Тарифтен түскен тиынды... Пайдасы кiмге бұйырды?
Табиғи монополияларды реттеу агенттігін халық пен журналистер «монополияға қарсы агенттік» деп атаған да уақыт болған. Бірақ ол заман келмеске кеткенге ұқсайды. Қазір бұл мекеме көп мәселеде қайта монополистердің басты «лоббистіне» айналып шыға келгендей. Алдағы айдың басында қалаулылар ауыл-аймақты аралауға шығады. Соның қарсаңында осы Агенттік басшысын есеп беруге Парламентке шақырған депутаттар кеше одан түлкібұлаңға салмай, ащы шындықты ашық айтуды сұрады: «Тариф қымбаттай ма, жоқ па? Бізді халыққа өтірікші етпеңізші?» деп өтінді қалаулылар. Бірақ нақты жауап ала алмады.Қайта бұл күні олар монополистердің мүддесін қорғаштаған көп дәлел естіді.
- Бүгінде сіздер суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін ендіретін 2013-2015 жылдарға арналған Кешенді жоспар әзірлепсіздер, ол реттелетін осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңғыртпақ. Осының барлығы тұтынушылардың құқығын қорғау емес, керісінше, тарифтердің шарықтап кетуіне ықпал етпей ме? 4 сәуірде біз елге шығайын деп отырмыз. Тағы да депутаттар өтірікші болмасын, елдің алдында! - деп ескертті агенттік төрағасы Мұрат Оспановқа Мәжіліс депутаты Майра Айсина.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігін халық пен журналистер «монополияға қарсы агенттік» деп атаған да уақыт болған. Бірақ ол заман келмеске кеткенге ұқсайды. Қазір бұл мекеме көп мәселеде қайта монополистердің басты «лоббистіне» айналып шыға келгендей. Алдағы айдың басында қалаулылар ауыл-аймақты аралауға шығады. Соның қарсаңында осы Агенттік басшысын есеп беруге Парламентке шақырған депутаттар кеше одан түлкібұлаңға салмай, ащы шындықты ашық айтуды сұрады: «Тариф қымбаттай ма, жоқ па? Бізді халыққа өтірікші етпеңізші?» деп өтінді қалаулылар. Бірақ нақты жауап ала алмады.Қайта бұл күні олар монополистердің мүддесін қорғаштаған көп дәлел естіді.
- Бүгінде сіздер суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін ендіретін 2013-2015 жылдарға арналған Кешенді жоспар әзірлепсіздер, ол реттелетін осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңғыртпақ. Осының барлығы тұтынушылардың құқығын қорғау емес, керісінше, тарифтердің шарықтап кетуіне ықпал етпей ме? 4 сәуірде біз елге шығайын деп отырмыз. Тағы да депутаттар өтірікші болмасын, елдің алдында! - деп ескертті агенттік төрағасы Мұрат Оспановқа Мәжіліс депутаты Майра Айсина.
- Тұтынушыларды қорғау шаралары қарастырылады, - деп жауап қатты М.Оспанов. - Бірінші кезекте, тұтыну ауқымына қарай тарифтерді саралау-дифференциялау енгізілді. Сондай-ақ есептеуіш құралдарының барлығына және жоқтығына қарай саралау ендірілді. Нәтижесінде, еліміз бойынша орташа есеппен 1 адамға 2 текше метр су тұтыну кесіледі. Тиісінше, егер бір айда ол адам 4 текшеметр су шығындаса, алғашқы екеу үшін І деңгей бойынша төлейді, бұл деңгейдің қымбаттауы көп емес. Осылайша, үнемдейтін адамдар және есептеуіш құралдары барлар өсімді көп сезінбейді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) төрағасы әлгі кешенді жоспарға сәйкес, Қазақстандағы сумен жабдықтау кәсіпорындарында кең ауқымды жаңғырту жүретіндігін хабарлады. «Модернизация кімдердің есебінен жүреді? Біз айтамыз: ол негізінен, суды үнемдемейтіндер, есептеуіш құралдарын орнатпайтындар есебінен жүреді! Олар үшін тариф өте қымбат болады. Сөйтіп, біз халықтың аз қамтылған бөлігін қорғаймыз!» деді ол. Алайда сараланған тарифтің үнемдеуге әкелмейтіндігін халық та, қалаулылар да айтуда. Қайта ол су, жылу алпауыттарына елді қанап, шектен тыс табыс табуларына мүмкіндік беріп отырғандай: мәселен, басқа өңірлер түгілі Астананың өзінде тұрғын үйлерде шүмектен ыстық су ағу үшін суды барынша ашып, жарты минуттай күту керек. Бұдан кейін тұрғындар суды қайдан үнемдей алсын?! Нәтижесінде, қарапайым халық қанша тырысса да, монополистің қызметінің сапасыздығы кесірінен І деңгейдегі 3 текшеметрлік «квотаға» сыя алмай, асырып алады. Алпауыттар болса, дән риза: осының арқасында «АстанаЭнергоСбыттың» қалтасына түсетін кіріс молаяды. Ұсақ-түйек болса да, бұл жайт елордалықтардың еңсесін түсірер жағдайға айналуда.Есептеуіш құралдары бойынша сараланған тарифті де халық қолдамай жатыр екен. Нақты бір мысалды агенттік басшысы айтты.
- Жылу энергиясын есептеудің жалпыүйлік құралдарын орнату мәселесі - халық үшін көкейтесті мәселелердің
бірі болып отыр, - деді осы орайда депутат Асқар Базарбаев. - Бұл құралдар өте қымбат тұрады, сондықтан халықтың басым көпшілігі оны монополистер орнатуға тиіс деп санайды. Агенттіктің және сіздің жеке позицияңыз қандай?
ТМРА басшысы ондай құралдарды монополист орнататындығын, бірақ оның құнын тұрғындардан өтеттіріп алатындығын мәлімдеді. «Қалай болғанда, тұтынушыда тек өз пәтеріндегі есептеуіш қана емес, сондай-ақ жалпыүйлік есептеуіш құралының болуы да міндетті!» деп шарт түйді М.Оспанов. Ол - ол ма, агенттік басшысының ұстанымынша, ол құралды жұмысқа жарамды қалыпта ұстап тұру, ауыстыру және басқа шығындарын да тұтынушы көтеруі керек көрінеді: «Егер үйде орнатылған есептеуіш құралына тұтынушылардың өздері КСК арқылы жауап бермесе, онда монополистің оны сақтауға, дұрыс эксплуатациялауға мүмкіндігі болмайды» деп сойылын соқты.
- Мен тіпті бір мысал келтірейін: 2 жылдай бұрын, Петропавлда ма, Павлодарда ма, қазір есімде жоқ, бірақ сол жақта «жылу нормасының» өте аздығы нәтижесінде, кейбір үй тұрғындары есептеуіш құралдарын орнатқанда, нормаға қарағанда, әлдеқайда көп төлейтін болып шығыпты. Содан тұрғындар бұрынғыдай, «норма» бойынша төлеу үшін әлгі құралдарды өздері істен шығарып отырған. Мұндай мысалдар болды, - деді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы. Ақыры қандай болды дерсіз? Әлгі тұрғындарды жылу монополисіне көп ақша төлеуге алпауыттың өзі емес, Агенттік мәжбүрлі түрде көндіріпті: «Біз есептеуіш құралдарын орнатуға тұтынушыны ынталандыру үшін ақыр соңында өткен жылдан бастап, тиісті әдістемені енгіздік, - деді Мұрат Оспанов. - Сөйтіп, ондай есептеуіш құралдары жоқтар енді орташадан да 20 пайызға жоғары төлейтін болады».
Осылайша, монополист үшін есептеуіш құралдары жоқ үйлер әлдеқайда «түсімді» болып отыр. «Бүгінде үйлерінде ендігіжалпыүйлік есептеуіш құралдары орнатылғандар орташадан 50 пайызға дейін аз төлейді» деген ТМРА төрағасы іле-шала мойындады: «Есептеуіш құралдарын қойғандар саны өте аз, бар-жоғы 40 пайыз ғана». Мұрат Оспанов мұндай құралдардың қымбат тұратындығын растады. Осыдан келіп, іс, әрине, ілгерілемейді: тұрғындар қымбат болғандықтан, құралды сатып ала алмайды, ал оны орнатуға монополист асықпайды. Бұл ретте бірқатар қалаулылар ондай құралдың құнын алпауыттың тұтынушыдан өндіруіне қарсы. «Есептеуіш құралдарына қатысты сіздің ұстанымыңызбен мен келіспеймін! - деді депутат Мұхтар Тінікеев. - Біз дүкенге барғанда, өз таразымызды ала бармаймыз ғой?» Дүкен өзі таразы орнатып, өлшеп береді. Бірақ қазір қалаулылардың да қылар қайраны жоқ: кезінде өздері бұл норманы заң ретінде қабылдаған.
Халықтан «өндіріп» алған осы қаржыларды монополист құрал-жабдықтарды, құбырларды, басқа да ресурстарды жаңартуға жұмсаса, қуанар едік. Бірақ қаражат тасқыны әлгі алпауыттардың басындағы тұлғаларды байытуға кетуде: қосымша баяндама жасаған депутат Сейітсұлтан Әйімбетовтің айтуынша, тек тариф көтеруден түскен 2,7 миллиард теңгені монополистердің құрылтайшылары бонус түрінде өзара бөліп алыпты.
Тағы бір жайт: шағын елді мекендер тұтынушылары келер қыстан қысылып шығуы ғажап емес. «Реттеудің жаңа бір әдісі - қуаты шамалы табиғи монополия субъектілерін «өтінім беру» кампаниясынан тек «хабарлауға» көшіру» деді ТМРА төрағасы. Бұған дейін бұл монополистер өз тарифтерін қымбаттату үшін өтінім беріп, Агенттіктен сарылып хабарын күтетін. Егер оған бағаны қымбаттатуға рұқсат етсе, халық пен ақпарат құралдары шұбырып, Агенттіктен жауап сұрайтын. Енді бұл орган ондай «бас аурудан» құтылғалы отыр.
- Сіздердің «реттеудің жаңа әдістемесі» нәтижесінде аудандық қазандықтар, су арналары өз қызметтерінің құнын өз беттерімен бекітеді ғой? Яғни ТМРА-ның келісімін алу қажет болмай қалады. Бұл әрине, кәсіпкер ретінде монополистің мүддесін «түгендеп» береді. Ал халық ше? Жалпы, бұл неғылған жаңа саясат? - деп сұрақты төтесінен қойды депутат Ольга Киколенко.
- Иә, биылғы жылдан бастап біз шағын қуаттылықты монополистердің тарифтерін өзгертуіне қатысты жаңа әдісті қолдануға кірісеміз, - деп нықтады Агенттік төрағасы Мұрат Оспанов. - Олардың саны барлық монополистердің 30 пайыздайын құрайды. Агенттіктің алға тартып отырған дәлел-дәйектемесі:оларда баға көтеру туралы өтінішті сауатты құрай алатын «сауатты экономистер жоқ». «Оның үстіне олар бекітуі үшін өтінішін Агенттіктің аумақтық департаментіне әкелейін десе, тым алыста. Сондықтан біз оларға айтып отырмыз: сендер енді тарифтеріңді өз беттеріңмен, өздерің-ақ өзгертулеріңе болады!» Бұл ретте ол өзгерістің «өткен жылдың инфляциясы мөлшерінде болуға» тиістігін айтты. Яғни биылдан бастап, ауыл, поселке, аудандардағы су, жылу және басқа монополистер «Жаңа жыл» сайын «автоматты түрде» бағаны инфляция көлемінде көтеріп отыруға мүмкіндік алды.
Айхан ШӘРІП
"Айқын" газеті