысынан түсіп тұр.
- Ресейлік «НТВ», «ОРТ» тілшілері қандай батыл, өткір деп мойындаймыз, біздер неге сондай дәрежеге жете алмаймыз?
Ұлдай Ділімбетқызы: Бүгінгі Ресей БАҚ-ы Путин саясатының құрсауында қалды. Сөздері от өшіретін Виктор Шендирович, Евгений Кисельев секілді орыс мұжығының қамын күйттейтін «көкжал» телетұлғалар жоқ. Ресей арналарында жүзден жүйрік талантты таңдап, инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылған. Олардың командасында ұжымдық, идеялық, орыстық, отаншылдық, мақсаттық, «жұмыла жүк көтеру» ниеті басым. Ақпарат беруде жылдамдық жолға қойылған. Айырмашылық осы. Қай арна болмасын шектеулер бар.Алайда мемлекеттік арнада да «қалауын тауып, қарды жандыруға» болар еді.Шеберлік деген қиюы келмейді деген сөз емес.
Серік Әбікенұлы: Путин мен Медведев тақты "эстафета" ойынына айналдырғаннан беріде Ресей ақпарат құралдарынан да күй кетті. "НТВ" Киселев, Парфенов, Митковалардың заманында "НТВ" еді. Кейін Соловьев "К барьеру" бағдарламасымен біраз сүйреді. Ал қазір біздің телеарналардың арғы-бергі жағы. Олардың ұтып тұрғаны шеберлік емес, жеделдік. Бізде осы жағы кенжелеп тұр. Содан кейін режиссуралары керемет.
Қанат Әуесбай: Сіз айтып тұрған батыл, өткір «НТВ», «ОРТ» 2000 жылға дейін болған. Дәл қазір ол Ельциндік кезеңге тиесілі әсіредемократиялық телеарналар бүгінде жоқ. Сондықтан сіз сұрап отырған телеарналар батыл, өткір, ал біздің телеарналар ынжық, жасық дегенмен келіспеймін.
- Теледидарда тіл тазалығы, сөз этикеті қандай деңгейде сақталып отыр?
Ұлдай Ділімбетқызы: Әншілер жүргізетін ток-шоу, ойын-сауық, сазды бағдарламаларда тіл тазалығы, сөз этикеті сақталмайды. Сөз этикеті тек сыпайы мәдениетті сөйлеу деген мағынада емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ұйытқы болатын тұрақты, жағымды сөздер. «КТК-ны» тентек Нартай Аралбайұлын көру үшін қараймыз деген мақтауды естідім. Бұл жас журналист үшін шексіз марапат. Бірақ Нартай жаңалықтар тіліне инверсияны сіңірді. Бұл тілге аса қауіпті.
Серік Әбікенұлы: Кезінде Сабыржан Шүкірұлы, Мырзан Кенжебай сынды аға буын журналистер телеарнадағы қасаңдық туралы буда-буда мақала жазушы еді. Шаршаған-ау деймін. Азайтыпты. Өйткені тіл ырыққа көнбей барады. "Бәленше пайыз құрайды, орын алды" дегендермен алысып жүргенде тұтас мәтінін "әндетіп" оқитындар пайда болды. Бастауыш пен баяндауыштың орнын алмастырып, сөйлемнің соңын созудың түпкі мақсаты елге танылу болса керек. Өз тіліңді сорлатып танылу мен "атың шықпаса жер өртенің" арасы аса алыс емес.
- Телеарналарда әнші, актерлер журналистерді ығыстырып барады. Отандық арналардағы жүргізушілерден кімді кәсіби деңгейге көтерілген тұлға деп бағалайсыз?
Ұлдай Ділімбетқызы: Ойын-сауық, ток-шоу, әзіл-оспаққа құрылған хабарлардың басты олқылығы - жүргізушілер тақырыпты игеруге дәрменсіз. Әнші Мөлдір Әуелбекова жүргізетін «Менің елім» ток-шоуында Мұрат мен Қаракөз әнші-актер «жұлдыздардың» ербеңдеген қолдарын, жүйесіз сөзі, мағынасыз сауалдарын көрермен қабылдай алмады. ТД-дың абырой-беделін көтерген Әйгерім Сейфолла, Нәзира Бердалы, Жәзира Сәйдеш - әрқайсы өзінше дара... Қыздар отандық телеарналарда сұхбат-портрет жанрын қалыптастырып келеді. Сұхбат-портреттің мақсаты - кейіпкердің сөзімен кейіпкер портретін жасау, оның болмысын толықтай ашу. Жанрдың қиындығы, оның әлеуметтік-психологиялық және эмоционалдық сипатқа ие. Бұл мақсатты қыздар ойдағыдай атқарды. Жаңа бағдарлама - «Айтуға оңай...» ток-шоуы. Тележобаның басты жетістігі - Бейсен Құранбектің таңдалғандығы.
Бізде жабық тақырып аз емес. Журналист көрерменнің аңсағанын айта алмайды. Сондықтан халық оларды тұлға деп мойындамайды. Яғни, ол журналистке сұраныс жоқ деген сөз. Айталық «Апта КZ» шолуының жүргізушілері арна басшылармен бірге ауысып отырады. Есболат Айдабосын шешен, сөзі ширақ, апталықты жақсы жүргізеді. Бірақ оның айтқанына халық сенбейді. Әлемнің әйгілі теледидарлары елі үшін аса маңызды саяси хабарлар мен ток-шоуларды жүргізуді «жігіт ағасы» жастағы биліктің қателігін дәлелдеп, әділ сөз айта алатын кәсіби әккі білгірлерге тапсырады. Олармен мемлекет басшылары да, халық та санасады.
Серік Әбікенұлы: Жалған-министр, жалған-депутат, жалған-демократия және жалған-журналист... Үйлесіп тұр. Көзбояушылықтан құтылған уақытта бәрі қалпына келеді. Ал жүргізушілер баршылық. Досымбек Өтеғалиев, Зейін Әліпбек, Қымбат Досжан, Мадина Балғабаева, Досан Қызайбекұлы, Бейсен Құранбектердің шоқтығы биік.
Қанат Әуесбай: Журналистікке талаптанушы ұл-қыздардың көбі тележүргізуші болғысы келеді. Яғни, іссапарларда жүріп, түсірілімдерге барып, ертелі-кеш бір мақаланың соңында ұйқысыз түндер өткізудің романтикасы оларды аса қызықтырмайтындай. Эфир алды беті-басын бояп, көркем келбетіне көз тоймай өзі ғана емес, экран алдындағы миллиондар отырса, нағыз журналистика сол деп білетін аруларға журналистерден кімді білесің деп сұрап едік, "Мөлдір Әуелбекова, Маржан, Рахман Омар, Азамат Сатыбалды" деп алаңсыз тізіп келе жатқанда, қанымыз басымызға шауып келе жатқаны сол еді, әбуйір болғанда "Қымбат Досжан, Жанат Бақыт, Дана Нұржігіт, Назира Бердалыларды" атағанда әйтеуір, сабамызға түсіп, бетіміз бері қарағаны бар. Ең бастысы, талапкерлер тым құрыса, «телевизиядағы Өзін емес, өзіндегі Телевизияны сүйсе екен» дейсің.
- Отандық телеөндірістің сапасын ресейлік «Gallup Media» компаниясы бақылайды. Олардың қазақтілді бағдарламаларға төрелік айтуға құқы бар ма? Неліктен бағдарламаларға сын айтылмайды?
Ұлдай Ділімбетқызы: «Gallup Media»-ның құрылтайшысы - «TNS Gallup Media Asia ». Ол - халықаралық коммерциялық алпауыт. Олардың шаруасына Мәдениет және ақпарат министрлігі де араласа алмайды. «Ақша сөйлеген жерде ешкім сөйлемейді» деген дұрыс шығар. Отандық телеөндірістің дәрежесін өлшейтін «Gallup Media» жыл басында телеарналардың рейтингісін жариялап, орыстілді хабарларды көш басына шығырып береді. Осылайша ана тілдегі бағдарламаларды «көрмейді» деп қазақша хабарларды жалмап келді. Ал елдегі тәуелсіз, коммерциялық арналар орыстың экраннан өтіп кеткен күл-қоқысы аралас кино, ойын-сауық «бірдеңелермен» экранды толтыра береді. Ақпараттық қауіпсіздігімізге кім кепіл? Біз білмейтін сауал көп... Бірақ біз білетін ақиқат - қазақтілді хабарларға сұраныс күн санап еселеп өсе береді...Сынның айтылмауының басты себебі - сынды көтере алмаймыз.
Серік Әбікенұлы: «Gallup Media» ел арасында беделден жұрдай болған мекеме. Есіктегі күзетшісінен басшысына дейін орысша сөйлейтін компания қазақ бағдарламаларына әділ баға бере алмайды. Қазір "Біз көрермендердің үйіне арнайы қондырғы қоямыз. Арналардың озығын сол анықтайды" дейтін болыпты. 1,5 миллион халқы бар Алматыда небары 400 пиппл-метр бар екен. Мейлі, 4000 болсын. Бұл көрсеткіш емес. Соңғы уақытта ғана қазақша сөйлей бастаған "ОРТ-Евразияның" көп жылдан бері тұғырдан түспегені күлкілі. Статистика бойынша, қазақ саны жыл санап артып келеді. 70 пайызға жетіп қалдық. Ал «Gallup Mediaның» көрсеткіші өзгермейді. Нонсенс.
Қанат Әуесбай: Рейтинг неғұрлым кең аудиторияны қамтуды көздейді. Ол сериалдар, жеңіл әзілге құрылған хабарлар, әлеуметтік ток-шоулар. Мысалы, Мұстафа Шоқай туралы өте кәсіби жоғары дәрежеде түсірілген кино бәрібір ешқашан молынан көрілімді болмайды. Оның тек шектеулі аудиториясы ғана болады. Яғни, ол хабарды тек зияткерлік сана-сезімі жоғары халықтың тобы ғана көруі мүмкін. Сондықтан жақсы дайындалған хабарға рейтинг ешқашан өлшем бола алмайды. Ендеше, рейтинг туралы айта берсе күмәнді нәрселер өте көп.
- Психолог-ғалым Кэвин Датонның «Есалаңдардың данышпандығы» кітабында бірінші орында тележурналистер дейді. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
Ұлдай Ділімбетқызы: ТД-да санаулы «есалаңдар» болады, қалғандарының жүгін солар көтереді. Әрине, олар өз терісіне «сыймайды». «Есалаңдар» ел сойылын соғады әрі перзенттік парызын терісімен өтейді. Осылайша, халықтың ықыласына, махаббатына бөленеді. Бүгінгі қазақ ТД-ы Кэвин Датонның «Есалаң данышпандарына» аса зәру...
Серік Әбікенұлы: Журналистер арасында "ағысқа қарсы жүзушілер" көп кездеседі. Қайнаған өмірдің ортасында жүріп, ақиқат пен алдамшының айырмашылығын біледі. Ақиқатты айтуға барын салады. Елге танылады. Сондықтан танымал болуды армандайтындардар "үймелейтін" шығар... Бірақ К. Даттонның да бұл тізімді тұспалдап құрғанын ұмытпайық. Бас редакторлардың көбінде әумесерлерді алыстан тани білетін қасиет бар.
Қанат Әуесбай: Адам тағдырымен көп бетпе-бет келетін мамандықтардың барлығы да өз деңгейінде психопат. Кевин Даттон мысалы, дәрігерді, полицейлерді келтіріпті. Қазақта «милиция мен дәрігерге жол түспесін» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Психолог ғалымның айтуының жаны бар. Журналистикада да мұндай психопаттық синдром бар. Дәлелдеп көрейін. Мысалы, жаңалықтар терілімін жасап отырған шеф-редакторға шетелде бір жерде әуе апаты болғаны туралы хабарлайды. Шеф-редактор ол жаңалықты кешкі шығарылымға қою-қоймау туралы шешім қабылдауы тиіс. Сол кезде шеф-редактор салқынқанды түрде қанша адам қаза болғанын сұрайды. Егер 5 немесе 10 адам қаза болғаны туралы естісе, оны кешкі жаңалықтардан көрсетпеуі де мүмкін. Ал егер 50 немесе 60 адам өлгені туралы естісе, оны маңыздылығына қарай кешкі жаңалықтардан орын беретінін даусыз. Кевин Даттон айтқан, салқынқандылық, эгоизм, эмоцияның жоқтығы, нәтижеге бағытталушылық сияқты қасиеттер журналисттің бойында бар. Ал жаныашымастық сияқты қырын да журналистке жатқызу қисынсыз. Бәрі де адамның өзіне байланысты ғой.
Алдағы уақытта теленің өзге де мәселелерін қозғап, кәсіби, моральдық тұрғыдан пікір айтуға құқы бар мамандардың сын-сұхбаттарды жариялайтын боламыз.
Сұхбатты жүргізген Балғын Әділбаева
«Abai.kz»